Новости Атырау - Мунайлы Астана

    18 ноябрь 2017, 1:19
      Аймақ 17.07.2013, 17:52 0 пікір 4978 просмотров

      «Кісідегінің кілті - аспанда» немесе Жайық өзені апаттық жағдайға жақын

      - Ұзындығы 2,5 мың шақырымға созылған Жайық өзенінің Қазақстан мен Ресей экономикалық ірі аудандарындағы рөлі аса зор. Өзеннің тарылуы Каспий теңізінің солтүстік аумағындағы экожүйеге және биоресурстардың сақталуына үлкен әсер етеді. Әсіресе, өте сирек кездесетін бекіре тұқымдас балықтардың жойылып кету қаупі бар. Жайық суының 78 пайызы Ресей аумағында толысады. Сондықтан өзеннің төменгі сағасында орналасқан Қазақстанның су ресурстары шекаралас елден келетін су көлеміне байланысты болып отыр. Талдау көрсеткеніндей, Жайықтың су ағыны күрт төмендеген. Бұл өз кезегінде шекара маңындағы аймақтардың экономикалық дамуына, әсіресе, экологиялық жағдайына кері әсерін беруде. Жайықтың суы жылына бес текше метр шақырымға азайып отырады. Бұл ең төменгі шек, осы шектен түсетін болса, аймақта зардабы жойылмайтын  экологиялық өзгерістер орын алып, аталған жағдай үлкен апаттық салдарға алып келеді,-деді ҚР қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Ерлан НЫСАНБАЕВ таяуда Астанада өткен «Трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің өзекті проблемалары және оларды шешу жолдарының мүмкіндіктері» атты конференцияда сөйлеген сөзінде. 

      Жайық өзені Батыс Қазақстан аймағындағы аса маңызды су көзі екені көпке белгілі. Ол өз бастауын Ресейдің Орал тауларынан алады. Башқұрт Республикасының, Ресейдің Челябі, Орынбор облыстары мен өзіміздің республикамыздың, Ақтөбе, Орал, Атырау облыстарынан өтетін өзеннің жалпы ұзындығы 2534 шақырымды құрайды.

      Айта кету керек, қазіргі уақытта Ресей аумағындағы өзен бойында жалпы көлемі төрт мың текше метр болатын үш ірі су жинақтау қоймалары бар. Су деңгейінің жыл санап төмендеуіне үлкен әсер етіп отырғандар да - осылар. Тіпті ол аз десеңіз, Қарашығанақ пен Орынбор мұнай-газ өндірісінің қоршаған ортаға тигізіп отырған әсері - өз алдына бөлек әңгіме. Ресейдің Орынбор қаласында Қазақстан мен Ресей президенттерінің 2009 жылдың қыркүйек айында аймақаралық әріптестік жөніндегі форумда Жайықтың жайы да әңгімеге арқау болған-ды. Сөйтіп, екі ел Президенттерінің тапсырмасымен Жайық проблемасымен айналысатын мемлекетаралық комиссия да құрылмақшы еді. Алайда күні бүгінге дейін бұл бас қосудың ықпалды жұмысы көзге көрінбей келеді. 

      - Башқұрт Республикасындағы Сакмара өзеніндегі су қоймасы аздай, тағы бір қойма салынбақшы. Егер ол іске асса, Жайықтың суы сарқылады. Біз осыған байланысты мемлекетаралық комитет құруды Президентке ұсынып отырмыз,-деді Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВ бізбен әңгімесінде. Дегенмен де, Жайық өзені суының кемуі бір жағынан 20-40 жылда айналып келетін климаттық кезеңдермен де байланысты болады екен. Шындығында, бұл жағдайды зерттеген ғалымдар өткен ғасырдың жетпісінші жылдары, сондай-ақ 2010 - 2014 жылдары су деңгейі төмендейді, ал 2034 жылдары қайта көтеріледі деп болжаған көрінеді. Астанада өткен конференцияда ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Е.НЫСАНБАЕВ Жайық өзенінің су деңгейін сақтау мақсатында оған Еділдің бір саласын қосуды ұсынды. Яғни Еділ-Дон каналы сияқты бір канал қазу көзделуде. Сонда Еділ өзенінің бір саласын Жайық өзеніне қосу қай жерден жүрмек? Біздіңше, Еділдің саласы Орда, Жәнібек аудандарының жерін баса өтіп, Орал қаласының жоғарғы жағынан қосылғаны тиімді сияқты. Әрине, болашақ каналды жобалау - мамандардың міндеті. Қалай болғанда да, ол Еділ өзеніне де зиянын тигізбеу керек. Биылғы көктемде де Жайық тасымай қалды. Соңғы үш жыл бойы Жайықтың арнасынан шықпауы салдарынан жағалаудағы ормандар мен шабындық алқаптары қурай бастады. Осы орайда мамандардың ұсынысымен ескі сағалар мен көлдерге су толтыру мәселесі де сөз болып келеді. Қазір бұл шараның да техникалық-экологиялық негіздемесі де бар. Осы жобаға сәйкес, Индер және Махамбет аудандарының аумағында 9 ірі су арналары мен көлдері анықталды. Аталған арналардың жалпы су ұстау сыйымдылығы 36 миллион текше метрді құрайды. Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін 427 миллион теңге қажет екен. Сірә, бұл қомақты қаржыны республикалық бюджет көтергені құба-құп. 

      - Ақсақалдардың айтуына қарағанда, 1942, 1957, 1972, 1994 жылдары Жайық өзенінің тасуы жұртшылықтың есінде. 1957 жылғы тасқында Есбол мен Бақсай ауданының арасы тек қайықпен қатынасты. Тайсойғанның құмын жарып ағатын, Жарыпшыққанның өзі тасығанда ешкімге бой бермейтін.  Ал Ойылдың суы Ақтөбе облысының біраз жерін жайылымға айналдырып, Қызылқоға даласын көктей өтіп, Жарсуат селолық округінің Ақтөбе көлін кемелдете Бөлекаяқ арқылы, Бәймөңке, Сарыны жағалап, Атырау ойпатына құйылатын еді,- дейді индерлік ардагер Кеңес САХИ өткен жылдарды еске алып. Жайық өзенінің нашарлап бара жатқан эко жағдайын Парламент Мәжілісінің депутаты Е.ТАРАСЕНКО де мезгіл-мезгіл көтеріп жүр.

      - Соңғы жылдары Жайық өзеніне қатысты жалпы экологиялық жағдай нашарлап барады. Сонымен қатар өзеннің барлық талаптарға толық сәйкестігіне қарамастан, әлі күнге ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізімі қатарына жатқызылған жоқ. Бұл мәселелер хаттамалық тапсырмаларда бірнеше мәрте көтерілгенімен, шешім әлі шықпай отыр. Осы мақсатта шекара маңы өңірлерінің 2007 жылғы форумында екі ел үкіметтері арасында Жайық өзендерін бірлесе қорғау және тиімді пайдалану туралы мемлекетаралық келісімге қол қою туралы ұсыным жасалған еді. Онда Жайық өзенінің эко жүйесін қорғау қоры құрылуы да тиістігі айтылған болатын. Осы бағытта ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ресейлік министрлікпен бірнеше жылдар бойы келіссөздер жүргізіп жатқанына қарамастан, мәселе әлі шешімін тапқан емес, сондықтан да бұл бағытта кешенді қадам қажет,- дейді ол.

      Құттыгерей СМАДИЯР

      «Мұнайлы Астананың» арнаулы тілшісі

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
         _____   _    _   __    __     ___    __    __  
        / ___// | || | || \ \\ / //   / _ \\  \ \\ / // 
        \___ \\ | || | ||  \ \/ //   / //\ \\  \ \/ //  
        /    // | \\_/ ||   \  //   |  ___  ||  \  //   
       /____//   \____//     \//    |_||  |_||   \//    
      `-----`     `---`       `     `-`   `-`     `     
                                                        
      
       
      Наверх