Новости Атырау - Мунайлы Астана

    22 октябрь 2017, 8:48
      Денсаулық 22.10.2014, 15:00 6 пікір 6858 просмотров

      «Жас-Ай» Шығыс-тибет медицина орталығында болғанда

      Біз әңгімелегелі отырған Жасан Зекейұлы 1967 жылы Қытай Халық Республикасының Тарбағатай ауылында дүниеге келген. 1989 жылы медицина университетін бітіріп, Шыңжанның Күйтін орталық қаласында еңбек жолын бастаған. Кейіннен Пекин, Тянь-Жин қалаларында білімін жетілдіріп, «жоғары дәрежелі аға зерттеуші-дәрігер» мәртебесіне ие болды. 


      2.Даңқты дәрігер, білікті ғалым 

      Тілші анықтамасы

      1996 жылдан Алматыда қызмет етеді. 1998 жылы желтоқсан айында ҚХР Халықаралық инемен емдеу академиясының      академигі атағы берілді.

      2002 жылы 13 қыркүйекте академик, профессор Аман Нұрмаковтың жетекшілігімен Алматы қаласының А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми - зерттеу институтында « Тибет медицинасы бойынша хирургиялық ауруларда қабыну үрдістерінің алдына-алу және емдеу»атты ғылыми еңбегін жазып, КР медицина ғылымының кандидаты атағын алды .

      2004 жылдан бастап Қазақстан халық емшілері Қауымдастығының мүшесі. Осы Қауымдастықтың «Құрметті мүшесі», «Өтейбойдақ», «Гиппократ» медальдарының иегері.

      2005 жылы Қазақстан Республикасының Халық емшілері қауымдастығы тарапынан «Халықты рухани сауықтыру қызметіндегі табысыңыз үшін және дәстүрлі халық медицинасының өркендеуіне қосқан үлесі үшін» Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, 2006-2009 жылдары Қазақстан Халық емшілері қауымдастығының атынан «Халық емшілігін дамытуға қосқан үздік үлесіңіз үшін», «Халық медицинасы мен рухани тәрбие қызметіне қосқан жеке үлесіңіз үшін», «Халықтың денсаулығын жақсартудағы емшілік қызметіндегі үздік жетістіктері мен нәтижелері үшін», «Шығыс Тибет медицинасының білгір ғалым дәрігері екендігін дәлелдегеніңіз үшін», т.б.  құрмет грамоталарымен жыл сайын марапатталып тұрды.

      2007 жылдың 21 желтоқсанында республиканың денсаулық сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы  Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісін кеудесіне тақты.

      2008 жылы ҚР«Астананың құрылғанына 10 жыл» медалымен марапатталды.

      2010 жылы Ресей Халықаралық шығармашылық академиясының академигі болды.

      2010 жылы  Дүниежүзілік ғылымға қосқан елеулі үлесі үшін Халықаралық «Сократ» орденінің иегері атанды.

      2011 жылы Қазақстан Респуб-ликасы Президентінің «Алғыс Хатымен» марапатталды.

      2011 жылы желтоқсан айында  «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

      2012 жылғы 28-ші ақпан айында Ресей Федерациясы Мәскеу қалалық Жоғары академия аралық аттестациялық комиссиясының шешімімен «Жүйкесі жұқарған емделушіні күйзелістен шығаруда дәрісіз емдеу және адамның хал-жағдайын қалпына келтіру үрдісін бақылау» атты  докторлығын қорғап, ғылыми еңбегіне «Медицина ғылымдарының докторы»  дәрежесі берілді.

      Республикамыздың Тәуелсіздік күні қарсаңында «Жылдың үздік дәрігері» атағын алса,  Халықаралық деңгейіне өткен дәрігерлердің алқалы жиынында алған дәрежесін санамалап жеткізу қиын.

      Тілші: - Жасан Зекейұлы, Сіздің атақ-даңқыңыз «Жас-Ай» Шығыс-тибет медициналық орталығын ашқалы тіпті аспандап кетті. Атамекенге орала салысымен орталықты аштыңыз ба? Қытайдағы ең үздік 100 дәрігердің бірі атанған мамансыз ғой, кеткеніңізге олар ренжіген жоқ па?

      Жасан Зекейұлы:-Алдымен айтарым, Қытайдағы оқу жүйесі мүлдем бөлек. Біз университетте оқып жүргенімізде ине салу, шөппен емдеу тәсілдерін де қоса үйрендік. Қытайда 7 атасынан бері ине салу әдісін қолданып жүрген, осы ілімді түбіне дейін зерттеп, том-том кітап жазған Құн Сұн деген ғалым-дәрігер бар. Инемен емдеу тәсілі қолданыла бастағалы бергі тарихты дәуір-дәуірге бөліп, жіліктеп беретін, алтын иненің құдіретін әлемге танытқан ғалымның Қытайда мыңдаған шәкірттері бар. Ұлы ұстаздың қазақтан шыққан тәлімгері мен ғанамын. Университет бітіргеннен кейін еңбек жолымды хирург болып бастадым. Түске дейін бір адамға ота жасасақ, түстен кейін шығыстың медицина тәсілімен 100-200 адамға септігіміз тиетін. Соның мыңнан бірі ғана қазақ, қалғаны қытай. Елге оралып, осы әдісті тарату туралы көп ойлана бастадым. Бірақ елге қайту үшін бір себеп табу керек болды. Қытайлықтардың тегіннен-тегін жібермесі анық. Сөйтіп, мамандығыма қатысты тұстарды алға тартып, Қазақстанға ғылыми жұмысымды жалғастыру үшін барсам деген ұсыныс жасадым. Соның алдында адамдардың қылтамақ ауруына шалдығу себептері жайлы ғылыми жұмысым үшін Мемлекеттік сыйлықпен мараптатталғанмын. Расын айту керек, осы жаман аурумен ауыратындар, негізінен, қазақтар. Өзге ұлт өкілдері бұл ауруға көп шағымданбайды. Осы аурудың шығу тегін осы елде зерттеп келейін деген себеппен Қазақстанға келуге сұрандым. Әйтеуір атамекенге осылай жеттім. Әрине, мұнда бәрін жаңадан бастауға тура келді.Әуелі аспирантураға түстім.Өзгелер 3 жыл оқыса, мен 4 жыл оқыдым.Бірінші жылым орыс тілін үйренуге кетті.

      А.Н.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми-зерттеу орталығында Қазақстанда тұңғыш рет «Хирургиялық аурулардың және операциядан соң болатын асқынуларды Қытай методикасын қолдану арқылы алдын- алу және емдеу» тақырыбында кандидаттық  диссертация қорғадым. Маған Алматыдағы № 12 орталық ауруханада отадан кейінгі асқынуларды Шығыс-тибет тәсілімен емдеуге рұқсат етілді. Сонымен 500 адамға тәжірибе жүргіздім. Оның оң нәтиже беретініне мамандардың көзі әбден жетті. Әдетте, науқастың анализдерін тексеріп, зерттеуге көп уақыт кетеді. Ал мен тамыр ұстап, бірден емге кірісемін. Мұның ауыр науқастардың беті бері қарауына көп септігі тиді. Тамақ жемей қалған кісілер дәм алатын болды.

      Енді мені Қазақстанның түпкір-түпкірінен жұрт іздеп келе бастады. Орталық ауруханада олардың барлығын қабылдауға мүмкіндігім жоқ еді. Тәртіп бойынша мен Бостандық ауданының тұрғындарын ғана қарауым керек. Сондықтан, мен жеке клиника ашқанды жөн көрдім. Маған қаралып, денсаулығын түзеген банк қызметкерлерінің арқасында несие алып, 2004 жылы осы орталықты аштым.

      Тілші:- Енді Қытай медицинасының батыс медицинадан айырмашылығы неде деп ойлайсыз? Дәрігер ретінде осыған көзқарасыңыз қандай?

      Жасан Зекейұлы:- Өте қызықты сұрақ қойдыңыз! Қазір Қытай  медицинасының өзінде екі түрлі жүйе бар. Мәселен, бір қаласына барсаңыз кәдімгі біздің ауруханадай. Яғни, система қоюлы, химиялық дәрілер берулі, компьютерлік аппарат, томография, рентген, жүрек аппараты – бәрі біздікіндей. Алайда, бұл мемлекет бюджетіне жұмыс жасайтын ауруханалар. Ал екінші жасырын түрі – өзінің ұлтын қорғау, ұлттық дәстүрін сақтау негізінде жасалған. Бұл ұлттық құндылықтары – қытай-тибет медицинасы. Оған әлемнің түпкір-түпкірінен келіп ем қабылдайды. Бұл – өздерінің ұлттық құндылығын дүние жүзіне танытты деген сөз. Алтын ине, шөппен күйдіру, банка қою, массаж жасау – тибеттік-қытай медицинасының бір бөлігі ғана. Айталық, оның ішінде сумен емдеу, балшықпен емдеу, тамақпен емдеу, биологиялық актив заттармен емдеу – осының бәрі тұтас бір университет.Қытайда Еуропалық медицина Шығыс-тибет медицинасымен қатар жүреді.Бірақ жұрт соңғысына көбірек көңіл бөледі.Өйткені оның пайдасы бізге де осы әдісті кеңінен таратуға керек.

      Мына қызықты қараңыз, Бейжін олимпиадасына қытайлықтар елден ерекше дайындалған ғой. Биологиялық актив заттарды молынан шығарды. Медициналық шөптерді, калориясы жоғары ұнтақтарды ішкендердің қанша алтын алғанын өздеріңіз көрдіңіздер. Мен осыны зерттеп, үлгі ретінде біразын осында алып келдім. Тіпті, ағылшындар бәйгеге қосатын аттарына 200-300 тал ине салып, алдын ала дайындайды екен. Соны өз көзіммен көрдім.

      Тілші:- Сіз мені қабылдаған сәтте тамырымды ұстап қарадыңыз. Жалпы, тамыр ұстап диагноз қою қазақтан басқа қай ұлтта кездеседі? Өзіңіз айтып отырған Батыс пен Шығыс медицинасында мұндай тәсіл бар ма?

      Жасан Зекейұлы: -Дұрыс айтасыз, тамыр ұстап диагноз қою ата-бабамыздан басталды деуге болады. Неге десеңіз, біз көшпеді халық болдық. Ойлаймын, тамырды халық қажетіне қарай ұстайды екен. Емші дәрігерлеріміз науқастың тамырын ұстап отырып, жүректің қағысынан 80 түрлі ауруды анықтай білген. Тәжірибелі ақсақалдарымыз болған, олардың милары таза, қуат энергиялары жай адамдардан әлдеқайда жоғары. Солар әрбір дерттің сырын біліп, диагноздарын айтып отырған. Ал енді қазіргі кездегі тамыр ұстауды шығыс медицинасы заңдастырып алды. Құжат жағына келгенде біздің енжарлығымыз анық көрінеді ғой. Аурудың тамыр соғысынан олар жүрек кардиограммасын сызғандай етіп көрсетеді. Неге сызу-жазуға әуес емеспіз? Қазаққа енді сызу-жазуға әуес болу керек. Тамыр ұстап диагноз қою – біздің ата-бабаларымызда бар қасиет. Батыс-Шығыс медицинасында тамыр ұстау бар. Бірақ олар біздің ұстағанымыздай ішкі дүниені сезе алмайды. Жаңалықтың бәрі осы біздің Азиядан басталады да, Еуропа оны заңдастырып ала қояды. Енді науқасты ауруынан құлан-таза айықтыру үшін ең әуелі оған дұрыс диагноз қоямыз. Әйтпесе, ол ауруына ауру жамап алады. Ал тамыр ұстап диагноз қоюға ата-бабадан қонған қасиет аздық етуі мүмкін. Медициналық теориялық, әрі тәжірибелі білімінің болғаны жөн. Менің ұстазымның кітабында бұл жан-жақты баяндалған. Негізгі ілімді мен сол кісіден меңгердім. Тамыр арқылы 80 пайыз диагноз қойып, оны  соңғы технологиямен шыққан аппараттар арқылы тексеруден өткізіп, зертханалық зертеудің нәтижесіне көз жүгіртеміз. Аппараттардың ішінде қытай тілімен айтқанда «Хассы» деп аталатын магнитті-резонансты ,«Зывишин» жүйке нүктелерін зерттейтін, «Каудиян» табиғи тас қызуымен емдейтін аппараттар ежелгі емдеу тәсіліне қолданады.

      Тілші: - Сіздің орталығыңызда емделетін аурулардың түрлері қандай? Алтын ине алып болдық, соңынан қалай күтінеміз? Инені дені сау адамдар қабылдайды дегенді де естідік. Сондай-ақ, Сіздер алтын инені қайдан аласыздар? Бір адамға пайдаланған инені екінші адамға қолдануға бола ма?

      Жасан Зекейұлы:-Біздің орталықта жүйке-жүйе аурулары, жүрек- қан тамыр, асқазан- ішек, несеп-жыныс аурулары, гинекологиялық түрлі науқастар емделеді. Сондай-ақ, буындары ауыратын адамдар, тыныс алу жүйесіне қатысты дертке шалдыққандар өз дауасын тауып жатады. Тері, эндокриндік ауруымен науқастанғанда және көз ауруымен ауыратындарға ем береміз. Ішімдік пен темекіні қойғысы келетін адамдар да  3 күнен соң немесе 1 курс ем қабылдағаннан кейін нәтижеге риза болып жатады.

       Ал ине алған соң адам ағзасының барлық меридиандық нүктелері жұмыс жасағандықтан, суықты тез қабылдайды. Сондықтан, ине алып жүргенде ыстық ванна немесе монша қабылдауға болмайды. Бір сөзбен айтқанда, жаңа босанған әйел секілді суық тигізбей, күтінгені жөн.Бізде қыркүйек айынан бері жылу жүйесі істер істеп тұр. Енді кез келген қытайлық дені сау болса да, жылына екі рет өзінің қуат көзін ашу үшін алтын ине қабылдап жатады. Ине салдырудың кері әсері болмайтыны, адамның зиян шекпейтіні дәлелденген. Тіпті,  АҚШ-тың өзінде 80 пайыз нашақорды осы әдіспен емдейді екен.

      Қытайда Хуа То деген ғұлама дәрігер бар. Соның атында ашылған ине өндіретін зауыт бар. Біз сол зауыттың өнімдерін пайдаланамыз. Өйткені, олар халықаралық өлшемге сай, адамның денесіндегі нүктелердің орналасу жағдайына қарай ұзын-қысқалығына дейін дұрыс жасап шығарады. Әр адамға қажетті инені жеке-жеке пробиркаға салып өндіреді. Әрі иненің сапасына да, тазалығына да кепілдік беріледі. Ал, бір адамға қолданылған ине, екінші адамға қолданылмайды.

      Тілші: - Қазір «Жас-Ай» орталығына еліміздің түкпір-түкпірінен емделушілер келіп жатыр. Жолдың алыстығынан Сіздерге жете алмай жүргендері қаншама. Болашақта осындай орталықтарды облыс орталықтарынан ашу ойыңызда бар ма?

      Жасан Зекейұлы: -Дүниежүзілік қаржы дағдарысын пайдаланып, кейбір азаматтар адам емдеуді бизнес көзіне айналдыруда. Естігенім, Қытайдың Да Лиян қаласындағы Шығыс-тибет медицинасымен айналысатын орталықты елордамызға әкелуге мүдделі болып отырғандар бар. Білетінім, Қытай жағы жақсыны сыртқа жібермейді. Қытай үкіметінен қолдау таппай отырған бұл орталықты елордамызға әкелу – өзгені қаңсығын таңсық көрумен бірдей. Шындығына келсек, қаны қазақ, Шығыс-тибет медицинасынан кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған білгір мамандар Қытайда жетерлік. Неге соларды Қазақстанға шақырмасқа? Менің білетінім, олардың көп бөлігі Қазақстанға көшіп келіп, осында тұрып жатыр. Жұмыссыз жүргендері де жетерлік. Қытайдан гөрі білгір маман қандасымыз артық емес пе?

      Енді Сіздің сұрағыңызға келсем, Астана қаласында таяуда біздің орталықтың филиалы ашылады. Және осы қазан айында Батыс Қазақстанның тұрғындары үшін Атырау облысынан осындай орталық ашу мәселесімен осы өңірге іссапармен бармақшымын.Елім деп еңіреп жүрген азаматтар болса, қолдауға, бірлесіп жұмыс жасауға әзірмін.

      Тілші:-Біздің оқырмандарымызды  ата-анаңыз, бауырларыңыз, отбасыңыз жөніндегі сұрақ қызықтырады деп ойлаймын.

      Жасан Зекейұлы: - Отбасымыз үшін 1985 жылдың 5 қарашасы қаралы күн болып есте қалды. Бейжіңдегі жиналыстан қайтып келе жатып, Үрімшіге жеткен әкеміз Зекей Тұрсынбекұлы Күйтін-Толы жол бөлігінде 42 жасында көлік апатынан қаза болды.

      Қытай Үкіметі халықтың қамы үшін үкімет қызметі үстінде қаза тапқан қайраткер азаматтың артында қалған жұбайы мен балаларына мемлекеттік жәрдем, шаңырағымызға «Даңқты құрбандар отбасы» деген атақ берді.

      Біз бір әкеден бесеуміз. Атасы мен әжесінің баласы болып өскен Сайра қызметке орналасып, жабыққан көңілге медеу болды. Серік 1988 жылы Шыңжаң медицина институтын гигиена - зерттеу мамандығы бойынша бітіріп, Үрімші қаласындағы зерттеу - емдеу институтында жемісті қызмет етті. Сержан 1986-1990 жылдары Іле педагогика институтынан химия мамандығын алып, облыстық сауда  мекемесінде атқарушы менеджер болып жұмыс істеді. Ал, кенже інім Ержан 1992-1997 жылдары Шыңжаң университетінің радиобайланыс мамандығын үздік тәмамдап, кейінен Күйтін, Үрімші қалаларында жетекші маман болды. Бұл Қытайдағы өміріміз. Менің артымнан бәрі Қазақстанға көшіп келді. Серік Қазақстан емшілер қауымдастығы «Шығыс медицинасының емдеу орталығының» бас дәрігері, Қаскелең қаласында тұрады. Бірнеше медициналық кітаптың авторы. Сержан болса Атасу - Алашанқай мұнай құбырында автокөлік жағын басқарып жүр. Ал, Ержан Алматыда мамандығы бойынша жұмыс жасауда.

      Анам Шәрипа Қазезқызы Ерсін деген жиеніммен Қаскелең қаласында тұрып жатыр. Жолдасым Гүлия Әлиқанқызы – педагогика ғылымының кандидаты, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық универсиетінің доценті. Отбасымызда Ұлпан, Ақмарал, Баян, ұлым Нұрсұлтан өсіп келеді.

      Тілші: - Есімі елімізге кеңінен танымал болған «Жас-Ай» орталығында ем алған қоғам және мемлекет қайраткерлері, Қазақстанға және әлемге танымал тұлғалардың есімдерін атай кетсеңіз.Себебі бұл да сіздер үшін жарнама ғой.

      Жасан Зекейұлы: - Дұрыс айтасыз, бұл топта: Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиев, Ермек Серкебаев, Нұрлан Оразалин, Ғарифолла Есім, Уалихан Қалижан, Әділ Ахметов,
      Мақсұт Нәрікбаев, Қуаныш Сұлтан, Бекболат Тілеухан, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нартай Дүтбаев, Марфуға Айтқожина, Ұлықбек Есдәулет т.б. болды. Және айта кетер мәселе, ғимараттың  5 қабатындағы құрылыс жұмыстары біткесін, бізге берілген бүкіл алғыс хат пен дипломдарды, гармоталар мен сертификаттарды кітапхана қабырғасына ілмекпіз. Орталыққа келген әрбір емделуші ем алмай тұрып, біздің жетістіктерімізбен танысуы тиіс. Сонда емделушінің Шығыс-тибет медицинасының құдіретіне сенімі арта түседі.

      Тілші түйіні


      Иә, Жасан Зекейұлының аты ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына бүгіндері даңқты дәрігер,білікті ғалым деген атпен машhүр болды.Алматы қаласынан «Жас-Ай» Шығыс-тибет медициналық орталығын ұйымдастырып, республикамызда ең алғаш рет Шығыс медицинасын әкелген ғалымдардың көш басында тұрды. «Алтын қолды дәрігер» атанған Жасан Зекейұлы бірегей мамандардың басын бір орталыққа қосқан білікті басшы ғана емес, қолындағысын қорғансыз адамдардан аямайтын атымтай жомарт.

      Алматы қаласы.


      Құттыгерей СМАДИЯР, «Мұнайлы Астана» газетінің арнаулы тілшісі. 

       

      Пікірлер

        • роза
        • 08.05.2015

        саламатсыз ба витилиго ауруын емдеуге қанша каражат кетеді және емдей аласыз ба рахмет

        • абдрахманова Хазина Насихатовна
        • 24.10.2015

        мен сіздерге барып емделгім келеді сіздердің адрестеріңізді қалай алуға болады?

        • Дидар Рахимова
        • 22.11.2015

        Салематсыз ба? Атыраудан филиал ашылды ма? Асқазан рагіне байланысты сұрағым бар еді?

        • сара
        • 22.02.2016

        менің анамда 75 жаста двух сторонний плеврит асцит печени шағымы ыстық көтеріуі 37-39- ға дейін тәбеті жоқ терлеу шаршау ішінің аз мөлшерде үлкеуі

        • Перизат Шораева
        • 18.03.2016

        Тері ауруларын емдейсіздер ме? Варикозды да инемен емдеуге бола ма? Емдеудің бағасы қандай?

        • Жас-Ай
        • 02.11.2016

        Біз Астана қаласында ашылдық. Мекен жайымыз: Күйші Дина көшесі, 37/1. 42-20-42

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
                  _____     ______    _____   __    __  
        ____     |  ___||  /_   _//  |  ___|| \ \\ / // 
       |    \\   | ||__    `-| |,-   | ||__    \ \/ //  
       | [] ||   | ||__      | ||    | ||__     \  //   
       |  __//   |_____||    |_||    |_____||    \//    
       |_|`-`    `-----`     `-`'    `-----`      `     
       `-`                                              
      
       
      Наверх