Новости Атырау - Мунайлы Астана

      23 шілде 2019, 20:41
        Аймақ 05.02.2014, 18:08 0 пікір 2667 просмотров

        «Мен ешкімге жауап бермеймін...»

        Алдымен жолыққанымыз «Атырау-Астрахань» бағытына жеті жыл бойы жолаушыларды тасымалдап жүрген «Еділ - Жайық» ЖШС-нің механигі Ерболат ЖҰМАБЕКОВ болды. - Жалпы біздің автобус «Атырау-Астрахань» бағытына таңертең және кешкі мезгілде қатынайды. Қыс кезінде жолаушылардың азаюына орай, бес автобустың әзірге біреуі кешкі сапарға ғана шығуда. Ал қалған төртеуі резервте тұр. Наурыз айынан бас-тап жолаушыларға бұрынғыша қызмет ететін боламыз.Жол билеті Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне тегін, 4 және 12 жас аралығындағы балалар мен мүгедектер үшін елу пайыз жеңілдікпен сатылады. Алыс сапар алдында бақылаушы, диспетчер, дәрігерлер жүргізушілердің қан қысымын, автобустың іші-сыртының тазалығы мен техникалық жағдайын тексереді. Салон іші теледидар, ауа алмастырғыш, жылу жүйелерімен қамтылған. Алыс жолда жолаушылар ауырған жағдайда сол маңдағы аудан дәрігерлерінен көмек сұраймыз. Ол үшін екеуара алдын-ала жасақталған келісім-шартымыз бар, - дейді механик.Әңгімелесу кезінде облысаралық, халықаралық қатынастарға қатынайтын автобустардың барлығының жағдайы бірдей екені байқалды. Ендігі қалғаны автобустардың интернетке сымсыз қосылуы ғана. Автобустарға иелік етушілер үстіміздегі жылы оған да қол жеткізетіндеріне уәдесін берді.

        Бізге халқы бар жер керек

        Жауапкершілігі шектеулі серіктестік иелері көңілдерін күпті қылған мәселені алға тартты.- Бізге Атырау – 2 ықшам ауданында жаңа салынған автобекетке көшіңдер дейді. Бірақ біз бұл жерден бірнеше жылдан бері Орал, Бейнеу, Құлсары және Астрахань қаласына қатынайтын жолаушыларға қызмет көрсетіп келеміз. Жаңа салынған автобекет қасында не вокзал, не базар жоқ. Халық жоқ жерге қалай барамыз? Бізге халық үйренген осы жер ыңғайлы, - дейді олар. Серіктестік иелері айтқан жаңа автобекет құрылысы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып, өткен жылдың қараша айында пайдалануға берілген болатын. Қала сыртында, әсіресе автобус жүргізушілері үшін ыңғайлы жерге салынған автобекет бастапқы кезеңде 3 мың жолаушыға қызмет көрсетпекші болатын. Автобекет әзірге қаңырап, бос тұр. Әйтсе де, біз жолыққан Атырау облысы Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы түптің-түбінде автобусқа иелік етушілердің аталмыш орынға көшетінін айтты. Оның да себебі бар.- Жалпы ҚР «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 2-ші бабының 4-ші тармағына және ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 2-ші шілдедегі №767 қаулысымен бекітілген «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен жүктерді тасымалдау» қағидасының 67-ші тармағына сәйкес,  жолаушылар мен багажды тұрақты қалааралық, облысаралық, облысішілік және халықаралық тасымалдаулар автобекеттен немесе автостанциялардан жүзеге асырылуы тиіс. Атырау – 2 ықшам ауданындағы жеке кәсіпкердің иелігіндегі автобекет  осы қағиданың талаптарын орындайды. Қазіргі таңда қалааралық, облысаралық, облысішілік және халықаралық тасымалдауларды автобекеттен жүзеге асыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр, - дейді Басқарма басшысының міндетін атқарушы Қайрат НҰРТАЕВ.

        Қоғамдық көлік жолаушылар ойынан шыға ма?

        Қала тұрғындарының көбісі қоғамдық көлік қызметін пайдаланады. Бұл көліктер талай рет халықтың наразылығын да тудырып келетіні жасырын емес. Осы орайда автобустарға иелік ететін «АйсТрансХолдинг» ЖШС-нің пайдалану бөлімінің меңгерушісі Жаңбырбай ЖОЛДЫБАЕВҚА көкейдегі бірнеше сауалдарды қойдық.- Жолаушы тасымалдаушылар қала ішінде жүрудің аралық уақытын сақтамайды, аялдамаларда тұрып алады. Халық ескерту жасаса, дөрекі жауап қайтарады. Бұған не дейсіз? - Автобустардың аялдамаларда тұрып қалатыны рас. Мұндай олқылықтарды жою бағытында арнайы құрылған мобильдік топпен аялдамаларда кезекшілік ұйымдастырылып, бақылау жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Жол қозғалысы, жолаушы тасымалдау тәртібін бұзған жүргізушілер мен кондукторларға жиналыстар өткізіп, «Тәртіптік кеңесте» мәселелерін қарап, еңбек кодексінің баптары бойын-ша жұмыстан шығаруға дейінгі тәртіптік шаралары алынады.Осы орайда соңғы аялдамаларда барлық маршрут бағыттарын таңғы сағат 07.00-ден бастап қадағалап, олардың минутын, сағатын жазып отыратын диспетчерлер бар. Барлық қоғамдық көліктерде GPS аппарат құралы оператордың басқаруымен жұмыс жасап тұр.Сапар алдындағы техникалық және медициналық бақылауды 3 бақылау механигі мен 2 медбике жүргізіп отырады. Жалпы біздің автобустар қоғамдық көлік есебінде болғандықтан, ҰОС ардагерлері, мүгедектер, 5 жасқа дейінгі балалар мен мектеп оқушыларын оқу мезгілінде тегін тасымалдайды. Ал, зейнеткерлер мен мүгедектерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Әрбір ауысымда 4-5, барлығы 12 көлік жөндеуші тәулік бойы автобустардағы ауа алмастырғыш, жылу жүйелерін, жарықтандыру мен салондағы акустиканың өлшемдерін т.б. көлік тегершіктерін жөндеу жұмыстарымен айналысып келеді. Жалданбалы жұмыс күшімен автобус салондарындағы орындықтардың 70 пайызы жөнделді. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табады. Ал сапар алдында жол механиктері автобустың техникалық дайындығын қадағаласа, күн сайын автобус қорабының сырты мен салон ішінің тазалығын медбикелер тексеріп тұрады. - Десе де, бұдан бірнеше апта бұрын қоғамдық көліктердің ластығы байқалды? - Бұл олқылық сол кездегі салқын суды ысытатын су қазанының істен шыққандығынан болды. Қазіргі жағдайда су қазаны жөндеуден өткізілуде. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктердің болмайтынына сендіреміз,- дейді бөлім меңгерушісі Жаңбырбай ЖОЛДЫБАЕВ.

        «Мен ешкімге жауап бермеймін!»

        Біз хабарласқан теміржолдағы «Батыс» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалы, Атырау телімінің бастығы Әлмұхан ЕСҚАЛИЕВ бұл жөнінде сұхбат беруден бірден бас тартты.- Мен ешкімге жауап бермеймін. Сізге не үшін жауап беруім керек? Телевидение мен газеттердің бәріне де айтарым осы, - деді ол ашына. Арнайы шақыртумен келетін «Құлагер», «Тұлпар» таксилері де жауап беруге еш құлық танытпады. Әр түрлі сылтауды желеу еткен олар да жауап беруден қашқақтай берді. Есесіне теміржол вокзалында жолаушыларды жатын, демалатын орындармен қамтып, вокзалдың іші-сыртын тазалайтын «Яик - Трейдинг» ЖШС-нің директоры Гүлдарай БЕКТАБАНОВА, өз жұмысының қалыпты екенін жеткізді.   

        Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА, суреттерді түсірген автор.

        Пікірлер

        Пікір қосу

        ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

         
        Введите пять букв размещенных внизу:
          _____     ______   _    _     ______    ____    
         |__  //   /_   _// | || | ||  /_   _//  |  _ \\  
           / //     -| ||-  | || | ||   -| ||-   | |_| || 
          / //__    _| ||_  | \\_/ ||   _| ||_   | .  //  
         /_____||  /_____//  \____//   /_____//  |_|\_\\  
         `-----`   `-----`    `---`    `-----`   `-` --`  
                                                          
        
         
        Наверх