Новости Атырау - Мунайлы Астана

      21 ақпан 2019, 19:00
        Аймақ 21.01.2015, 16:09 0 пікір 3424 просмотров

        Есбол есте болғанымен... Қайсағали қапыда неге қалады?

        Есбол селолық округі Индер ауданындағы аудан орталығынан кейінгі ең ірі елді мекен болып саналады. Есбол селолық округіне барған іссапарымызда әкім аппаратына әдейілеп ат басын бұрдық. Ондағы мақсатымыз, газетіміздің өткен жылғы сандарында бұған дейін біз көтерген селолық округтегі, оған қарасты Ынтымақ ауылы мен Қайсағали учаскесіндегі кезегін күттірген бірқатар мәселелердің орындалу барысынан халықты хабардар ету-тін.


        Алдымен округтің жақсы жаңалықтарымен таныстық. Жалпы Есбол селолық округінде барлығы 5169 адам тұрады. Қазіргі таңда округте 100 балаға есептелген 2 балабақша және 3 мектепте 77 балалық 5 шағын орталық жұмыс жасауда. Балабақша кезегіне тұрған бала саны - 38. Мектептер толық компьютерленген, 6 балаға шаққанда 1 компьютерден келеді. Округ бойынша 415 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылуда.

        Кәсіпкерлерге қолдау бары байқалады. Өйткені, округте 2 дүкен және 1 дәріхана халық игілігіне пайдалануға берілсе, 32 сауда нысаны, 2 қоғамдық тамақтану нысаны, 2 базар және 1 тіс емдеу кабинеті жұмыс жасап тұр. Сол сияқты 2 наубайхана иесі өз кәсібін дөңгелетіп отырса, биыл үшіншісін іске қосу жоспарлануда.

        Селода 5 тәуліктік, 10 күндізгі кереуеттік аурухана және 1 фельдшерлік амбулатория пункті жұмыс істеп тұр. Әкімдіктің сұранысы бойынша, өрт сөндіру көлігі алынып, онда 5 ерікті өрт сөндіру жасақшылары жұмыс жасайды екен.

        Тағы бір қуантарлығы - өткен жылдың аяғында мердігер «Болат Д» ЖШС-мен Есбол селосының орталығынан 70 орындық интернат құрылысы өз жұмысын бастаған. Округ әкімінің айтуынша, бұл интернат 12 жылдық білім беру бағытына көшу мақсатында салынып жатқан көрінеді және пайдалануға берілген кезде елді мекендерден қатынап оқитын балаларды қамтитын болады. Интернат құрылысын ағымдағы жылдың қыркүйек айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отырған көрінеді. Көптен айтылып келетін Денешынықтыру және сауықтыру кешені құрылысының жобалау-сметалық құжаты қайта жасақталуда. Өйткені кешенге бөлінген бұрынғы орын да, құрылыс жұмыстары да талапқа сай келмепті.

        Есбол селосында жылдан жылға қалдырылып келетін мәселе - әр үйге жеткізілуі тиіс таза су, «Ақбұлақ»  мемлекеттік бағдарламасының күрделі мәселесі. Селолық округ әкімі Ерлан ҚАЛИЕВТІҢ мәлімдеуінше, бастапқыда таза ауыз суға қол жеткізу үшін нысан бойынша жалпы құны 444 млн. 672 мың теңге қаржы қаралған болса, 2011-2012 жылдары «Снабойлстрой» ЖШС-нің мердігерлігімен 217 млн. 654 мың теңгенің жұмысы, ал 2013-2014 жылдары 211 937 459 теңгенің жұмыстары жасалыпты. Нәтижесінде Есбосынов, Құрманғазы, Махамбет, Меңдібай көшелеріндегі 350 үй ғана таза ауыз су ішіп отыр. Қалиев қазіргі уақытта Есбол селосында су тазарту қондырғысын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатырғандығын айтады. Жәй жөндеумен жылдың аяғына дейін ауылдағы барлық үйге су жүргізілмекші.

        - Есбол селолық округі «Тірек ауылдар» қатарына енгендіктен, оған қарасты ауылдардың болашағынан да күтілетін үміт мол. Мәселен, 2015-2017 жылдарға арналған кешенді даму жоспарымыз бар. Біздің ең бірінші мақсатымыз - округтегі халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс көздерін ашу, кедейлікті жою. Осы орайда бірінші кезекте жұмыспен қамту картасы жасалған болатын. Сол бойынша кезең кезеңмен жергілікті азаматтарды жұмысқа тартып отыратын боламыз. Салынуы тиіс, «Қарлығаш» шипажай типтес балабақшамыз бар. Өткен жылы жобалау сметалық құжатын дайындап қойдық. Құрылыс жұмысы мау-сым айында басталады. Округ бойынша балабақшаға да сұраныс бар. Оны да келешекте кешенді даму жос-парына енгізіп отырмыз. Алдағы күндері ауылдан 320 орындық жаңа мектеп салынса, қазіргі «Ұлттық гимназия» болып тұрған бұрынғы балабақшаны қайтаруға мүмкіндік алар едік. Жаңа мектеп салудағы мақсатымыз - қазір апаттық жағдайда тұрған «Кулагин орта мектебі» мен «Ұлттық Гимназияны» біріктіріп, мектеп - гимназия ашу. Бұл да Кешенді даму жоспарына енгізілді. Ауылға 10 шақырымдық көшеішілік жолды жүргізу де кешенді даму жос-парына енгізілді, - дейді округ әкімі Ерлан ҚАЛИЕВ.

        Бұрын аудан орталығы болған Есболда мәдениет үйі жоқ. Мәдениет үйінде өтілуі тиіс шаралар мектеп жанында, тіпті әкімшіліктің мәжіліс залында өтуде. Бірақ, әкім жақын арада бұл мәселе де шешіледі деп отыр.

        - Үлкен елді мекенде мәдениет үйінің болмауы әрине, ұятты жағдай. Өйткені, біздің ауылда өнер адамдары да көп. Мұнда «Асыл әжем» әжелер ансамблі мен Жамбыл атындағы орта мектеп ұжымының балалар хоры, «Шашу» би ансамблі жұмыс жасайды.

        Былтыр 300 орындық мәдениет үйінің жобалау сметалық құжатын жасақтап, орынын анықтап қойған болатынбыз. Ағымдағы жылы құрылыс жұмысы басталуы керек.

        Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында 1975 жылдан бері жөндеу көрмеген боздақтар ескерткішіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ескерткіш сырты мрамормен, гранитпен қапталып, соғыстан оралмаған 297 боздақтың тізімі қайта жаңартылып жазылды. Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесін аталған орында үлкен көлемде өткізетін боламыз, - дейді Ерлан Қалиев.

        Округке қарасты Ынтымақ ауылындағы ең өзекті мәселе болған: «Ақ бұлақ» бағдарламасы, мектеп, кірме жол мәселесі жөнінде бұдан бұрынғы нөмірлерімізде де жазған болатынбыз. Есбол селолық округінің әкімі Ерлан Қалиевтің айтуынша, Ынтымақ ауылына таза ауыз су жүргізуге 2013 жылы 35 млн., 2014 жылы 75 млн. теңге қаржы бөлініп, «АлтынСуАтырау» ЖШС-нің мердігерлігімен құрылыс жұмыстары жүргізілген. Биылғы жылы қосымша 68 млн. 42 мың теңге қаржы қаралып, ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Әкімнің айтуынша,  жұмыстың бұлайша тұралап қалуы бастапқыда құрылыс жұмысын бастаған «Снабойл» ЖШС-мен соттасу процесінен болған көрінеді.

        Индер ауданы бойынша апаттық жағдайдағы 120 орындық«Гребенщик орта мектебін» қайта салу мәселесі де жылдан жылға қалып келетіні рас. Білгеніміздей, мектеп ТШО компаниясының демеушілігімен биылғы жылы құрылысын бастайтын көрінеді. Ауылға кірме жол салу күн тәртібінде бірінші кезекте тұр. Бірақ нақты қашан салынатыны белгісіз. Бір ғана қуантарлық жағдай - ауылдағы мәдениет үйі 12 млн. теңге қаржыға күрделі жөндеуден өтіп, әдемі ғимаратқа айналғандығы.

        Есбол селолық округіне қарайтын Қайсағали учаскесі халқының бүгінгі басты мәселесі - көгілдір отын. Өйткені ауылдағы ағайын әлі күнге дейін көмір тасып, ағаш жарып, үй жылытып отыр.

        - Қайсағали учаске болғандықтан, бас жоспарға енбеуіне байланысты, оған көгілдір отын тарту жылдан-жылға қалып келеді. Биылғы жылы Бас жоспарға Қайсағали учаскесіне көгілдір отынды енгізуге жұмыстанып отырмыз. Бас жоспарға енсе, қаржы бөлініп, көгілдір отын тартылады.

        Жалпы кейбір құрылыс жұмыстары бюджеттегі өзгерістерге немесе белгілі себептерге байланысты тоқтатылып, жай жүріп жатса, халыққа жиын өткізіп, өз кезегінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Округ бойынша қазіргі таңда халықтың тұрмыс деңгейі жақсы. Салынуы тиіс ғимараттар пайдалануға берілсе, халық тағы жұмыспен қамтылатын болады, - дейді Ерлан ҚАЛИЕВ.


        Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, суреттер автордыкі.

        Пікірлер

        Пікір қосу

        ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

         
        Введите пять букв размещенных внизу:
         _____      ______    _____    _    _             
        |  __ \\   /_   _//  /  ___|| | || | ||     ___   
        | |  \ ||   -| ||-  | // __   | || | ||    /   || 
        | |__/ ||   _| ||_  | \\_\ || | \\_/ ||   | [] || 
        |_____//   /_____//  \____//   \____//     \__ || 
         -----`    `-----`    `---`     `---`       -|_|| 
                                                     `-`  
        
         
        Наверх