Новости Атырау - Мунайлы Астана

      20 мая 2019, 9:44
        Мұнай 23.04.2014, 16:32 1 пікір 3581 просмотров

        Қашағанның «қара алтыны» қашықтап кетті - ау!

        Бүгіндері «Шелл», «Тоталь», «Эксон Мобил», «Импикс», «ҚазМұнайГаз» компаниялары құрылтайшы болып саналатын Қашаған жобасында едәуір олқылықтар орын алуда. Айта кету қажет,  былтыр «Коноко Филлипстің» үлесін CNPС сатып алғаны белгілі. Атырау облысын дүниежүзі көмірсутегінің мол қоры жинақталған жері ретінде білсе, Қашаған мен Теңіз ең ірі кен орындары болып табылады. 


        Енді келіп өткен аптада республикалық БАҚ-тар Қашаған кен орны екі жылға жабылуы мүмкін, - деп Quartz халықаралық ақпараттық порталына сілтеме жасаған хабар таратты. «Қазақстандағы ірі мұнай кен орны жабылады. Дереккөздердің хабарына сәйкес, Қашаған кем дегенде екі жылға жабылады. Жабылу кезінде құбырлар улы газ әсеріне қарсы тұра алатындай етіліп өзгертіледі»- делінген  gz.co сайтында жарияланған мұнай тақырыбымен таныс журналист Стив Ливайнның ақпарында. Жарияланымның сілтемесінде: «Мәселе улы N2S сутек сульфидінің құбырды бүлдіруінде жатыр. Қашаған кен орнындағы табиғи газда аталмыш сульфидтің 17 пайызы бар, бұл дегеніңіз құбырдың зақымданбау керектігін білдіреді. Консорциумдағылар құбырға пайдаланылған болаттың қаттылығы мен сутек сульфидінің сумен араласуы салдарынан тесілген деп отыр», - делінген. Әрине, келешегі жөнінен алда тұрған Қашаған кеніші соңғы отыз жылда табылған үлкен кен орнына жатады. Қазақстан әлемде мұнай мен газды көп өндіретін мемлекеттердің алғашқы бестігіне ұмтылып келеді. Бұл ретте осы Қашағанның үлесі зор.

        Мұнда бұрғыланған 41 ұңғыманың 20-сы бағалау, 24-і өнеркәсіптік пайдалану бағытында. Және әр ұңғыма 4 000 – 4 500 метр тереңдікке жеткен. Дегенмен, түрлі ақаулардың салдарынан кеніште мұнай өндіру әзірге тоқтады. Тіпті, Қашағаннан өндіретін 8 млн.тонна мұнайдың кімнің есебінен де болатыны әлі белгісіз. Төтенше жағдайлар мұнда жиі орын алғандықтан өндірілетін өнім жөнінде де тап басып айту қиын.

        Шынында да, Қашаған мұнай кенішінен «қара алтын» алуға әлі біраз уақыт керек. Өйткені кеніштің құрылысы теңіздің үстіне салынып жатқандықтан және алынатын мұнайдың тым тереңде жатуы көптеген жұмысқа кедергі болуда. Бұл туралы республикалық мұнай және газ министрі Ұ.Қарабалин журналистерге жиі айтуда. Алайда, қазір осы кеніштің жұмысын әлемдегі белді компаниялар мұқият тексеруге алып жатыр. Мәселен, техникалық жағын «Хилл», ал заңдылығын «Кертиз» компаниялары тексеру үстінде. Қазір Үкімет солардың нәтижесін күтіп отыр. Соңғы кездері, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары осы Қашаған мәселесін жиі сөз ете бастады. Себебі, мұнай қоры мол, ауқымды жоба екені белгілі. Кенішті толық іске қосып, «қара алтын» алар болсақ, ел экономикасы шарықтап кетер еді. Дегенмен, бұл жобаның жұмысы ұзаққа созылып кетті. Енді келіп, депутаттар кеніштің пайдасынан гөрі зияны көп болмай ма деген қауіп айтуда. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев:

        - Қашаған жобасы әу баста 2008 жылы жұмысын бастау керек еді. Әлі кедергілер бар. 10 млрд.тұратын жоба 52  млрд.доллардан асып кетті. Менің түсінуім бойын-ша, тіпті, 200 млрд.доллардан асып кетердей қауіп бар сияқты. Біз сол келісімді бұзсақ қайтеді? Олар өз шартын орындамаса неге еңкейе береміз? Бізде намыс бар шығар?! - деді ол. («Айқын» газеті, №59, 8 сәуір, 2014 жыл)

        Оның үстіне кенішті игеруге қатысатын шетелдік компаниялар әкелген құрал-жабдықтарын 10-20 есеге асыра бағалап отырған. Үкімет енді оларды тәртіпке шақырудың амалын қарастыруда.

        Рас, қазір Қашағандағы жұмыстар тексерлуіде. Компанияда жұмыс қалай атқарылып жатыр? Технологиялық бағалау қалай жүріп жатыр? Соның бәрі тексерілуде. Мамыр айының соңына дейін «Хилл» мен «Кертиз» өз жұмысын аяқтамақ. Тіпті, тексеру қорытындысы бойынша бөлек сұраныстар жасау да көзделуде. Ал, қазір осы сәуір айының соңына дейін Қашаған құбырының теңіз бөлегіндегі 25 нүктесіне зерттеу жүргізілді. Өткен жылдың күзінде алғашқы мұнай берген Қашаған кен орнының құбыры инфрақұрылымында біраз проблемалар анықталған. Тіпті,  оларды жою мақсатында екі мыңнан астам дәнекерленген жікке тексеру жұмыстары жүргізіліпті. Ал, 6 мың метрден астам құбырға ультрадыбыстық диагностика жүргізілген. Соның нәтижесінде алынған мәліметтер мамандандырылған шетелдік зертханаларға тапсырылды.

        Дереккөздің хабарлауынша, су астына құбыр төсеген мердігер кәсіпорын мен олардың иелеріне жұмысты сапасыз атқарғаны үшін қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

        -Сәуір айында құбырдың теңіз бөлегіндегі 25  нүктесінде зерттеу жүргізіледі. Бұл мұз ерігеннен кейін қолға алынды. Құбырлардағы ақаулар басқа жүйелерге әсер етпеуі керек деп ойлаймыз. Кен орнының қиын және қауіпті екенін ескере отырып, асығыстық жасау орынсыз болар деген пайымдамыз.

        Әлемдік жетекші сараптама ұйымдарының соңғы болжамдары көмірсутекке деген сұраныстың тұрақты өсуінің ұзақ мерзімді бағыты болып бекітілгенді көрсетеді. «Жеңіл алынатын мұнай ғасырының аяқталуы салдарынан мұнай» бағасын жоғары деңгейде ұзақ мезгіл сақталады деген пікірлер басым. Бұл жағдайларда мұнай - газ саласының рөлі өте маңызды болып қалады, бірақ, бұл мәселе өлшеулі және прагматикалық болуы тиіс, - дейді Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин.

        Министр Қашағандағы мұнай қоры 2 млрд.тоннадан асатынын, алайда, өзінің техника, технологиялық қиындықтары бойынша бірегей саналатын Қашағанмен тек бразилиялық «Тупи» кен орнын салыстыруға болатынын алға тартты. Мамандар бразилиялық кен орнының шығынын 200 млрд. долларға бағалаған. Өйткені мұнда да мұнай Қашағандыкіндей тереңнен алуға тура келіп отыр.

        Мұнай қоры жөнінен Қазақстан әлемде 12 - орнында болса, ал өндіруден 17 - орнында келеді. Еліміздің әлемнің  30 еліне мұнай тартатыны да белгілі болды. Өткен жылы ең көп көлемді Италияға - 27 пайыз, Қытай -17 пайыз, Нидерланд - 13 пайыз,  Франция - 9 пайыз, Австрияға - 7 пайыз мұнай жөнелтілген.

        Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Базарбаев:-Қазақ жерінен өндірілетін мұнайдың жалпы көлеміндегі Қазақстанның үлесі қанша?- деп сұрақты төтесінен қойды. 

         -Өткен жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіруде Қазақстанның үлесі 36 пайызды құрады. Ал, АҚШ компанияларының үлесі -25, Қытай -23, Ресей- 6 пайыз. Қалған елдердің үлестері бар, бірақ аз, - деді министр.

        Айтпақшы, министрдің дерегінше былтыр отандық осы салаға 10 млрд. доллардай инвестиция құйылыпты. Олардың ішінде ең қомақты инвестицияны Америка мен Қытай және Еуропа елдері салған екен.

        Иә, Қашағанның «қара алтыны» қашықтап барады. Құзырлы органдар кеніш екі жылға тоқтайды дегенмен, нақтысында қаншаға созылатыны белгісіз. Әзірге Қашағанға үміт арту қашпаған қашардың уызын күтумен бірдей болғалы тұр.

         

        Пікірлер

          • қазақ
          • 24.04.2014

          жылына 80 млн өндірледі ҚР үлесі 26 % жетпейді ұят қайда мирнистрде

        Пікір қосу

        ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

         
        Введите пять букв размещенных внизу:
          ______    _____    _    _     ______    ______  
         /_   _//  |  ___|| | |  | ||  /_   _//  /_   _// 
           | ||    | ||__   | |/\| ||   -| ||-   `-| |,-  
          _| ||    | ||__   |  /\  ||   _| ||_     | ||   
         /__//     |_____|| |_// \_||  /_____//    |_||   
         `--`      `-----`  `-`   `-`  `-----`     `-`'   
                                                          
        
         
        Наверх