Новости Атырау - Мунайлы Астана

      20 наурыз 2019, 12:09
        Аймақ 04.06.2014, 18:10 4 пікір 4215 просмотров

        Нарының дүлдүл күйшісі Жаңбырбай

        Құм Нарынның шығысы мен батысы Еділ мен Жайықты кемерлеп, оңтүстігі Каспий теңізіне шайылып, арқа беті Қараөзен мен Сарыөзен құяр сағасына шомылып, Қамыссамар суына көмкеріліп жатады. Нарында жеті жұрт қоныстанып, көшіп өтсе соңғысы 1802 жылы Бөкейхан бастап келіп қоныстанған сол елдің қазіргі ұрпағы әлі тұрып жатыр. Заманы   өзгермейді, елі өзгереді  демекші бұл Нарын басынан нелер болып нелер өтпеген. Осы бір кішкене ғана құмда қазақ халқының қаншама асыл азаматтары ел есінде қалып, тарихында мәңгілік жыр дастан болып сақталып қалды десеңізші. Ел есіндегі сол бір тарихты ауыз әдебиетінен жазба түрге қалдыру қазіргі ұрпақ еншісіне тиіп отыр. Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана қол жеткеніне тәубе етелік.

        Елін, жерін қорғаған батырлар, ақын-жыраулар, сөз зергері шешендер, елдің тыныштығы мен бірлігі, тұтастығын сақтаған батырлар өткен ғой. Нарын өнерге өте бай ел. Ақын-жыраулар, дүлдүл күйшілер де болғаны белгілі. Өнер адамының жолы әрқашанда даңғыл болмаған, бұралаң, кедір-бұдырлы, соқпақты болған. Ақын жыраулар, дауылпаз домбырашылар олар өз дарындылығымен, сал сері мінезі мен елі түгел, тума-туыстарына да жаға бермеген. Елге озбырлық, үстемшілік жасаған билеушілердің тәкаппарлығы мен пасықтығына шыдай алмай, оларды сынаған өлең-жырлары, масқаралаған күйлері қудалауға ұшыраған. Бүгін сөз болғалы отырған саңлақтардың бірі, атақты күйші, Нарынның ерке сал серісі Бекмағанбетұлы Жаңбырбай жайлы болмақ. Бұл кісі 1877 жылы осы Нарынның Мыңтөбе ауылының шығыс беткейінде «Ақшолақ» деген жерінде мал бағып, құмаршық қағып, күн көрген қарапайым шаруа отбасында  дүниеге келді. Жастайынан өнерге құштар ақындығы мен қатар домбыраға бейімдігі мол Жаңбырбай елдегі күйшілерге еліктеп, домбыра тарта бастайды. Сал серілік қуып, елдегі түрлі жиын-тойларға қатысып, елдің көзайымына айналады. Ол кезде Жаңбырбаймен заманы қатар күйшілер аз болмаған. Солардын бірі Ерғали Есжанұлы, Меңдіғали Сүлейменұлы, Дина Нұрпейісова т.б. күйші. Меңдіғали  Сүлейменұлы Жаңбырбаймен жандай құрдас бір жылдың тумасы еді. Жаңбырбайдың істі болуы Алматыға, Меңдіғалимен бірге бара алмай, өнер жолын қаншалықты кесілгенін байқау қиын емес қой. Өнерге құмар Жанбырбайдың өзі, күйші Ерғалиді іздеп баруы, оның өнерге деген тың құштарлығын туғызады. Ерғали күйші жастың өнерін бағалап, тұсауын кесіп, ел ішіне ертіп жүріп күй тартқызып, өнерін шыңдап баулайды. Көкірегі ояу жаңалықтың жаршысын жаны сүйетін оқымаса да,ойы зерек ақынжанды домбырашы Жаңбырбай, Сүгірұлы Насихатпен туыстығы жағынан жақын қатар өмір сүрді, өнерге бірге қанып бірге сусындады. Елдің атқа мінерлерімен бірігіп мектеп салу үшін халықтан мал жинап, мектеп салушыларға еңбек ақы төлесе керек. Ол кезде халықта ақша болмаған ғой. Нарын құмы талай ашаршылықта халқын құмаршығымен асырап отырған, сол қызылтаққа (шағыл етек) шыққан құмаршықтың  жерін халыққа  үлес  бөліп беріп отырған. Жаңбырбай мен Насихаттың өнерлерін, серілігін көре алмаушылар, құмаршық алқабын тең бөлмеді, халықты алалады, ағайындарына болысты, жиналған малдың бір қатары ұрлық деп арызданды. Ақыры 1934 жылы Жаңбырбайды халық жауы деп соттатса, 2-3 жылдан кейін Насихатты соттатып тынады. Қызы Сүйнат айтуынша «әкеміз Жаңбырбайдың ұсталып сотталуы былай болған еді. Отырған жерімізде әкемізді қудалап, маза бермегесін ұстазы Ерғали отырған «Балдадағы» жерге көшіп барды. Әңгіме сөз басылған шығар деп, ағайын-туысты сағынып, елге барып көрісіп келуге кеткенде, «Балдадағы» үйіне қайтып оралғанда  милиция отряды келіп, «Жаңбырбай қайда кетті, тауып беріңдер?»- деп, қыспалап үйдің астан-кестеңін шығарып,  әйел бала-шағасын сабап, тіпті жас жарымдағы баланы анасының қолынан жұлып алып, халық жауының баласы деп лақтырып жібергенде бала сол жерде қаза болады. Отбасының таяқ жеп қансырап жатқан түрін көріп, Жаңбырбай «Мен бұдан былай отбасымды ойрандатып, қан-жоса қылып сабатқанша, ақтығымды айтып өзім барайын деп тергеушілерге барғанда, жасаған істерің халық жауының ісі, ұрлық жасады деген желеумен 10 жылға сотталып кете барады. Жазасын Магнитогорскідегі  лагерьде өтейді. Оны  сол жерде жазасын өтеп елге келген адамдар «Жаңбырбай тірі Магнитогорск қаласындағы лагерьде, жақын арада қалған жазасын өтеу үшін сотталғандар (поселение поселкасында) шықты» дейді. Онда еркін жүріп-тұруға болғанмен, жазасын өтемей кетуге болмайды. Үнемі күзеттің бақылауында болады, құжаттары лагерь мекемесінде сақталады. Жазасын өтеп болғасын аман болса келер дейді.

         Жаңбырбай денсаулығы түрменің азабы мен Сібірдің суығынан сыр береді. Бір күні қасындағы башқұрт әйелге, ол да  сонда жазасын өтеп жатқан, чемоданы мен бәтеңкесін тағы басқа заттарды сатып ақшалап беруді сұрайды. Башқұрт әйел базарда тұрғанда, босанып шыққан ел жақтың адамы Жаңбырбайдың чемоданын танып сұрағанда:

        -Ол кісінің саулығы нашар, елге кетпекші дейді. Міне, осы әңгімені ел адамдары айтып келсе керек.  Жаңбырбай саулығы нашарлағаннан кейін сүйегім елге жетіп қалсын деді ме (поселениедегі) жылын бітірмей елге жасырын келсе керек. Жаяу-жалпы жүріп, 1940 жылдың қараша айының соңын ала, Мыңтөбедегі жылқы бағып отырған Ильясов Құрманның үйіне түн ортасында жетеді. Өте жүдеу, азып-тозған Жаңбырбай кіріп келеді. Құрман отбасы зәре-құты қашып, қорқынышпен қарсы алады. Құрман да бұрын осы тәріздес істі болса керек. Мән-жайді айтып, бар ақша қаражатын Құрманға беріп: «мені қыс бойына жасырып шық, жаз шыға Қалмақ қырына асып кетермін» деп қолқа салады. Жарты құртты жарып жеп, қиындықты бірге кешкен  Жаңбырбайдың сөзін жерге тастамай үйдің ішінен жер төле (подвал) қазып, күндіз сонда жасырынып, түнде ғана ауа жұтуға шығарады екен.

        Жаңбырбайдың жолдасы Мәди Қаршыға қызы осы үйден 3- 4 шақырымдай жерде, Қамысты фермасында сауыншы болып істейтін. Үйіне бара алмай, ал  Құрман Жаңбырбайдың  әйеліне барып айтуға қорқады. Бас көтерген  інісі Жауылбай елде болмайды да, оның  үлкен баласы Онухан және  басқа балалары жас еді. Оларға хабарлауға, ел құлақтанып кетсе, «халық жауын» жасырдың деп, Құрманның өзі де істі болып сотталатын. Бірде Жаңбырбай менің елмен «Қоштасу» деген күйім бар, қазір мен көмеймен ғана орындап жүрмін, маған ініңіздің домбырасын әкеліп берші, домбыраға түсіріп көрейін деп өтініш жасайды. Күйін домбыраға түсіргеннен соң Құрманға үйретеді де, күндердің күнінде жарыққа шығарарсың деп аманат қылады.

                 Өмірі азаппен өткен есіл ер, туған жерге азып-тозып жетіп, отбасына бара алмай, бала-шағасын көре алмай, қапаста  шынжырлаулы жаралы жолбарыстай аянышты өмір кешті. Саулығы нашарлаған Жаңбырбай наурыз айының басында дүние салады. Құрман не істерін білмей, үйінен 3-4 шақырымдай тұратын әйеліне хабарлауға қорқып, түн қараңғысында Жаңбырбайдың аманаты бойынша туған жері Мыңтөбе тауының оңтүстік шығыс беткейіне, бір жолдасы екеуі жерлейді. Күндердің күнінде айтармын деп, ат дорбасымен басына саз төгіп, белгі жасайды. 1974 жылы Бердібеков Сырым Құрманға жылқыға көмекші болады. Бұл Сырымның 10 класс бітірген жылы еді. Құрман ешнәрсе айтпастан «Қоштасу» күйін Сырымға үйретеді. Сырым күйді әбден меңгеріп болғаннан  кейін Құрман, бұл күй Жаңбырбайдың күйі екендігін және болған жағдайды түгелдей айтады. Жаңбырбайдың жерленген жерін тұспалап көрсетеді. Бірақ қатаң ескертеді, оңтайы келмей, бұл туралы мен тірі тұрғанда ешкімге тіс жарма, өте сақ болғайсың, күйді жоғалтып алма, көздің қарашығындай сақта деп аманат етеді.

        Сырым осы сырды 35 жылдай сақтайды. Бірде сөз ретінде Жаңбырбайдың күйеу баласы Қабиболлаға айтса керек.  Ол кісі бұл  сөзге мән бермей, ол кісінің сүйегі Магнитогорскде қалды деп кесіп айтады. Сосын бүге-шүгесіне дейін айтуға бата алмайды. Осы жолдың авторы маған  Сырым:

        -Сіз Қаршыға Ахмедияровтың құрдасысың ғой, осы жәйді Қаршығаға айтып қараңызшы. Мен Қаршыға және өнер иесі Калима Сахарбаевамен қанша кездессем де, оңашасы болмады, әрі батып айта алмадым, - дейді.

        Мен Қаршығаға телефон салып сөйлесіп, күйді диктофон арқылы тыңдаттым. Қаршыға қуанғалы соншалық  жездем Елеусін Рахметовтың қайтыс болғанына 40 күн толу қәдесіне барамын,  сонда бәрімен де толық сөйлесіп, кездесерміз деді. Айтқандай 2010 жылдың 3 маусым күні Алматыдан арнайы келді. Екеуіміз үш күн бірге болдық. Мен өз кезегімде Жаңбырбайдың «Қоштасу» күйін Сырымнан жазып алған үнтаспамнан тыңдаттым.Тыңдаған бойда Қаршыға өнер иесі ғой, Бота көзі шоқтай жайнап, мына күйді жеткізген Сырымды алдыр деді. Сырым баласы Нариманмен бірге келді. Қаршыға күйді тыңдады, бір емес бірнеше рет тыңдап:

        -Мұреке машина тап, Мыңтөбеге барамыз, күйдің дүниеге келген жерін көрейік, күй өздігінен тумайды. Оны шабыттан басқа табиғаттың қоршаған ортасы немесе қасыреті мол озбырлық пен өшпенділік, жетімдік пен жоқтықтың алмасуынан туатын әсерлер ғана туғызады. Мыңтөбеде ел бар ма? Сол жерге барып бір аунап қайтайық, - деді. Осы отырыста округ әкімі Мүтиғолла Насиханов екеуіміз күн ыссы, күзде барайық деп әрең көндірдік. Сөз арасында Калима Сахарбаеваға телефон шалды. Күйші Жаңбырбай туралы не білетіндігін қайда жерленгенін сұрады. Ол кісінің сүйегі Мыңтөбеде деп естимін, өзің  білесің, екі  күйін «Жалған дүние», «Желкем қақпайды» «Атырау ән-күй мұхиты» деген кітабыма енгіздім деді.Бұл «Қоштасу»  күйі жарық көру керек, «Мың күй» жинағына енгізуім керек. Өмір жетсе Құрманғазы оркестрінеде ойнатсам деген де ойым бар. Мұреке бұл туралы жергілікті газеттерге жаза бер, менде жазам деді. Марқұм Қаршыға мен осы күзде Махамбет, Мәмен, Қали Жантілеуов,Орда арқылы Құрманғазыға зират етпекшімін. Сонда қайтар жолда Жаңбырбайға да соғармыз деді де, мен берген күй жазылған касетті салып алды. Не шара өнер абызы Қаршығаның келесі күні, 6 маусымда, өмірден қыршын өтетінін кім білген. Бұл туралы «Күй ғұмыр» атты мақалам Қаршығаның  кітабына кірді. Мен бірнеше рет Сүйнат Жаңбырбай қызымен әңгімелестім анасы, Мәди Қаршыға қызымен құдағай ретінде талай дастархандас та дәмдесте болдым. Әттең, сол кезде мен ол кісінің күйші Жаңбырбайдың жолдасы екенін білсемші, менің немере қарындасым Құбашқызы Қатыш  Жаңбырбайдың інісі Жаулыбай баласы Қанағаттың жолдасы.  Жаңбырбайдың  бастан кешкен, қилы, ауыр өмірі аянышта өтті. Өмірден ерте үзілсе де ұрпағы артта қалып жолдасы Мәди қызығын көріп аялы алақандарында өмір кешті. Бұлардан екі ұл, төрт қыз Әзила-Сүпияннан 6 ұрпақ: Зұлпыхар, Иманталип, Мәнира, Бақзая, Закура, Бақыт.

        Екінші қызы Ақдинадан - жолдасы Жағыпардан 5 ұрпақ: Дишат, Қидолла, Балыш, Жақсылық, Қайри. Ұлы Бақытқайыр Ұлы Отан соғысынан оралмаған. Ал жас жарымдағы ұлы Зинелқайыр қудалау кезінде қаза болған. Тікелей ұрпақтарының көзі тірісі  қызы Сүйнат Исатай селосында тұрады. Ұрпақтары Әлия, Ұлболсын, Гүлшара, Еркін бар.

                 Нарын құмында атақты күйшілердің кейде кездесіп, өзара күй тартыс жасап, өнерлерін шыңдай отырып, жастарды ортаға алып олардың өнеріне қанат бітіретіндей  жарыстарды ұйымдастырып келген. Ел аузындағы әңгімеге құлақ түрсек, Жаңбырбай Исатайдың немересі  Өтепқали Дінбаянұлының үйінде Динамен кездеседі. Жиналған халық оларға қошаметпен  күй тартқызады. Жаңбырбай алғашқы рет «Жалған дүние» күйін тартса, Дина шешеміз өмірінің өтіп бара жатқанын, жас дәуреннің қайтып оралмайтына куә ретінде «Өтті дәурен» деген күйін тартады. Сол кездесуден кейін Нарынның  Қамыссамарында бір жиында Динамен Жаңбырбай күй тартыс  сынағымен домбыра тартысса керек. Екеуі күй тарту шерберлігінен жеңісе алмай  көптеген күйлер тартылады. Сол кезде Жаңбырбай жата қалып домбыраны аяғының бәшпайымен шертеді. Дина болса Жаңбырбайдың  күй тартыс өнеріне  тәнті болып, әрі ер азаматты сыйлау дәстүрінен аттай алмаған аяғымен домбыра шертуді жөн санамай, жолдықты Жаңбырбайға береді. Мұндай аңыз әңгімелер ел ішінде сан түрлендіріп айтылады. Дина елден Алматыға кетер кезде Жаңбырбай Динаның қасында болып, халыққа қызықты болу үшін бірде бірін-бірі жеңіп, бірде бір-бірінен жеңіліп халықты ән күйге тоғытып отырған.

        Жаңбырбайдың күйшілік өнерін жалғастырушы  осы ұрпақтың жиендерінен өрбіген атақты күйші Рыспай Ғабдиевтің атағы бүкіл елімізге әйгілі. Рыспайдың «Күй қағаны» кітабында өзінің күйшілік өнері нағашысы Жаңбырбайдан дарығандығы туралы деректер келтірілген. Күйші Жаңбырбай туралы бірсыпыра басылымдарда  Дина, Құрманғазы, Насихат жәйлі әңгіме өрбігенде баспа беттерден оқып жүрміз. Жазушы жерлесіміз Өтепберген Әлімгереевтің «Арыс» баспасынан 2013 жылы шыққан «Құрманғазы» атты кітабында Жаңырбай туралы кейбір деректерді келтіре отырып, әдеби тілде өте нанымды-тартымды қылып тарихи қалпында тамаша суреттеліп әңгімеленген.

        Сөйтіп, 2010 жылы Қаршыға бармақшы болған Мыңтөбеге осы жылы 16 мамырда ғана бардық. Заң жүзінде ақталмаса да Жаңбырбайды халқы біліп, өзі ақталсын деген  ниетпен, мен Қазақстан Атырау телерадиокомпаниясының  бас редакторы Рауан Сәбитұлына жолығып, ол кісі мән жайға қаныққасын  бас режиссер Ботакөз Қарабалаева, бағдарлама редакторы Балауса Халелова, операторлар Медет Әдиетов, Ержан Шеруенов түсірілу тобын құрып берді. Жолшыбай түсіру тобы Хамит Ерғалиев елді мекенінде Жаңбырбай мен Динаның күй сайыс көрінісін тамашалады. Жаңбырбай ролінде Асылжан Хамитов, ал Дина шешеміздің жас кезіндегі ролінде Нэля Жақсамбетова шебер сомдады. Осы түсірілімде  Дина шешеміздің «Өттің дәурен», Жаңбырбайдың «Дүние жалған» деген күйлеріде тартылды. Жаңбырбайдың «Қоштасу» күйін осы күйді жеткізуші Сырым Мақсотұлы орындау үшін «Тұщықұдық» елді мекені маңында іске асырылды. 16 мамыр күні түсіру тобымен бірге күйші Сырым Бердібеков Жаңбырбайдың туған жиені Сүйнат апай қызы Ұлболсын Қабиболлақызы, жолдасы Тағаберген Сидханұлы жол серіктері Кеңес Төлеуішов, Ерлан Ідрісов  осы топпен жолға шықтық. Мыңтөбе тауында Насихат Сүгірұлы ескерткіш белгісінің қасына Жаңбырбайдың қызы Сүйнат апайдың әкесін сағынышпен еске алған белгісін орнаттық. Ескерткіш тақтада мына сөздерді толқымай оқу мүмкін емес. Жаңбырбай өлеңініңбір шумағы:

        Астымда атым еді  түйме күрең,

        Болды ғой бек  тамаша үлкен сүрең.

        Күндікке өзім тәуір тірі жүрмін,

        Түспесін маған да кеп  бір күн түрен.

        Одан кейін Ботакөз, Балауса шығармашылық топ «Жайық жауһарлары» бағдарламасы бойынша өздерінің түсірілімдерін Мыңтөбе  кең байтақ  жазық  даласында  тамаша табиғат аясында жалғастырды. Бағдарлама түсіріліп болғаннан  кейін Мыңтөбе тауының оңтүстік шығыс бетіндегі  Жаңбырбай жерленген алқапқа келіп тоқтадық. Сырым біраз жерді  шөлкеп, Жаңбырбайдың мүрдесі жатқан жерін қыратын көрсетті. Сол кезде арнайы іздеп келген топтың көңіл күйлерінің толқығанын айтып жеткізу мүмкін емес. Бұрын тек  Жаңбырбайға Құрман ғана жасырынып келіп дұға оқыса, енді іздестіруші топпен бірге  Жаңбырбайдың  ұрпағы Сүйнатқызынан туған Ұлболсын жолдасымен келіп, қол жайып бата қылды. Жаңбырбай өлген жоқ, өмірі енді басталғандай, бәріміз де үнсіз тұрып, талантты күйші Нарынның қайсар тарлан өнер иесі Жаңбырбайға оның жатқан мүрдесіне үнсіз басымызды иіп, әзірге қоштастық.

        Осы жол сапарды іздестіру бастамамызды қолдаған Исатай аудан әкімі Нұрлыбек Ожаевқа, қол көмек күшін берген сала басшылары Озихан Шәкесова,Орақ Мерешов, Жанбай, Тұщықұдық село округ әкімдері Хайдаров Әліби,Неталиев Шеген, іздестіру түсірім тобына қонақжайлық танытқан Селекенов Қабиболла барша азаматтарға  шынайы алғысымызды білдіре отырып, түсірілу тобын ұйымдастырған Қазақстан-Атырау телерадиокомпаниясының ұжым басшыларына үлкен  рахметімізді  айтамыз.

        Мұрат Бектенов

        Қазақстан Журналистер

        одағының мүшесі

        Исатай ауданы.

        Пікірлер

          • Нұрай
          • 10.06.2014

          Маған Қазақстан Журналистер
          одағының мүшесі Мұрат Бектенов ағамыздың Нарының дүлдүл күйшісі Жаңбырбай мақаласы өте жақсы жазылған, маған ұнады.

          • Орынбасар Қабденов 42
          • 10.06.2014

          Мұнайлы Астана газетіне осы тақырыптас мақалалар көп жазылатын ед, еліміздің тарихынан өнер адамдарын басқада бізге өте таныс емес тұлғалар жазылатын еді, қазір газет беттерінен тарихымызды оқып білетін мақалалар кеңінен берілмейді. Алға қарай мұнайлы Астана газеті осындай мақалаларды жиі беріп тұрса екен, газет сонда ғана тартымдырақ болар еді???

          • Кеңес Бағытұлы
          • 10.06.2014

          Мұнайлы Астана сайтынан Нарының дүлдүл күйшісі Жаңбырбайды оқып қуанып қалдық. Бұл кісі Мыңтөбеде туған біздің жерлесіміз, бұл кісі туралы өте аз мағұлымат жоқтын қасы еді. Енді міне Жаңбырбай қайта тірілгендей болды. Жірлесіміз Мұрат Бектеновке сауапты жұмыс үшін рахмет айтамын.

          • Сарсенгалиев Дидар
          • 19.10.2017

          Рахмет сіздерге бірталай мағлұмат біліп қалдық. Мен Сəрсенғалиев Қапардың немересімін

        Пікір қосу

        ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

         
        Введите пять букв размещенных внизу:
        __    __     ___      ______     ___      ____    
        \ \\ / //   / _ \\   /_   _//   / _ \\   |  _ \\  
         \ \/ //   | / \ ||  `-| |,-   | / \ ||  | |_| || 
          \  //    | \_/ ||    | ||    | \_/ ||  | .  //  
           \//      \___//     |_||     \___//   |_|\_\\  
            `       `---`      `-`'     `---`    `-` --`  
                                                          
        
         
        Наверх