Новости Атырау - Мунайлы Астана

      24 января 2019, 15:54
        Қоғам 05.02.2014, 18:22 0 пікір 2311 просмотров

        Арабша сауаттылық тек араб әріптерін танудан тұрмайды

        Тілші: - Құрметті Батыржан Берденұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының биылғы жылды – «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялағанын жақсы білеміз. Осыған орай қандай іс-шаралар, игі жобалар жүзеге асырылмақшы? Сіздіңше, елімізде дін мен дәстүр сабақтастығы қаншалықты қалыптасқан? 

        Батыржан Берденұлы: - Биылғы жылдың еліміздің имам-молдалары мен дінтанушы-ғалымдары үшін – «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялауында үлкен таным жатыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жыл аясында исламмен біте қайнасқан салтымызды насихаттау, дәстүрлі тәлім-тәрбиені қалыптастыру, имандылықты жырлаған қазақтың ақын-жазушылары, жыраулары, би-шешендері мен қайраткерлерінің тұлғалық қасиеті мен баға жетпес бай мұрасын насихаттау сынды көптеген іс-шаралар мен игі жобаларды жүзеге асырмақшы. Соған орай конференциялар мен кездесулер ұйымдастыру, арнайы уағыз-насихат жүргізу, кітапшалар шығару, телерадио жобаларын жүзеге асыру көзделуде. Тағы бір айта кетер жайт, жуырда Бас мүфтидің бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» атты еңбегі оқырманға жол тартты. Дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттайтын тұңғыш еңбек Қазақстанның халық жазушысы Шерхан МҰРТАЗА, әдебиеттанушы-ғалым Тұрсынбек КӘКІШЕВ және т.б. зиялы қауым өкілдерінің қызу қолдауына ие болды. Ислам діні ұлттың өз дәстүрін дәріптеуге тыйым салмайды. Бір ғана шарт арқылы құптайды, яғни қандай да бір ұлттың ұстанатын дәстүрінде шариғат үкімдеріне қайшы келмейтін болса, айталық Алла тағалаға қарсы келетін іс-әрекеттер орын алмайтын болса, ондай дәстүрлер жалғасын таба береді. Біздің дәстүрімізде шариғат иірімдерімен тұспа-тұс келетін жайттар көптеп кездеседі. Бұл жайында жоғарыда аталған «Дін мен дәстүр» кітабын оқуды оқырман қауымға ұсынар едім.  

        Тілші: - Өңірімізге бас имам болып тағайындалғаныңызға да көп уақыт болған жоқ. Алайда, осы қызметке дейін бірнеше университетте білім алып, Қазақстанның біраз өңірлерінде болып, басшылық қызметтерді де атқарғаныңызды білеміз. Басқа аймақтармен салыстырғанда, Атыраудағы діни ахуалды қалай бағалар едіңіз?

        Батыржан Берденұлы: - Атыраудағы діни ахуалдың осыдан бірнеше жыл бұрын шиеленісіп кеткенінен өкіл имам болып тағайындалмай тұрып хабардар едім. Қазіргі таңда Аллаға шүкір бұрынғыға қарағанда біршама түзелген. Үкімет және жергілікті әкімшілік дін мәселесіне тиісті деңгейде көңіл бөліп отыр. Оқу орындары мен мекемелерде теолог мамандар мен имамдардың арнайы қатысуымен кездесулердің ұйымдастырылуы, түсіндіру және діни ағарту жұмыстарының үздіксіз жүргізіліп отыруы соның айғағы. Дегенмен, өзге облыстарға қарағанда Атырауда дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кеткендердің қарасы басымырақ деп айтуға болады. Алайда алдағы уақытта түзеледі деген ойдамыз.

        Тілші: - Жалпы, жұртшылықтың діни сауаттылығы өз деңгейінде емес екендігін мойындауы-мыз керек. Ал жұртқа кеңірек түсінік жүргізіп, діни тұрғыда тәлім беретін имам-молдаларымыздың өздерінің талап үдесінен шығуы екі талай. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін не істеп жатырсыздар?

        Батыржан Берденұлы: - Діни ахуалдың түзелуі үшін ең қажетті дүние - білікті кадрлар. Онсыз жұмыстың алға баспайтыны айдан анық. Ал бізде сол білікті кадрлар жетіспейді. Кадр даярлау мәселесін екі жолмен шешуді көздеп отырмыз. Бірі - ұзақ мерзімді, екіншісі - қысқа мерзімді. Ұзақ мерзімді жобамыз бойынша талабы бар жастарды Алматы қаласындағы «Нұр» Ислам Университетінде жоғары білім алуға жіберу және Діни басқарманың қарамағындағы облыс орталықтарында ашылған медреселерге жолдау. Одан әрі Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасымен келісім-шарты бар шетелдік діни оқу орындарында білімдерін шыңдау. Ал, қысқа мерзімді жобамыз бойынша қазіргі таңда қала, аудан және ауылдық мешіттерде қызмет етіп жатқан имам-молдаларды кезегімен Алматыдағы Ислам институтына 2 айлық курсқа білімін көтеруге жіберудеміз. Бұған қоса өткен қаңтар айында «Иманғали» мешітіне қарасты Балықшы кентіндегі медреседе 2 айлық діни білім беретін курсты іске қостық. Ол жерде имамдар мен кезекші молдаларды 2 айлық курстан өтізіп отыратын боламыз. Олардың бірінші легі қаңтар айының 13-інен бастап білімдерін шыңдауға кірісіп кетті.

        Тілші: - Облыстық дін басқармасының, аймағымызға арнайы шақыртылған теологтардың нәтижелі жұмыстарының арқасында жат ағымның жетегінде кеткен біраз жастардың беті бері қарады. Облыстың бас имамы ретінде Сіз қандай бастамаларды қолға алудасыз?

        Батыржан Берденұлы: - Атырау облысына арнайы шақыртылған теологтар - білімді де білікті, бұған дейін Қазақстанның әр аймағында дін саласында қызмет еткен, тәжірибелері мол азаматтар. Сондықтан бұл теолог мамандарды барынша тиімді пайдаланып қалуымыз керек. Теологтар осы күнге дейін біраз оңды шаруалар атқарып келеді. Біз оларды мешіт жамағатымен белсене жұмыс жасауға жұмылдыруды қолға алып отырмыз. Әрбірінің қаладағы мешіттерде аптаның белгілі бір күндерінде жүйелі түрде жүргізіліп отыратын дәрістері бар. Сондай-ақ, олардың Иманғали орталық мешітінде өткізетін сабақтарын аудан мешіттерінің жамағаты «Skype» жүйесі арқылы қосылып, тыңдап отырады. Жуырда белгілі себептерге байланысты қызметін тоқтатқан «atyrau-islam.kz» сайты «islam-atyrau.kz» болып қайтадан жұмысына кіріседі. Бүгінде сайт жаңа үлгіде жасақталуда. Теологтардың мешітте жүргізген дәрістері бейне таспаға түсірілуде. Оларды сайтымызға салып, қол жетімділік мүмкіндігін арттыра түсеміз.  

        Тілші: - Біздің Сізбен сұхбаттасатынымызды білген кей оқырман мына сауалдарды қоюымызды өтінген еді. Олардың айтуынша, қаламызда теріс діни ағымды насихаттаушылар қарамағындағыларды белгілі бір үйге жинап, уағыз айтып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді екен. Бұл жағдай қаншалықты қадағалануда? 

        Батыржан Берденұлы: - Бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын. Себебі, мешіттен тыс біреудің үйінде жиналып уағыз айтып, үгіт-насихат жасап жүргендерді қадағалау мешіт имамының міндеті емес. Оған имамның құзыреті де жоқ. Бұл іспен айналысатын арнайы мемлекеттік мекемелер бар. Бұның жауабын сол кісілер берсе жөн болар еді. Имам мешіттің ішіндегі жағдайға жауапты. Біз мешіттерде мешіт қызметкерлерінен басқа адамдардың діни уағыз-насихат жүргізуіне жол бермейміз. Ол біздің жіті қадағалауымызда.

        Тілші: Бұған қоса, жастардың көпшілігі арабша сауаттымыз деп жүр. Осы жөн бе?

        Батыржан Берденұлы: - Арабша сауаттылық тек арабша әріптерді танудан тұрмайды. Араб тілін меңгеру үшін арнайы курстан өту керек, яғни жоғарғы оқу орнын тәмамдау қажет. Екіншіден, сол бағыт бойынша жұмыс жасау керек. Біздегі жастардың арабша білеміз деп жүргендері, бәлкім Құранды арабша оқуында болса керек. Ал араб тілін терең меңгеру бірнеше жыл уақытты талап етеді. 

        Тілші: - Әңгімеңізге рахмет!

        Батыржан Берденұлы: - Сізге де рахмет! Мәуліт айы мүбәрәк болсын!

        Арайлым БАҒЫТЖАН 

        Пікірлер

        Пікір қосу

        ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

         
        Введите пять букв размещенных внизу:
         __   _      ___     __   __    _____    _    _   
        | || | ||   / _ \\   \ \\/ //  |  ___|| | |  | || 
        | '--' ||  / //\ \\   \   //   | ||__   | |/\| || 
        | .--. || |  ___  ||  / . \\   | ||__   |  /\  || 
        |_|| |_|| |_||  |_|| /_//\_\\  |_____|| |_// \_|| 
        `-`  `-`  `-`   `-`  `-`  --`  `-----`  `-`   `-` 
                                                          
        
         
        Наверх