Новости Атырау - Мунайлы Астана

    18 октябрь 2017, 11:37
      Экономика 28.05.2014, 16:18 0 пікір 3212 просмотров

      Сыртқы сауда саясаты

      Бүгіндері Еуразиялық интеграция – Қазақстан экономикасындағы жаңа бағдар деп айтылуда. Елбасымыз 2050 жылға дейін ЕАЭО-ны әлемдегі интеграцияланған бірлестіктің үздік үштігіне енгізуге шақырғаны тегін емес. Кеден Одағы өмірге келгеннен бері Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне тартылған шетелдік инвестиция көлемі екі есеге жуық өскен екен. Мәселен, 2009 жылы  экономикамызға құйылған инвестиция көлемі 1,8 млрд. доллар болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 3,4 млрд. долларға жетіп отыр. Яғни, тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 34 пайызға өсіп 28 млрд. долларды құраған. 


      Рас, жаңа интеграциялық бірлестіктер отандық кәсіпкерлерге кең мүмкіндіктер туғызғаны белгілі. Қазақстан қазіргі уақытта, сыртқы нарыққа 700-ден астам тауар шығарады екен. Әсіресе, соңғы екі жылда қазақстандық тауарлар Ресей нарығына көптеп шығарылып жатырғанын көреміз. Бұлардың қатарында, сүт, ұн, күріш, құрғақ жемістер, кәмпиттер, макарон өнімдері және басқалары бар. Қазір Алматы желдеткіштер зауыты, Кентау трансформатор зауыты өз өнімдерін Ресей нарығына жөнелтуде. Себебі, ішкі сұраныстар аздығынан бұл кәсіпорындар толық қуатымен жұмыс жасамай келген. Ресейлік нарықтың ашылуы осындай кәсіпорындардың тұтыну нарығын ұлғайтуға жол ашуда.

      Сыртқы сауда саясатының басты мәселесі қажеттілікке қарай өзара тәжірибе алмасу, ақпарат жинақтау. Сөз жоқ, мұның бәрі интеграция тетіктерін күшейтуге ықпалын тигізеді. Енді, сыртқы сауда саласына тоқталып, нақты экономикалық есепке назар салайық. Өткен жылы Қазақстан  Ресей нарығына 8,5 млрд. доллар, жалпы салмағы 53,3 миллион тонна 674 түрлі өнімді шығарған екен. Экспортқа көп мөлшерде көмір –26,3 миллион тонна, темір кені -9,1 миллион тонна, газдар – 7,2 миллион текше метр, хром кені -1,1 миллион, глинозем – 1,1 миллион тонна, бидай – 1,06 миллион тонна, прокат – 863,4 мың тонна, марганец кені – 676,2 мың тонна, күкірт -585,1 мың тонна, қиыршық тас, жұмыр тас -554,2 мың тонна, кварц- 446,5 мың тонна, сондай-ақ, Ресей тұтынушыларына 3,75 млрд. кВт/сағат электр энергиясы жеткізілген.

      Қазіргі таңда республи-камыздың қайта өңдеу өнеркәсібінің өнімі құраған жалпы экспортының 59 пайызы Кеден Одағы елдеріне тиісті болуда.  Мәселен, 2012 жылы аралық тауарлар топтамасының экспорты 2008 жылмен салыстырғанда  3,1-не, ал тұтыну тауарлары 3 есеге артқан.

      Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Н.Бочарников «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне берген сұхбатында былай дейді:

      - Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 5 мыңнан аса кәсіпорын бар, олар барлық салада, шикізат өндіру мен өңдеуден бастап, ақпараттық салаларда жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда, Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының маңызды бағыттарының бірі  - өнеркәсіптік кооперация. Екі елдің нәтижелі мемлекет аралық бизнес кооперациясы арасынан машина жасауға, тау-кен металлургиясы кешені, уран және химия өнеркәсібі сияқты салалардағы өзара ықпалдастықты атап өтуге болады.

      Қазақстанда 20-ға тарта ірі ресейлік компаниялар өз жобаларын жүзеге асыруда, соның ішінде «Газпром», «Лукойл», «РусАл», «ИнтерРАО ЕЭС», «АвтоВАЗ» және басқалары бар. Тиімді және өзара пайдалы инвестиция салудың мысалын  Қазақстан аумағында «Лада» автокөлігін құрастыру өндірісін кеңейту жөніндегі «АвтоВАЗ» ААҚ жүргізіп отырған «АзияАвто» ЖШС қазақстандық кәсіпорны мен «Ертіс» ӘКК-мен бірлескен жалпы көлемі 500 миллион долларлық өндірістен келтіруге болады. Электр энергетикасы саласындағы ірі бірлескен жоба ретінде «ИнтерРАО ЕЭС» ААҚ пен «Самұрық Энерго» АҚ жүргізіп отырған Екібастұз ГРЭС -2-ні жаңғыртуды атап өту керек. Жоба құны шамамен 930 миллион доллар. Жамбыл облысында «ЕуроХим» компаниясы минералдық тыңайтқыштар шығаратын кәсіпорын құрылысы жобасын жүзеге асыруда. Қостанайда ресейлік «ЕуразХолдинг» компаниясы өндірістік зауыттың құрылысын аяқтап келеді, - дейді.

      Сыртқы сауда саясаты жөнінде айтар болсақ, бүгінде әлемнің 111 елі қазақстандық кәсіпорындардың  дайын  өнімдерін сатып алады екен. Мәселен, Қазақстан мен Орталық Азиядағы басымдыққа ие серіктес -  Малайзия арасындағы сауда айналымы өткен жылдың қорытындысы бойынша 122,7 миллион долларға жеткен. Яғни, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға артық. Ал, Малайзияға қазақстандық экспорттың мөлшері  1,8 миллион доллар болса, импорт 120,9 миллион долларды құрап отыр.

      Сыртқы сауда саласын сөз еткенде агроөнеркәсіптік кешеннің көрсеткіштеріне тоқтала кету керек. Егер, 2011 жылы отандық экспорт 7 пайызға өссе, өткен жылы 2 еседен артық ұлғайыпты. Соңғы жылдары Ресейге ет пен қосымша өнімдерді жеткізу 5 есеге, ұнды жеткізу 16 есеге, сондай-ақ, теріні жеткізу көлемі 75 пайызға өскен. Үш жылда қазақстандық агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін Кеден Одағы елдерінің нарықтарына экспорттау 1 млрд. долларға жеткен.

      Кеден Одағы құрылған  сәттен бастап, қазақстандық өңделген өнімдер экспорттау көлемі тұрақты түрде өскенін айтуымыз керек. Тіпті, бұл тұрғыда әлемдегі экономиканың даму қарқыны бәсеңдеген жағдайда да тұрақты серпін беріп келеді. Егер, 2012 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда осы көрсеткіш 14 пайызға ұлғайса, өткен жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан экспортының жалпы көлемдегі өңделген өнімнің үлесі өсіп, 24,1 пайызды құрады. Сөйтіп, өткен жылы еліміздің Ресей және Беларуспен тауар айналымы 24 млрд. долларға жетті.

      Қазақстандық тауар өндірушілердің нарығы Кеден Одағы елдерінде кеңейе түсті. Сонымен, 2011 жылы біздің экспорт Ресейде 60 пайызға, Беларус республикасында 2,3 есеге өсіп отыр. Бірыңғай кеден аумағы ішінде шетел валютасының алмасуына шектеулер жойылған. Бұл ең алдымен, аталған елдер үшін нақты пайдасы бар. Өйткені, тауар өнімін нарыққа қарай жылжытқанда шығындар аз болған сайын тұтынушыларды көптеп қамтымақ. Кеден Одағы елдерінің жалпы нарығында көлемі 2 триллион АҚШ долларын, 168 миллион адам ресурстарын және 600 млрд. доллар жалпы өндірістік әлеуетті құрайды.

      Қазіргі күндері Қазақстан мен Ресей арасында жалпы сомасы 32 млрд. доллар болатын 40 инвестициялық жоба пысықталып жатыр. Әрине, мұның барлығы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай жоғарлағанын көрсетеді. Сонымен қатар, қазақстандық жағымды-бизнес ахуал әлемнің басқа өңірлерінен инвестициялардың өсу факторлары болуда. Кеден Одағы құрылған сәттен бастап, еліміздің өңдеу өнеркәсібінде шетел инвестицияларының көлемі екі есе артқан. Осы тұрғыда тікелей шетел инвестициясының жалпы көлемі 34 пайызға өсіп, жалпы 28 млрд. долларға өскенін айтуға тиіспіз.

      Сыртқы сауда айналымы үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 26,9 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл салыстырмалы кезеңдегіден 10,2 пайызға артқан.  Яғни, ТМД елдері арасындағы тауар айналымының жалпы көлемі 1,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Алыс шетелдермен тауар айналымы 13,8 пайызға өсті және 25,3 млрд. АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт -20,3 млрд. АҚШ долларына артты, ал импорт – 5 млрд. АҚШ долларына төмендеді.

      Қазақстан өнімін негізгі сатып алушылардың қатарында, Италия, Қытай, Нидерланд, Франция, Щвейцария және Австрия бар. Ал, импорттық өнімдерді жеткізушілер арасында бұрынғысынша Қытай алда келеді. Сондай-ақ, Германия, АҚШ, Корея, Украина, Жапония елдерінен импорттық өнімдер түсуде.

      Барыс-келіс байыпты бағыт алса, сыртқы саудамыз ойдағыдай болады.


      Құттыгерей СМАДИЯР «Мұнайлы Астананың» арнаулы тілшісі

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       ______    __   __   __   _    _    _   __    __  
      |      \\  \ \\/ // | || | || | || | || \ \\ / // 
      |  --  //   \ ` //  | '--' || | || | ||  \ \/ //  
      |  --  \\    | ||   | .--. || | \\_/ ||   \  //   
      |______//    |_||   |_|| |_||  \____//     \//    
      `------`     `-`'   `-`  `-`    `---`       `     
                                                        
      
       
      Наверх