Новости Атырау - Мунайлы Астана

    17 октябрь 2017, 21:09
      Денсаулық 29.06.2016, 18:31 1 пікір 1110 просмотров

      Жәрдем көрсетіп, алғысқа бөленді

      Жыл сайын алыс елді- мекен тұрғындарына тегін, әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуді дәстүрге айналдырған «Жәрдем» емдеу- диагностикалық пойызы Аққыстау селосына да келіп жетті. Жылжымалы емхананың қызметін көру мақсатында аталған ауылға арнайы барған біз дәрігерлерге көрінушілердің көп екендігін байқадық.


      Пойыздың төрт вагонын қамтыған барлық кабинеттер қажетті диагностикалық аппаратуралармен жабдықталған. Онда халыққа жоғары білікті медициналық дәрігерлер қызмет етуде.

      -       Дәрігерлеріміздің бәрі де білікті мамандар, көбісі профессорлар әулетінен. Мұнда келген бір адам барлық тексерістен өтеді. Біз диагнозды дереу анықтап, оларға емделу жолын көрсетіп, учаскелік дәрігерлеріне жолдама жазып береміз. Ал, қаралған адамдардың есебін Денсаулық сақтау Министрлігіне күнделікті беріп отырамыз.

      Негізі, «Жедел жәрдем» медициналық пойызы екі маңызды әлеуметтік міндетті шешеді. Бұлар медициналық қызметтің жалпыға қолжетімділігі және азаматтарға тұрған өңіріне қарамастан сапалы медициналық қызметтер ұсыну,- дейді «Жәрдем пойызының» медициналық қызмет көрсету жағын басқаратын Алия АБДЫШЕВА.

           Біз әңгімеге тартқан көз дәрігері Салтанат ҚЫДЫРОВАНЫҢ айтуынша, көзге қаралушылардың арасында негізінен катаракта (көз бұршағының бұлыңғырлануы) және глаукома (соқырлық) аурулары көп кездесуде. Ал, гинеколог дәрігерлер елді мекендерде әйелдің жыныстық ауруларының белең алып кеткеніне қынжылыс білдіріп отыр.

      -       Құрманғазы темір жол станциясында үш күн тұрғанда 250-ге жуық әйелдерді гинекологиялық тексерістен өткізген едік. Ауруларының ең басты себебі- салқын тигізген болып шықты. Олардың ішінде жүкті әйелдер де бар. Біз қаралушыларға квота бойынша Астана, Алматы қалаларына емделуге болатынын айттық.

      Жалпы, науқастарды қабылдау уақытымыз кешкі 18.00- ге дейін белгіленген болса да, науқастардың көптігіне байланысты кезекке тұрған адамдарды кері қайтармай, толық медициналық тексерістен өткізудеміз,- дейді бұл орайда акушер- гинеколог Светлана МАДИЕВА.   .

      БУЫН АУРУЫ ЖАСАРЫП КЕЛЕДІ

      Марат ЕСЖАНОВ хирургиялық, сондай- ақ, урологиялық ауруларды емдейді.

      -       Менің кабинетіме тексерістен өтуге келгендер бел ауруы, аяқ сырқырауымен шағымданып жатыр. Жалпы, буын аурулары біздің елде статистика бойынша екінші орында тұрады екен. Бұны негізінен экологияның әсері деп жатады. Таңертең ұйқыдан оянғанда адамдардың мең- зең болып, ұйқысы қанбай оянуы да сол экологияның нашарлығынан. Жас шамасына келсек, мұндағы қызметімде маған буын ауруларымен 40 жастан жоғары әйелдер көп шағымданды. Біз оларға аурудың алдын алу үшін көп қозғалыс керектігін айтудамыз. Өйткені, неғұрлым көп қозғалған сайын буындар жұмыс істейді. Ол үшін еңкейіп еден жуу керек, жаяу жүрген де пайдалы. Тіпті, аулаға тал егіп қойса да, соған еңкейіп су құйғанның өзі біршама қозғалысқа жақсы,- дейді хирург.

         Тегін, әрі жоғары сапалы медициналық көмек көрсетілгендіктен, халық медициналық пойыздардың қызметіне дән риза.

      -       Қалаға баруға уақыт таппайтын едік немесе құнт қылмай жүреміз. Осындай жылжымалы емхананың қызметкерлеріне дән ризамыз. Қазір маған дәрігер аяққа сылайтын, сырқырағанды басатын майлардың тізімін жазып берді. Бұдан кейін ауруымнан айығатынына сенемін. Жұмыстарына жеміс тілейміз,- дейді Қатима апа.

          «Жәрдем» емдеу- диагностикалық пойызының бастығы Асылбек НҰРБАЕВТАН білгеніміздей, пойызда дәрігерлердің діттеген жеріне уақытында жетіп, елді мекен тұрғындарына жәрдем етуі үшін өзінен басқа 11 жолсерік қызмет етуде.

            Құрманғазы темір жол станциясынан бастау алған жылжымалы емхананың медицина қызметкерлері Афанасьевада- 1, Исатайда- 2, Нарында- 1 күн тоқтап, осы күнге дейін барлығы 1157 науқасты әр түрлі шағымдары бойынша қабылдаған. Екі күн бойы Аққыстау темір жол станциясында кардиологке- 115, құлақ дәрігеріне- 100, көз дәрігеріне- 107, тіс дәрігеріне- 75, гинекологке- 95, невропотологке- 81, УЗИ- 65, эндикопия- 15, гастоэнтер- 23, урологке- 66, хирургке- 66, терапевтке- 114, электрокардиограммаға- 115 адам тексерістен өткен.

            Халықтың алғысын арқалаған «Жәрдем» пойызы енді бұдан әрі Атырау, Сағыз темір жол станцияларымен өтіп, Құрманғазы темір жол станциясына қайтадан бет алады.

             Айта кетейік, «Жәрдем» емдеу- диагностикалық пойызы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011- 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ- ның президенті Асқар Мамин мен ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Владимир Божко қол қойған Меморандумға сәйкес құрылған болатын. Алайда, бағдарламаның бекітілген уақыты бітсе де, компания әлі де халыққа тегін көмегін аямай көрсетуде.


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,

      фотоларды түсірген автор.

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       __   _    _    _    _    _    _    _     ____    
      | || | || | || | || | || | || | || | ||  |  _ \\  
      | '--' || | || | || | || | || | || | ||  | |_| || 
      | .--. || | \\_/ || | \\_/ || | \\_/ ||  | .  //  
      |_|| |_||  \____//   \____//   \____//   |_|\_\\  
      `-`  `-`    `---`     `---`     `---`    `-` --`  
                                                        
      
       
      Наверх