Новости Атырау - Мунайлы Астана

    18 октябрь 2017, 11:29
      Аймақ 20.05.2015, 16:56 0 пікір 1133 просмотров

      Ғасыр апатына отыз жыл

      Биылғы жылдың маусым айында 400 күн, 400 түн бойы аласұрған Теңіздегі №37  ұңғымадағы  алапат өртке 30 жыл толады. Бұл оқиға айтулы кен орынын айдай әлемге паш етті. Айта кету керек, адамзат тарихында мұндай кұдіретті де қуатты бұрқақ бұрын-соңды кездеспеген еді. Оны өзіміз былай тұрсын, бүкіл әлем танып білді. №37 ұңғыманың оқиғасына кезінде екінің бірі тәнті болғаны есте. Алайда, бүгіндері ол оқиға өткен ғасыр тарихына еніп, енді көмескі тартуда. Алапат өртпен белдескен жерде бүгіндері «Теңізшевройл» ЖШС жұмыс жасауда. «Мұнайлы Астана» газетінің  тілшісі осы оқиғаның басы - қасында болған еңбек ардагері Төлеген Байзақовпен  әңгіме өрбіткен еді. Газетіміздің бүгінгі номерінен бастап осы сұхбатты жариялай бастаймыз.


      Тілші: - Төке бүгіндері тарих қойнауына кеткен №37 ұңғымадағы өрттің талайлардың өміріне ойдай із қалдырғаны белгілі. Осы алапат оқиғаны қашан естідіңіз? Апаттың алғашқы күнінен бас-тап Мәскеуден КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің өкілдері ағылғаны белгілі. Жеме-жемге келгенде, біздегілерде бір амалын орталықтағылар табар деген ой болған сияқты.

      Төлеген БАЙЗАҚОВ: - Бұл кезде мен «Ембімұнайгаз» бірлестігінің бұрғылау жөніндегі өңдіріс бөлімінің бастығы болып істейтінмін. №37 ұңғыманың оқиғасы жайлы таң алдында естідім. Орталық инженерлік-технологиялық қызметтен кезекші диспетчер телефон арқылы  суыт хабарласып, дереу кеңсеге келуміз сұралды.Қауіп қайдан болса, қатер содан. Теңіз кенішінде тұз астына шабуыл қызу жүріп жатқан. Балықшы барлау- бұрғылау басқармасы бойынша 12 қондырғы басында қауырт қимыл, қарбалас шақ еді. Қазылып жатқан әр ұңғының жобалық терендіктері 5000 метр, алғашқылары бұл межеден аман-сау өтті. Айталық, № 23-ші ұңғыма мұнайлы қабатқа жетіп, оған сынақ жұмыстары ойдағыдай жүргізілді. Сол сияқты №29-шы ұңғыма сынаққа әзірленіп жатты. №37  ұңғыма да тұз астына тым тақау. Қалған тоғызы да әртүрлі тереңдіктерде. Осылардың қай – қайсысы да, жалпақ тілмен айтқанда, сау сиырдың боғы емес. Кез келгенінен ашық фонтан атой сап, атып кетуі әбден мүмкін.

      ЦИТС-тің есігі айқара ашық жатыр. Арғы жақтағы дауыстар дәліз бойына ап - анық естіліп жатыр. Екеуі де таныс-Новиков пен Торопкин. Бірі шамасы Мәскеумен, ал екіншісі Қаратонмен хабарласуда.  Құлақтың құрыш етін қандырған бергі әңгімелерден анық аңғарғанымыз: жағдай қиын. Бүкіл ертінді әлдеқалай, бір мезгілде жұтылып кетулі. Неге екені белгісіз, бұрғылау құбырлары забойдан жоғары көтерілулі. Осыдан өзге мәлімет жоқтың қасы. Тек біз емес, Мәскеу жақтағылар да қылғынып:

      -Превенторды жабу керек еді ғой?

      -Шаровой кранға не көрінген?-десіп, жергілікті барлаушы-бұрғылаушылардың жер-жебіріне жетіп жатыр. Алексей Сергеевичтің де атарға оғы жоқ. Болса, Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының бас инженері Э.Ф.Черкасовтың шыбын жанын жәннатқа жіберуге тайсалмайтыны айдан анық. Оның қасында Виктор Иванович моп-момақан. Сабырлылық  сақтап, тым салқынқанды. Болар іс болды, бояуы сіңді. Енді күйіп-піскенде тұрған не бар.

      - Осыдан ашық фонтанға айқастырып алсақ, всем нам конец! Дұрысында А.С.Новиков ала-бөле күйіп-пісуде. Ойын ашық білдіріп, көмейіне келгенін лақ еткізіп айтып салудан кенде емес. Басқаларымыздың да жетісіп тұрғанымыз шамалы. Әсіресе, жетіқат жер астынан дүмпіген дүлей күштің құдіретіне көзіміз жетпесе де, оның беті әрмен! Ол аз десең, тұзасты мұнайының құрамындағы күкіртті сутегінің айнала қоршаған ортаға келтірер залалы да төбе шашымызды тік тұрғызды. Каспий ойпаты анық оянды. Оны ғасырлар бойғы қалың ұйқысынан сәл-пәл сергіткен де өзіміз. Тылсым табиғатпен тілдесіп, бермесін тартып аламыз деп әрекет жасауымызда қапы жоқ. Ежелгі Ембі қартайған шағында еңсесін жазып, ел-жұртын ен байлықпен кенелтері хақ. Бәлкім, құдай теңгермегенді мұнай теңгеріп, күндердің күнінде анау кішігірім Кувейттің күйін кешерміз!

      Кешке таман Мәскеуден КСРО Мұнай өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары В.И.Игревский бастаған бір топ білікті мамандар ұшып келді. Олардың әрқайсысының көргені көп, тәжірибелері де ұшан-теңіз. Мұндай авариялық жағдайлардың талайын бастан өткерген сұңғыла жандар. Жеме-жемге келгенде, бір амалын тек осылар ғана табуға тиіс. Әйтпесе, бізден қайран жоқ. Қолдан келген біраз шараны қолданып бақтық. Бәрі нәтижесіз. Ашық фонтан аласұрып, үсті-үстіне ышқына түседі. Бұрғылау тұрбасының іші-сыртынан бірдей аяусыз атқылап, бейне бір аспанға шапшиды. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп ертегілерде айтылғандай, тұзасты мұнайының толғағы тым қатты. Жүдә, бет қаратпайды-ау бет қаратпайды.

      Келісіп пішкен тон келте болмайды. Бір ғана амал – шетелдік превентордың құдіретін дереу іске қосып, қап-қалың тұрбаны қылшадай қиып түсу шарт. Астанадан келген бұрғы мамандарының ең соңғы тоқтам-тұжырымы нақ осындай. Шама келсе, осының өзін көп кешіктірмеген абзал. Өйткені, уақыт тығыз. Басы артық ойланып тұруға мұрша  жоқ. Сол екі ортада Валерий Иванович министрмен  хабарласып үлгерді. Ендігі қолбөгеу – жалма-жан акт жасап, штаб мүшелеріне жаппай қол қойдыру парыз. Яғни, заңдастыру қажет. Валерий Иванович бұл тапсырманы табан астында Сырым екеумізге асығыс жүктеді.

      Екеулеп №37 ұңғыманың басында қалыптасқан жағдайды қысқаша баяндай келіп, ең соңғы әрекет төңірегіндегі ойларды бастырмалаттық. Мен айтып, Сырекең айдақтатып жазып жатыр. Енді екі-үш сөз қалды. Сонан соң штаб мүшелерінің аты-жөнін, шен-шекпендерін тіркеп, қосақтаймыз. Арғы шаруаның тізгіні В.И.Игревскийдің өз қолында. Осынау тосын сыннан мүдірмей өтсек, соның өзі ойдай олжа.

      Осылай деп ойлап үлгеруіміз мұң екен, айдала гүрс етіп, ашық аспан аяқ асты жаңғырығып кетті. Бейне бір ап-ауыр бомба жарылған рет. Сондайлық әсер. Құлақ бітіп, көз алдымыз қарауытып барады. Сөйтсе, №37  ұңғыманың үсті қоп-қою түтін. Бұйра-бұйра. Жан-жаққа жайылып, алды ұшар басын бұлт шалған маңғаз мұнарадан әрі асыпты, жарықтық. «Өрт-тілсіз жау» деген осы. Шыққыр көзіміз оны да көре қалды -ау.

      Міне, құдірет! Әлгінде ғана сап-сау №37 ұңғымада осы бойда алапат өрт құшағында. Алаулаған жалын қызуы шілденің аптап ыстығымен айқасып, әбден ауыз жаласқан. Аяқтың астына шейін күйіп-жанып, 200 метрге дейінгі қара жер өз-өзінен өртеніп жатыр. О, тоба! Қалай ғана аман қалғанбыз? Осыдан аз ғана уақыт бұрын қырғын халық ақаулы ұңғы басында ұйлығып, үкі көргендей таңырқап тұрғанымызды қайтерсің. Онан түп көтеріле алыстап, шығандап кетуімізге қарағанда, әрқайсымыздың ішімізде бір-бір оққағарымыз болғанын қарай гөр. Әйтпесе, күліміз көкке ұшып, жанымыз жәннаттан орын алар ма, қайтер еді?

      Айтпақшы, Бердник деген фонтаншының жауырын жағын өрт шалып, жазым боп кете жаздады. Абырой болғанда, жалаңаш еті аман. Шабандау қимылдап, қашып үлгермеген, тәйірі. Шамамен әрқайсысы 100 метр қашықтықта тұрған екі автомашина да ән сағатта отқа оранып шыға келді. Осының бәрі әредікте кино лентасындай көз алдымызға айна-қатесіз елестейтінің қайтерсің. Және бір ғажап көрініс – маңғаз мұнараның айналасы сүт пісірімдей уақыт ішінде майып болуы дер едім.

      Сөйтсе, алапат өрт айналасына маңайлатпайды. Оның өкпе тұсында тау-төбе боп үйілген темір-терсекті осынау танк зеңбірегімен атқылап, ту-талақай ету қажет. Міне, жұмыр басты пенденің қулық-сұмдығы осыған кеп саяды.

      Міне, металл сынықтары ауыр соққыдан абдырап, аласұрып, жарықшақтанып, жан-жаққа жанұшыруда. Олардың әлгінде ғана жамбастап жатқан жерін жылан жалағандай ету керек. Сонда ғана көңіл көншиді. Оның бергі жағындағы тірлік қаз-қалпында қайталана береді, қайталана береді.

      Ең соңғы нысана-шетелдік превенторда оң жамбасқа ілікті. Танк экипажы оған да оншақты снарядты қардай жаудырды. Әншейінде әр оқ қасқалдақтың қанындай қат дүние. Бұ сапарда ондай тарымшылықтың атасы өлген. Шетелдік превентор осы бойда ата жау іспетті. Оны сатып алуға жұмсалған қып-қызыл қаржыға да анық аяушылық білдіретін кез емес бұл.

      Құралайды көзден атқан мергендер апайтөс превентордың шыбын жанын шырқыратып, бел омыртқасынан ойып барады, ойып барады. Оның да көбесі сөгілуі тым жақын.

      Сол екі ортада алапат өрт те айылын жазғандай әсер қалдырды. Аспанға шапшуы да анағұрлым. Тым биік.

      Тағы бір таңғажайып көрініс көз алдымызда. Жеті қат жер астынан дүмпіген дүлей күшке бұғау боп тұрған мың сан бұрғылау тұрбалары екен. Әрі-беріден кейін олда шиыршық атты. Әсіресе, алғашқысы аузымен от шашып, бейне-бір айдаһар тәрізді. Аспандап-аспандап барып жер құшты. Артындағылар да анық аждаһа! Бейне-бір макарон талшығындай үздік-саздық. Ащы ішектей шұбатылуының өзі ұзақ сонар әңгіме. Оны ауыз-екі айтып жеткізу қиын. Ұмытпасам, полтавалық фонтаншылар осының бірқатарын әуесқой киноға түсірген тәрізді.

      -Долото қайда? Соны тапқан адамға ала-бөле байрақ беріледі,- деп жариялады мұнай өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары забойдағы ең соңғы тұрба ағытылып түскен шамада. Оның артынша іле-шала аса қуатты фонтанның онан сайын ышқынып, алапат өрттің онан сайын алаулағанын, асқақтай жанғанын бұл сапарда көзге ілген ешкім жоқ. Жұрттың бәрі алмас қашаудың ізінде жүр. Оны тапқан адам ойдай олжаның астында қалмақ.

      -Сүйінші! Сүйінші!- десті полтавалық фонтаншылар адуын алау астынан суырылып шыға беріп. Оларды осы жолы оздырған отқа төзімді костюм-шалбар.

      Не бастарыңды ауыртайын, Валерий Иванович аталмыш долотоны тапқан еңгезердей екі жігітті қапсыра құшақтап, арқаларынан қақты.


       

      Тілші толғанысы

      Аты шулы Теңіз!

      Бүгіндері бұл атауды білмейтіндер жоқ-ау. Күні кеше емес пе - еді, КеңЖылой аймағынын көкорай шалғынға оранып тұрғаны. Құба белдер, түкті кілемдей құлпырып жатушы еді. Амал не, атышулы Теңіз кеніші алды-артымызға қаратпай, тұз астынан дүмпіген, көлкөсір мұнайды желеу етіп, өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасында айналасы атшаптырым аймақты алатопалаң шаңға айналдырып шыға келді. Иә, ол №37-ші ұңғыманың өрескел оқиғасымен ұштасып, ауыз жаласқандай еді. №37 ұңғыма! 400 күн! 400 түн! Теңіздегі алапат өрт осыншама уақытқа созылды. Жер астынан шыққан мұнай мен күкіртті сутегі жер ананың апшысын қуырып жатты.

      - Теңіздегі №37-ші ұңғыманың экологияға келтірген зияны өте көп. Аталмыш ұңғы 400 күн бойы атқылап, ауаға бірнеше мыңдаған тонна зиянды күл-қоқысты тастады. Апат 1985 жылдын 24-маусымынан басталып, 1986-жылдың шілде айынын 27-не дейін жалғасты. КСРО басшылары Теңіз кенішін өз меншігі ретінде қарады. 1985-1986 жылдары КСРО Қазақстан өз алдына дербес мемлекет болады деп, ойлаған да жоқ. Дербес мемлекет бола қалған күннің өзінде бұл кенішті өз меншігінде қалдыруға бар күшін салды. Сондықтан ұңғымадағы өрт ұзаққа созылмауына жұмыстанған еді, -  дейді КСРО-ның құрметті мұнайшысы ҚР жер қойнауынын құрметті барлаушы-геологы, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі, геолог Мақаш РАХМЕТОВ бізбен әңгімесінде.

      Рас, ол кезде экологиялық заңдылықтарды білмеуімізден біраз залал шектік. Алапат өрттін орасан зор, қайғы қасірет әкелгені даусыз.  Айталық құрамында күкіртті сутегі бар мұнай аралас ілеспе газ 1985 жылғы 24 маусымда тұтанып екі ортада 1 жыл, 1 ай өткенде барып, әзер дегенде өшіргені белгілі. Осы уақыт ішінде 3,5 млн. тонна мұнай жанып кетті. Сонымен қатар, 1,7 млрд. текше метр көгілдір отында күлге айналған еді. Қоршаған ортаға 900 мың тонна күйе мен залалды зат қалдықтарымен көмкерілді. Аспанға шапши жанған жалынның ұшарбасы 200 метрге жеткен болатын. Ал, осы жердегі топырақтың қызуы 400 0С градустан әлде қайда асып түскен еді. Аса жоғары температура жағдайында қара жер қайнап пісіп, әйнек тектес жасанды минерал - обсидианға айналды.

      Айта кету керек, ғалымдардың пайымдауынша, аталмыш өрттің зардабы радиусы 35-40 шақырымды тез қамтыған екен. 8 бірдей мұнайшы қалашықтары осынау қапырықтың астында қалды. Соның ішінде ең жақыны Сарқымыс елді-мекендердің тұрғындары басқа жерге көшіріліп тынды.

      Сөз жоқ, табиғат қорғаушыларының қатты мазасыздандыратын жәйт, қазіргі таңда Каспий теңізіне жасалып жатқан қиянатқа, өпірімдікке, халық жайбарақаттық білдіріп отыр. Бір қарағанда жұмған ауыздарында ашпайды. Соған қарағанда екінің-бірінің экологиялық белсенділіктері тым төмен.

      Өрт сөндіруге американдық мамандарда тізе қоса жұмыс жасады. «Камерон», «Ред Эдейр», «Отис» фирмаларының фонтаншылары №37-ші  ұңғыманың авариялық жағдайларын өз көзімен көріп, ендігі жерде не істеу қажеттігін өздері ойласты. КСРО Министрлер Кеңесінің арнайы рұқсатын алған, қысқа мерзім ішінде КСРО Сыртқы сауда министрлгі арқылы шетелдік фирмалармен келіссөздер жүргізіле бастады. Соның арқасында, 400-К тұрпатты алып қондырғы «Совтранс» арқылы Голландия елінен әкелінді. Оны біздің мамандар монтаждады. Әсіресе, «Камерон Айрон Уоркс», «Ред Эдейр» және басқаларының көмек-қолқабыс көрсетуіне жол ашылды.

      Сондай-ақ, Атырау қаласындағы Петровский атындағы машина жасау зауыты гидро қондырғыны жасау жөніндегі сұранысты шеберлікпен орындады. Құрастырылмалы превентор мен гидроқондырғы ойша жобаланған ұңғыма ауызына қона кетті. Оның төмен қарай түсіруіде оңай болды. Сондай-ақ, гидро қондырғыны 700 атмосфералық қысым жағдайында кетіруде іске асты.

      Биылғы маусымда Теңіз кеңішіндегі айтулы апатқа табаны күректей 30 жыл толады. Бір қарағанда 30 жыл ішінде талай су ақты. Бүкіл әлемдегі саяси жағдайда түбірімен өзгерді. Күні кеше аузымен құс тістеген КСРО деген даңғардай мемлекеттің аты келмеске кетті. Аталмыш кен орны Ресей мен шекаралас Қазақстан егемен елдің территориясында.

      Иә, ешнәрседе ұмытылмайды. Алапат өртті сөндіруге қатысқан азаматтардың бәрі де жадында. Барлық құжаттар мұрағатқа текшеленіп жиналып, фильмдер сақтаулы тұр. Асылы ғасыр апатын әр-кез еске алып қойған да орынды болар деп ойлаймыз.


       

      Тілші: - Өрт болған жерде су тапшылығы болса сол  жаман. №37  ұңғымада солай болыпты. Каспий теңізінен бастау алатын, Ерік каналы сасқаннан еске түсіп, күшін соған салыпты.Және талай адамды тақтан тайдырған бұл өрт жергілікті кадрларға оңай тимегені анық. Әсіресе Балықшы барлау бұрғылау басқармасынын басшысы Асабай Хисметовке ауыр болғанын  білеміз. Рас, одақтағыларға ағыл - тегіл мұнай керек болған. Жалпы №37 ұңғыманың басында апат кезінде Гурьев облыстық партия комитетінің бюросының көшпелі мәжілісі өткені белгілі. Осы мәжілісте бір қатар адамдар жазаланды емес пе?

      Төлеген БАЙЗАҚОВ: - Ерікпен екі орта он екі шақырым. Жаяуға екі сағаттық жер. Міне,екі аптадан бері осындамыз.  Алғашқысында апыл- ғұпыл су құбырын тарттық.Жергілікті барлаушы-бұрғышылар үшін бұл дегенің шайдың батасындай. Әр қондырғының басында текшеленіп,жиналған дап-дайын бұрғылау тұрбаларын қолма-қол тәркілеп, осында алдырдық.

       Жалпы, Еріктің басы кешегі алғашқы күндері  тайқазандай қайнап құжынаған еді. Қазір қайта саябырсыған. Яғни, бір қатар жұмыстар қолма-қол атқарылып, артта қалды. Енді оған жуық арада қайта оралуымыз екі талай. Атап айтқанда, алдымен су айдайтын насос орнатылды. Әлде қайдан дизельді электро станция әкелінді. Олар өзара жалғанып жатқан шамада бұрғылау тұрбалары бір - біріне ән сағатта жымдасты. Бұл жерде ауыл механизаторлары мен қолы бос деген құрылысшылар еш қамшы салдырмады.

      Алапат өрт нақ төрімізде аласұрып жанып жатқанда, оның жанында қаннен-қаперсіз, жайбарақат жүру қайда?

      Обалы не керек, жергілікті кадрлар бастықтардың көз қырында қалдық ау деп онша көп қайғырып жүрген жоқ. Бастапқы үш тәулікте қырғын жұмыстың төбесіне су құйылды. Әшейінде он  екі  шақырымға созылған су құбырын төсеуді кәнгі құрылысшылар екі-үш аптаға ермек етер еді ғой. Оған қоса су айдайтын насос, дизельді электро станциясы бір-бірімен ашық бәсекеге түскендей, жарыса қондырылды.

      Министрдің бірінші орынбасары В.И.Игревский бұл қауырт қимыл, қарбалас шақтарымызды теңдесі жоқ ерлік еңбекке сайды. Өз аузынан қатты ризашылығын білдіріп, ерекше көзге түскен бұрғышылар мен құрылысшыларға ақшалай сыйлық бергізді. Оған қоса 150 дей адам үш күн бойына тегін тамақтанды.

      №37 ұңғыманың өкпе тұсындағы алғашқы айбар қазылып боп, соған күндіз-түні су айдап қапылудамыз. Жағалай қия шабуыл. Ауы бітсе де, бауы бітпейтін бір жұмыс. Со бір тұста Асекең үстімізге әлдеқалай келе қалды. Байтал түгел бас қайғы. Ол кісіні көптен бері көріп тұрғаным осы. Ақсары жүзі тым түтігулі. Соңғы бір жарым аптаның ішінде еңкіш тартып, шөгіп қапты. «Арғымақ семірмек-көңілден» дегенмен, қайран Асекең түбіне осы №37 ұңғыма жетіп тынған ғой шамасы.

      Талай адамның тақтан тайдырылатыны айтулы авария барысында-ақ белгілі болғанды. Солардың ішінде ең бір обалы бар адам осы Асабай Хисметов еді. Бүкіл мағыналы өмірін осынау болат бұрғыға арнаған адамның ең соңында сол  болат  бұрғыдан опық жеуі мүмкін бе? Тап қазір шаш ал десе, бас алатын заман емес. Ақ-қарасын айырып іскер кадрларды көздің қарашығындай сақтасақ нетті? Өкінішке орай Асекең бұл сапарда көзге шыққан сүйелмен бірдей.Яғни көп кешікпей жылы орынды әлдекімге босатуы мүмкін.

      -Төлен, қалқам, қатты шаршадым. Сен ана жаққа барсаңшы жарқыным!

      -Неге?

      Барлаушы-бұрғышылар Асекеңді қамаулап ортаға алып отырмыз. Айтатын әнгіме ақтаратын сыр ағыл- тегіл. Не үшін тер төктік? Не үшін табанымыздан тоздық? Ақыр аяғында абыройымыз айрандай төгіліп, қақпаның сыртында қалғанымыз мынау.

      -Жергілікті ұлттық кадрлардың тұзасты қабаттарын қазуға қабілеттері аз, тәжірбиелері жоқтың қасы. Сондықтан оларға көп жағдайда әнебір сене беруге болмайды.

      Міне сонымыздан ертен сөз төркіні осындай. Керек десен қазып жатқан ұнғымыздың бәрі көзден бұл-бұл ұшты.

      -Ит ашуын тырнадан алады. Әзірге көздеріне көрініп түрғандары біз болған соң, не жорық. Ертеңгі күні уақыт бәрінде сабасына түсіреді. Сол кезде күрекке боқ көп. Болат бұрғыларыңмен әлі де жылап көрісетін күн туады.

      Асекең осыны айтып, еңсесін сәл-пәл жазғандай болды. Егер ол кісінің көңілі соқса, сұрақ жеткілікті. Соның бірін көлденең тартудын анық ыңғайы кеп тұр.

      -Неге?- дейміз Асекеңнің өз сұрағын өзіне қайталап, -анау Пустынный мен Тәжіғали алаңдарын қазу барысында күкіртті сутегінің хабары анық білінгендей еді ғой.  Сонсоң осында да алғашқы ұңғымаларды сынақтан өткізу барысында мұнай құрамындағы улы газдың аз мөлшерде емес екені де әбден анықталды. Сол тұста әрі қарайғы бұрғылау жұмыстарын біржола тоқтатып, қазылған ұнғымаларды консервацияға қойғанда ше?

      -Одақты күкіртті сутегімен қорқыта алмайсың. Оларға өліп-тіріл ағыл-тегіл мұнай керек. Құлқындары құдық. Бүкіл елдің жыртық-тесіктерін бір ғана мұнаймен жамап-жасқамақ!

      Жаны бар сөз. Анау Өзен мен Жетібай кен орындарының мұнайын бір кездері талан-таражға сап, онан соң Еділ-Жайық  аралығына самұрықтай шүйіліп еді. Бұл күндері Батыс Сібір мұнайын сүлікше соруда. Ендігі кезекте атышулы Теңіз кенішін тездетіп игеріп, мұндағы ең байлықты еселеп өндірсе, біраз жоқтары түгенделуге тиіс.


       

      (Жалғасы алдағы нөмерлерде)


       

      Кейіпкер туралы 

      Төлеген Байзақов 1944 жылы Талқайраңда туған. Балықшының баласы. Орта мектепті тәмамдағаннан  кейін екі жыл Қарсақта мұнай және бұрғы жабдықтарын жөндеуші болып істеді. 1962 жылы Грозныйдағы мұнай институтына түсіп, оны 1971  жылы бітірген. Екі ортада шығыс Германияда әскери міндетін өтеп қайтқан. 

      Содан бермен қарай Ембі мұнай бірлестігінің бұрғылау және ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстары саласында әр алуан жауапты қызметтер атқарып, аталмыш акционерлік қоғамның тете-президенті дәрежесіне дейін көтерілген.


       

      Сұхбатты жүргізген «Мұнайлы Астана»  газетінің тілшісі Құттыгерей Смадияр  Атырау облысы.

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       _____       ___     _    _    __   __  __    __  
      |  __ \\    / _ \\  | |  | ||  \ \\/ // \ \\ / // 
      | |  \ ||  | / \ || | |/\| ||   \ ` //   \ \/ //  
      | |__/ ||  | \_/ || |  /\  ||    | ||     \  //   
      |_____//    \___//  |_// \_||    |_||      \//    
       -----`     `---`   `-`   `-`    `-`'       `     
                                                        
      
       
      Наверх