Новости Атырау - Мунайлы Астана

    18 октябрь 2017, 19:03
      Қоғам 18.07.2016, 17:36 0 пікір 5711 просмотров

      Забурын шығанағы туризмге сұранып тұр...

      Жер шарындағы ең үлкен көл - Каспий теңізінің Исатай ауданындағы жағалауы  130 шақырым. Осы жағалаулардың ішінен теңізге шығатын жалғыз жол Зинеден (бұрынғы атауы Забурын) ауылында ғана. Және дәл осы тұс туристер демалатын орынға сұранып- ақ тұр. Оған біз ауданға барған іссапарымызда көз жеткіздік.


      Мамандардың айтуынша, Забурын ауылы ХІХ ғасырдың орта шенінде орыс көпестері иелік еткен балық кәсіпшіліктерінің орталығы болған. Кемелер Жыбырлақ мүйісімен айналып, Забурынға келген. «Астрахань- Гурьев» пароходына мінген жолаушылар Каспий теңізінің ақжал толқындарының ар жағынан сұлу көрінетін осы құрлықты көріп, қатты қызығады да, жер атауы да соған сәйкес «За бурьями» сөзінен шыққан деген жорамал бар.

      -       Жері құмайт, бетегелі- төбелі, шағылды болғандықтан, Забурынды шығанақ деуге де келеді. Себебі, суы құрғаққа еніп жатыр. 1,5- 2 км- ге дейін судың тереңдігі 50 см-ден аспайды. Мыңтеке – Каспий теңізінің солтүстік жағалауын бойлай жатқан Исатай, Құрманғазы аудандарындағы құм- батыстан шығысқа қарай 120 км- ге созылса, ені 30 км- ді құрайды. Салыстырмалы биіктігі 10-11 метр, солтүстігі Нарын құмына, оңтүстігі сор, сортаңды, құмды- саздақты жазыққа ұласады. Мыңтеке құмының суға еніп жатуы - су астының тазалығына бірден- бір әсер ететін фактор. Сондықтан бұл жердің осы ерекшелігі Бірікккен Араб Әміршілігіндегі Дубай қаласының табиғатына өте ұқсас болып келеді. Біз осы кереметті отандық туризмді дамытуда өз игілігімізге пайдалана алмай отырмыз,- деп қынжылыс білдірді Исатай ауданы әкімінің орынбасары Артур Қуанышкереев.

            Бұл орынға жету үшін кедір- бұдыр болып, ойылған «Атырау - Астрахань» тас жолы бізді де, көлік тізгінін басқарған жүргізушіні де әбігерге салғаны бар. Әбден тозып, жарамсыз болған бұл тас жол автокөлік иелеріне де үлкен қауіп төндіреді екен. Алайда, «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде аталған «Атырау - Астрахань» тас жолы бірер жылдарда Жібек жолына айналады деп сендіріп келген болатын бұған дейін журналистерге берген сұхбатында автокөлік жолдарына қатысты сала мамандары. Осы кезде Алматыдан бастау алатын бұл экономикалық күре тамыр Азия елдерінен, Қытайдан келетін тауарлардың легін Ресей, Беларусь, Солтүстік Кавказ, Европаға шығаратын бірден бір төте жол болмақшы. Осыдан келіп, 2020-сыншы жылға дейін салынып бітетін осы жол арқылы қаншама адам табыс табатынын біле беріңіз!

      -       500 мыңға жуық халқы бар Атырау облысы тұрғындарының негізгі табысы мұнай өндіруден алынатындықтан, бұл өңір қаржылы топқа жатады. Ал сол тапқан табысты еңбек демалыстарында, жалпы демалған кездерінде өзімізде демалыс орындары болмағандықтан, шетелге шығып, өзге елдің қорына, экономикасына табыс келтіруде,- дейді бұл орайда аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары.

          Мамандардың сөзінше, сыртқы қорға құйылып жатқан көп мөлшердегі қаражатты өзімізге жұмсауға сақтап қалатын бір ғана жол- Забурын шығанағына әр түрлі бағыттағы қонақ үйлер салып, онда демалыс орындарын тиімді ұйымдастыру. Өйткені, мұнда суға шомылу маусымы мамыр айының үшінші онкүндігінде басталып, тамыз айының аяғына дейін созылады. Сондай- ақ, тағы бір ерекшелігі сол- барлық жерлерде су қайту болса да, бұл жерде су  қай уақытта да өз деңгейін сақтап, тұрақты қалып келетін көрінеді. Мемлекет тарапынан жазғы каникул кезінде оқушылар тынығатын жазғы лагерьлерді осы жерден ұйымдастыруға да өте қолайлы аймақ деседі мамандар.  Одан басқа, Теңіз самалымен демалатын туристерге арналған бірнеше қонақ үйлер бой көтерген кезде Забурын мен Исатай ауылдарының жергілікті тұрғындары жұмысқа тартылып, жұмыссыздықты жоюға себепші болар еді дейді мамандар.

      -       Тіке жолдан 3 шақырым кірме жол салу туралы аудан әкімдігінің ұсынысы облыстан қолдау тауып, қазіргі уақытта шешімін тапқалы жатыр. 1,5 км. жерде электр желісі бар, газ желісі де осындай қашықтықта. Теңіз жағасынан демалыс орындарын салам деген кәсіпкерлерге осы инфрақұрылымдарды тартып беру, сондай- ақ, шағын кеме, «катер» келетін су жолын тереңдетіп беру мемлекет тарапынан жасалуы тиіс жұмыстар. Себебі, кәсіпкерге судың түбін өз бетінше қазу рұқсат етілмейді,- дейді аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Рафиғат Тәжиденова.

         Тажиденова ханым әңгімелегеніндей, нақ осындай демалыс орындары бар Мальдивия аралы күні бүгін туристерді өзіне ең көп тартып отырған жер. Аралдың қонақ үйлеріне келетін су жолдары су түбін тереңдетіп қазылып жасалған. Мальдивияның геологиялық сипатына Забурынның орналасқан жерінің сипаты өте сәйкес келеді дейді сол себепті біз пікірлескен аудандық әкімдіктің басшылығы.

          Шынымен де, өзіміз куә болғандай, Забурынға жақын жатқан теңіздің шомылатын аумағындағы су асты 1,5 км- дей қайраң таза құм. Жалаңаяқ біраз жер басып жүргеннің өзінде аяғымызға қамыс немесе өзге шөгінді ілікпейді, суы тұщы. Суға түсу маусымы біткеннен кейін бұл жерге балық пен құс аулау демалысын ұйымдастыру да өте тиімді екені байқалып- ақ тұр.

      -       Исатай, Қызылүй елді мекендерінде Араб әмірліктерінде бар, қазіргі таңда демалыс сәніне айналған саффари үшін нақты құмдар бар. Осыдан екі жыл бұрын жергілікті кәсіпкеріміздің бірі «Атамекен» деген атаумен құмдағы демалыс орнын ашып, кейін белгісіз себептермен тым жақсы істі аяқсыз қалдырды. Бұл аталған орын да инфрақұрылым жақын жерде тұр. Келер жылы Қызылүй елді мекеніне «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде ауыз су құбыры тартылмақшы.

      Жалпы, Исатай ауданының аумағында орналасқан осындай ерекшелікке ие, дамытуға әбден лайық жерлерімізді мемлекет тарапынан қолдау көрсете жүріп, кәсіпкерлерге берсек, мемлекетіміздің бюджетіне құйылатын қомақты қаржыны тауып, жұмыссыздықты болдырмаудың амалын табуға нақты қадамдар жасауға болатын еді,- дейді Рафиғат Тәжиденова.

          Біз барған күні теңіз жағалауындағы аталған орында ешқандай демалыс орны болмаса да, қазірдің өзінде суға шомылып жүргендердің қарасы көп болды. Оның ішінде отбасымен, тіпті қаладан арнайы ат арылтып келгендері де бар. Олардың барлығы да жағадан күрке тігіп, кәуап пісіріп, күнге қыздырынуда. Бір қуантқаны- жағадан шашылған қоқыстарды еш көзіміз шалмады. Оның себебін осындай әсем табиғатты бүлдіруге сол маңдағы адамдардың да дәрмені жетпегені шығар деп түсіндік.

            Мөлдіреген тұп- тұнық, тап- таза суында қосарлана жүзген аққулары ерекше сән берген бұл орынның болашақта керемет демалыс орынына, экономикамыздың дамуына қаражат түсірер туристер мекеніне айналса деген тілек қана қалды біздің көкейімізде...


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,

      фотоларды түсірген автор.

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _  __   __   __    ____      _____     ______  
       | |/ //  \ \\/ //  |  _ \\   |  ___||  /_   _// 
       | ' //    \ ` //   | |_| ||  | ||__      | ||   
       | . \\     | ||    | .  //   | ||__     _| ||   
       |_|\_\\    |_||    |_|\_\\   |_____||  /__//    
       `-` --`    `-`'    `-` --`   `-----`   `--`     
                                                       
      
       
      Наверх