Новости Атырау - Мунайлы Астана

    22 октябрь 2017, 21:21
      Қоғам 09.04.2014, 15:16 1 пікір 3146 просмотров

      Адвокаттар тегін заң көмегін кімдерге береді?

      Еліміздің экономикалық - әлеуметтік өсуі мен жүргізіліп жатқан саяси реформалардың табысты болуы алдымен мемлекеттің құқықтық жағдайына да байланысты екені рас. Бүгінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етіп отырған әділет орындары қызметінде қандай өзгерістер белең алуда? Бізді толғандырған осы және басқа да сауалдарымызға Атырау облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Асулан Нұрланұлы КАРИМОВ жауап берген еді. 


      -Асулан Нұрланұлы, Әділет департаменті дамудың бірнеше сатыларынан өтті. Дегенмен, аталмыш органның негізгі қызметі сақталып келеді. Сол жөнінде не айтар едіңіз?

      - Әділет департаментінің бірнеше даму сатысынан өткені рас. Органның құқықтық реформаларды реттеуде рөлі ерекше. Бұл біздің ең басты міндетіміз болып табылады. Дәлірек айтқанда, бұл департамент негізінде заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүлікке қатысты заңдылықтарды, мәслихаттардың, әкімдіктердің нормативтік құқықтық актілерін тіркеу, ҚР нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік есепке алуды және оларды бақылауды жүзеге асыру қызметтерін атқарады. Сондай-ақ, заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру және құқықтық насихатты қамтамасыз ету, зияткерлік меншік құқығын қорғау, аудандық, қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдеріне ұйымдастырушылық-әдістемелік басшылықты іске асырады. Нотариалдық палатамен бірлесіп жасалатын іс-әрекеттердің заңдылығын және жекеше тәжірибемен айналысатын нотариустың іс - қағаздарын жүргізу ережесін сақтауын бақылаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзышылықтар туралы істер бойынша өндірісті жүзеге асыру да осы органның құзырында.

      - Өзіңіз айтқандай, негізгі жұмыстардың бірі - жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарды тіркеу. Осы турасында нақты тарқатып беріңізші?

      -Барлық игі істер мен бастамалар Президенттің саясатынан шығып отырғаны сөзсіз. Осы орайда «электронды үкімет» порталының маңызы зор. Соның ішінде, жылжымайтын мүлікті тіркеу тәртібі, азаматтық хал актілерін және заңды тұлғаларды тіркеу саласы электронды жүйе бойынша халыққа қызмет етуде. Нақтырақ айтсақ, жылжымайтын мүлікке құқық алуды тіркеудің электронды түрі рәсімдеу шараларын түбегейлі жеңілдетіп, кедергілерді жойып, азаматтарға қолайлы болуда. Бұл өз кезегінде құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға көп септігін тигізіп отыр. Осы орайда биылғы жылдың 1-ші тоқсанында 466 азамат жылжымайтын мүлікке электронды тіркеуді қолданған. Электронды тіркеу жеке және заңды тұлғалар үшін де тиімді. Ол бір жағынан уақыт пен материалдық шығынды азайтады. Бір жағынан қағазбастылықтан арылтып, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға септігі мол. Енді қалай жүзеге асады дейтін болсақ, Әділет департаментінің мамандары электрондық түбіртекті алысымен, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге кіріседі. Нәтижесінде құқықты тіркеу туралы хабарлама нотариусқа, сондай-ақ, өтініш берушінің электрондық мекен-жайына беріледі (оның болған және нотариустан өтінішінде көрсетілген жағдайда). Міне, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеудің электронды түрі рәсімдеу шараларын түбегейлі жеңілдетіп, кедергілерді жойды. Сөйтіп, тіркеуді бір жұмыс күнінен артық емес уақытта бітіруге болады. Егер де электронды жүйені түсінбей, толықтай ақпарат алғыңыз келсе, 1414 нөмірі бойынша тәулік бойы call-орталықтың мамандарынан білуге болады. Қазақстан бойынша кез-келген мобильдік немесе қалалық телефон бойынша қоңырау шалу тегін. Ал, бұл жеңілдік туралы тұрғындар арасында әлі де түсінік жұмыстары жеткіліксіз. Осы мәселені шешуде әділет департаменті жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу кезінде тұрғындар арасында түсініспеушілікті болдырмау мақсатында Әділет органдарының қызметкерлерімен «Ашық есік» күндері, «Әділет кеңес береді» акцияларын жиі өткізіп келеді.

      - Заңды тұлғаларды тіркеу тәртібін жетілдіру және оңтайландыру мақсатында ҚР заң актілеріне ұдайы өзгерістер енгізіліп келеді. Электрондық тіркеудің заңды тұлғаларға да тиімділігі бар ма, қалай жүзеге асыруға болады? Сонда азаматтар мүліктерін электронды тіркеу үшін қандай құжаттарды рәсімдеуі керек және электронды тіркеуді қалай қолдана алады?

      - Қазіргі таңда шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғаны тіркеу міндетті сипаттан хабарлау сипатына ие болды. Яғни, шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны 2010 жылдан бастап «Он-лайн» желісі арқылы тіркеу мүмкіндігі іске қосылды. Заңды тұлғаны тіркеу саласындағы жаңа мүмкіндіктерді халық арасында тұрақты насихаттап, он-лайн арқылы тіркеу тәжірибесінің кеңінен таратылуына қол жеткізіп отырмыз. Бұдан басқа, әділет органдарының коммерциялық ұйымдар жарғыларының Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкестігін тексеру міндетін алып тастау, қағаз түріндегі заңды тұлғаны (филиал мен өкілдікті) тіркеу туралы куәліктің жойылуы, заңды тұлғаны тіркеу мерзімдерінің қысқаруы секілді заң актілеріне өзгерістер енгізілді. Бұл да бір жағынан кәсіпкерлікті қолдауға көп септігі бар.

      - Асулан Нұрланұлы, соңғы кезде «Нотариат туралы» Заңына өзгерістер еніп, нотариаттық қызметпен айналысу құқығын алу үшін қойылатын біліктілік талаптары да өзгерген. Осы өзгерістердің жай-жапсарын түсіндіріп беріңізші?

      - Иә, «Нотариат туралы» Заңына енген өзгерістер мен толықтыруларға нақты тоқталар болсақ, бұрын нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткерлер аттестациядан өту Әділет Министрлігінде жүргізілсе, аталған Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2012 жылдың қаңтар айы-
      нан бастап аумақтық әділет органдарының құзыретіне берілді. Яғни, нотариаттық және адвокаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алушы үміткерлер бірінші кезеңде аумақтық нотариаттық палатасынан тағылымдамадан өтуі үшін тиісті құжаттарын тапсырып, белгіленген нотариуста тағылымдамадан өткеннен кейін аумақтық әділет органдарындағы аттестаттау жөніндегі комиссияда аттестацияланады. Бүгінгі күні облыс бойынша 83 нотариус жеке нотариат қызметін жүзеге асырып келеді. ҚР «Нотариат туралы» Заңының 35-бабына сәйкес, елдімекендердегі тұрғындар үшін селолық, поселкелік, ауылдық округтердегі лауазым иелерімен нотариаттық іс-әрекеттердің, оның ішінде, сенімхат, өсиеттерді куәландыру, қойылған қолдың түпнұсқалығын, сондай-ақ, құжат көшірмелерін куәландыруды жүзеге асыру мүмкіндіктері берілген. Бұдан басқа, нотариат қызметіне енгізілген өзгерістердің маңыздысы 2013 жылдың қаңтар айынан бастап нотариустармен куәландырылған мәмілелер, оның ішінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды электронды түрде тіркеу жүзеге асырылып келеді. Нотариуспен куәландырылған мәмілелер Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы мемлекеттік тіркеуге тапсырылған кезде 5 жұмыс күні ішінде мемлекеттік тіркеуден өтеді. Ал, аталған мәмілелер электронды тіркеу санатымен жүргізілген жағдайда, мемлекеттік тіркеу 1 жұмыс күні мерзімінде жүргізілетінін баса айта кеткен жөн.

      - Сондай-ақ, адвокатура қызметіне байланысты «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Заңы қабылданған ба?

      - Иә, 2013 жылы 3 шілдеде қабылдаған «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы»  ҚР  Заңы азаматтардың конституциялық құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын, көрсетілетін құқықтық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға септігін тигізбек. Сонымен қатар, тұлғалардың заң көмегін алуға өтініш білдіруі және оны кепілдік берілген көлемде алу құқығын да білдіреді.Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне мемлекеттік органдар, адвокаттар, нотариустар және жеке сот орындаушылары жұмылдырылды. Құқықтық ақпарат ешбір шек қойылмай, азаматтар мен заңды тұлғалардың бәріне бірдей беріледі. Адвокаттар көрсететін тегін заң көмегі алимент өндіріп алу, зейнетақы және жәрдемақы тағайындау, босқын немесе оралман мәртебесін алу, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлері, I және II топтағы мүгедектер мәселелері бойынша, сондай-ақ, іс жүргізу заңнамасында көзделген жағдайлар мен тәртіпте өтініш білдірген азаматтарға қолданылады. Осыған орай Атырау облысы адвокаттар алқасы «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» заңын қолдап, 59 адвокат азаматтарға ақысыз көмек көрсетуге келісімін берді. 

      - Сұхбатыңыз үшін рахмет!


      Гүлзада ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ

      Пікірлер

        • Аигерым Алламбаева
        • 22.12.2016

        Салеметсызбе менын класстас курбыларым 2кыз мектепти бытыргенсон округа тусип бузылып кетипты вконтактиде коп кыздардын жане оздерынын фоталарын салыпты кеи быреуы жаланашталган суреттеры бар менын орамалмен уиде тускен суретим жу арасында, жазып коиганы фотадагы кыздардын бары женыл журыспен аиланыскан деп жазылган мен оз арымды калаи коргаи алам Мен ондаи кыз емеспын болганда емеспын куиеуым 2балам бар калаи кукыгымды коргаи алам? Сызден отинем не ыстеу керегын аитсаныз Маган комектесынызшы

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
      __    __     ___     _    _     _____     _  _   
      \ \\ / //   / _ \\  | || | ||  |  ___||  | \| || 
       \ \/ //   | / \ || | || | ||  | ||__    |  ' || 
        \  //    | \_/ || | \\_/ ||  | ||__    | .  || 
         \//      \___//   \____//   |_____||  |_|\_|| 
          `       `---`     `---`    `-----`   `-` -`  
                                                       
      
       
      Наверх