Новости Атырау - Мунайлы Астана

    24 октябрь 2017, 8:12
      Қоғам 07.12.2016, 15:33 0 пікір 501 просмотров

      Машинистер құрметтелген күн

      ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Машинист жылы» болып аталған биылғы жыл еліміздің темір жолшылары үшін де жеміссіз болмады. Өйткені, биыл «ҚТЖ» ҰК» АҚ өз қызметкерлеріне арнап, алғаш рет «Құрметтi локомотив машинисi» салалық белгісін дайындаған еді. Атырау және Мақат жол бөлімшелерінің локомотив пайдалану деполарындағы темір жол көлігін басқаруда өнімді еңбек етіп, ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып келетін үздік машинистеріне «Құрметтi локомотив машинисi» төсбелгісін «ҚТЖ- Жүк тасымалы» АҚ-ның атқарушы директоры Айтым ҚҰРАҚБАЕВ арнайы келіп табыстады. Салтанатты шараға депо жұмысшылары мен осы жол торабының ардагерлері қатысты.


      ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның атқарушы директоры Айтым ҚҰРАҚБАЕВ өз сөзінде алдыңғы қатарлы жұмысшылардың озық тәжірибелерін кейінгілерге үлгі қылу, тәжірибе алмасу, локомотивтік бригадалар мүшелерінің шеберліктері мен білімдерін көтеру, сонымен қатар, олардың ауыр еңбектерін ынталандыру, мамандықтарының абыройын арттыру үшін биылғы жылдың Машинист жылы болып жарияланғанын, осыған орай жыл басынан бері әр өңірдегі локомотив деполарында түрлі шаралар: «Менің әкем машинист!» атты балалар арасында сурет салудан байқау, машинистердің отбасыларымен бірге түрлі басқосулар өткенін айтып өтті.

      -       Біз Локомотив деполарынан үздік машинистерді анықтауды өздеріне тапсырған болатынбыз. Сол себепті бұл жерде әр ұжым өз араларынан лайықты машинистті таңдап, ұсынды. Жоғары марапатқа қол жеткізген машинистер алдағы уақытта да соған лайықты, айналасындағыларға үлгі болып, аянбай еңбек етуге тырысады деп сенеміз.

      Жалпы, күрделі ауа райы жағдайында кездесіп қалуы ықтимал қиын жағдайларға дайын болу, қажет кезде дұрыс шешім қабылдай білу, үнемі жауапкершілікті сезініп, нормаланбаған графикпен жұмыс істеу әркімнің қолынан келе бермейді. Ал, машинистердің күнделікті өздерінің жауапты да қиын жұмысымен қатар, биылғы жылы салааралық өткізілген шараларға қатысып, белсенділік танытуы, сонымен қатар жұмыстарында жақсы нәтиже беруі бізді қуантады. Ендеше, осындай үлгілі де үздік машинистеріміз көп болғай!- дей келе, Айтым Құрақбаев төсбелгі иелеріне айтулы марапатты табыстады.

      Сонымен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ филиалы «ГП Атырау бөлімшесі» Атырау локомотив пайдалану депосының «Құрметтi локомотив машинисi» төсбелгісін Дүйсенбай ДАЛАБАЕВ, Қуаныш ЕЛЕШОВТЕР кеудесіне тақса, депо бастығы Қуаныш ТӨРЕТАЕВТЫҢ қолы қойылған ІІІ- ші біліктілік сыныбын: Жеңіс ІЗБАСАРОВ, Ринат САҒЫНТАЕВ, Найл СЕРІКОВ, Әділбек ЖАҚСЫЛЫҚОВТАР алса, Алғыс хат және бағалы сыйлықпен: Айтуған ІЗТҰРҒАНОВ, Ғибат АЙМҰРАТОВТАР марапатталды.

      Шара барысында сондай- ақ, сөз алған Атырау локомотив пайдалану депосының бастығы Қуаныш ТӨРЕТАЕВ, мекемедегі еңбек етіп келетін машинистердің қай- қайсысының да еңбегі қажырлы, бағалауға лайықты екендігін атап өтіп, алдағы уақытта да қызметкерлерінің сенім үдерісінен шығатынына сенім білдіріп, тойланғалы отырған Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен жиналғандарды құттықтады.

      Машинист Қуаныш ЕЛЕШОВ 1980 жылдан бері Атырау локомотив пайдалану депосында қажырлы еңбек етіп келеді. Бұған дейін ҚТЖ президенті А.Маминнің қолынан Алғыс хат, темір жолшылар мерекесі қарсаңында Атырау бөлімшесі, локомотив пайдалану депосы бастығының қолынан белсенділігі, жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарағаны үшін бірнеше марапаттар алып келген болса, енді «Құрметтi локомотив машинисi» салалық төсбелгісін төсіне тақты. Өмірінің 36 жыл уақытын темір жол саласына арнаған машинисттің қуанышы оның тебіренген сөзінен байқалып тұрды:

      - Осы салаға қызметке келгеннен кейін барыңды салып, сенім үдерісінен шығуға тырысатының анық қой. Бірақ, шынымды айтсам мұндай жоғары марапатты күтпеген едім. Машинист жұмысының жауапкершілікті талап ететіндігі сол- күнделікті тірлікте де жұмысыңды ең бірінші орынға қойып, шақыртып қалуы мүмкін кез келген уақытқа дайын болып жүресің. Мені осындай марапатқа ұсынған ұжымдастарыма, депо басшысы Қуаныш Төретаевқа және президентімізге айтар алғысым шексіз!- дейді марапат иесі.

      Бұдан кейін айтулы марапат Мақат локомотив пайдалану депосында жалғасын тапты. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның атқарушы директоры Айтым ҚҰРАҚБАЕВ онда да теміржолдағы, өзінен кейінгі жас буындарды еңбекке баулуда тәжірибесі мол, депо өмірінің қоғамдық жұмысына белсене араласып келетін, 38 жылдан астам еңбек өтілдері бар үздік машинистер: Есенқұл  ЕРКЕТАНОВ пен Нұржау Ғалиевтердің кеудесіне төсбелгі тақса, Мақат локомотив пайдалану депосының бастығы Абзал- Сенбі САМАЛИКОВТЫҢ қолынан Қылышбек БЕНЕУОВ, Аман ЖҰБАНОВТАР құрмет грамотасын, ал Мұратқали ШАМШЫРАҚОВ, Берік ҚУАНЫШОВТАР Алғыс хат алды.


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,

      фотоларды түсірген автор

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _____     _____     ______   _    _     _  __  
       |__  //   |  ___||  /_   _// | || | ||  | |/ // 
         / //    | ||__    `-| |,-  | || | ||  | ' //  
        / //__   | ||__      | ||   | \\_/ ||  | . \\  
       /_____||  |_____||    |_||    \____//   |_|\_\\ 
       `-----`   `-----`     `-`'     `---`    `-` --` 
                                                       
      
       
      Наверх