Новости Атырау - Мунайлы Астана

      24 наурыз 2019, 16:00
        Аймақ 28.01.2015, 16:15 2 пікір 4118 просмотров

        Сталинның Гурьев облысы туралы құпия жарлығы.

        Биыл Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 70  жыл толады. Осыған орай сұрапыл соғыстың басты-басты оқиғаларын еске түсіріп, тарихымызды тағы бір парақтағанды жөн көрдік. СССР Қорғаныс Халық Комиссары Иосиф Сталин 1942 жылы тамыз айында арнайы құпия жарлық шығарып, Каспий өңірін соғыс жағдайында деп жариялайды. Соғыстың сұрапыл жылдарында облысымыздың мұнай өнеркәсібіндегі еңбеккерлер ерлік еңбектің небір ғажап үлгілерін көрсетті. Соғыстың алғашқы айларынан бастап, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен мұнайшылар елімізге мұнайды көптеп бере бастады. 


         

        Өлкемізде соғыстың алғашқы кезеңінде Доссор, Мақат, Сағыз, Байшонас, Ескене, Қосшағыл, Кұлсары, Шұбарқұдық және Жақсымай – барлығы  9 мұнай кәсіпшілігі өнім беріп тұрды. Гео-лог - барлаушылардың тынымсыз ізденістері арқасында соғыс жылдарында Қошқар, Тентексор, Комсомол мұнай кәсіпшіліктері ашылып, қатарға қосылды.

        1941 жылы 22 маусымда өткен Доссор мұнайшыларының митингісін кәсіпшіліктің бастығы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Сабырғали Зорбаев ашып, жарыс сөзде сөйлеген Бөкеев,Зелетдинов, Молдағалиевтар қасық қандары қалғанша жаумен айқасып, жанқиярлықпен еңбек етуге серт берді.

        «Доссор кәсіпшілігінің жұмысшылары мен қызметкерлері фашистердің қарақшылық шабуылына жауап ретінде айбынды танкисттерге, қаһарлы теңіз флотына жауды жеңу үшін жоғары сортты  Доссор мұнайы қанша қажет болса, сонша беретінін мәлімдейді» деп атап көрсетілген. 

        Алғашқы күннен - ақ мұнай-шылар уәдесінен шыға білді. Ол туралы Мақат аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Я. К Аллояров аудандық Кеңестің `1941 жылғы 30  қазанда өткен сессиясында баяндап беріпті.

        - «Каковы же результаты работы нефтяников нашего района в дни Великой отечественной войны? Нефтепромысла района план за 9 м-цев и 23 дня октября выполнили на 100,9%.

        План 3- квартала против второго квартала перевыполнили на 8,8%. Прирост добычи за 9 м-цев и 23 дня по отношению к этому же периоду 1940 года составил 10,9%.

        В число передовых промыслов района вышел промысел Байчунас, на 26-е октября выполнивший годовую программу. С 15-го октября 1941 года ежесуточно перевыполняет суточный план по добычу промысла Макат и Доссор. Коллектив крупнейшей электростанции Искине, обслуживающий два промысла Байчуназ и Искине, 22.10.41 года выполнил годовую программу, снизив себестоимость киловатт-часов на 11,7%., съэкономив 34 тонны топлива.

        Коллектив мехмастерской Дос-сор 9-ти месячной программу выполнил на 113%, при сокращении штата на 23,7%. Отдельные стахановцы в дни отечественной войны и предъоктябрьского соревнования показывают образцы социалистического труда.

        Например: Буровой мастер Сагиза тов. Касанов из буровой № 181 норму за 12 дней октября выполнил на 390%., мастер добычи Байчунас тов. Дунешев план добычи выполняет на 116%, мастер добычи Макат тов. Бермагамбетов план добычи выполняет на 107%, коммунист бурильщик Байчунас тов. Айдаулов план выполняет на 123%, ключник Байчунаса тов. Меркалиев план выполняет на 120%, слесарь Байчунаса тов. Галиев нормы выполняет на 169%, ключник Маката тов. Куспанов нормы выполняет на 166% и много других людей самоотверженно работающих на нефтепромыслах».

        («Қайнарбұлақ» кітабы, Алматы, 2006 жыл, «Исламнұр» баспасы)

        1941 жылғы 26 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесінің төралқасының «Жұмысшылар мен қызметкерлердің соғыс кезіндегі жұмыс мерзімінің режимі туралы» жарлығы жарық көрді. Бұл жарлық бойынша жұмысшылар мен қызыметкерлерге тиісті кезекті және қосымша демалыс-тар жойылып, орнына ақшалай ақы төленетін болып шешілді. Қозғалыс мұнайлы өлкедеде кең қолдау тапты.

        Енді  КСРО Қорғаныс Халық  Комиссары Иосиф Сталин1942  жылғы тамыз айындағы құпия жарлығы жөнінде әңгімелейік. Ұлы Отан соғысының тарихын облысымызда өмір бойы зерттеп келе жатқан тарих ғылымдарының  докторы, профессор  Хисмет Табылдиев ағамызға сөз берейік:

        - Неміс фашистерінің командованиесі 1940 жылдың  орта кезінде КСРО-ны жаулап алу үшін «Барбаросса жоспары» аталатын стратегиялық жоспарын жасағаны тарихтан белгілі. Бұл жоспар бойынша олар Оралға дейінгі жерді тез арада  алуға тиіс болды. Соңғы кезде табылған мұрағат құжаттарына қарағанда, жау Қазақстанға, соның ішінде мұнайға, балыққа, кенге бай Атырау бойына да ерекше көңіл бөлген. Гитлер командованиесі бұл жерлерді, демек Еділ мен Жайық аралығын жаулап алғаннан кейін «Еділ-Жайық мемлекетін» құрмақшы болған.

        Осыны сезген КСРО Жоғары Кеңесінің Төралқасы 1942 жылы тамыз айында әдейі құпия Указ шығарып, Каспий өңірін соғыс жағдайында деп жариялайды. Бірақ Указ құпия болғандықтан соған байланысты алынған шаралар да құпия жүргізілді. Кезінде  Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатында  болғанымызда, сол құжаттардың түпнұсқаларымен танысуға тура келді. СССР Қорғаныс Халық Комиссары  И.Сталин Каспий бойын соғыс жағдайында деп жариялауына байланысты,Гурьев облыстық партия комитеті мен Қазақстан Компартиясы Орталық  Комитетіне Гурьевте Қорғаныс Комитетін құруды тапсырады. Осыған орай 1  қыркүйекте Қазақстан Компартиясы Орталық  Комитеті қаулы шығарып, бекітті. Біз сол қаулының түп нұсқасын сол  орысша күйінде оқушы қауымға ұсынуды жөн көрдік.

        «В связи с объявлением военного положения на побережье Каспийского моря ЦК КП (б) Казахстана постановляет:

        1. Утвердить решение Гурьевского обкома КП(б) Казахстана об организации в области комитета обороны в составе Т.Бекжанова – секретаря обкома партии ( председатель комитета) и членов: Иргалиева – председателя обл-совета депутатов трудящихся, Гончарова – начальника гарнизона города Гурьева.

        2. В целях выполнения имеющегося  задания на призыв военнообязанных в Красную Армию при отсутствии о области необходимого количества незабронированного контингента, разрешить Гурьевскому комитету обороны призвать в ряды Красной Армии годных к строевой службе 1100 человек отмобилизированных рабочих рыбной промышленности, речных ловцов, охраны запретных зон, рабочих рыбозаводов и подсобных предприятий, не затрагивая морской лов, с заменой призванных невоенно обязанными, женщинами из рыболовецких колхозов.

        3. Просить ЦК ВКП(б) утвердить настоящее постановление.

        Секретарь ЦК КП(б) Казахстана, Н.Скворцов».

        (Архив президента РК, фонд 708, опись 1, дело 5, лист 408, подлинник)

        СССР Қорғаныс Халық Комиссарының жарлығында Қорғаныс Комитетіне шексіз билік берілген. Оның тапсырмаларын сол жердегі мемлекеттік ұйым, шаруашылық және өнеркәсіп орындары бұлжытпай орындау керек деп айтылған. Сөйтіп облыстағы барлық органдар бір қолға бағындырылды. 1941 жылы 29 қыркүйекте Гурьев қалалық партия комитетінің актив жиналысы өтіп, оған облыстағы барлық басшылар шақырылды. Обкомның бірінші хатшысы Мырзахмет Бекжанов « Облыстың соғыс жағдайында болуына байланысты партия ұйымдарының алдында тұрған міндеттер» деген тақырыпта баяндама жасады. Құпия жарлыққа байланысты Гурьев Қорғаныс Комитеті әскери-ұйымдастыру мәселелерін жолға қойды. Облыстық партия комитетінің ұйымдастыруымен атқыштар батальоны, арнаулы әскери бөлімдер құпия жағдайда құрылды,-дейді профессор.

        Сталинның құпия жарлығының Атырау өңіріңің соғыс жағдайында деп жариялауына тағы бір себеп бар еді. Ол Солтүстік Кавказдың жау қолында қалуы болатын. Енді одан алып тұрған жанармай тиылып, ұшақ, танк, машиналар жанармайсыз қалу қаупі төнді. Осы қысылтаяң уақытта жанар майларды Бакуден Гурьевке баржамен тасуға мәжбүр болды. Ал бұл кезде Сталинград майданының дүрсілі Атырауға да естіліп жатты. Тіпті Нарын құмында отыратын ел Сталинградтағы жалынды түнгі уақытта анық байқайтын. Сөйтіп Гурьевте Қорғаныс Комитеті 1942 жылы 1 қыркүйекте құрылған болса, он күнен кейін 10 қыркүйекте неміс « юнкерістері» Гурьев қаласын бомбалай бастады. Бірақ біздің истребительдердің жанқиярлық қимылдарының арқасында қала бүлінуден аман қалды. Бұл жерде Гурьев өңірін соғыс жағдайында деп жариялау өзін толықтай ақтап шықты.

        - Оның үстіне кешегі соғыс кезінде Қазақстан терең тыл болды деген кейбір зерттеушілердің пікірі жоққа шығарылып отыр. Оларды осы пікірі үшін айыптауға да, қаралауға да болмайды. Өйткені: ол кезде бұл құжаттар    «Особая папка» , «Совершенно секретно» деген  белгімен ешкімге берілмеген. Қазірдің өзінде оны қарау үшін біраз бедел қажет. Әрине ол құжаттардың құпия болуының өзіндік сыры бар. Мәселен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1942 жылғы 22 тамыздағы Указына орай Гурьев Қорғаныс Комитетінің төрағасы, обкомның бірінші хатшысы Мырзахмет Бекжанов сол жылы 10 қыркүйекте қаулы шығарып, онда облыстың НКВД бастығы Гончаров - «Соғыс жағдайында» деп жарияланған біздің аймақта тұратын немістер және біздермен соғысып жатқан елдердің ұлттарын территориядан шығарсын»,  делінген қаулы шығарылған. Ал мұның өзі құпия жүргізілді, - дейді Хисмет Бозанұлы ағамыз.

        Неміс фашистері Гурьевке тектен- тек қызықпаған болатын. Себебі ол Сталинград тылындағы соғыс жағдайында болған жалғыз облыс еді. Соған қарамастан Гурьев мұнайшылары жанқиярлықпен еңбек етті. Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті мұнай мамандары мен сала  жұмысшыларын тылда қалдыруға шешім қабылдады. Алайда майданға кеткендердің орнын толтыру өте қиын еді. Енді майданға кеткен ерлердін орнын олардың әйелдері,  апалары, қарындастары, аналары, жасөспірімдер басты. Олар ер азаматтардың орнын жоқтатпады. Себебі Ембі кәсіпшіліктерінде соғыс жылдарыңда 5460 әйел жұмыс жасаған екен. Ал олардың саны соғысқа дейінгі кезеңде 1880 болатын. Әйелдердің біразы өндіріс жетекшісі дәрежесіне дейін көтерілді. Әсіресе бұл бастамаға мұрындық болған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып үш дүркін сайланған Балғаным Досбаева болатын. Балғаным Байшонаста мұнай өндіруші әйелдер бригадасын құрып, жыл сайын озаттар сапынан көрініп жүрді.

        Еңбек жолдарын қарапайым операторлықтан бастаған Жұмазия Қаспаева, Доссор кәсіпшілігінің операторы болған Жібек Сегізалиева Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты  болып сайланды. Ол Ленин және  Еңбек Қызыл  Ту ордендерімен марапатталды. Ал Байшонастық Набира Шағырова мұнайшы әйелдердің арасында тұңғыш рет Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді. Соғыс жылдарында механикалық шеберханада жөндеуші болған Бакес Дәужанова кейінен Қазақстанның еңбегі сіңірген мұнайшысы, Доссорлық жөндеуші Бекім Алдамжарова  «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

         «Осы жерде  Нармонданақ мұнайын игерудегі тапқырлық пен белсенділік үлгісі айта қаларлықтай болды. Қалың құмның ортасындағы жолсыз да сусыз жерге жабдықтар жеткізу үшін  Жылой және Мақат аудандарынан 200 көлік жинастырылды. Жергілікті материалдан асхана, наубайхана, жатахана, мектеп, аурухана салынды.

        Жаңа кен орнын игерушілердің тұрмыс-күйі онша мәз болмады. Әуел баста олар жертөлелерде тұрды. Оның өзі  жетіспей, бірер отбасы бір жер пәтерде тұрушы еді. Кәсіпшілік директоры Николай Николаевич Белоусов, аға инженер Афанас Сарсенович Пагосов, аға геолог Ерғожа Тауманов, сондай пәтерлердін біреуін әрі кеңсе, әрі жатақ етіп пайдаланған.

        Бір жертөле- монша. Жағатыны да, шамға құятыны да мұнай. Қара күйе адамдардың  үстіне қонып, баттасып қалатын. Ұйытқыған құм ұңғымалдарды, жер пәтердің есігін басып қалып жүрді. Сонда адамдар өз жағдайына қарамай, құм басудан сақтанып, көрпе, басқа да жамылғылармен ұңғыманың аузын жабатын.

        Осы кәсіпшілікті іске қосуға облыс жастары жаңқиярлықпен еңбек етті. Олар пайдаланылмай  жатқан  Доссор-Мақат мұнай  құбырының тұрбасын кесіп алып, бірер аптаның ішінде қашықтығы 49 км. Мақат - Нармонданақ мұнай құбырын төседі. Мұнай сақтайтын резервуарды Қазан төңкерісінен бұрын акционерлік қоғам салдырған Ракөштегі резервуарлардың  қаңылтырларын кесіп әкеліп жасады.

        «Қазақстанмұнай» комбинаты да қолда бар жабдықтарды шұғыл жеткізіп берді. Осындай бірлескен қимыл нәтижесінде Нармонданақ 1942 жылдың 22 желтоқсанында пайдалануға берілді. Оны игерудегі комсомол мен жастардың ерен еңбегін ескере келіп, кәсіпшілікке 1943 жылдың 16 сәуірде Комсомол атағы берілді. Кәсіпшілік 1943 жылдың өзінде 41 мың тонна, ал 1944 жылы 71 мың тонна мұнай өндіріп жөнелтті».

        («Қайнарбұлақ» кітабы,  Алматы, 2006 жыл, «Исламнұр» баспасы)

         Соғыс Ескене кәсіпшілігінің атағын да алға шығарды. 1943 жылы Мемлекетін Қорғаныс Комитеті оларды ауыспалы Қызыл Тумен марапаттаған болатын. Туды ұжымға сол кездегі  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі  төралқасының төрағасы  Әдісамат Қазақбаев салтанатты түрде табыс етті. Ескенеліктер оны туды ешкімге бермей, 7 ай,  ал Мақат ауданының мұнайшылары Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын 8 ай бойы ешкімге бермей ұстады. Артынан бұл Тулар ұжымдарға мәңгілік  сақтауға қалдырылды. Осындай құрметке ие болуда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, бұрғылау шебері Рамазан Есқариев мол үлес қосты. Оның есімін күні бүгінге дейін Ескенеліктер құрметпен атайды. Ескене мұнайшылары ішінде ол соғыс жылдарында екі рет Ленин, Еңбек, Қызыл Ту ордендерімен марапатталған өрендердің бірі.

        Соғыс басталғанда Жылой ауданында Қосшағы мен Құлсары кәсіпшіліктері бар болатын. Оның бірі 1935 жылдан, екіншісі 1939 жылдың 1 қаңтарынан бері мұнай өндіретін. Сұрапыл жылдарда осы екі мұнай өндірісіне Сафи  Өтебаев, Алғазы Ільясов, Сергей Опутин және Сары Жүсіпов басшылық жасады. Бұлар мұнай ісін жетік білетін, ұйымдастыру қабілеттері өте жоғары мамандар еді.

        Мұнайшы мамандардың майданға алынуына байланысты кәсіпшіліктерді кадрлармен шұғыл қамтамасыз ету міндеті тұрды. Осыған орай Қосшағылда, Сағызда, Мақатта фабрика-зауыт училищелері ашылды. Қосшағылдағы №58 ФЗУ-ды бітірген Ш.Аймағамбетова, Қ. Елебаева, Н.Жайлыбаева, Н.Сариева, Ш.Жакупова, Д.Ермағамбетова, Қ.Қосмырзиева, Ш.Батырбековалар осы училищелерінің алғашқы түлектері болды.

        Соғыс жылдарында Қосшағыл және Құлсары мұнай кәсіпшілігінің мұнайшылары тәулігіне он екі-он үш сағаттан жұмыс жасап, оның нәтижесін  фашист  басқыншыларын талқандауға арнады. Құлсары бұрғылау кеңсесі бұрғылау бригадараларының бригадирлері Ж.Алдақов,Ш.Қарамеңдиев, Қаби және Қали Өтебаевтар, Қ.Ташенов, Б.Өтеулиевтер мұнай өнеркәсібін өркендетуге, оның қорғаныс қабілетін арттыруға үлкен еңбек сіңірді. Мәселен, бұрғылау шебері Бисенғали Өтеулиевтің бұрғылауды кондукторсыз жүргізу жөніндегі ұсынысы Ембі мұнай өнеркәсібінде қолданылу нәтижесінде соғыс жылдарында 6744 тонна обсадтық құбыр мен 1000 тоннадан астам томпонаж цементін үнемдеуге қол жетті. Осы жаңалық үшін ол 1944 жылы Ленин орденімен марапатталды.

        Қосшағыл және Құлсары кәсіпшіліктерінде кең өріс істеген стахановшылар қозғалысы жоғары еңбек өнімділігін қамтамасыз ету кепілдігіне айналды. Стахановшылар қозғалысы дегенде оның алғашқы бастаушылары С.Жанбатыров, М.Үркінбаев, Қ.Жаманготов, Т.Өтешов, С.Сүйесінов, Т.Оңдашев және басқа да жүздеген мұнайшылардың есімі ойға оралады.

        Айта кету керек, соғыс жылдарында Қосшағыл мұнай кәсіпшілігінде 48 ұңғыма бұрғыланып, 25,5 мың метр проходка қазылса, Құлсарыда 63 ұңғыма бұрғыланып, 35 мың метр проходка қазылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қосшағыл мұнай кәсіпшілігі мемлекеттік қорға 830 мың тоннадан астам мұнай өткізді. Ал Құлсары мұнай кәсіпшілігінде соғысқа дейін бар болғаны 46,5 мың тонна мұнай өндірілсе, соғыстың басталуына орай кен орнын игеру және пайдалануды интенсивтендіру нәтижесінде 1941 жылы мұнай өндіру 88 мың тоннаға жеткізілді. 1942 жылы тәуліктік өнім мөлшері 700-800 тонна болып, 1943 жылы 216 мың тонна мұнай өндірілді.

        Үкімет мұнайшылардың жасампаз еңбектерін бағалап, орден және медальдармен марапттады. Мыңдаған мұнайшылар мен бұрғышылар «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен мараптталды. Қосшағыл кәсіпшілігіндегі жерасты жабдықтарын жөндеу бригадасының аға шебері Құби Ільясов Ленин орденімен, кейін ерен еңбектері үшін екінші рет Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен мараптталып, Қазақ КСР еңбек сіңірген мұнайшы атағын иеленді. Ал Сүйрік Самарханова Ленин орденімен марапатталып, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайландлы.

        Неміс фашистерінің мұнайлы Краснодар мен Майкопты, Грозный мен Бакуды орталықтан үзіп тастауы мұнай алу мүмкіндігіне қауіп төндірді. Тіпті Баку мен Грозныйдың теміржолмен Қызыл Армиямен байланыс жасауы үзіліп қалса,  Еділ мен Жайықты байланыстыратын су жолы қатынасы да тиылды. Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті осы тығырықтан шығудың жолын қарастырды. Ақырында Гурьев-Орск  мұнай магистралына қосу үшін тез арада үлкен Пешной-Гурьев мұнай құбыры мен Гурьев теңіз портын салуды ұйғарды. Әйтпесе мұнсыз Каспий теңізі арқылы  Баку мен Грозный мұнайын тасу мүмкін болмай қалғанды. Неге десеңіз, теңіз арқылы Бакуден Красноводскіге, одан цистерналармен Красноводск-Ашхабад-Ташкент-Урал-Сталинград теміржолымен жеткізу екі ай уақыт алатын. Майдандағылар болса, оны күтіп отырмайтын, ұрыс қимылдары сағат сайын өзгеріп тұратын.

        Осыны іске асыру үшін Үкімет ерекше қаулы қабылдап, Мәскеуден Гурьевке бір топ мамандарды жіберді. Ол комиссияны КСРО Теңіз Флоты наркомның орынбасары Л.Ю.Белаков басқарса, құрамында мұнай Наркомның орынбасары В.Козлов, балық өнеркәсібі Наркомның орынбасары К.Шишков, Теңіз Флоты Наркомның орынбасары З.А Шашков, Қазақстан жағынан Қазақстан Орталық Партия Комитетінің екінші хатшысы Ж.Шаяхметовтер болды.Гурьев облыстық атқару комитеті жұмыс қолының тапшылығына  қарамастан 1400 адамды құрылыс жұмысына бөлуге шешім алды. Онан басқа 200 көлік, тұрғын үй салу үшін  400 шаршы метр жер бөлді.

        (К.Досқалиев, Сражающемуся Сталинграду, А-Ата, 1983.)

        Одан басқа Мәскеуден Гурьевке тәжірбиелі 30 дәнекерлеуші келсе, астархандықтар 113 дәнекерлеу аппаратын,  5 трактор, 8 автокөлік,жүзу кемелерін, Алматы кислород зауыты  400 баллон, 6 тонна карбид, 500 тонна битум, Махачкала 1500 тонна темір труба жіберсе, бакуліктер мен астархандыктар 650 маман кадрлармен көмектесті. Үлкен Пешной-Ширина –Гурьев –Орск мұнай құрлысының  бастығы болып белгілі құрылыс маманы И.В Горбачев тағайындалды. Гурьев өңірі үлкен құрылыс алаңына айналып, жалпы халықтық сипат алды. Өйткені, оған 10 одақтас республика,еліміздің 16 қаласы қатынасқан еді.

        Осылай жалпы халық жабылып жасаған жұмыс тез нәтижесін беріп, сол 1942 жылдың қарашасында Гурьев мұнай базасынан майданға Кавказдың теміржол арқылы 4723 цистерна  (47943 тонна), Гурьев-Орал мұнай құбыры арқылы 32800 тонна мұнай жөнелтілді, Жау самолеті Гурьевті, Пешной-Гурьев портын, Гурьев-Орск мұнай құбырын бірнеше рет бомбалап, сұйық отынды орталыққа жеткізуге біраз кедергі жасағандарына қарамастан, соғыс жылдарында Гурьевтен Орскіге Кавказдың 3 миллион тонна үстінде мұнайы жеткізілді.

        (Атырау облыстық мемлекеттік архиві 1қ, 154 іс, 17п)

        Алмақтын да салмағы бар дегендей осындай шексіз қамқорлықтың арқасында Гурев мұнайшылары 1940 жылмен салыстырғанда 1941 жылы мұнай өндіруді 24 пайызға артық берсе де, ол 1943 жылы 46,6 пайызға өскен. Жалпы Ембі мұнайшылары соғыс жылдарында 1942 жылы 866 мың тонна, 1943 жылы 978,8  тонна мұнай өндірген. Сондай-ақ 1943 жылы 1581 ұңғыманың 1260 мұнай берсе, 1944  жылы 1520 ұңғыманың 1155 ғана өнім берді.Ембі мұнайының елге өте қажет екенін сезген Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті оған деген қамқорлықты аямады.Сөйтіп мұнайлы Ембіге жағдайдың күрделігіне байланысты көмек ретінде соғыс жылдарында 570 автомашина, 154 трактор, 120 металл кесетін станок, 60 бұрғылау қондырғысы, 224 мұнай айдау сорғыларын берді.  Айта кету керек мұнайшыларымыздың қажырлы еңбегі арқасында Ембі мұнайы ауданының атағы елімізге әйгілі болды. Қазақстан КСРО-да үшінші «қара алтынды» аймаққа айналды.

        - Кешегі сұрапыл соғыс тарихын жазуда тек біздің облыстың соғыс жағдайында болғаны бірде-бір оқулықтарға енбей отыр.Тіпті Гурьев Қорғаныс Комитетінің жасаған қыруар жұмысы тиісті бағасын алмай отырғаны қынжылатады,- дейді тарих ғылымының докторы, профессор Хисмет Табылдиев ағамыз.

        КСРО Жоғары Кеңесі төралқасының Жарлығымен 1945-1985 жылдар аралығында 12 қала мен бір қамал «Батыр қала» атанды. Ал КСРО тарағаннан кейін Ресей президентінің жарлығымен сол елдің 41 қаласына «Әскери Даңк» қаласы атағы берілген. Олардың ішінде соғыс өтті шарпыған шағын қалалармен қатар Қиыр Шығыстағы Владивосток, Хабаровск, Петропавловск-Камчатка қалалары да бар болып шықты. Олай болса Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында облыс әкімінің өкімімен Ерлік Даңқы және Еңбек Даңқы атақтарын белгілеп, соғыс жылдарында еңбек еткен ұжымдарға берілсе артық болмас дейміз. Бұл жерде Доссор мен Мақаттың, Кұлсары мен Шұбарқұдықтың, Байшонас пен Қосшағылдың мұнайшылары, Гурьев–Орск мұнай құбыры, майданнан келген ауыр жаралыларды қабылдаған қалалық пионерлер үйі, Д.Нұрпейісова атындағы мәдениет үйі, бұрынғы Куйбышев атындағы және №44  мектептерде, балық және мұнай техникумдарында,Орал-Каспий балық тресі және Доссор кентіндегі госпитальдар орнына және басқа жерлерге  осындай тақта қойылса дейміз.

        Иә, Гурьев Қорғаныс Комитетінің басшылығымен құпия жарлықтың астарында Гурьев мұнайшылары фашисттік Германияны талқандауға өзерінің қажырлы еңбектерімен үлес қосқанын айтуға тиіспіз. Сөйтіп, Ембінің бұрғышалары мен мұнайшылары, бүкіл елмен бірге Ұлы Жеңісті барынша жақындатты. Ел намысын еңбекпен қорғады.


         

        Құттыгерей СМАДИЯР, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты. 

        Атырау облысы.

        Пікірлер

        Пікір қосу

        ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

         
        Введите пять букв размещенных внизу:
         _    _    __   __   _    _    __   __    ______  
        | || | ||  \ \\/ // | \  / ||  \ \\/ //  /_   _// 
        | || | ||   \ ` //  |  \/  ||   \ ` //     | ||   
        | \\_/ ||    | ||   | .  . ||    | ||     _| ||   
         \____//     |_||   |_|\/|_||    |_||    /__//    
          `---`      `-`'   `-`  `-`     `-`'    `--`     
                                                          
        
         
        Наверх