Новости Атырау - Мунайлы Астана

    19 ноябрь 2017, 3:38
      Аймақ 27.03.2015, 12:58 0 пікір 1174 просмотров

      Өрт сөндіруші Әлимаш апа

      Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Атырау облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет полковнигі Марат Даутов  және Атырау облысы ТЖД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтжан Дүйсекенов, Атырау облысы Индер ауданының тұрғыны, ҰОС жылдарында тылда еңбек еткен, Өртке қарсы қызмет органдарының ардагері Әлимаш Есалиева шаңырағында болып, мерекемен құттықтады. 


      Атырау облысының ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ мемлекеттік тіл және ақпарат тобының мәлімдеуінше, өртке қарсы қызметінің тарихы оның құрылуы мен дамуына өз үлестерін қосқан ондаған және мыңдаған адамдардың тағдырынан тұратын көрінеді. Олардың кейбіреулерінің есімдері біздің жадымыздан мәңгі жоғалса,  кейбіреулерін өртке қарсы қызметінің жылнамасына енгізуге құқық беретін ерекше тұлғалар деп есептеуге болады дейді өрт сөндірушілер. Әлимаш Есалиева 1931 жылы 4 қаңтарда Атырау облысы (бұрынғы Гурьев облысы) Есбол ауданы, Бөдене ауылында дүниеге келген. Осы ауылдың орта мектебінде білім алып, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен. Сол шақтарда  Қаби Есалиев сынды өрт саласының ардагерімен жұптары жарасып, отау құрып, дүниеге 5 қыз, 4 ұл әкеледі. Қаби аға 1952-1971 жылдар аралығында өрт сөндіру бөлімінің қарауыл және бөлім бастығы болып қызмет атқарған. Оның ұзақ жылғы еңбек жолында үлгілі дәрежеге жетуіне, отбасындағы берекетін келтіріп отырған жұбайы Әлимаш Қайырқызының сүбелі еңбегі де бар екенін өмір жолдарындағы айқын тарих беттері айғақтайды. Жан жарына адал, еріне тірек бола білген отанасы шаңырақтағы бала тәрбиесімен қатар, өрт сөндіру бөлімінде ұзақ жылдар еңбек еткен. 1953 жылдары өрт сөндіру бекетінде қоймашы, өрт сөндіруші және радиотелефоншы лауазымында қызмет атқарған. Осы салада еңбек еткен жылдар аралығында бірнеше рет мақтау грамотасы және мақтау қағаздарымен марапатталған. Өрт сөндіру саласында ұзақ жылдар бойы қажырлы қызмет арқасында ерен еңбегімен ерекшеленген Әлимаш апай, 1983 жылы зейнеткерлікке шықты.  Қаби аға мен Әлимаш ананың 9 перзенттерінің екеуі әке-шеше жолын қуып, осы салада қызмет етіп келеді. Ұлы Есалиев Жангелді мен қызы Қабиева Айкенже өрт сөндірушілер қызметінің беделді қызметкерлері. Жангелді қызметін аудандық өрт сөндіру бөлімінде алдымен қарапайым жүргізуші қызметінен бастаған. 1993-2009 жылдар аралығында өрт сөндіру бөлімінде бөлім бастығы, бөлім бастығының орынбасары, ГТҚҚ шебері, бөлімше командирі сынды жауапты қызметтерді абыройлы атқарады. Бүгінде ол Атырау қаласы өрт сөндіру бөліміне техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы. Ал, қызы Айкенже Индер аудандық өрт сөндіру бөлімінде радиотелефоншы болып қызмет атқарады. Міне, осылайша өрт сөндірушілердің бірнеше ұрпағы ұйысқан әулеттің ақылшысы, құрметті ардагер Әлимаш апай ұрпақтарының  ортасында бақуатты ғұмыр кешуде.


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ____       ___       _____    ______   __   _   
       |  _ \\    / _ \\    / ___//  /_   _// | || | || 
       | |_| ||  / //\ \\   \___ \\   -| ||-  | '--' || 
       | .  //  |  ___  ||  /    //   _| ||_  | .--. || 
       |_|\_\\  |_||  |_|| /____//   /_____// |_|| |_|| 
       `-` --`  `-`   `-` `-----`    `-----`  `-`  `-`  
                                                        
      
       
      Наверх