Новости Атырау - Мунайлы Астана

    18 октябрь 2017, 11:38
      Денсаулық 13.06.2013, 15:24 0 пікір 1814 просмотров

      ТЕАТР ТІРЛІГІ ҚАНДАЙ?

      Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ суреттер автордыкі   

      Аты дырдай, көрерменнен жұрдай

      Махамбет батырдың есімін иеленген қазақ драма театрыныңда қызмет еткеніне 75 жыл. Ғасырға жуық уақытта бұл театрдағы өнер тарланбоздары талайға таңдай қақтырды. Бұл жайында көзі қырағы, көкірегі ояу әр қазақ білетін болғандықтан әрісіне тоқталмай бүгінгісін бағамдай өтелік. Тәуелсіздік алғалы бері театр жұмысының жүйелі жолға қойылғандығын жоққа шығаруға болмас. Бірақ... осы «бірақтың» ішінде көңілге қаяу салар тұстары да жетерлік. Мәселен, театрдағы көптеген қойылымдардың өз көрермендерін таба алмай қалуы қалыпты жағдай. Ерікті көрермендер қойылымға жиналмай қалса, «еріксіз көрермендерді» көп тартамыз. Еріксіз деп отырғанымыз сапта жүрген сарбаздарды театр залына тоғытуды үйреншікті әдетке айналдырдық. Әрине, Отанын қорғап жүрген сарбаздарымыз да қойылымдарды көруге құқылы. Десек те, еркінен тыс көп жинайтындығымызды жасырып қалуға болмас, болмайды да... - Әкімшілік шаралар өткен сәтте театрдан табылып жатамыз. Қала тұрғындарының қатысатын шараларына сарбаздарды әкеліп отырғызып қоятындығын көріп жүрміз. Тағы бір мәселе спектакль болған кезде театр залында ат төбеліндей адамдар отырады. Менің ойымша, театр тарапынан жарнамалық жұмыстар жасалмайтындай көрінеді, -дейді қала тұрғыны Жанат ЖӘРДЕМҒАЛИЕВ. Шынында, көптеген қойылымдардан ар-наулы ғана адамдардың баратындығын көп кездестіреміз. Жақында ғана Асылбек ИХСАНОВ режиссерлік еткен белгілі жазушы-драматург Ділдә МАТАЙҚЫЗЫНЫҢ «Ана туралы жыр» атты қойылымында залға жиналған адамдардың аздығы көңілге қаяу салды. Мұны, біз кең көлемде жарнама жасалмағандық деп ұқтық. Ал, эстрада жұлдыздары, болмаса Қазақстанға танымал әзіл-сықақ театрлары келген уақытта ине шаншар орын болмайды. Жарнамасы «айқайлап» тұрғандықтан шығар, бәлкім. Мұны жақсылықтың нышаны деп түсініп жүрміз. Жергілікті тұрғындар көп келеді, көңілденіп қайтады. Бұл енді бөлек әңгіме.
       


      500 мың теңге - бір айда жалдамалы пәтерлерге театр қалтасынан төленеді.

      Ықсанов ықылассыз...

      Махамбет атындағы қазақ драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Асылбек ЫҚСАНОВ:- Жалпы, қазақ театрларының проблемасы бір ғой. Министірліктің, болмаса Қазақстан  театр  қайраткерлері одағы келіп жөн сұраған емес.  Әртістеріміздің алатын еңбекақысы 30 мың теңге болса, олардың бала-шағасы не жейді? Бұған бас ауыртып отырған бірі жоқ. Аталған Одақтың басшылары біздерде не істеліп, не қойылып жатқандығынан бейхабар. Қазіргі таңда қойылымның жақсы, жамандығын кім айырып жатыр? Айырса өнертанушылар, болмаса театртанушылар ғана айырар. - Сонда қайтпек керек? - Театрға жағдай жасалынуы керек. Қырық жыл бойы ешқайда шықпаған театр. Тұрғылықты режиссер болмаған бұл театрда. Берік ЖАМЕНОВ басшы болып, мен көркемдік жетекші болып тұрған уақытта Астана қаласының туған күніне бардық. Юджин О`НИЛ-дің «Шырмауық астындағы шырғалаң» атты қойылымын апардық. Қошемет жақсы болды. Фариза Оңғарсынованың өзі шынайы бағасын берді. Айтайын дегенім, театрды шетелге шығаруға болады. Ал, бұл үшін жасалып жатқан жағдай жоқ. Әртістеріміз пәтер жалдап, той-томалақ басқарып, нәпақасын тауып жүр. - Актерлар өздерін жоғалтып алулары мүмкін дейсіз ғой...   - Әбден мүмкін. Тапқаны қапқанына жетпесе қайтеді енді. Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ театрға басшылық етіп отырғанда Астанадан 4 актер алдырған, оның біреуі кетіп қалды. Себебі, үй берілмегендіктен. Қалғандары кетпек ниетте. Мен де кетемін. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген емес пе? Қазірдің өзінде театрдағы шаралардан түскен ақшаға 4 үй жалдап тұрып жатырмыз. Театр қалтасынан бір айда 500 мың теңге сол пәтерлерге төленеді. Ойлап қараңыз, егер біздерге үй беріліп, жағдай жасалса, театр қалтасынан шығатын қаржыға театр ішіне керек-жарағымызды алып, актерлердің еңбекақысына ақша қосылар еді. Бірақ, өкініштісі сол биліктегілер мойын бұрғысы келмейді.  Театр ғимаратының артында жеріміз бар. Сол жерге үй салынса ғой, көптеген проблема шешіліп, жас актерлеріміз тұрақтап қалар еді, -дейді театр басшысы әрі көркемдік жетекшісі Асылбек ЫҚСАНОВ.     Қазақ ұлттық музыка академиясы театр және кино актері мамандығын 2008 жылы меңгерген жас актер Архат МҰХАМАЖИТОВ:- Оқу бітірген бойда осы театрға келдім. Бірақ, жағдай жасалынбады. Қазір өз қаржымызға пәтер жалдап тұрамын. Уәдені үйіп-төгіп берген басшылар жұмыс орындарын ауыстырды. Біз келгендегі биліктегі басшылардың бірі жоқ қазір. Жақында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАНҒА барғанымда «театрдан 10 шақты адамның үй мәселесі жайлы өтініші бар, бірақ, мұқтаж адамдарға беріліп қалуы мүмкін» деді. Театрдың 75 жылдығы жақындады, үй аламыз деген дәмеміз бар. Егер үй берілмейтін болса,  Астанаға ауыспақпыз. Себебі, мұнда танымалдылықты арттыруға, кәсіби деңгейде қабілетімізді шыңдауға еш мүмкіндік жоқ. Мүмкіндіктің болмауы сол, толыққанды жағдайдың жасалмағандығы, -дейді. 

      Асылбек Алматыға, актерлер Астанаға...

      Театр директоры әрі көркемдік жетекшісі Асылбек Ықсанов пен жас актерлер Астанаға кетер болса, театр жұмысы тұралап қалмас. Бірақ, өнерге өгейкөзділікпен қарамай, соның ішінде театр өнеріне көңілдің бөлінгенін біз де қалаймыз. Себебі, театр жұмысын - «тұра тұр, құрысын» деуге келмейді. Театр басшысынан білгеніміздей, алдағы уақытта ұжым 75 жылдыққа дайындалмақ ниетте. «Облыс басшысының қолдауымен жақында өткен күй фестивалі секілді театр фестивалінде өткізу ойда бар» -дейді. Сондай-ақ, маусым айының соңына қарай, қазаққа танымал ақын Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТОВТЫҢ шығармашылығына арналған кеш өткізбекші.   

       


      Ерікті көрермендер қойылымға жиналмай қалса «еріксіз көрермендерді» көп тартамыз. Еріксіз деп отырғанымыз сапта жүрген сарбаздарды театр залына тоғытуды үйреншікті әдетке айналдырдық.



      Махамбет атындағы қазақ драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Асылбек ЫҚСАНОВ: «Жалпы, қазақ театрларының проблемасы бір ғой. Министрліктің, болмаса Қазақстан театр қайраткерлері одағы келіп жөн сұраған емес».

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       __   __   _    _                ___     _____    
       \ \\/ // | || | ||   ____      / _ \\  |  __ \\  
        \   //  | || | ||  |    \\   / //\ \\ | |  \ || 
        / . \\  | \\_/ ||  | [] ||  |  ___  ||| |__/ || 
       /_//\_\\  \____//   |  __//  |_||  |_|||_____//  
       `-`  --`   `---`    |_|`-`   `-`   `-`  -----`   
                           `-`                          
      
       
      Наверх