Новости Атырау - Мунайлы Астана

      24 января 2019, 15:50
        Аймақ 18.12.2014, 17:09 0 пікір 1808 просмотров

        Ақұштаптың әлемі айшықталды

        Қазақ ақындарының алдыңғы шебінде келе жатқандардың бірі – Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА. Ол поэзия әлемінде өзіндік орнын қалыптастырып, кейінгі толқынның үлгі алар ұстазына айналып келеді. Сондықтан да шығар «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанып жүргендігі. 


        Поэзия қақпасын кезінде имене қағып кіргенімен, бүгінгі таңда өлеңнің өз қызына айналып үлгерген ақынның айтулы мерекесіне орай алдымен облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ қабылдап, ақынға құрмет көрсетті. Өткен күндерге шегініс жасап, ақынмен алғашқы кездесу сәттерін еске түсірген облыс басшысына ақын өз тарапынан сыйлық жасап, жаңадан шыққан үш томдық кітабын ұсынды. Бұдан соңғы кездесу Махамбет ӨТЕМІСҰЛЫ атындағы қазақ драма театрында жалғасты. Ақынның жырларына аңсары ауған тыңдармандары театр залын толтырды. Осыдан-ақ, ақынға деген ел-жұрттың қошеметін көргендейміз.
        Театр актерлері ақын жырларын жатқа соғып, көрермендердің қошеметіне бөленсе, ақынның құшағы гүлдерге толды.

        - Ақұштап апайдың жырларымен сусындаған қыздардың біріміз. Бала кезімізден ақынға ұқсап бағуды, ақын жырларынан қанаттануды қалағандықтан да шығар, бүгінгі таңда ақын жырларының ғұмырлы бола беретіндігіне еш күмәнданбаймыз. Біз жас сіңлілері ретінде ақынға деген қошеметімізді көрсете бермекпіз. Тағы бір айтарлығы осындай кештер көптеп бола берсе екен деген тілегіміз бар, -деді жас ақын Ұлмекен ШӘУКЕНОВА. 

        Шындығында «ақынды ақын сүйемесе болмайды» деп Мұқағали ақын жырлағандай ақынға деген қошемет қай кезде де кемшін қалмасы анық. Себебі, әр қазақ тумысынан ақын болып жаратылған десек артық айтқандығымыз емес. Қазақ осылай болып туғандықтан да ақын жырларының мәңгілік бола берері даусыз.

        - Театрда ақын-жазушылардың шығармашылық кештерінің ұйымдастырылып тұруы көңілге қонымды іс. Себебі, қоғамдық жұмыстардан шаршаған сәттерде театрға келіп, демалып қаламыз. Қай кезде де театрдың берері көп. Оның үстіне танымал апайымыз Ақұштаптың шығармашылық кешіне келуіміздің өзі біз үшін үлкен мереке, -деді Гүлнәр ТАСҚАЛИҚЫЗЫ.

        Сахна төрінен табылған ақынның сіңлілері Сәулеш ШӘТЕНОВА, Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА, Ұлмекен ШӘУКЕНОВАЛАР  шабыттана жыр оқып, кештің көрігін қыздырды. Ал, шығармашылық кештің иесі Ақұштап ақын тыңдармандарын өлеңдерімен тәнті етті. Көбірек көсіле сөйлеп көлгірсімеді, қайта өлең оқуға көп беріліп, тыңдармандарының құлақ құрышын қандырды. Осылайша Ақұштаптың әлемі айшықталды. Қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақынның әлі де жыр айдынында жүзе береріне ел сеніп тарқасты.


        Асан ҚАСАН, суреттер автордыкі.

        Пікірлер

        Пікір қосу

        ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

         
        Введите пять букв размещенных внизу:
          ______     ___                ______   __   _   
         /_   _//   / _ \\      ___    /_   _// | || | || 
           | ||    | / \ ||    /   ||   -| ||-  | '--' || 
          _| ||    | \_/ ||   | [] ||   _| ||_  | .--. || 
         /__//      \___//     \__ ||  /_____// |_|| |_|| 
         `--`       `---`       -|_||  `-----`  `-`  `-`  
                                 `-`                      
        
         
        Наверх