Новости Атырау - Мунайлы Астана

    24 ноябрь 2017, 21:04
      Қоғам 28.01.2015, 17:05 0 пікір 1194 просмотров

      Офистері балалар бақшасында, трансформаторлар әлсіз

      Өткен аптада есеп беру кезегін Кеңөзек ауылдық округі әкімі Ғарибжан ӘБІШЕВ жалғады. Жиында округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы турасында сөз қозғалды. Осы жылға жоспарланған істер талқыға салынды.


      Кеңөзек ауылдық округінің әкімі есеп беретін жиынға қатысу үшін Тасқалаға бара жатып, бір байқағанымыз, тазалық талаптарының жақсы сақталғандығы көзге көрініп-ақ тұрды. Мұндай көріністі өкінішке орай, басқа ауылдық округтерден онша байқай қоймаған едік.

      ОКРУГ ӘКІМІ АППАРАТЫНА ҒИМАРАТ КЕРЕК

       Ал енді бір ерекшелігі, мұн­да Кеңөзек ауылдық округі әкімі аппаратын не болмаса дә­рі­­гер­лік қосынның қай жерде ор­на­лас­қанын іздеп шаршамайсыз. Се­бе­бі, округ әкімі аппараты, байланыс бө­лімшесі, дәрігерлік қосын, бар­лығы «Рауан» балалар бақшасы ғи­маратында орналасқан. Себебі, осы күнге дейін әр мекеменің өз алдына жеке ғимараттары жоқ. Жиында қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ пен тұрғындар алдында есеп берген округ әкімі осындай олқылықтардың бар екендігін жасырмады. Сондай-ақ округ әкімі Ғарибжан Әбішевтің айтуынша, ауылдық округ бойынша бұдан да басқа өзекті мәселелер де баршылық.

      - Тасқала-1, Тасқала-2 ықшам аудандарын қамтып өтетін орталық көшені жарықтандыру қажеттілігі туындап отыр. Тасқала-1 ықшам ауданындағы Қосыбаев, Ұлан, Кеңес, Алғабас, Комсомол, Жастар көшелеріндегі үйлерді қамтитын трансформатор да керек. Себебі жаңадан салынған үйлер күн санап артуда. Ал трансформатор саны баяғыша. Трансформатордың қуаты жетпей отыр. Кешкі уақыттарда теледидар көру, жазда салқындатқыштарды пайдалану қиындық туғызуда.  Бұған қоса бүгінде орындары белгіленген Тасқала,  Өрлеу ықшам аудандарында 300 орындық мектеп пен 280 орындық балабақша салу жұмыстары тұр, - деді округ әкімі.

      Қалай десек те, ауылдық округте былтырғы жылы жақсы істер атқарылған. Егін және ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлінген. Салық, білім саласына қатысты жұмыстар нәтижелі атқарылған. Денсаулық саласы да назардан тыс қалмаған. Бала мен ана өлімі тіркелмеген. Флюротексеруден өткізу жоспар бойынша толық орындалған. Тек бір алаңдатарлығы, емхана­ның қажеттілігі. Кездесуде емхананың жобалау - сметалық құжаттарының дайын екендігін, ретімен салынатындығын білдік.

      ГАЗ БЕН АУЫЗ СУ – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ

      Биыл Тасқала-2  және Тасқала-3 ықшам аудандарында ауыз су және газ желілері іске қосылған. Тасқала-2 елді мекенінде жаңадан берілген 13,7 гектарды құрайтын жер учаскелеріне инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, күні бүгін мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.

      Бұл жайында округте жыл бойында жасалған жұмыстар мен алда атқарылатын істер жайында тұрғындар алдында сөз алған қала басшысы Нұрлыбек Ожаев осылай деді.  

      - Қазіргі таңда Тасқала-2 елді мекенінің №2 және №7 көшелерін асфальттау үшін жобалау-сметалық құжаттары дайын, қаржының бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен жұмыс жасалатын болады. Жол апаттарының жиілеуіне, тұрғындар сұраныстарына орай қала бойынша 18 бағдаршам орнатылды. Оның бірі - қауіпті деп саналған Атырау-Дамбы тас жолындағы Тасқала бағытындағы жол қиылысына салынды. Тасқала ауылына кіретін жолдан бастап, жалпы ұзындығы жеті жарым шақырым көше жарығын жүргізу үшін сметалық құжаттары жасалып, сараптамадан өтті. Бұл да бюджет қаржысының мүмкіндігіне қарай жасалады. Округ тұрғындарын балабақшамен қамту өзекті болып отыр. Тасқала елді мекенінде балабақша құрылысы үшін жер телімі белгіленіп, жобалық сметалық құжаттары жасақталды. Республикалық бюджеттің қаржысына сұраныс бар. Шешілген жағдайда құрылыс басталады. - деді Нұрлыбек Ожаев.

      МЕКТЕПКЕ АСХАНА САЛЫНАДЫ

      Қала әкімі ауыл мектебінде асхана болмағандықтан 1-4 сынып оқушыларына ыстық тамақ тасу қаржылай ұйымдастырылып келгендіктен, Т.Амандосов атындағы орта мектебінде асхана үшін жапсарластырылған жай құрылысының құжаттары жасақталып, діттеген мақсатына жеткендігін  жеткізді. Бүгінде қаржыландыру көзі шешілген. Құрылысы биыл басталады деп күтілуде. Бұған қоса аталмыш мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалған. Оқушылардың тасымал мәселесі де биыл шешілмекші. Қала бойынша сатып алынған 5 автобустың біреуі осы жерге берілген.

      ЖЫЛЫЖАЙ ҚАЛА ҮШІН АУАДАЙ ҚАЖЕТ

      - «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына сай жылыжайларды кеңейтіп, мал шаруашылығын дамыту керек. Бұл бағытта округте жасалып жатырған жұмыстармен таныспыз. Нақты айтқанда, ауыл шаруашылығына байланысты - 3, жолаушылар тасымалына орай - 3, 1 – тігін цехы, жалпы жеті жоба жүзеге асуда. Округте
      Өтеміс ЖҰМАҒАЛИЕВТІҢ шаруа қожалығы жаңа технологияларды пайдалана отырып, жылына 700 тонна көкөніс өндіретін көлемі 2 гектар аумағы бар жылыжайды іске қосты. Жылыжай қала үшін ауадай қажет. Жалпы, қала халқының күнделікті, апталық, айлық азық-түлікке қажеттіліктерін бақылап отырмыз. Соған қарағанда кәсіптердің қай-қайсысы да бәсекелестікке түсетіндей жағдайға жетпеген. Келесіде селолық округ әкімінің жылдағы атқарған жұмыстары қанша кәсіпкер шығарғанымен бағаланатын болады, - деді қала әкімі.

      Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың басым көпшілігі жолаушылар тасымалына қатысты болды. Яғни, жолаушыларды белгіленген мөлшерден арттырып таситындығы, жылдамдықты тым үдететін, әркез ұялы телефонмен сөйлесіп отыратын қоғамдық көлік жүргізушілеріне тосқауыл қою керектігі айтылды. Дәл осы жүргізушілердің себебінен жол апаттары да жиілеп кетті. Бұл турасында жауап берген қала әкімі қоғамдық көліктерді бақылауға алу үшін GPS қондырғысын орнату қолға алынып жатырғандығын айтты. Осы кезде пилоттық жоба ретінде жүріп жатырған жүйе  арқылы болашақта барлық қоғамдық көліктер бақылауға алынатындығына сенім білдірді. 

      Жиында сөз алған ауыл тұрғындары округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деп баға берді.


      Арайлым БАҒЫТЖАН, суреттер автордыкі.

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       _    _    __   __   _    _      ___      _____   
      | |  | ||  \ \\/ // | |  | ||   / _ \\   /  ___|| 
      | |/\| ||   \ ` //  | |/\| ||  / //\ \\ | // __   
      |  /\  ||    | ||   |  /\  || |  ___  ||| \\_\ || 
      |_// \_||    |_||   |_// \_|| |_||  |_|| \____//  
      `-`   `-`    `-`'   `-`   `-` `-`   `-`   `---`   
                                                        
      
       
      Наверх