Новости Атырау - Мунайлы Астана

    19 октябрь 2017, 9:39
      Денсаулық 14.07.2016, 18:54 0 пікір 1056 просмотров

      Атырауда тағамнан уланды

      Өткен маусым айында Атырау темір жол вокзалы аумағында орналасқан «Смак» дүңгіршегінен «донер- кебаб» тағамын сатып алған тұтынушылардың тағамнан улану фактісі тіркелді. Кейін анықталғанындай, олардың екеуі де сол маңдағы шаштараздың бірінде қызмет ететін шаштараз қызметкерлері болыпты. Осы және өзге де фактілер туралы Атырау бөлімшелік көліктегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасында өткен семинарда басқарма басшысы  Игорь Шин жайып салды.


              Семинарға мекеме басшылары, қоғамдық тамақтандыру орындары, сауда дүңгіршіктерінің жеке кәсіпкерлері, тағам цехы қызметкерлері қатысты.

              Белгілі болғанындай, қазіргі уақытта вокзал маңындағы донер- кебаб сататын аталған «Смак» дүңгіршегіне жоспардан тыс санитариялық- эпидемиологиялық тексеріс пен зертханалық зерттеулер жүргізіліп жатқан көрінеді. Алайда, бұл ғана емес, мамандар жазғы уақытта тез дайындалатын тамақ өнімдерінің санитарлық талапқа сай келмеуіне байланысты осындай тамақтан жиі улану фактілері басқа жерлерде де тіркелуі мүмкін дегенді айтады.

      Игорь Шиннің айтуынша, ағымдағы жылдың өзінде республика бойынша ішек инфекциялары өршуінің бірқатар жағдайлары тіркелген. Мысалы, наурыз- сәуір айларында қоғамдық тамақтану орындарында тағамнан жаппай улану фактілері Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында болған. Ең ірі  ішек инфекцияларының өршуінің жағдайы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы 36 адамның зардап шегуімен тіркеліпті. Зерттеле келе, тағамнан улану фактісі орын алған 350 орынға есептелген нысанның 5 жылдан бері санитариялық- эпидемиологиялық  қорытындысынсыз  жұмыс жасап келгендігі анықталыпты. Топтық ішек инфекцияларының туындауына мейрамхана иелері мен қызметкерлерінің тарапынан ҚР заңдылықтарына сәйкес   санитариялық- эпидемиологиялық талаптардың өрескел бұзылуы,  тағамдарды  дайындау кезіндегі технологиялық процесстердің сақталмауы, сондай- ақ қызметкерлердің медициналық тексерістен өтпеуі салдарынан олардан патогендік бактериялардың бөлінуі себеп болған.

      Ең ірі ішек инфекциясы өршуінің үш жағдайы Астана қаласында тіркелген. Аурудың жаппай өршуінен 140 адам зардап шеккен.

          Тағамнан  улану  құрылыс  алаңдардағы  жұмысшыларға арналған асханалар, кафе,  мейрамханаларда  жүргізілетін  шаралар мен  жалға алынған  балалардың тамақтандыру асханаларында  да жиі орын алатын көрінеді.

      -          Ағымдағы жылдың 17-ші маусымында  «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Ақадыр машиналандырылған жол дистанциясы» филиалында 9 жұмысшының «Ауыз судан уланулар жағдайлары» тіркелді.  Аталған мекемеге жоспардан тыс санитариялық- эпидемиологиялық тексеріс пен зертханалық зерттеулер жүргізілді. Кейін белгілі болғанындай, «Ақадыр машиналандырылған жол дистанциясы» филиалының жұмысшылары Жылой ауданындағы Құлсары қаласының 468-ші бекетіне ағымдағы жылдың 1-ші маусым айында темір жол жөндеу жұмыстарын жасауға келген. Олар вахталық  әдіспен 15 күнде ауысып отырады. Бірінші вахта 1-ші маусымнан 15-ші маусымға дейін болған.  Ауырып отырған жұмысшылар 2-ші вахтаға  15-ші маусымда келіп түседі, ал жұмыс 16-шы маусымда басталған. Ондағы барлық жұмысшылар саны – 49 болса, оның ішіндегі екеуі әйел аспазшы болған. «Ақадыр»  филиалы мекемесінің жұмысшылары орналасқан №06878136,  №06871820  кластық вагондар - ПЧМ Қарағанды  жұмысшыларына арналған, вагон ішінде жатын купе және тамақтануға арналған бөлмелер қарастырылған. Алайда, вагонға алдын ала санитарлық- эпидемиологиялық қорытынды алынбаған,  вагон ішінде жұмысшылары төсек- орындар, төсек жиынтығына жайма, көрпе тысы, жабық түрдегi жастық немесе сүлгiмен қамтамасыз етілмеген. Жазғы көрпелер, матрастар мен жастықтардың тыстарының жуылуына жағдай қарастырылмаған, жуу бөлмесі мүлдем жоқ. Аспазшылар медициналық тексерістен өтпеген, шаруашылық- ауыз суды тасымалдайтын автокөлікке санитариялық- эпидемиологиялық қорытынды тағы алынбаған. Суды тасымалдауға арналған автокөлік  цистернасына  залалсыздандыру жұмысы жүргізілмеген.

      Тексеру барысында зертханалық зерттеуден өткізілген, я болмаса азық- түлік шикізатының, тамақ өнімдерінің сапасын, қауіпсіздігін куәландыратын құжаттармен және олардың қадағалануын, шыққан жерін қамтамасыз ететін құжаттары (сертификаттары) болған жоқ. Осы анықталған кемшіліктер бойынша  филиалдың қызметін тоқтату туралы құжаттар Атырау облыстық ауданаралық экономикалық сотына жолданды.

      Жалпы айтқанда, бұл орын алған өкінішті жағдайларды салақтық деп айтуға да келмейді, себебі 50 адамды жұмысқа жіберіп отырған жерде мынадай санитарлық талаптың сақталмауы тіпті ақылға сыймайтын жайт. Тіпті, осыған дейін жергілік әкімдікте мен қатысып келген жиналыстарда «Шин вокзалдағы санитариялық талапқа сай келмейтін барлық дүңгіршектерді қолдап отыр, оларды жасырып, жапқызбай отыр» деген әңгімелерді естіп келемін. Иә, мен шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаймын, бірақ, неге мен санитариялық талапқа сай болмаса - бұл дүңгіршектерді қорғауға тиіспін?!- деп ашынды Атырау бөлімшелік көліктегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының  басшысы  Игорь Шин.

         Одан бөлек, Шин мырза семинарда келтіргеніндей, ҚР аумағында соңғы 75 жылда түйнемеден 1852 адам ауырып, 25000 ауылшаруашылық малдарының өлу фактісі тіркелген. Адамдар арасындағы түйнеме аурушылығының көп тіркелуі 1960 жылдан бастап 1980 жылға дейін орын алыпты. Қазіргі кезде Бүкілодақтық денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, адамдар арасындағы, сол сияқты ұсақ және ірі қара малдардың түйнемемен аурушылығы 158 мемлекетте тіркелген көрінеді.

      -          Көбінесе адамдар күйдіргіні ауру малдарды сою, етін жіліктеу кезінде зақымдалған теріден коздырғыштардың өз ағзаларына енуі арқылы жұқтырады. Облыс бойынша соңғы 60 жылда Атырау қаласында, Қызылқоға, Құрманғазы, Махамбет аудандарында  түйнемеден 28 адам ауырған. Ал, соңғы  рет  түйнемеден  аурушылық  Атырау  қаласында  1997  жылы тіркеліп,  сол аурумен ауырған жылқыны сойып, етін  жіліктеген  13  адам жұқтырған.        

      Одан басқа, соңғы ақпарат  бойынша Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облысының аумағында адамдар арасында сібір жарасы ауруының топтық жағдайы тіркелгені анықталып отыр. Соның ішінде Қарағанды облысында сібір жарасы ауруынан 9 адам ауырып, ауру жұқтырған 2 адам қайтыс болған,- деді И.Шин.

             Оның айтуынша, елімізде Сібір жарасының алдын алу мақсатында адамдар мен жануарлар арасында жыл сайын аталған ауруға қарсы егу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде.

             Семинарда сондай- ақ, Атырау бөлімшелік көліктегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының мамандары Г.Есқожиева және  Г.Әлімқұловалар «Қоғамдық тамақтану орындарында, үй жағдайындағы тағамнан уланудың алдын алу шаралары», «Сібір жарасының алдын-алу шаралары» жөнінде  баяндамалар жасады. Олар өз сөздерінде әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың қолайсыздығын, сонымен қатар ең ірі  ішек инфекцияларының  өршуі асқынып тұрғандықтан, аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында түрлі салалар арасында семинарларды жиі өткізіп тұру керектігін баса айтты.

             Семинарды қорытындылай келе, Атырау бөлімшелік көліктегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Игорь Шин осы салаға жауапты мамандарға тағамнан улану және жіті ішек ауруларының алдын алу, оларды болдырмау мақсатында қоғамдық тамақтану орындарында санитарлық құжаттарының түгел болуы, ережелер мен талаптардың сақталуы, сондай-ақ, тұтынушылардың құқығын қорғау қызметкерлері тарапынан тексеру кезінде санитарлық- эпидемиологиялық ережелердің орындалуы қатаң қадағалануын және санитарлық ағарту жұмыстардың жүргізілуін бақылауға ұсыныс берді.


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,

      фотолар автордыкі

       

       

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _____      ___      _____      ___      ____    
       |__  //    / _ \\   / ____||   / _ \\   |  _ \\  
         / //    | / \ || / //---`'  / //\ \\  | |_| || 
        / //__   | \_/ || \ \\___   |  ___  || | .  //  
       /_____||   \___//   \_____|| |_||  |_|| |_|\_\\  
       `-----`    `---`     `----`  `-`   `-`  `-` --`  
                                                        
      
       
      Наверх