Новости Атырау - Мунайлы Астана

      25 маусым 2019, 4:37
        Аймақ 07.10.2015, 16:42 0 пікір 3127 просмотров

        Кәсібімен аты шыққан «Каспий – Балық»

        Елбасымыз  «Қазақстан - 2050» стратегиясында елдің экономикасын дамытатын күш кәсіпкерлікті дамыту екенін баса айтқан болатын. Бүгінде Атырау өңірінде кәсібін дөңгелетіп, тек облысты емес, алыс-жақын шетелдерді де өз өнімімен қамтып отырған кәсіпорындар бар. Солардың бірі – Атыраудың атын оның басты байлығы – балығымен шығарып жүрген ірі кәсіпорын «Каспий – Балық» өндірістік кооперативі. Олардың шығарып жатқан түрлі балық өнімдерін атыраулықтар да үнемі тұтынады. Сапалы өнім өндіру мен қолжетімді бағаны ойлаған кооператив басшылығы өнім түрлерінің көлемін жыл өткен сайын молайтуда.


        «Каспий – Балық» өндірістік кооперативі Құрманғазы ауданының Бірлік ауылында орналасқан. О баста, дәлірек айтсақ, 1999 жылы «Шортанбай» АҚ-мы мен «Қызыл таң» балық аулау кооперативінің материалдық - техникалық базасында құрылған кәсіпорын, қазір кәсібін кеңейтіп, Атырау өңірін жергілікті өніммен қамтуда зор үлес қосып келеді. Білікті басшы, атқарушы директор Жұмажан ШАКУПОВТЫҢ істің орайын келтіріп, ұйымдастыруының арқасында кәсіпорын балық аулау және балық өнімдерін қайта өңдейтін ірі кәсіпорынға айналып отыр.

        - Біздің кооперативте жұмысымыз негізінен науқандық. Сол кезеңде 45 топ балық аулаумен айналысады. Жыл сайын балық түрлерін аулауға лимит бөлініп келеді. Балықшылар кооператив есебінен балық аулау құралдарымен, қайық моторларымен, жанар – жағармаймен, азық-түлікпен қамтамасыз етілуде. Ауланған балықты қабылдап алу мен сорттау жұмыстары балық ауланған жерде 2 қабылдау пункті мен 3 буксирлі теплоходта жүзеге асырылады. Бір жылда балық дайындау 3500 - 3900 тоннаны құраса, қайта өңделген дайын балық өнімдерін шығару 3000 - 3200 тоннаға дейін жетеді. Өнім сапасын сақтау үшін балықты қабылдау пунктінен өңделетін жерге жеткізілгенше 1040 тонна көлемінде жасанды мұз пайдаланамыз. Ол үшін қолданылатын мұз генераторы тәулігіне 10 тоннаға дейін жасанды мұз шығара алады, - дейді. Осыншама көп көлемде өнім шығаратын кәсіпорынның техникалық жарақтандырылуы бірінші кезекте тұр. Яғни, балық зауытының қайта өңдеу бөлігінде басты учаскелер мен цехтар, атап айтқанда, мұздату, қайта өңдеу, арнайы бөлу цехтары мен қара уылдырық пен балық ұнын шығаратын цехтар жұмыс жасайды. Мұздату цехының өзінде тәулігіне 6, 20, 400 тоннаға дейін балық мұздататын төрт мұздатқыш бар. Кәсіпорын кезінде Үкіметтен несие алып, сол арқылы цех ауқымын үлкейткен болатын. Нақты айтқанда, 2003 жылы алынған 20 млн. теңге несиенің көмегімен арнайы бөлу цехының құрылысы жүргізіліп, ауысыммен жұмыс істейтін 18 адам жұмыспен қамтылған екен. Мұндай істің нәтижесі де жоқ емес. Көп жылғы төгілген тер мен адал еңбектің  арқасында бүгінде халықаралық талаптарға сай келетін жоғары технологиялық құрал - жабдықтармен қамтылған бөлімде балық өнімдерін терең қайта өңдеуге қол жетті. Ал, жекелеген балық түрлерінен уылдырық  шығаратын бөлім тәулігіне 600 келі уылдырықты шыны ыдыста, 113 грамм  көлемінде литографиялық қақпақты ыдыста шығара алады. Айта кету керек, науқан кезінде балық аулау мен қайта өңдеу жұмыстарына 500-600 жұмысшыға дейін тартылады. Бүгінде тұтынушыға дайын өнімнің кең көлемі ұсынылуда. 10 түрден астам, атап айтқанда, мұздатылған, салқындатылған, тұздалған балық түрлері және арнайы өңделген, кептірілген балықтар, уылдырық тағы басқа балық өнімдері жөнелтіліп жатыр. Жұмажан Өмірзақұлы өз сөзінде Елбасымыздың елдегі кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетіп отырғандығын, сондықтан бүгінде жеке ісін ашам деген кәсіпкерлерге барлық мүмкіндік бар екенін айтады. Елбасының елімізді дамыған отыз елдің қатарына қосу жолында берген тапсырмаларын негізге ала отырып, кәсіпорын алдағы уақытта кооперативтің техникалық жағдайын одан әрі дамыта отырып, өз өнімдерін  әлемдік нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта «Каспий – Балық» ӨК-і  Құрманғазы ауданындағы балық аулау және өңдеу бағытындағы жалғыз әрі ірі кәсіпорын саналады. Оның өнімдері Қазақстанда, Ресейде, Украинада, ТМД-ның басқа елдеріне де  белгілі.


        Гүлзада ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ

        Пікірлер

        Пікір қосу

        ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

         
        Введите пять букв размещенных внизу:
         __   __     ___      ______   _    _     ______  
         \ \\/ //   / _ \\   /_____// | || | ||  /_   _// 
          \   //   | / \ ||  `____ `  | || | ||  `-| |,-  
          / . \\   | \_/ ||  /___//   | \\_/ ||    | ||   
         /_//\_\\   \___//   `__ `     \____//     |_||   
         `-`  --`   `---`    /_//       `---`      `-`'   
                             `-`                          
        
         
        Наверх