Новости Атырау - Мунайлы Астана

      16 маусым 2019, 15:47
        Аймақ 10.03.2016, 14:25 0 пікір 1663 просмотров

        Еліміздегі дін саласына қатысты қарым-қатынастың проблемалы аспектілері

        Қазіргі таңда біздің жастарымыздың дәстүрлі емес діни ағым идеяларына еріп кетуінің басты себебі – діни сауатсыздық пен теріс пиғылды дәстүрімізге жат діни ағымдардың қауіп-қатерін түсіндіру жұмыстарының жетіспеушілігі. Сондықтан, халық арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастардың дұрыс діни сауатын арттыру кезек күттірмес міндеттердің бірі.

        Еркінбек ШОХАЕВ, Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы  

         Осы міндетті іске асыру бағытында республика бойынша ақпараттық-насихат топтары құрылып, олар ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңын түсіндіру, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау және дін саласындағы ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізуде.   

        Теріс пиғілді діни ағымдардың кесірінен «радикалдық ислам» деген термин пайда болды. Әрине бұл атау объективті көзқарастан келіп шықты деп айту қиын. Себебі, Ислам діні ғасырлар бойы әлемге өзінің көрегендігі мен шапағатын дәлелдеп келген ұлы құндылық. Діннің атын жамылған кейбір топтар немесе тұлғалар радикалдық көзқараста болса, оны біз «діни радикализм» деп атауға тиіспіз. Қазіргі таңда экстремистік немесе радикалдық көзқарастағы кейбір адамдардың ісін исламға қатыстыруға болмайды. Олардың көзқарастары мен іс-әрекеттері діни тұрғыдан қате әрі бұрмаланған түсініктен келіп туындап отыр.

        2013 жылғы 24 қыркүйекте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен ««Діни экстремизм және терроризммен күрес бойынша 2013-2017 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама» қабылданды. Аталмыш бағдарлама бізге елдегі діни экстремистік және радикалдық идеялардың таралуының алдын алу, қарсы күресу тәсілдерінің барлығын көрсетіп берді. Бүгінде біз осы бағдарламаның шеңберінде жұмыс жасап келеміз.  

        Сондай-ақ, діндарлар арасында кейбір екінші сатыдағы мәселелерді бірінші сатыға шығарып, парызға айналдыру проблемасы қалыптасып қалған. Мысалыға, бүгінде сақал қою мен балақ қысқарту мәселесі жиі айтылып жүрген белгілі. Енді діни көзқарасқа келер болсақ, дәстүрлі Әбу Ханифа мазхабында сақал қою сүннет болып табылады. Бірақ сақалды жөнсіз өсіру, тарап күтіп ұстамау және өзгенің діні мен иманын сақалдың ұзындығымен өлшеу надандық болып табылады. Ислам дінінің өзі тазалықтан тұрады. Хадис бойынша Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с) өзі бірде шашы және сақалы алба-жұлба, жуылмаған, реттелмеген бір адамды көріп, «Адам шашы мен сақалын тазалап, реттеп жүруі керек қой» - деп ескерту жасаған екен.

        Ал балақ қысқарту мәселесіне келетін болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Балағының тобықтан төмен болғаны - тозақта», ал тағы бір хадисінде: «Кімде-кім тәкаппарлықпен балағын тобықтан түсіріп жүретін болса, ол тозақта» дейді. Себебі, сол кездегі байлар өздерінің байлықтарын киімдірінің етегін шұбатып көрсететін болған. Мұндағы мақсат қоғамдағы менмендік пен тәкаппарлықты жою болған. Бұл хадисті естіген соң, Пайғамбарымызға сахабасы Әбубәкір келіп: «Менің киімім ұзын, көтеріп қойсам да түсіп кете береді. менің жағдайым қалай болады?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сен тәкаппарлықпен істемейсің. Олардың қатарына кірмейсің» деген. Демек, күнделікті біздің қоғамда тәкаппарлықпен еш байланысы жоқ киім үлгісіне айналған ер кісілердің шалбарларының балағын тозақы деп айту ақымақтық. Сәләфилік идеологиямен уланған кейбір жастарымыз хадисте айтылғандардың мән-мағынасын жіті түсінбей, тікелей қабылдауда. Сондай-ақ, адамның тәкаппарлығы мен кішіпейілділігін жүректен емес, оның балағынан іздеп жүрген секілді.

        Кейбір дінді келте түсінген діндарлар өзгенің ақидасын тексерумен әлек болатын жағдай пайда болды. Ал осы шын мәнінде ақида деген не? Ақида араб тіліндегі "ақада" сөзінен келіп шыққан. Яғни түйіндеу, байлау, сенім, көзқарас және түйсік деген мағыналарды білдіреді. Ақида ілімі Алла тағаланың бірлігін, есім сипаттарын және иманға байланысты мәселелерді зерттейді. Ақида ілімінің мақсаты – адам бойында дұрыс діни көзқарасты қалыптастыру. Ақида ілімін кейде таухид немесе иман ілімі деп те атайды. Ақида саласы бойынша Имам Әбул-Хасан әл-Ашғари, Имам Әбу Мансур әл-Мәтруди секілді ғұламалар терең зерттеулер жасап, Құран мен сүннетке негіздей отырып ортақ қағидалар қалыптастырды. Соның нәтижесінде «ашғари және мәтруди» мектептері қалыптасты.

        Сондай-ақ, Алла тағаланың сипаттарына қатысты Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін тікелей тілдік мағынасында түсінетін ханбали мазхабынан шыққан топ пайда болды. Бұлар Х‑ХІ ғасырларда Андалусия (Испания) жерінде басталып, ары қарай ХVIII ғасырда Нәжд өлкесі қазіргі Сауд Аравияның солтүстігінде жалғасын тапты.

        Міне, осы топтың өкілдері Алла тағаланы физикалық денеге теңеп «Рахман аршының үстіне «истиуа» етті» деген аятты, орнықты яғни сіз айтқандай «утвердился» деп түсінді. Шын мәнінде тура жолдың ғұламалары ешқашан «утвердился» деген мағынада түсіндірмеген. Тек аударылмау қажет «истиуа» сипатынмен ғана Алланы сипаттаған. Ал Ибн Таймия мен оның жақтастары Алла тағалаға мекен-жай беріп, «Алла аспанда» деп сенумен қатар, олай айтпаған адамды бидғатпен айыптайды. Жаратылысқа тән болатын ережелермен Алланың болмысын түсіну үрдісі сахабалар мен алғашқы буындар – «сәләфқа» тән болмаған.

        Матруди ақидасы – ислам  дінідегі сенім саласына қатысты қалыптасқан ұлы мектеп. Бұл мектепті Самарқанд жерінде 870-944 жж. өмір сүрген имам Әбу Ханифаның ілімін жалғастырған Имам Әбу Мансур әл-Мәтруди деген ғалым-имам қалыптастырған. Сондықтан, 2013 жылы қыркүйек айында Талдықорған қаласында ҚР Дін істері агенттігі мен Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мәтруди ақидасы – Әбу ханифа ілімінің жалғасы» деген республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Бұл мектеп Орта Азия жерінде кеңінен тараған. 10 ғасырдан бері Орта Азия халықтарының діни сенімі мәселелерін реттеп, имани тұрғыдан тәрбиелеп келген.

        Бүгінгі күні біздің осы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұстанымымызды жоққа шығарып, мәтруди ең адасқан ақида дейтін топ – сәләфи-уахабилер шықты. Бұл ағымның осылайша барлық мұсылмандарға қарсы агрессиялық қасиеттерге ие болғандықтан, оның мұсылмандар арасында кеңінен таралуына әлемдегі белгілі бір ықпалды тараптар көмектесуде. Себебі, сәләфилік топ қай жерге барса да, мұсылман қоғамын ыдыратумен, бүлдірумен және бұзумен танылған. Бүгінгі таңда біздің елімізде де осындай үрдіс орын алып отыр. Соның салдары мешіттегі имамдарды, қарапайым жамағатты жалпы қазақ қоғамын адасқан, бидғатшы, Аллаға серік қосушы деп айыптайтын қаракөздер көбейді. Сәйкесінше мешіттегі мұсылмандар мен үйдегі отбасының қарым-қатынасы бұзылды. Аталмыш топтың артында тұрған ықпалды тараптың да мақсаты осы. Бірақ, санасы сәләфилік вируспен уланған жастар мұны білмейді әрі білгісі де келмей жүр. 

        Өткен ғасырдың 1980-85 жылдары Сауд Аравия жерінде сәләфилік ағымның бір тармағы болып мадхалиттер пайда болды. Бұл Рабиғ ибн Хади әл-Мадхали деген кісі қалыптастырған сәләфилік топ. Бұл топ АҚШ-тың әскери базасының Сауд Аравия аумағында орналасуының қажеттілігін шариғат тұрғысынан негіздеп берді, сонымен қатар сол елдің билігі тарапынан үлкен қолдауға ие. Мін сондықтан да бұл топтың қаупі біздің еліміз үшін өзекті проблемалардың бірі.

        Бұл топ ислам дініндегі ақида және құқықтық мектептердің ешбірін дұрыс деп қабылдамайды. Қажет болса, өздерімен ақидасы бір бірақ, басқа пікірдегі сәләфилердің өзін мойындамайды. Соның ішінде біздің еліміздегі мәтруди мектебін қатты адасқан деп айыптайды. Басқа да мектептердің тәлімі мен оны ұстанушыларды адасқандар, бидғатшылар және тозақылар деп санайды. Келесі кезекте мұндай адасушылықтан ислам әлемін тазарту үшін күресуге шақырады.

        Қазіргі таңда сәләфизмді «байсалды» (умеренный) және «радикалды» деп бөліп қарау қажет дейтін пікір иелері бар. Сәләфилерді мұндай санаттарға бөлуде өте сақ болу қажет деп ойлаймыз. Себебі жоғарыда аталған екі топтың да оқитын әдбиеттері мен ақидасы бір болып табылады. Бұлардың арасында кейбір саяси ұстанымдарда ғана айырмашылық бар болып табылады.

        Демек, қазіргі таңда саяси көзқарастары байсалды болып көрінген сәләфизмнің тобы мүдде талабына сәйкес болашақта жоғарыда айтылған негізгі мақсат – өздерінен басқа бүкіл мұсылмандардан әлемді тазарту үрдісін жүзеге асырмауына ешкім кепіл бола алмайды. Осылайша бүгінгінің байсалды сәләфилері ертеңгінің радикалы болуы болашақтың еншісінен әбден күтілетін жайт.

        Бұл бағыттағы қаракөздер қазақстандық патриотизм, өз Отанына деген сүйіспеншілік атаулыдан жырақ екені белгілі. Ал мұндай қасиетті сезімдерден аулақ болған ұрпақтың ел қорғауы неғайбыл. Жас ұрпаққа саналы тәрбие беру қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Қазірде солай. Арғы ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатты. Діни құндылықтар мен әдет-ғұрып, салт-сана өзара үндестікте дамып келеді. Мемлекет тарапынан патриоттықты дамыту бағытында келелі шаралар атқарылып, көлемді бағдарламалар жасалып жатыр. Ел Президенті Н.Ә.На­зар­баев «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған түлек­термен кездесу барысында «.. патриот – ол Қа­зақстанды шын сүйетін, ұлт­тық құндылықтар­ды қастер­лей­тін, бойында адал­дық, ар-на­мыс, ізгілік қасиет­тері бар, халқының дәстүрі мен Отанына деген сүйіспеншілігі мол адам» деген болатын. Сондықтан қай елде патриот­тық тәр­бие жоғары болса, сол елде саяси тұ­рақ­тылық пен экономикалық даму өрістейтіні белгілі. Жалпы, патриотизмді қалып­тас­тыру – бұл мемлекеттік міндет, қоғамның әлеуметтік тапсырысы.


         

        Арай Бағытжан

        Пікірлер

        Пікір қосу

        ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

         
        Введите пять букв размещенных внизу:
          _____      ___               _    _             
         /  ___||   / _ \\    ____    | || | ||   ____    
        | // __    / //\ \\  |    \\  | || | ||  |    \\  
        | \\_\ || |  ___  || | [] ||  | \\_/ ||  | [] ||  
         \____//  |_||  |_|| |  __//   \____//   |  __//  
          `---`   `-`   `-`  |_|`-`     `---`    |_|`-`   
                             `-`                 `-`      
        
         
        Наверх