Новости Атырау - Мунайлы Астана

    19 ноябрь 2017, 9:04
      Мұнай 24.12.2014, 17:31 0 пікір 2126 просмотров

      Отандық өнімді ел игіліне жаратқан...

      «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығының бұқаралық ақпарат құралдарына арнап өткізген баспасөз турында акционерлік қоғамның атқарған жұмыстары жан-жақты сөз болды. Әлемдік сауда нарығында өзіндік құнымен ерекшеленетін қара алтынды игерушілердің айтар әңгімесі әлеуметті қызықтырары анық. Баспасөз турдың басты мақсаты - өндірістің жыл бойына атқарған жұмысы мен жаңалықтарын халықпен бөлісу болатын. Сонымен...


      ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ

      «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында 10 кен орны: атап айтқанда, Шығыс Мақат, Ботақан, Солтүстік Жолдыбай, Алтыкөл, Байшонас, Қарсақ, Сағыз, Қошқар, Бек-бике, Таңатар кіреді.

      Басқарма басшысы Амангелді СҮЛЕЙМЕНОВТЫҢ айтуынша, ұжымда байыпты жұмыс қалыптасқан. Уақыт ағымына сай Ескене, Комсомол, Таңатар, Доссор кен алаңдары уақытша консервацияға қойылыпты. Бүгінгі күні Шығыс Мақат бағытында жоспарланған 6 ұңғы мен Ботақан кен орнындағы 4 ұңғы қазылған. Басқармадағы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаралған 80 ұңғыны жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланып отырған жайы бар.

      Ұңғылардан жылдық жоспарға сәйкес, жыл аяғына дейін 404 700 тонна өнім алыну жоспарлануда.

      Өндіріс орны жаңа техникалармен де жабдықталуда. Мәселен, соңғы бір - екі жылда Шығыс Мақат, Доссор және Ботақан-Қарсақ бағытында жұмыс жасайтын 172 бірлік техниканың елу пайызы жаңартылып, жұмыс күшін арттыруға мүмкіндік беріп отырған көрінеді. Ал қалған бөлігін алдағы жылдары жаңарту жоспарланып отыр. Осындай өнімді техникаларды сақтау үшін Шығыс Мақат кен орнында арнайы заманауи үлгіде жасақталған арнайы шеберхана келер жылы іске қосылады. Ол жаңа құрылғылармен жабдықталып, жеке жылу қондырғысы орнатылған. Болашақта осындай шеберхананы Ботақан кен орнына салу көзделуде.

      Мұнда ұңғыларды жерасты жөндеу, ілеспе газды өңдеу, өндіріске заманауи технологияларды енгізу, ұңғылардың жөндеуаралық кезеңінің ұзақтығын сақтау, автокөлік паркін жандандыру, мұнайды жылыту және қыздыру пештерін орнату жолға қойылған. Мәселен, Ботақан, Шығыс Мақат кен орындарына алғаш рет жер асты қысымын көтеруге арналған. Ресейлік «СИН 50» сорап қондырғысы қондырылып, өндірісте сынамалы түрде шынжырлы-тербелмелі қондырғы ПЦ-80 іске қосылған. Қарсақ және Комсомол мұнай дайындау және айдау цехтарына автоматтандырылған мұнай қыздыратын  «ППН-3» арнайы пешпен, газбен жылытатын автоматты түрде жағатын «ПТ16/150М» пештері жұмыс істеуде.

      ІЛЕСПЕ ГАЗ ҚАДЕГЕ ЖАРАЙДЫ

      Соңғы жылдардағы басқармадағы басты жаңалық - ілеспе газды тазалау және қадеге жарату қондырғысы. Қондырғының бәрі шет елден әкелінген. Айта кету керек, «Доссормұнайгаз» және «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларында ғана бар осындай қондырғыларды орнату кезінде «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 3 млн. теңге қаржысы кеткен.  

      Бұрын газды тек пешке жағып келген басқарма, енді оны тазартып, өңдеп, қалған 30 пайызын «ҚазТрансГазАймақ» мекемесіне береді. Аталған мекеме оны аудан халқының игілігіне жаратады.

      Ал әйгілі Жолдыбай кен орнындағы өндіріс барысымен таныстырған №2 Солтүстік Жолдыбай мұнай өндіру бригадасының шебері Сәулебай ҚҰЛСЫМАҚОВТЫҢ айтуынша, 1992 жылдан бері жер қойнауынан өндіріліп келетін «қара алтынның» жылына 23 мың 700 тонна мұнай өндіру керек болса, соның 75 пайызы өндіріліп, 25 пайызы ғана қалған. Жыл аяғына дейін жоспар толық орындалатын көрінеді.

      -Бекітілген жоспарға сай, тәулігіне 65 мың тонна мұнай өндіріп отырмыз. Одан басқа, мұндағы 30 ұңғылардың барлығы электрлі-бұрандалы сораппен жұмыс жасап тұр. Ұңғыларды өніммен қамтамасыз ету үшін мұнай өндіруші және жер асты қысымын өлшеуші операторларынан құрылған барлығы 21 жұмысшы топ екі ауысыммен еңбек етеді. Бұдан басқа жер астын жөндеу бригадасы мен алынған мұнайды дайындап, пеш арқылы қыздырып, айдау бригадасы секілді қосалқы бригадалары бар, - дейді Сәулебай ҚҰЛСЫМАҚОВ.

      Жалпы «Доссормұнайгаз» мұнай-газ басқармасында 1125 жұмысшы еңбек етсе, олардың алаңсыз, өнімді еңбек етуі үшін барлық жағдай жасалған. Әр кен орнында ыңғайлы жатақхана мен бес мезгіл тамақпен қамтылған асхана, дәрігерлік кеңселер, шынығатын орындар, футбол алаңдары бар. Енді денешынықтыру сауықтыру кешені салынуда. Бұл саламаттылықты ұстануға бағытталған игілікті шара болмақ. Атап өтсек, Солтүстік Жолдыбай кен орнындағы 30 орындық жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, жұмысшылардың жұмысқа жарамдылығын үнемі бақылап отыратын фельдшерлік емхана қосыны салынған. Шығыс Мақатта 50 орындық жатақхананың құрылысы жүруде. Алтыкөл, Қошқар кен орындарында 100 орындық жатақхананы күрделі жөндеуден өткізу келер жылға жоспарланыпты. Екі апта сайын кәсіподақ ұйымының қатысуымен кездесулер өткізіліп, мұнайшылардың әл-ауқаты пысықталып тұрады. «Ембімұнайгаз» АҚ  бойынша «Үздік маман - 2014» байқауында Шығыс Мақат автоколоннасының «ЦА агрегатының машинисі» Айболат Рамазановтың І-ші орынды жеңіп алып, жолдамамен Түркияға барып келгенін де айта кеткен жөн.

      ҚАЙНАРЛЫҚТАРДЫҢ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМЫ

      Қызылқоға ауданында орналасқан «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының 11 айда өндірілген мұнай қоры 103 пайызды құрап отыр. Биылғы жылы қазылған 11 ұңғымадан 1500 тоннаға дейін артығымен мұнай алыныпты. Одан басқа өндірістік-техникалық, геологиялық шаралар да өз кезегінде жоспарлы орындалуда. Барлық жүйе автоматтандырылған, мұнай алынатын әр ұңғының замеры компьютер арқылы бақыланып отырады.

      - Бұл автоматтандырылған жүйе жұмысы электр энергиясын үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді. Жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі біз үшін басты назарда ұсталынатынын айта кеткен жөн. Одан бөлек, жұмыс беруші ретінде жыл сайын заң бойынша қызметкерлерді тегін оқуға жіберуге міндеттіміз. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмектесіп, «Мектепке жол» акциясы бойынша оқу жылы басталарда оқу құралдарымен, мектеп киімімен қамтамасыз етеміз.

      Тағы бір айта кететін жайт, Елбасымыз халыққа арнаған Жолдауында алдымен көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесін көтерді. Жолдауда Атырау-Ақтөбе-Астана бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары қаралған. Бұл біз үшін жақсы жаңалық. Бұл жолдар салынса, өндіріс басындағы техникаларымызға біраз жеңілдік болар еді,- дейді «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Серік ӘБДИЕВ.

      Қазіргі таңда басқармада басқармаға қарасты төрт кен орны бар. Айталық, Береген-Жоламан, Кенбай кен орнында: Шығыс Молдабек пен Солтүстік Қотыртас участкелері орналасқан. Одан басқа Тайсойған блогы және Уәз, Қондыбай кен алаңдары бар. Онда барлығы 875 жұмысшы еңбек етсе, мұндағы жұмысшылардың дені Қызылқоға ауданының тұрғындары. Еңбеккерлердің орташа жасы 41-ді құрайды. Оларға барлық жағдай жасалынған. Жұмысшылар арнайы  жатақханамен қамтылған. Келер жылы Кенбай кен алаңында 100 орындық жатақхана салу жос-парланыпты. Ал жұмысшылардың орташа жалақысы олардың разряды мен категориясына сай 250-300 мың теңгені құрайды.

      ТАЙСОЙҒАННЫҢ БЕРЕРІ КӨП

      «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқарма бастығының геология және кен орындарды игеру жөніндегі орынбасары Шынболат ОҢҒАРСЫНОВТЫҢ сөзіне сүйенсек, қазіргі  таңда Уәз кен орыны бойынша 35 мұнай өндіру ұңғымасы және 4 су айдау ұңғымасы жұмыс жасауда. Игерілген кезден бері 220 877 тонна мұнай өндіріліп, жер асты қабатына 157 мың 274 текше метр су айдалып, 760 800 текше метр ілеспе газ өндірілген. Қондыбай кен орыны бойынша 3 мұнай өндіру ұңғымасынан игерілген кезден бері 21 738 тонна мұнай өндірілген.

      - Басқармаға қарасты Тайсойған блогының келешегі зор. Мұндағы Уәз кен орнында келер жылға 3 ұңғы  бұрғылау жоспарлануда, ал үш ұңғыдан алынатын өнім тәулігіне орташа есеппен 15-18 тонна болмақ. «Ембімұнайгаз» АҚ геологтарының мұнай-газ іздеу бағытындағы жұмыстары әрі-қарай жалғасын тауып, өндірілген мұнай қоры республиканың экономикасының дамуына үлесін қосады деп айта аламын, - дейді Шынболат ОҢҒАРСЫНОВ. 

      БУ АЙДАУ ТӘЖІРИБЕЛІ ЖОБА

      «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының өндірістік-техникалық бөлім басшысының орынбасары Қуаныш АЙТУҒАНОВ, кен орындардағы ерекше әдістері жөнінде айтып өтті. Айтуынша, «Ембімұнайгаз» АҚ құрамында геологиялық көзқарасынан алғанда бірегей кен орын болып табылатын Шығыс Молдабек кен орнында мұнай қорының 70 пайызы жер бетіне жақын болып табылатын бор қабаттарында орналасқан. Қазіргі қолданыстағы игеру жобасында кең ауқымды жоғары температурада қайнатылған  буды айдау технологиясының нұсқасы қарастырылыпты. Яғни, Шығыс Молдабек кен орны осынысымен ерекшеленетіндіктен, «Ембімұнайгаз» АҚ құрамындағы кен орындар ішіндегі тұңғыш ірі бу айдау жобасы осында іске асыпты.

      - Жобаның «Ембімұнайгаз» АҚ-ы үшін жаңалық екенін тағы айтар болсақ, бұл жоба біздің кен орынның өндірісінде өз өнімділігін дәлелдесе, онда оны басқа мұнай өндіретін басқармаларда қою мұнайды өндіру кендерінде қолдануға болады. Жобаның мақсаты -  қабатты және  өндіруші ұңғылардың түбіндегі мұнайды қыздыру, мұнайдың қоюлығын азайту, яғни сұйылту, өткізгіштік кабілетін арттыру және ұңғыға мұнайдың құйылымын арттыру болып табылады, - дейді ол.

       Өткен ғасырдың соңғы елең-алаң шағында мұнай өндіруді бастаған «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ басқармасы өзінің ширек ғасырға жуық тарихын хаттаған 20 жылдық мерейтойын келер жылы атап өтпекші. Айтулы жылда жеткен жетістігі жоғарыдағыдай. Ең бастысы, отандық өнімді өндіріп қана қоймай, ел игілігіне жарату жолындағы ізденістері көңіл қуантарлық болып отыр. Ендеше, қоғамға қарасты кен орындарының келешегі кемел, істері жарқын. Ол үлкен табыстарға бастайтыны сөзсіз!


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, сурет автордыкі.

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       _    _      ___     _____       ___     _    _   
      | || | ||   / _ \\  |  __ \\    / _ \\  | \  / || 
      | || | ||  | / \ || | |  \ ||  / //\ \\ |  \/  || 
      | \\_/ ||  | \_/ || | |__/ || |  ___  ||| .  . || 
       \____//    \___//  |_____//  |_||  |_|||_|\/|_|| 
        `---`     `---`    -----`   `-`   `-` `-`  `-`  
                                                        
      
       
      Наверх