18 тамыз 2017, 14:45
      Денсаулық 24.06.2015, 15:53 0 пікір 2436 просмотров

      Медицина саласында оң өзгеріс немесе тұрғындардың өмір сүру жасының ұзақтығы 70-ке жетті

      Дені сау адам - мемлекеттің басты байлығы. Осы орайда елімізде тұрғындардың денсаулығын қорғау барысында мемлекет басшысының бастамасымен бірқатар бағдарламалар қабылданып, көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі - күні кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамындағы» денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлген, ұлт денсаулығын нығайтуға бағытталған бірнеше нақты тапсырмалары. 


      Жалпы, мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауларында денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызмет сапасын арттыруға баса көңіл бөліп келеді. Яғни, қашанда денсаулық саласы мемлекет назарынан тыс қалған емес десек, артық айтқан болмаймыз. Бұған осыған дейін елімізде қабылданған «Саламатты Қазақстан», «100 мектеп, 100 аурухана» секілді бағдарламалардың қазақстандықтар саулығын сақтауда маңызы зор болғаны айқын дәлел бола алады. Басқасын былай қойғанда, осы бағдарламалар аясында елімізде көптеген ауруханалар салынып және оған қажетті аппараттар сатып алынды, тұрғындардың саулығын сақтау, оларды сапалы әрі тиімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету бағыты үнемі күн тәртібінде тұрды. Атқарылған шаралар легі де аз емес...

      Жарқын болашақтың кепілі болған «Қазақстан - 2050» стратегиясында да Елбасымыз «Ұлт денсаулығы – біздің табыс-ты болашағымыздың негізі» екендігін атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ, Елбасы ана мен бала өлімін әлі де азайту және халықтың денсаулық деңгейін арттыру мен қазақстандықтардың өмір жасын ұзарту жөнінде жүйелі шараларды қабылдау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын бұған дейін бірнеше мәрте айтып келеді. Және бүгінгі таңда осыны негізге алған салада еліміздің әр облыстарында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі - жуырда денсаулық сақтау саласына қатысты келелі мәселелер, оны шешу жолдары «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалындағы «Ұлт денсаулығы» бағыты бойынша өткен келелі отырыста қаралып, талқыға салынды.

      Жалпы, жоғарыда айтып өткеніміздей, денсаулық сақтау жүйесі қызметінің барлық қызметі іс жүзінде саланың ең басты көрсеткіші күтілетін өмір сүру ұзақтығын арттыруға арналған.

      Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дина КАМЕЛОВАНЫҢ мәлімдеуінше, дер кезінде қолданылған шаралар нәтижесінде облысымызда осы көрсеткіштің оң беталысы байқалады. Яғни, үстіміздегі жылы өңірдегі тұрғындардың өмір сүру жасының ұзақтығы 68-ден 70 жасқа жетті. Орташа өмір ұзақтығына тікелей әсер ететін жалпы өлім көрсеткіші төмендеп, 5 пайызды құрады. Ана өлімінің көрсеткішін (100 мың тірі туылғандарға шаққанда) 76 пайызға, сәбилер өлім-жітімін 7,8 пайызға төмендетуге қол жеткізілді. Демографиялық көрсеткіштер (1 мың адамға шаққанда) тұрақты болды. Былайша айтқанда, туу мен табиғи өсім көрсеткіштері былтырғы деңгейде қалып, халық санының өсу қарқыны 22 пайызды құрады.

      «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының түпкі мақсаттарының бірі – аурудың алдын алу үшін тұрғындарды скринингтік тексерулерден өткізу, сол арқылы табылған ауруды ерте сатысында анықтап, емдеу. Осы мақсатта мамандардың айтуынша, қан айналымы ауруларына, қант диабетіне, сүт безі, жатыр мойны қатерлі ісігіне, глаукомаға өзге де бірқатар ауруларға қауіп-қатер бойынша скринингтік тексерулер жүргізілуде.

      Қазіргі уақытта облыста 2 мың 969 кереует бойынша 30 мемлекеттік ауруханалық ұйым жұмыс жасайды. 10 мың тұрғынға шаққанда кереуетпен қамту көрсеткіші 51 пайызды құрап отыр. Жыл ішінде облыс стационарларындағы кереует саны 105-ке қысқарған. 2013 жылы барлық стационарларда 76 мың 504 науқас, өткен жылы 75 мың 903 науқас емделіп шыққан. Жыл ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдарындағы мамандарға 3 мың 648 адам қаралыпты. Ал, емханаларға қаралушылар саны былтырғы жылмен салыстырғанда бес пайызға артқан көрінеді.

      Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе «Медицина қызметтерін көрсетуде және тегін медициналық көмектің кепілді көлемі (ТМККК) шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде тең жағдайлар жасау». Камелова ханымның айтуынша, бүгінгі күні облыстың мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінде 167 медициналық ұйымдар қызмет етіп келеді. Олар: 31 стационарлық ұйым, құрамында 54 дәрігерлік амбулатория, 6 ФАП, 47 медпункті бар 8 қалалық емхана мен 7 аудандық емханалық бөлімшелер және 12 басқа ұйымдар.

      «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір сырқаты бар халықты дәрімен тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың және бейімделген емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 4 қарашадағы №786 бұйрығына сәйкес, 2013 жылы облыстық бюджеттен 614 миллион 111 мың теңге бөлініп, жыл аяғында игерілген. Ал өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржы 812 миллион 584 мың теңгені құрапты.

      -Облыстағы барлық балалар тегін медициналық көмектің тиісті амбулаториялық және стационарлық деңгейдегі медициналық көмекпен қамтылып отыр. Үстіміздегі жылы жалпы аурухана мен амбулаториялық дәрі дәрмекке 1 млрд. 455 мың 142 теңге бөлінді. Бұл көрсеткіш 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34 пайызға өсіп отыр. 

      Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұған дейін медициналық көмектің адамның денсаулық жағдайының 8-9 пайызына ғана әсерін тигізетінін, ал 50 пайызы адамның өзіне, өмір сүру салтына байланы сты екенін дәлелдеп берді. Сол себепті облыс тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануы, зиянды әрекеттерден аулақ болып, спортпен айналысуы алдымен азаматтардың өзіне тиімді екенін түсінулері керек, - дейді Дина Камелова.

      Облыста 171 дәрігер жетіспейді

      Аталған жиын «Жастарды қолдау» бағыты бойынша партиялық куратор жанындағы сараптамалық топ отырысымен жалғасын тапты. Отырыста жұмыссыз жастардың жұмыссыздығын шешудің белсенді шараларымен қамту деңгейін арттыру, Атырау қаласындағы медицина саласына тартылған жас мамандардың әлеуметтік жағдайы секілді бірқатар мәселелер қозғалды.

      Белгілі болғанындай, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жас мамандардың әлеуметтік жағдайларының мәселесі жөнінде көптеген хаттар келіп түседі. Солардың бірі – шахарымызға шақыртумен келген Атырау қаласындағы № 2 қалалық емхананың жас маман педиатры Зергүл Есенғалиева және № 7 қалалық емхананың гастроэнтеролог және эндоскопист дәрігері Байболсын Жаханов. Шағым берушілердің көрсеткен фактілері бойынша оқу бітіріп, жұмысқа қабылдаған кезде жергілікті атқарушы орган пәтер бөлінетінін және балаларының балабақшамен қамтамасыз ететіндігі жөнінде уәде берген.

      -2011 жылы қазіргі қызмет етіп отырған емханаға арнайы шақыртумен келдім. Өзім үш маманның иесімін. Жұбайым да осы саланың қызметкері. Соған қарамастан, отбасымызбен төрт жылдан бері қалада пәтер жалдап келеміз. Баламыз науқас. Сол жылы Атырау қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі тұрғын үй секторына бес мыңыншы болып кезекке тұрдым. Содан бері төрт жылда тек бір мың кезекке ғана жылжыған екенмін. Ата-анам болса, жеті жыл оқығанда, жүрісің мынау, тентіремей елге қайт деп отыр. Бізге пәтер мәселесін тез арада шешуге көмектессеңіздер екен, - деді № 7 қалалық емхананың гастроэнтеролог және эндоскопист дәрігері Байболсын Жаханов.

      Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дина КАМЕЛОВА, облыста онсыз да 171 дәрігер-маман жетіспейтіндігін, егер жас мамандардың осындай әлеуметтік мәселесінің шешілмеуінен кетіп қалар болса, жағдайдың тіптен нашарлайтындығын алға тартты. Айтуынша, облыста алдағы уақытта дәрігерлерге арналып қызмет үйлері, жатақханалар салынады, бірақ сәл кейін іске асатынын еске салды.

      Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира ШӘКІРОВА болса, облыста дәрігерлердің жетіспейтіндігі шынымен үлкен мәселе екендігін, алайда баспана тек Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен асыраушысы жоқ балаларға жедел берілетінін айтып, мәселенің шешімін табу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы жергілікті әкімшілікке жас мамандарға қызметтік пәтер жалдап беру үшін емханаларға қаражат бөлуге сұраныс хат жібергені жөн шығар деген ұсынысын білдірді. Өйткені, сөзінше, өңірдегі осындай дәрігер жетіспеушілігі мен олардың әлеуметтік жағдайының төмендігінен медицина саласындағы сапа төмендейді.

      Сөз болған мәселеге қатысты № 7 қалалық емхананың бас дәрігері Ғалымжан ЕСҚАЛИ өз пікірін білдірді:

      -Мен басшылық етіп отырған № 7 қалалық емханадағы 66 дәрігердің 10-ы жас маман. Олардың барлығының да пәтері жоқ, жалақысы аз. 66 дәрігердің 3-еуі жұмыстан кетті, енді тағы 3-еуі кетуге бел буып отыр. Оның бер жағында зейнеткерлікке, пәтерге қол жеткізе алмай кетіп жатқандары тағы бар. Дәрігерлердің жетіспейтіндігін ескерсек, үш жылда өңірге жас маман келмейді! Сонда 2017-2018 жылға қарай емханалардағы жағдай өте қиын болайын деп тұр.

      Жас маман баспанамен қамтылды

      Жиында бас қосқандар бұл мәселенің өзекті екендігін ескере келе, денсаулық сақтау саласы Елбасының қамқорлығынан шет қалмай келетінін, ендеше осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сол қамқорлық аясында барлық жағдайды жақсарту керектігін, баспанаға мұқтаж жас мамандарды тез арада бас-панамен қамтамасыз ету керек деп шешті.

      Айтқандай, уәде орындалды, мәселе оңтайлы шешілді. Ертесі күні-ақ, облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ өз қабылдауында болған №7 қалалық емхананың гастроэнтеролог және эндоскопист дәрігері Байболсын Жахановтың отбасында екі дәрігер екендігін, жас мамандардың облысқа өте қажеттігін ескере келе, Елбасының «Қолжетімді баспана - 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Нұрсая ықшам ауданында салынған №14 тұрғын үйдің пәтер кілттерін табыстау кезінде  жас маманға бір бөлмелі пәтерді өз үйінің кезегі келгенше, қызметтік пәтер ретінде тегін тұруға берді.


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       _    _    _    _     _____      ___     __   _   
      | \  / || | || | ||  /  ___||   / _ \\  | || | || 
      |  \/  || | || | || | // __    | / \ || | '--' || 
      | .  . || | \\_/ || | \\_\ ||  | \_/ || | .--. || 
      |_|\/|_||  \____//   \____//    \___//  |_|| |_|| 
      `-`  `-`    `---`     `---`     `---`   `-`  `-`  
                                                        
      
       
      Наверх