26 маусым 2017, 12:54
      Аймақ 24.06.2015, 15:57 0 пікір 1537 просмотров

      Жол-көлік инфрақұрылымы – жаңа кезеңде

      Елбасының «100 нақты қадам» ұлттық жоспарында жол-көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту жөнінде бірыңғай оператор қалыптастыру үшін стратегиялық инвесторлар тарту жайында айтылған. Сондай-ақ мемлекет басшысы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында да көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту бағытында нақты тапсырмалар берген болатын.


      Елбасы кезекті Жолдауында «Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистаралды автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен  шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай – Батыс Еуропа; Астана – Алматы; Астана – Өскемен; Астана – Ақтөбе – Атырау; Алматы – Өскемен; Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда; Атырау – Астрахан» деген болатын.

      Жалпы, елімізде көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағытында айтарлықтай жұмыстар жасалуда.

      Мәселен, 2014 жылы Атырау облысы бойынша көлік инфрақұрылымына барлық қаражат көздерінен 21 661,3 миллион теңге қаржы бөлініп, 202,4 шақырым жол жөнделіп, автокөлік жолдарының қанағаттанарлық жағдайы 37 пайыздан 42 пайызға жеткен. Бұл туралы Атырау облысы әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ өткен жылды қорытындылап, ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстар жайында жасаған есебі кезінде айтқан болатын.

      - Бұл саладағы ең басты жұмыс, әрине, «Атырау-Индер» тас жолы болды. 147 шақырымына дейін жөнделді, 15 шақырымы қалды, биыл аяқталады.

      Облыстық маңызы бар тағы екі жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Біріншісі, «Қарабау-Миялы» жолының 35 шақырымдық табаны жасалды, биыл асфальттау жоспарланып отыр. Екіншісі, «Ганюшкино-Приморье-Утера-Котяевка» жолының 20 шақырымы жасалды.

      Аудандық маңыздағы жолдардан Жылой ауданы Тұрғызба селосының, Махамбет ауданы Бейбарыс, Жалғансай селоларының кірме жолдары, Исатай ауданының Тұщықұдық, Ерғалиев селоларының селоішілік жолдары пайдалануға берілді.

      Махамбет ауданының 7 ауылы (Махамбет, Алға, Еңбекшіл, Ортақшыл, Есбол, Ақжайық, Сарайшық), Индер ауданының 4 ауылы (Индербор, Құрылыс, Жарсуат, Бөдене), Мақат ауданының 3 ауылы (Мақат, Бәйгетөбе, ПМС), Жылой ауданындағы Қосшағыл селосына, Қызылқоға ауданындағы Жангелдин, Жасқайрат, Қоныстану, Исатай ауданындағы Аққыстау және Жанбай ауылдарының кірме жолы және селоішілік жолдарын жаяу жүргіншілер жолдарымен бірге, күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

      Бұдан басқа, Жылой ауданындағы Шоқпартоғай, Құрманғазы ауданындағы «Дәулеткерей-Алға» автомобиль жолын күрделі жөндеуге облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінді, келесі жылы аяқтайтын боламыз.

      Атырау қаласындағы бір мың шақырым қалалық маңыздағы жолдың 80 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Былтыр форум қарсаңында қаланың жалпы ұзындығы 30 шақырымдық басты 16 көшесі жөнделді. Күні бүгін Атырау қаласында жалпы ұзындығы 164 шақырым 229 көшені асфальттаудың құжаттамасы дайындалды. Құны – 9,4 миллиард теңге. Қаржының ретіне қарай енді қала көшелері де жөнделетін болады. 

      Былтыр республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» автокөлік жолының 120 шақырымы, «Атырау-Доссор» аралығының 30 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Биыл Мақат кентінің 19 шақырымдық айналма жолы мен «Атырау-Орал» тасжолының 30 шақырымына республикалық бюджеттен қаражат қаралған.

      Елбасы Жолдауында жария еткендей, «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» автокөлік жолы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына енді. Қазіргі таңда «Мақат-Сағыз» аралығының 138 шақырымына жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Ал, «Атырау-Астрахан» аралығының 277 шақырымын қайта жаңарту жұмыстарына қажетті жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауға мердігер-жобалаушыны анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар 2016-2020 жылдары жүзеге асатын болады, - деген болатын аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы үстіміздегі жылдың ақпан айында берген есебі кезінде.

      «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның Атырау облыстық филиалы «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы «Ұлттық операторының» жергілікті өкілі саналады. Сондықтан да қызмет бабында Атырау облысы көлемінде орналасқан жалпы пайдаланымдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үздіксіз қызмет көрсетуіне жауапты атқарушы орган.

      Соған байланысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының басшысы Жантас ШӘРІПОВТЕН ағымдағы жылы жасалатын жұмыстар және «Атырау-Орал» автомобиль жолының бүгінгі жай-күйі жайында сұрап білгенбіз.

      «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының басшысы Жантас ШӘРІПОВТІҢ берген ақпараты бойынша, Атырау облысы телімімен өтіп жатырған, ІІІ техникалық санаттағы, республикалық маңызы бар А-28 «Атырау-Орал» автомобиль жолының ұзындығы – 184 шақырымды құрайды. Автожолдың конструкциясы бір белдікке түсетін жүк салмағы 8 тоннаға есептелген және тәулік бойына қатынасын атқарып жатырған автокөліктердің саны – 7 771 дананы құрайды. Күні бүгінге техникалық жағдайы: 5-83; 150-189 шақырымдар аралығы – жақсы, ал 83-150 шақырымдар аралығы – қанағаттанарлық болып бағаланатын көрінеді.

      - Өзіңізге белгілі, автомобиль жолы тәулік бойына қызмет атқаратын жасанды  инженерлік құрылғы болып есептеледі. Тәулік бойына аталған автомобиль жолымен көптеген автокөліктер қатынасын атқарады. Соның ішінде 47 пайызы ауыр салмақты жүктерді тасымалдауға арналған арнайы техникалары. Қазіргі таңда бұл автожолмен бір белдікке түсетін жүк салмағы 10 тоннадан астам құрайтын жергілікті, облысаралық, мемлекетаралық, транзиттік маңызы бар ауыр салмақты ірі габаритті жүктер тасымалданады.

      Жыл сайын республикалық бюджеттен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында күтіп ұстау жұмыстарының атқарылуына қаражат бөлінеді. Бөлінген қаражатқа және бекітілген жоспарға сәйкес көптеген жұмыстар атқарылады. Соның ішінде жол жамылғысын жөндейтін шұңқыр жамау жұмыстары. Үстіміздегі жылдың 20 маусымынан бастап 5-120 шақырымдары аралығында күтіп ұстау бойынша шұңқыр жамау, ал 120-150 шақырымдары аралығында орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда. 150-189 шақырымдары аралығында үстіміздегі жылдың сәуір, мамыр айларында 7000 м2 астам шұңқыр жамау жұмыстары атқарылды. Осы бағыттағы жөндеу жұмыстары толықтай тамыз айында аяқталып, қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етіледі, - дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының басшысы Жантас Шәріпов.

      «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының басшысы Жантас Шәріповтың айтуынша, ағымдағы жылдың жоспары облыс көлеміндегі 990 шақырым құрайтын республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының ішінде – 862 шақырымында әртүрлі жөндеу жұмыстарын көздейді. Оның ішінде: 10 шақырымына - қайта жаңарту, 19 шақырымына – күрделі жөндеу, 30 шақырымына – орташа жөндеу, ал 803 шақырымына – күтіп ұстау жұмыстары жасалады. Қазіргі таңда бұл жұмыстар атқарылып жатыр.

      - Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы бойынша А-27 «Ақтөбе-Атырау-РШ (Астрахан бағыты)» автомобиль жолының 432 шақырымында қайта жаңарту жұмыстары жоспарлануда. Бұл бағытта қазіргі таңда мамандармен жобалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» Атырау облысындағы филиалында республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы (Астрахан бағыты)» автомобиль жолының «Ақтөбе-Мақат» 138 шақырым аралықтарында жолды қайта жаңалау үшін жобалық-сметалық құжаттарын жасақтау жұмыстары жасалып жатыр. Бұл жұмыстарға 203 392,9 мың теңге қаралды. Бұл жобалар бойынша маусым айына дейінгі мерзімге жұмыстар кестеге сай жасалуда. Қазіргі кезде аталған жолдың 10 шақырымына, яғни 458-468 шақырым аралығына жобалық сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Бұл жобаның құрылысы жылымыздың екінші жартысында басталмақшы, - дейді Шәріпов мырза.

      «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының басшысы Жантас Шәріпов өз сөзінде «Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы (Астрахан бағыты)» автомобиль жолының Астрахан бағытына қарай 277 шақырым аралықтары 6 лотқа бөлініп, оның 3 лотының жеңімпаздары анықталғандығын мәлімдеді.

      - Қалған участоктерге жеңімпаздар әзірге анықталған жоқ. Қазіргі уақытта бұл бөліктерде жұмыстар 1 маусымнан басталып кетті. Бұл жобаларға 150 421,6 мың теңге көлемінде қаржы қаралып отыр, - дейді Жантас Шәріпов.

      Иә, еліміз күн санап көркейіп, өркендеп келеді. Еліміздің өркендеуіне Елбасы ұстанған дара, сарабдал саясаттың әсері ерекше. Елбасы әр жылғы жолдауында елімізде алдағы уақытта атқарылуға тиісті жұмыстарды нақтылап беріп отырады. Ал биылғы жылы мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлттық жоспары ел болашағын айқындап бергендей болды. Тұрақты дамудың 100 қадамын жүзеге асыру арқылы – еліміздің дамыған елдер қатарынан орын алуына ықпал етпек. Дәл осы ұлттық жоспардағы қадамдардың бірінде жол-көлік инфрақұрылымын қалыптастыру туралы айтылған. Ендеше, еліміздің көлік инфрақұрылымының дамуына жаңа бір серпін әкелер деген сенімдеміз.


      Арайлым БАҒЫТЖАН

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _  __     ___      _  _     ______            
       | |/ //   / _ \\   | \| ||  /_   _//   ____    
       | ' //   | / \ ||  |  ' ||   -| ||-   |    \\  
       | . \\   | \_/ ||  | .  ||   _| ||_   | [] ||  
       |_|\_\\   \___//   |_|\_||  /_____//  |  __//  
       `-` --`   `---`    `-` -`   `-----`   |_|`-`   
                                             `-`      
      
       
      Наверх