Новости Атырау - Мунайлы Астана

    21 ноябрь 2017, 1:18
      Аймақ 06.05.2015, 16:38 1 пікір 1552 просмотров

      Жерлес батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды

      Біздің  халқымыз және оның ұрпақтары  үшін 9 мамыр Жеңіс күні – Отанға деген сүйіспеншілігінің, каһармандығы мен ерлігінің мәңгілік белгісі ретінде қалатын ерекше жарқын күн, Ұлы мереке!


      Соғыстың отты жылдарында біздің көптеген жерлестеріміз барша халықпен бірге каһармандықтың улгісін көрсетіп, Ұлы Жеңіске ерліктерімен жол салды. Олардың ішінде өткен тарихқа көз жіберсек, Атырау облыстық прокуратурасында әртүрлі қызметтер атқарған жерлесіміз, Кеңес Одағының батыры Мұса Баймұхановтың есімі тарихқа алтын әріппен жазылып, ұрпақтың жадында мәңгі сақталған. Заңғар жазушы, жерлесіміз Зейнолла Қабдолов: «Мұнайлы өлкенің құдай маңдайына берген мақтанышы бар. Ол – Атырау өңірінің қаһарман ұлы Мұса батыр»,- деген екен. Взвод командирі болған Мұса ағамыздың 1945 жылдың қаңтарында Оппельна (Ополе, Польша) аймағында немістермен кескілескен шайқаста жасаған ерлігі ұрпақтарының мәңгі есінде. Осы шайқаста Одер өзеніндегі жұқа мұздың үстімен бірінші болып өтіп, басқаруындағы жауынгерлермен өзеннің сол жағалауындағы жаумен бірінші болып ұрысқа түскен. Осылайша, Одерфельд деревнясына басып кірген Баймұхановтың басқаруындағы взвод жаудың үлкен шабуылдарын тойтарып, ұрыста 25 гитлерлік жауынгер мен офицердің көзін жойды. Ал взвод командирі Мұса Баймұхановтың бір өзі тоғыз фашисті мерт қылған. Сонымен бірге, соғыста жаумен шайқасып, бейбіт күнде прокуратура органдарында қызмет еткен жерлестеріміздің бірі – Салық Зиманов. Қан майданға 1941 жылдың қыркүйегінен бастап кірген Салық Зиманұлы Оңтүстік Закавказ, Солтүстік Кавказ, Степной, Воронеж, 2-ші Украина және 2-ші Белорус майданына қарасты әскерлердің солтүстік бөлімшелерінде соғыса жүріп, әскери жолдастарымен бірге Буг, Днепр және Одер өзендерінен өтеді. Жан алысып, жан беріскен ұрыстрада төрт рет жараланған ол, Кеңес Одағы әскерінің құрамында Кубань, Воронеж, Харьков, Кировоград, Кременчук қалаларын азат етуге, Данциг, Кенигсберг қалаларын алуға қатысты. Осылайша, Берлинге де жетіп, жеңіс туын қадауға үлес қосты. Соғыс аяқталғаннан кейін бір жылдан соң С.Зиманов артиллериялық полк штабының бастығы болып тұрған жерінен әскерден оралды. Әскери зор еңбектері үшін «I дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Кавказды ерлікпен қорғауға қатысқаны үшін», «Кенигсбергті алудағы ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Әскерден елге оралған соң, 1946-1947 жылдары Гурьев облыстық прокуратурасында тергеуші, аға тергеуші, 1947-1948 жылдары Қазақ ССР прокуроры жанында маңызды істер бойынша тергеуші болып еңбек етті. Салық Зиманұлының Қазақстанның жоғарғы заң білімінің және құқықтық ғылымының патриархы аталуы тегін де емес. Оның тікелей қатысуымен аса маңызды саяси құжат – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң дайындалды. Ол мемлекеттің жаңа Конституциясының жобасын дайындау бойынша сарапшылар тобын басқарған.Сондай-ақ, қызылқоғалық Юсупов Омар, Алмұханов Нағи, Бозбаев Өтеу, Қадыр Нұржанов, Әмірханов Еңсеген, Кошаев Хасан сынды майдангер прокурорлардың есімі тарихта мәңгі қалған. Ал, біздің ауданның бірнеше азаматтары, соның ішінде аудандық прокуратурада қазіргі таңда жұмыс жасап жатқан қызметкерлердің әке, аталары да Ұлы Жеңісті жақындатуда өздерінің күш-жігерлерін аямай соғысып, жеңіспен елге оралды. Осының айғағы аудандық прокуратураның маманы Роза Қалиеваның әкесі - Қалиев Қадыр  ақсақал. Ол 1943 жылы әскер қатарына алынып, сұрапыл соғыстың алдыңғы шебінде неміс басқыншыларына қарсы шайқастарға, Далалық, Батыс және 2-ші Украина майданында Воронеж, Киев, Польша жерлерін жаудан азат ету ұрыстарына қатынасқан. Қызыл Армияның 1943 жылы атақты Днепр өзенінен өту операциясы кезіндегі ерлік істері үшін «Қызыл жұлдыз» белгісін алған. 1945 жылы жедел мерзімдегі «Офицерлер даярлау» курсына окуға жіберіліп, «кіші лейтенант» шенімен взвод командирі болған.1945 жылдың маусым айында 2-ші топтағы соғыс мүгедегі болып, туған елге оралған. Ол Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен және «Ұлы Жеңістің» бірнеше юбилейлік медальдарымен марапатталған. 2000 жылы Жеңістің 55 жылдығына орай «кіші лейтенант» шенінен «лейтенанттыққа» көтерілген. Ал, аудан прокурорының аға көмекшісі Фархад Ерікұлының атасы – Ахметов Аққали 1941-1943 жылдары соғысқа қатысып, жараланып, Сталинград түбінен  елге оралған.  Аудандық  прокуратураның күзетшісі Абылай Теміровтың атасы -Бермағамбетов Құмар.  1942 жылы әскерге шакырылып, сол  жылы соғысқа аттанған. Балтық жағалауы, Берлин қаласын алу ұрыстарына қатынасқан. 1945 жылы жарақат алып, қараша айында елге оралған. Берлин қаласын алу медалімен марапатталған. Аудандық прокуратураның күзетшісі Ержан Айтбаевтың атасы – Айтбаев Сабыр 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатынасып, бейбіт күнге жетуге өз үлесін қосқан. Осылайша жеңіс үшін  аянбай күрескен әкелер мен аталардың ерлік істері бүгінгі ұрпақтар арасында мәңгілікке қалады. Олардың  балалары, немерелері мен шөберелері, бүгінде бейбіт аспан астында, жарқын өмір сүріп жатқандарына әркез ризашылықтарын білдіріп, майдандағы және тылдағы ерліктеріне бас иеді.


      Е.БИЛАЛОВ,

      Қызылқоға ауданының прокуроры 

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _  _      ___      ______   __   __    _____   
       | \| ||   / _ \\   /_   _//  \ \\/ //  / ____|| 
       |  ' ||  | / \ ||  `-| |,-    \ ` //  / //---`' 
       | .  ||  | \_/ ||    | ||      | ||   \ \\___   
       |_|\_||   \___//     |_||      |_||    \_____|| 
       `-` -`    `---`      `-`'      `-`'     `----`  
                                                       
      
       
      Наверх