Новости Атырау - Мунайлы Астана

      23 наурыз 2019, 23:40
        Қоғам 09.08.2013, 18:43 0 пікір 3409 просмотров

        Игілікті шара «Иманғали» мешітінде

        Ораза айттың алғашқы күнінде Атырау уақытымен таңғы 7.20-да Атырау облысының «Иманғали» мешітіне жиналған бас-аяғы 6000-ға жуық атыраулықтар иық тіресе тұрып, Ораза Айт намазын оқыды. Тіпті келушілерге мешіт іші таршылық етіп, көпшілігі далада, мешіт ауласында тұрып та құлшылық етті.

        -          Жалпы, Айт - қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны білдіреді. Аллаһ Тағала осы Айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Үш күн бойы тойланатын Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен бас­талды. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұ­хаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: «Айт күні бірінші орындайтынымыз - намаз оқу», - деген. Бұл намаз Исламның ұраны болғандықтан, Пайғамбарымыз Мұ­хаммед (с.ғ.с.) өмірінде оны бір рет те қал­дырмай оқыған. Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы - мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, тату­ла­сыңдар... Бір-біріңе берген сыйлықтарың - араларыңдағы өшпенділікті жояды», - деп өсиет еткен. Ораза айт мерекесі Шәууәл айының бірінші күні басталып, үш күнге созылады. Бұл күні ер­терек тұрып, ғұсыл алып, мешітке - Айт нама­зы­на хош иісті болып бару - Пайғамбары­мыздың (с.ғ.с.) сүйсіне жасайтын амалынан еді. Сондықтан, бұл амал мұстахаб саналады. Се­бебі, бұл қасиетті жұма сияқты көпшілікпен ашық-жарқын араласатын күн. Жұма күні қан­дай амалдар сүннет болса, айт күніне де солай. Осы айтқа байланысты тағы бір сүннет амалы жайында хадисте: «Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын еді», - делінген. Бұл да әрбір мұсылман үшін - сүннет, - дейді ҚМДБ-ның өкіл имамы Амантай Әбілдаұлы.

        Бұл күні балалар да назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ мұрындық болуымен мешіт ауласында балаларға арналып құрылған жеті түрлі ойын-сауық аттракциондары жасақталып, 50-ге жуық балаға киім-кешек және айт намазына келген бүлдіршіндерге 300-ге тарта балмұздақ, тәтті мақта мен шырын сулар тегін таратылды. Сол сияқты мешіт алаңында 700-ге жуық бала таңертеңгі 8-ден түс әлетіне дейін ойын-сауық аттракциондарында көңіл көтерді.

        Ол мереке бүгін қасиетті жұма күнінде де жалғасын тапты. Қамқоршысынан айырылған балалар мен мүгедектерге, жағдайы төмен отбасы балаларының көңілдеріне қуаныш сыйлау мақсатында «Атырау облыстық ақыл-ойы кем дамыған балалар үйі» мен С.Қазыбаев атындағы № 1 мектеп-интернаттың балалары үшін киіз үйде мерекелік дастархан ұйымдастырылып, бұл балаларға да 150-ге жуық ішінде мектеп құралдары бар сөмке таратылды.

        Ертең, яғни Ораза айт мерекесінің 3-ші күнінде Түркия мемлекетінен келген, 1000-ға жуық шәкірт тәрбиелеген ұстаз Ергун ЯШАРДЫҢ бес жылға жасалған келісім-шартының бітіп, қайтадан Түркия мемлекетіне кетуіне орай, оған деген мешіт жамағатының алғысы ретінде киіз үйде ақ дастархан жайылып, құрметпен шығарып салу рәсімі өтеді.

        - Шындығында айт – үлкен мейрам. Ол мейрамда адамдар бір-біріне кешірімді болуы керек. Ренішкендері болса, бір бірін жұбатуы және балаларды да қуанту керек. Сосын қазір кейбір дәстүрсіз бағытты ұстанып жүрген адамдарды шеттете бермей, осындай қайырымдылық шараларына қатыстырып, олардың балаларын да қуантып, қоғамға деген көзқарасын өзгерту – біздің негізгі мақсатымыз. Себебі, олар қазір қоғамнан алыстап кеткен. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» дегендей,  жұмыссыз жүрген олардың мемлекетке деген ыза-кегі оянады. Сол себепті балаларын осындай қайырымдылық шараларымен қуанту арқылы, олардың осындай жақсы іске қолдау көрсеткен облыс әкіміне, жалпы Отанына деген сүйіспеншілігі оянады. Кімде-кімнің патшаға, мемлекетке деген сүйіспеншілігі оянатын болса, онда олар адамдармен жақын сырласып, қоғамға жақындайды, - дейді Амантай САДИЕВ.

        Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

        Пікірлер

        Пікір қосу

        ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

         
        Введите пять букв размещенных внизу:
         _    _     ______    ______     ___      _  __  
        | || | ||  /_   _//  /_____//   / _ \\   | |/ // 
        | || | ||   -| ||-   `____ `   / //\ \\  | ' //  
        | \\_/ ||   _| ||_   /___//   |  ___  || | . \\  
         \____//   /_____//  `__ `    |_||  |_|| |_|\_\\ 
          `---`    `-----`   /_//     `-`   `-`  `-` --` 
                             `-`                         
        
         
        Наверх