Новости Атырау - Мунайлы Астана

      24 наурыз 2019, 3:39
        Қоғам 19.11.2014, 16:20 0 пікір 2589 просмотров

        Сақтықта қорлық жоқ

        Ауа райын болжаушылардың есебінше биылғы қыс қаһарлы болатын түрі бар. Демек, қыс айларында қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігі туындайтыны белгілі. Апат айтып келмейтінін ескерсек, біз түрлі апаттарға қаншалықты дайынбыз? 


        Бүгінде еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі қысқы кезеңге дайындықты кешенді жүргізуге ден қойып отыр. Осыған байланысты өткен аптада Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті «Қыс - 2014» республикалық командалық - штабтық оқу-жаттығуын өткізді. Жылда ауқымды түрде өткізіліп жүрген бұл шарада осы жолы да төтенше жағдайларды жою кезіндегі өзара іс-әрекеттер пысықталды. Тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырмас үшін алдын - ала хабарланған оқу-жаттығуға таңертеңгілік арнайы дабыл бойынша, төтенше жағдайлар департаменті мен ведомствоға қарасты құрылымдар, қысқы мезгілде әрекет ететін техникалық жарақтандырылған мекемелер белгілі бір төтенше сипат алған жағдайға жұмылдырылды. Ал, жергілікті атқарушы органдар, облыстағы төтенше жағдайлардың алдын - алу және оларды жою жөніндегі комиссия мүшелері қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындық жүйесінің күштері мен техникалық жарақтардың әзірлігін тексеріп шықты. Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ:

        - Жаттығудың басты мақсаты - қыс мезгілінде тіршілікке қажетті барлық қызметтің дайындығын тексеру, төтенше жағдайлардағы іс әрекетін бағамдау. Осы жаттығуға облыс бойынша  барлығы 98 қызмет түрі, оның ішінде 2 мың адам тартылды. Құрылымдардың дайындығын қарап шықтық. Барлық қызметтер техникалар дайындығы, құрал-жабдықтар, медициналық дәрі-дәрмектер және жанар-жағармайлар бәрі дайын. Төтенше жағдай бола қалған жағдайда азық-түлік қоры да жасақталған, - деп атап өтті.

        Жасыратыны жоқ, қыс мезгілінде адамдардың айдалада, жол бойында қалып қою оқиғалары жиі кездеседі. Мұндай қауіптен жолаушыларды қалай құтқару керек? Осы жаттығу кезінде оларды қалың қар құрсауынан арашалап алатын техникалар мен құтқарушылар дайындығы тексерілді.Атырау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Михаил ХАГАЙ:

        - Шартты түрде Атырау-Астрахан тас жолы бойында қар құрсауында 25 жолаушысы бар автобустың қалып қойғаны туралы дабыл түсті. Оған қысқы мезгілде апатты –құтқару отряды шұғыл жіберілді. Сондай-ақ, «Қазавтожол» техникалары мен апатты медицина орталығының, өртке қарсы қызмет жұмылдырылды. Оқиға болған жер қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен қоршауға алынып, алдымен жол тазалаушылар, одан соң жедел-жәрдем келіп жолаушыларға көмек көрсетіп, жақын маңдағы жылыту бекеттеріне жөнелтті,-дейді жаттығу жұмысы туралы. Бұған қоса  аталған жылыту бекеттерінің  елді-мекендердің маңында жасақталып, онда үсік шалған адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетілетіні белгілі болды.  «Апатты медицина Орталығы» Атырау филиалының жетекшісі Мейіржан ӘЛЖАНОВТЫҢ айтуынша, облыс көлемінде қыс мезгілінде негізгі тас жолдарда 12 жылыту бекеті дайындалады екен.  Апат орын ала қалған жағдайда дәрігерлер  адамдарды құтқарып алуға, тоңдырмай, үсірмей, өмірін сақтауға жұмыстанады. Құтқарылғандар ыстық тамақпен қамтылып, ауыр жағдайдағылар ауруханаға жөнелтіліп отырады.

        Оқу-жаттығу барысында жылу жүйелеріндегі апатты ауыздықтауға дайындық екшеленіп, жаттығу кезінде қаланың жылу өткізетін ірі құбыр өткелінде орын алған апатты жоюға белгіленген уақыт ішінде Төтенше жағдайлар департаменті құрылымдары және Жылу электр орталығы арқылы арнайы техникалар мен мамандар жұмылдырылды. Сондай-ақ,  қыста ауыз су қатып қалған кезде және өрт оқиғасында шұғыл әрекет ету жағдайы да тағы бір пысықталды.

        Дайындық жұмыстары тек далалық жерлерде ғана емес, «Алмагүл» ықшам ауданындағы он алты қабатты №24 - ші тұрғын үйде де жүргізілді. Жаттығудың мақсаты бойынша жоғарыда көрсетілген тұрғын үйдің алтыншы   қабатындағы пәтерлердің бірінде газ баллонының ақаулығы салдарынан шартты өрт орын алды. Дабыл түскеннен кейін Атырау қаласы гарнизоны өрт сөндіру бөлімдерінен шақыру орнына құтқарушылар мен қажетті техника жіберілді. Құтқарушылар арнайы техниканың көмегімен аталған көпқабатты үйдің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіріп, 4 адамды ажал аузынан құтқарып қалды. Жедел жәрдем бригадасы мен «Апаттар медицинасы орталығы» ММ дәрігерлері құтқарылған адамдарға шұғыл медициналық көмек көрсетті.  Шартты өртті сөндіру кезінде қалалық өрт сөндіру гарнизондары жеке құрамынан 22 адам мен 2 бірлік негізгі және 1 бірлік арнайы өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Бұдан басқа оқу-жаттығуға Атырау облысы жол - патрульдік басқармасы, «Апаттар медицинасы орталығы» ММ жедел жәрдем бригадасы, «АтырауЖарық» АҚ, «АЖЭО» АҚ - мы  және «Атырау Су Арнасы» КМК бригадалары қатысты.


        P.S: Тілсіз жау осылайша жұмылған күштің арқасында ауыздықталды. Жалпы, жан- жақты қамтылған «Қыс - 2014» республикалық командалық - штабтық оқу - жаттығуы жоғары деңгейде өткізілді. Қатысқан қай мекеме қызметкерлері болмасын, сақадай-сай дайындықпен келгендерін дәлелдеді. Енді тек апат кезінде адамдар өмірін құтқару жолында осындай шалт қимыл әрекеттерді уақытында көрсете алсақ, онда жарағанымыз.


        Гүлзада Қожабергенқызы

        Пікірлер

        Пікір қосу

        ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

         
        Введите пять букв размещенных внизу:
          ______     ___      _  _    __   __  __    __  
         /_____//   / _ \\   | \| ||  \ \\/ // \ \\ / // 
         `____ `   | / \ ||  |  ' ||   \ ` //   \ \/ //  
         /___//    | \_/ ||  | .  ||    | ||     \  //   
         `__ `      \___//   |_|\_||    |_||      \//    
         /_//       `---`    `-` -`     `-`'       `     
         `-`                                             
        
         
        Наверх