Новости Атырау - Мунайлы Астана

      27 маусым 2019, 7:16
        Денсаулық 29.06.2016, 17:37 0 пікір 1596 просмотров

        Түзеу мекемелеріне 22 медицина мамандары жетіспейді

        Өткен аптада Атырау облысының прокуроры Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВТЫҢ төрағалығымен алқа мәжілісі болып өтті. Онда облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерде сотталғандар мен қамалғандарға медициналық көмек көрсетудің жай-күйі талқыланды.  


         

        Алқа мәжілісіне ішкі істер органдары мен Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жалпы,   бүгінде облыс аумағында орналасқан арнайы және түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар мен қамалғандарға тиісті медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай қарастырылып отыр. Яғни, онда әр түрлі ауруларға қарсы стационарлық, амбулаториялық емдеулер жүргізіледі. Сонымен қоса, 2012-2013 жылдары «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 55 млн. теңгеге рентген – флюорографиялық, ультрадыбыстық аппараттар, стоматологиялық және гинекологиялық құрылғылар сияқты медициналық құрал-жабдықтар алынып, пайдалануға берілді. Осындай жағдай жасалғанымен, салада құқықбұзушылқтар орын алып келеді. Мұны облыс прокурорлары кешенді тексерулер жүргізгенде анықтаған. түзеу мекемелерінде медицина мамандарының жетіспеушілігі мен тиісті ұйымдастыру шаралары жүргізілмейтіні құқықбұзушылықтың орын алуына себеп болған. Бүгінде түзеу мекемелеріндегі медициналық бөлімшелерге 22 маман жетіспейді, оның ішінде 19-ы дәрігер мамандар. Соның салдарынан жалпы құны 25 млн. теңге болатын медициналық құрал-жабдықтарының пайдаланусыз тұрғаны анықталған. Прокурорлармен қатар, облыстық қаржылық бақылау инспекциясы, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау Комитеті департаменті, қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімі және наркологиялық диспансердің мамандары бірігіп жүргізген тексеру жұмыстары бұдан да басқа көптеген былықтьардың бетін ашқан. Бұл жөнінде алқа мәжілісінде облыстық прокуратураның басқарма бастығы Кемел ИМАНҒАЛИЕВ толық айтып берді.  

        - Жалпы тексерумен түзеу мекемелеріндегі медициналық бөлімдердің қызметтерін реттейтін және оларға бақылау жүргізіп отыруға тиісті Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен жұмыстың осы бағыты әлі де болса дұрыс ұйымдастырылмағанын көрсетті. Оған дәлел, қазіргі уақыттағы ең басты және күрделі ахуал туғызып отырған мәселе - медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі. Мысалы, тергеу изоляторында оларға қарастырылған 19 бірліктің, бүгінгі күнге 10-ы бос. Сондай-ақ, ірі үш мекеменің медициналық бөлімдерінің бастығы лауазымдары көп уақыттан бері бос тұр. Аталған лауазымдар аттестацияланған құрам қатарына жатқызылғанына және арнайы офицерлік шен берілетініне қарамастан, тиісті арнайы медициналық білімі бар қызметкерлердің болмауына байланысты бос қалуда. Осының салдары, түзеу мекемелеріндегі медициналық көмек көрсету сапасының төмендеуіне әсер етіп, нәтижесінде қамауда отырғандардың арасында ауруға шалдыққандармен наразылық акцияларының жасалуына жол берілуде. Тиісті мамандардың жетіспеушілігі бір жағынан медициналық бөлімшелерге қыруар қаржыға алынған қымбат медициналық құрал-жабдықтардың ұзақ мерзім бойы пайдаланусыз тұруына әкеп соқтыруда, - деді ол. Жүргізілген тексеру жұмыстары мекемелерде еңбек тәртібінің сақталмайтындығын да анықтаған. Яғни, штат бойынша қызмет атқарып жатқан жарты ставкадағы медицина мамандарына, мекеме әкімшілігімен тиісті бақылау жүргізілмей, олардың жұмысқа келмеген күндеріне, табелдер соғылып, заңсыз жалақы аударылатыны анықталған. Мысалы, өткен жылы тергеу изоляторындағы дәрігер-фтизиатрға,  дәрігер-рентгенологқа, лаборантқа және дәрігер-психиатрға  заңсыз жалақы аударылып келген. Осындай заңбұзушылықтар УГ-157/11 және УГ-157/9 мекемелерінде де орын алған. Нәтижесінде облыстық прокуратура мекеме қызметкерлеріне қатысты қылмыстық кодексінің 361- бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізу үшін іс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына тапсырылған. Осы жайттарды мәлімдеген басқарма бастығы К.Иманғалиев алдағы уақытта түзеу мекемелеріндегі жағдайды жақсартуға бағытталған өз ұсыныстарын жеткізді. Оның айтуынша, дәрігерлердің тапшылығын шешетін бір жол бар. Яғни, жергілікті медицина колледжінің түлектерін жұмысқа тарту керек. Бұл оқу орнын жылына 400-дей студент мейірбеке, фельдшер, акушер, лаборант және фармацевт мамандықтары бойынша бітіріп шығады. Ал, белгілі болғандай, ол түлектердің тек жартысы жұмысқа орналасса, қалғандары жұмыссыздар санын толықтыруда. Демек, түзеу мекемелеріне қажетті мейірбеке, фельдшер, лаборант және фармацевт мамандарының орнын осы жас мамандар толтыра алады.

        - Ішкі істер министрінің №314 Ережесіне сәйкес, түзеу мекемесіне келген, кеткен және ауруға шалдыққан адамдарға медицина бөлімдерінің дәрігерлерінің құқығында фельдшерлерде медициналық тексеру жүргізу, анықтамалар мен қорытындындылар беруге, амбулаторлық қарау жүргізуге, диагноздар қоя алатыны көрсетілген. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының біліктілік сипаттамаларында фельдшердің лауазымдық міндеттеріне - емдеу-профилактикалық, санитариялық-профилактикалық, дәрігерге дейінгі көмекті, сонымен бірге алғашқы медициналық көмек көрсететіні, медициналық есепке алу-есеп беру құжаттамаларын жүргізу сияқты қызметтерді атқаратыны айқындалған. Бір сөзбен айтқанда, түзеу мекемелерінде дәрігерлердің орнына фельдшерлерді алуға ешқандай кедергі жоқ. Оның үстіне статистикаға сәйкес, фельдшер мамандығын игеретіндердің 75 пайызы  ер адамдар, яғни олар арнайы контингентпен жұмыс жасауға да қолайлы болмақ. Сондықтан, облыстық ҚАЖ департаментіне мекемелердегі медицина қызметкерлерінің штатын қайта қарап, осыған дейін аптасына екі рет келетін дәрігерлер лауазымдары есебінен, фельдшер лауазымдарын көбейтуге Комитет алдында ұсыныс білдіруді ұсынып отырмыз, - деп атап көрсетті басқарма бастығы. Алқа мәжілісінде көтерілген мәселелерге орай қылмыстық-атқару жүйесі органдарымен осы бағытта жасалған шаралары туралы есептері тыңдалып, алға қарай қамалғандарға медициналық көмек көрсету сапасын көтеруге және медицина қызметкерлерінің орындарын толтыруға бағытталған нақты шаралар айқындалды.


         

        Гүлзада Қожабергенқызы

        Пікірлер

        Пікір қосу

        ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

         
        Введите пять букв размещенных внизу:
                    _____     ______    ______   _    _   
            ___    |  ___||  /_____//  /_   _// | \  / || 
           /   ||  | ||__    `____ `    -| ||-  |  \/  || 
          | [] ||  | ||__    /___//     _| ||_  | .  . || 
           \__ ||  |_____||  `__ `     /_____// |_|\/|_|| 
            -|_||  `-----`   /_//      `-----`  `-`  `-`  
             `-`             `-`                          
        
         
        Наверх