Новости Атырау - Мунайлы Астана

    22 октябрь 2017, 21:21
      Қоғам 03.03.2016, 10:46 0 пікір 1056 просмотров

      «Қазақтарға үнемі алғыс айтып өтіңдер!»

      Мемлекет басшысының қолдауымен кеше еліміз 1 наурызда - алғыс айту күнін атап өтті. Кең көлемде тойланған бұл мерекеге Атырау облысы Қазақстан Халқы Ассамблея мүшелері де қызу дайындықпен келгені көрініп- ақ тұр. Атырау аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында Ассамблея мүшелері алғыс айту мерекесін тойлаудың маңызына тоқталды.


           Тарихқа сәл шегініс жасасақ, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «фашистер жағына шығып кетеді» деген күдікпен, жалған айыппен тұтас бір халықтар - қалмақтар, қарашайлар, ингуштар, шешендер, балқарлар, қырым татарлары, месхет түріктері, кәрістер соғыс  кезінде сенімсіз, сатқын ұлттар қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды. НКВД жасақтары бейбіт халықтың жиналуына жарты сағат қана уақыт беріп, қарсыласқандарын аяусыз қырды. Кеңес дәуіріндегі ресми деректерге сүйенсек, 650 мыңнан астам адам жер аударылған. Алғашқы күндері аштықтан, аяздан, аурудан 70 мыңдай адам мерт болыпты. Ең көп жер аударылған ұлт 200 мыңдай шешен мен 30 мыңдай ингуш қаза тапқан. Тағдырдың жазуымен қазақ жеріне қоныс аударған халықтар жергілікті ұлттың қамқорлығын, мейірімділігін көрді, бір нанды бөліп жеді. Аман қалғандарына кейін өз отандарына оралуға мүмкіндік туса да, олар Қазақстанда қалуды жөн көріпті. Қазіргі таңда олар этномәдени бірлестіктері арқылы өз салт- дәстүрлерін, тілі мен дінін ұмытпай, әрі қарай ұрпақтарына үйретуде. Ал қиын шақта өздерінің ата- бабаларына қол ұшын берген қазақ еліне ұлт өкілдерінің ризашылықтары шексіз.

        

          Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің жетекшісі Зураб БОБОХИДЗЕ алғыс айту күнін адамгершілік пен бейбітшілікті сүю, бәріне кешіріммен қарау мерекесі ретінде атап өту керектігін және жыл сайын аталып өтетін бұл мереке көпұлтты мемлекетімізде этностар достастығының одан әрі нығаюына мүмкіндік беретіндігін айтады.

      -          Қазақстандағы ұлтаралық достықтың алтын діңгегін қалыптастыруда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі барын айрықша айтуымыз қажет. Өйткені, Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы күні бүгін өзінің жемісін берді деп ойлаймын. Қазір көптеген елдің басшылары мен саясаткерлері Қазақстандағы ұлттардың берік достығы мен татулығына қызығып та, қызғанып та қарайды. Қазақстан өзіне келген кім- кімді де құшақ жайып қабылдай береді. Бұл жерде өмір сүргендердің бәрі де бақытты, осының өзі де алғысты білдіреді. Демек, біздің тәуелсіз Қазақстанымыздың достықтың мекеніне айналғанына бәріміз де сүйсінеміз, бәріміз де марқаямыз.

      Мен Қазақстандай татулық, ынтымақ ұялаған елде тұрғанымды, осы мемлекеттің азаматы болғанымды бақытқа санаймын. Егер басқа бір елде тұратын болсақ, өміріміз алаңсыз боларына сене алар ма едім? Себебі, күнбе- күн бұрын бір Одақтың бодауында болған мемлекеттердің біразындағы, сонымен бірге, жаһан елдеріндегі болып жатқан алауыздық пен тұрақсыздықтың теріс әсері неге соқтыратынын естіп те, көріп те жүрміз. Осы тұрғыдан айтқанда, өз тағдырымның, балаларымның болашағы Қазақстанмен байланысты болғанына үнемі шүкіршілік етемін.  Және Елбасының биылғы жылдан бастап 1 наурызды - алғыс айту күні деп белгілеуі де өте орынды деп санаймын. Біз, Қазақстанда тұрып жатқан әрқайсысымыз әсіресе жастар, қиын замандарда ата- бабаларымызды қазақтың қасиетті жеріне келгенде басына түскен қиындықты бірге бөлісіп, бір нанды бөліп жеген Қазақ Елінің бауырмалдығы мен қамқорлығын ешқашан ұмытпауымыз керек және осы күнге жеткенімізге алғыс айтуымыз керек!- дейді Зураб Бобохидзе.

      Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Қазақстан Халқы Ассамблеясы институты жұмыс жасайды. Қазақстан Халқы Ассамблеясы институты әзірге Қазақстанда ашылған алғашқы институт. Аталған институның хатшысы Жанна АБУЗЬЯРОВАНЫҢ айтуынша, бұл саяси құрылымның басты мақсаты- облыстағы барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдыра отырып, еліміздегі тұрақтылықты сақтау мен тәуелсіз қарқынды дамуына айтулы үлес қосу.

      -          Институтта студенттерге Қазақстандағы түрлі этностардың мәдениеті мен тілі, дәстүрі мен азаматтық бірегейлігі де кеңінен насихатталады. Енді бұл саяси институт этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасайтын, этномәдени бірлестіктердің күш- жігерін біріктіруді көздейтін, сонымен бірге, түрлі әлеуметтік зерттеулер жасайтын орталыққа айналуда,- дейді аға оқытушы.

           Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Журналистика» мамандығының ІІ курс студенті Вероника ЛИдің арғы ата- бабасы тағдырларын сырттарынан шешіп, айдалғандардың санатында кетіп, сонау Қиыр Шығыстан қуылып, қазақ жеріне келіп табан тіреген. Кәріс ұлтының өкілі болса да, Вероника қазақ тілін жетік біледі, әрі бірнеше қалалық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, қазақ тілінің мерейін асқақтатып келеді.

      - Тағдыр желі айдап, ата- жұрттан ажырап, жер ауып келген өзге ұлт өкілдерін жатсынбай, бауырына басып, қамқор болған қазақ халқына бек рахмет! Дәл осы сөздерді мен емес, атам мен әжем айтса, бәлкім, басқаша естілер ме еді?! Өкінішке орай, ол кісілер қазір бұл өмірде жоқ. Туыстарым мен ата- анамның айтуы бойынша, екеуі де қазақ тілін өте жетік меңгерген және о дүниелік болып кеткенше қазақ халқына разы болыпты. Мен де қазақ тілін өте жоғары деңгейде білемін деп айта аламын. Қазақ тілінің менің өмірімде алар орны ерекше. Қазақ тілінің арқасында мен жоғары оқу орнына түсіп, бүгінде студент атандым. Қазақстанда тұрып жатқан барша халықтың басын біріктіруші, ұйытқысы болып отырған қазақ тілі екеніне кәміл сенемін! Ендеше, қазақ өнері, қазақ мәдениеті, қазақ тілі менің келешегіме жол ашатын асыл қазынам деп мақтанышпен айта аламын! Қазақ халқына, қазақ тіліне алғысымды білдіріп, басымды иемін!- дейді кәріс ұлтының өкілі Вероника Ли.

         Верониканың айтуынша, сол бір қуғын- сүргін жылдары атасы - Ли Бон Чун 5 жасында депортацияланған ата- анасымен бірге бұрынғы (Гурьев облысы) Чкалов селосына келіп, мекендеген. Осы жерде қазақ және басқа да өзге ұлт балаларымен етене араласып, достасып, мектеп табалдырығын да бірге аттаған. Ақырында осы жерден өзімен тағдыры ұқсас Милла есімді корей қызымен шаңырақ көтеріп, өмірге 4 ұл, 1 қыз әкеледі. Қазақтармен бір нанды бөліп жеп, туған бауырдай болып кетеді. Өздеріне қамқорлық көрсетіп, құшақ жая қарсы алған қазақ еліне алғыс ретінде Ли Бон Чун егін салып, оған әр түрлі бақша дақылдарын егіп, жергілікті тұрғындарды да егін шаруашылығына үйретеді.

             Верониканың өз әкесі Олег - кәріс, анасы Гүлбаршын - қазақ қызы. Қыздарының бала күнінен- ақ қазақ тіліне деген қызығушылығын байқаған олар қыздарын қазақ мектебіне береді.

      -          Және осындай кеңбайтақ Қазақ Елінде дүниеге келіп, достығы берік, ынтымағы жарасқан тату елдің азаматы екенімді мақтан етемін! Өзімнен кейінгі ұрпаққа да ата- бабамыздың тарихын айтып, оларға қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен берік достығын өмірімнің соңына дейін айтып өтемін! - дейді Ли Бон Чунның бүгінгі ұрпағы Вероника.

            Қиналғанда қол ұшын созып, «өзім» деп қабылдаған қазақтарға Ассамблея өкілдерінің алғысы шексіз. Олар басқосуда «Қазақтарға үнемі алғыс айтып өтіңдер, өйткені қазақтар болмаса, аман қалу- қалмауымыз екіталай еді» деген ата- бабаларының аманатын да жеткізді. Ендеше, алғыс айту бір ғана күнмен шектелмей, 1 наурызда аталып өтетін мереке адамдардың жыл бойы бір- біріне мейірімділік танытып, ризашылық білдіруіне септігін тигізбекші.


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,

      Фото: Рахым ҚОЙЛЫБАЕВТЫКІ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _____    __   __    _  __    _____    __   _   
       |__  //   \ \\/ //  | |/ //  |  ___|| | || | || 
         / //     \ ` //   | ' //   | ||__   | '--' || 
        / //__     | ||    | . \\   | ||__   | .--. || 
       /_____||    |_||    |_|\_\\  |_____|| |_|| |_|| 
       `-----`     `-`'    `-` --`  `-----`  `-`  `-`  
                                                       
      
       
      Наверх