29 апреля 2017, 21:28
      Аймақ 24.06.2015, 16:18 0 пікір 1147 просмотров

      Бекірені тоғанда өсіріп көбейтуге мол мүмкіндік бар

      Аймақтағы мемлекеттік «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалардың бірі - «Caspian Royal Fish» ЖШС-нің тауарлы-бекіре фермасы. 


      Атырау қаласына іргелес  Томарлы ауылында ашылған тауарлы-бекіре фермасын пайдалануға беру арқылы  еліміздің ішкі нарығы үшін бекіре тұқымдас балықтар өнімі мен қара уылдырық шығаруға мүмкіндік  туды.

      Жаңа зауыт  голландиялық технологияға негізделген финляндиялық қондырғылармен жабдықталған. Бұл қондырғылар балықтардың табиғи ортадағыдай жағдайда өсіп - өнуі үшін барлық қолайлы жағдайды жасайды.

      Айтарлығы,«Бекіре тұқымдас тауарлы балық өсіру кешенін құру және сумен жабдықтау тәсілі бойынша тұйықталған жүйеде бағалы балықтың уылдырығын алу» жобасы бойынша  ашылған  фермадағы балықтар  өткен жылдың соңында 15 мың шабақпен толықты. Сондай-ақ, шабақтармен қоса  Башқұрт елінен 60 бас аналық, 15 бас аталық балықтар  әкелініп, су тоғандарына жіберілді.

      «Caspian Royal Fish» серіктестігі фермасының бас балық өсірушісі Ахат Ниматовтың айтуынша, фермаға әкелінген аналық және аталық бекіре тұқымдас балықтар мен олардың шабақтары тоғыз ай қыс мезгілінде Якутиядағы  Лена және Башкириядағы Тама өзендерінде өмір сүретін балықтар. Олар біздің климатымызға тез үйренісе алатындықтан ферма осы бекіре тұқымдас балықтарды сатып алып, тауарлы балықты өңдеуді мақсат еткен. Аналық балықтардың жасы 8 жас пен 12 жас аралығында. Олардың  салмағы 15-30 килограмм болса, шабақтардың салмағы 80-150 граммды құрайды. Аталық балықтардың салмағы 800 граммнан 1 кило 200 граммға дейін.

      - Жоба толық қуатына қосылғанда  100 мың дана бекіре балығының шабақтарын, 100 тонна тауарлы бекірені және 1 тоннаға дейін тағамдық уылдырық өсіріп, өндіруге болады. Зауыттың алғашқы өнімі бекіре тұқымдас балықтардың шабақтары уылдырық шашылғаннан кейін екі ай мерзімде нәтижесін берсе, тауарлы балықтың өзі жыл жарым уақытта өсіп, жетіледі. Балық жемін Польшадан әкелеміз.  Біздің мақсатымыз-бекіре тұқымдас балықтарды қолдан өсіріп, оның өнімдерін отандық нарықтан өзге әлемдік нарыққа шығару. Біз өнімдерімізді алдымен өз еліміздің сауда орындарына шығарамыз,-деген бас балық өсіруші Ахат Ниматов биыл балықтардан алғашқы уылдырық алынғанын айтты.

      Балық фермасының бас балық өсірушісінен сұрап білгеніміздей,  шабақтар 800 граммға өсіп жетілгенде оларды арнайы УЗИ аппараты арқылы тексеріп, аналық немесе аталық тұқымнан екенін айыруға мүмкіндік болады. Бұндай аппаратты балық фермасы жуырда сатып алуға ниетті. Сайып келгенде тауарлы балық өнімдерін өндіру жүйесін қолға алу, бекіре тұқымдас балықтардың көбеюіне жағдай туғызбақ.

      Тауарлы бекіре өсіретін зауыттың  құны 5 млн. 728  мың АҚШ доллары. Соның 3 млн. 786 мың доллары «Caspian Royal Fish»ЖШС-нің жеке қаражаты болса, 1,942 млн. доллары қарызға немесе несиеге алған қаржы есебінен екені мәлім болды.

      Бекіре тұқымдас балықтар әрдайым деликатес болып, оның уылдырығымен бірге өзге де өнім түрлерін экспортқа шығару бәсекеге қабілетті жағдайды тудыра алатынын айқындап берген. Сондықтан бекіре өсіру, технология мен балық ұстау талаптарын сақтаған жағдайда, пайдалы жоба екенін -«Caspian Royal Fish»ЖШС-нің тауарлы-бекіре фермасының даму қарқыны да айқындайтын болады. Бекірені тоғандарды өсіру жобасы бойынша ашылған  ферманың  іске қосылуының нәтижесінде 25 жаңа жұмыс орыны ашылды. 


      Тұрсын ҚАЛИМОВА, АТЫРАУ қаласы.

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
                   ___     _    _    _    _     ____    
          ___     / _ \\  | |  | || | || | ||  |  _ \\  
         /   ||  | / \ || | |/\| || | || | ||  | |_| || 
        | [] ||  | \_/ || |  /\  || | \\_/ ||  | .  //  
         \__ ||   \___//  |_// \_||  \____//   |_|\_\\  
          -|_||   `---`   `-`   `-`   `---`    `-` --`  
           `-`                                          
      
       
      Наверх