Новости Атырау - Мунайлы Астана

    18 ноябрь 2017, 1:04
      Аймақ 20.05.2015, 18:19 0 пікір 1864 просмотров

      Балаңыз балабақшаға бара ма?

      Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту бағытында нәтижелі жұмыстар жүріп жатыр. Дегенмен, басқа өңірлердегі сияқты біздің қаламызда да балабақша мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Қаламызда мектепке дейінгі ұйыммен қамту жағдайы қалай болуда? Биыл қанша бала балабақшаға бару бақытына ие болмақшы? Біз осы жайында сөз қозғамақпыз.


      Балдырғандарды мектепке дейінгі ұйыммен қамтуда  жүйелі жүзеге асып жатқан «Балапан» бағдарламасының маңызы зор. Өйткені дәл осы бағдарлама іске асқалы бері елімізде балабақша саны күрт өсті. Мәселен, өткен жылы орта білім беру жүйесінде атқарылған жұмыстар нәтижесінде қаламызда үш балабақша іске қосылып, демеушілік көмек есебінен 10 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл да бірқатар жаңа балабақшалар құрылыстары жоспарланған. Алайда, мұнымен мәселе шешілді деуге келмейді. Себебі әлі күнге дейін балабақша кезегіне тіркелген балалардың саны азаяр емес. Атырау қалалық білім бөлімінен алған ақпаратқа сүйенсек, күні бүгінде 18 550 бала балабақша кезегіне тіркелген.

      Қалалық білім бөлімі басшысы Нұрсәуле Сайлауқызының жазбаша берген жауабында ағымдағы жылы 2012 жылы арыз берген ата-аналардың кезектілігі және 2013 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларында берген арыздар бос орынның болуына қарай қаралатындығы айтылған. Қалалық білім бөлімі басшысы өз кезегінде жолдама алу құқығына жеңілдіктер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес белгіленген санаттағы тұлғаларға таралатындығына тоқталған. Яғни заңды өкілдері мүгедек болып табылатындардың, әскери қызметшілердің, оның ішінде қызмет өткеру уақытында қаза тапқандардың, қайтыс болғандардың немесе хабар-ошарсыз кеткендердің, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, оның ішінде қызмет өткеру кезінде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен қызметкерлердің балаларына, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға заңнамаға сәйкес жолдама алу құқығына жеңілдіктер беріледі екен.

      Қазіргі кезде ата-аналар бала өмірге келісімен-ақ оны балабақша кезегіне қоюды үйреніп алды. Онысы, бала үш жасқа келгенше кезегі келер деген үміт ғой. Уақыт талабы дейміз бе, бүгінде баласы үш жасқа келгенше бала күтімімен отыратын аналар да азайып барады. Себебі, бала жасқа толғаннан кейін оған төленетін жәрдемақы тоқтатылады. Содан жұмысқа шығуға қамданып, бала бағатын күтуші немесе жекеменшік балабақша іздей бастайды. Бала бағатын күтуші әрине таныс адамдардан болмаса, кез-келген адамға балаңызды сеніп тапсыруға болмайтындығы тағы бар. Себебі бала күтушінің бәрі бірдей емес. Сол себепті бүгінде жекеменшік балабақшаларға деген сұраныс артып отыр. Жалпы, мектепке дейінгі ұйымдардың тапшылығын болдырмаудың бір жолы, ол жеке меншік балабақшалар қатарын арттыру. Жеке меншік балабақша ашу үшін кәсіпкерлерге қолдау да мейлінше көрсетілуде. Бұл тақырыпты облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ былтырғы жылды қорытындылаған есебі кезінде де айналып өтпеді.

      -Облыста 3 жасқа толған бүлдіршіндердің саны 6 жасқа толып, мектеп табалдырығын аттаған балалардан 3 553-ке артық. Демек, балаларымызды мектепке дейінгі ұйыммен қамтуды тек осы деңгейде ұстап тұру үшін ғана жылына кем дегенде 1 мың балаға балабақша орнын ашып отыруымыз керек. Сондықтан, жергілікті жерлерде қала-аудан әкімдерінің биылғы көрсеткіштерінің бірі – жеке меншік балабақшаларды ашуға ықпалы болмақ. Өткен жылы облыста 17 мектепке дейін ұйым ашылды. Ондағы орын саны – 2 900. Оның тек 22 пайызы (640 орын) жекеменшік балабақшаларға келеді. Күні бүгін Мақатта ғана жалғыз жеке балабақша бар, қалған аудандардың бірде-біреуінде жоқ. Атырау қаласындағы жеке балабақшалардың үлесі тым аз, - деген болатын.

      Қалалық білім бөлімінің басшысы Нұрсәуле Сайлауованың айтуынша, қазіргі уақытта қалада 33 жекеменшік балабақша жұмыс жасап жатыр. «Балапан» бағдарламасының тағы бір ұтымды тұсы – жекеменшік балабақшаларға мемлекеттің көмек көрсетуі. Меншік түріне қарамастан, жан басын қаржыландыру әдісі бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру – жеке меншік балабақшалар санының артуына ықпал етпек. Қала бойынша айтар болсақ, жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру конкурсы заң талаптарына сәйкес жарияланған. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша байқауға «Хан Шатыр»  жекеменшік балабақшасы қатысып, қазіргі кезде өз жұмыстарын  жүргізіп жатырған көрінеді.


      Балабақша – баршаның мәселесі. Олардың желісінің даму қарқыны қазіргідей сақталса, мектепке дейінгі ұйымның жетіспеушілігі көп кешікпей шешімін табады деген сенім білдіреміз.


      Арай НҰҒЫМАНОВА

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       ______      ___      ______    _____     ______  
      |      \\   / _ \\   /_____//  |  ___||  /_   _// 
      |  --  //  / //\ \\  `____ `   | ||__      | ||   
      |  --  \\ |  ___  || /___//    | ||__     _| ||   
      |______// |_||  |_|| `__ `     |_____||  /__//    
      `------`  `-`   `-`  /_//      `-----`   `--`     
                           `-`                          
      
       
      Наверх