Новости Атырау - Мунайлы Астана

    20 октябрь 2017, 13:00
      Қоғам 06.01.2017, 14:41 0 пікір 582 просмотров

      Өткен жыл табысты аяқталды, келер жылдан үміт көп...

      Өткен 2016 – жыл атыраулықтар үшін жетістікке жеткен жыл болды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені облыстың экономикалық – әлеуметтік дамуы жоғарғы көрсеткіштерге жетті. Өңірде кәсіпкерлік өркендеп, халықтың әлеуеті артты. Қиындықтар да болмай қалған жоқ. Өткен көктемде нөсер жауыннан тұрғындар зардап шекті. Облыста жол-көлік жиі орын алуда. Барлық салада да кем-кетін, ақсап жатқан тұстар бар. Бірақ, біз келер жыл тек жақсылық әкелсін деген ниетпен өткен жылдың жетістіктерін тізіп шығуды жөн көрдік.


       

      Жыл жетістігі        

      Жыл соңында көптен айтылып жүрген түйінді мәселе шешімін тапты. Қашаған кен орын ашылды. Оның ашылу салтанатына арнайы қатысқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру ісінде мұнай-газ индустриясының айрықша маңызы бар екенін атап өтті.


      – Қашаған кен орнының ашылуы соңғы 50 жылда әлемдік энергетика саласындағы ең елеулі оқиға болды. Онда 4,5-тен 5,5 млрд тоннаға дейінгі мөлшерде мұнай және 3 трлн текше метрдей газ қоры бар деп жобалануда. Қашаған қазақстандықтардың игілігін еселей түсетін тағы бір ірі жоба болып саналады. Баршаңызды осы кен орнының іске қосылуымен құттықтаймын, – деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, Елбасы:


      -Қашаған Қазақстан мен ірі әлемдік мұнай компанияларын ортақ мақсатқа жұмылдыра алды. «Эни», «Тоталь», «ЭксонМобил», «Шелл», Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы, «Инпекс» біздің елге бай тәжірибесі мен білімін ала келді. Біздің «Қазмұнайгаз» да қазір әлемдік деңгейдегі осындай компаниялармен қатар тұрғаны қуантады.1998 жылдан бастап отандық 15 мың жұмысшыға кәсіби-техникалық білім беру үшін 250 млн. доллар жұмсалды. Осы уақыт аралығында біз мұнайшылардың тұтас бір буынын даярладық, жаңа мамандықтар аштық, теңіз академиясын құрдық. Қашағанда 11 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыспен қамтылды. Сол арқылы жобадағы отандық кадрлардың үлесі 90 процентке дейін ұлғайды. 2005 жылдан бері сатып алынған тауар, атқарылған жұмыс және қызмет көрсету ісіндегі Қазақстанның үлесі 12,7 млрд доллар болып, 30 процентке жетті, – деді.

       

      Жыл қуанышы   

      Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында атыраулықтар асыға күткен Нұрсая ықшамауданындағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы «Әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар» бағдарламасы аясында емдеу мекемесінің құрылысын 2010 жылы бастаған болатын.

      Аурухана 180 орынға есептелген, оның ішінде 150 төсек балаларға арналған. Оған қоса дәрігерлер ауруханаға келіп түскен науқастардан басқа, аудандардағы, шалғай жерде орналасқан елді мекендердегі науқастарға санитарлық авиациямен емдеу-диагностикалық көмек шараларын көрсетуге мүмкіндік алды. Қазір ауруханада 23 дәрігер, 77 орта медициналық буын қызметкері еңбек  етуде. Дәрігерлер қатарында – бес денсаулық сақтау ісінің үздігі, бір – медицина ғылымдарының кандидаты, үш – жоғары, төртеуі – бірінші санатты дәрігер бар. Ал, медбикелердің 65  пайызы  жоғары, бірінші және екінші санатты қызметкерлер. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының құрамында төрт клиникалық  бөлімше жұмыс істеуде. Атап айтсақ, жансақтау, жұқпалы ішек аурулары, жедел респираторлы вирусты инфекция, ересектерге арналған инфекциялық, клиникалық-диагностикалық, бактерио-серологиялық зертхана, гепатокабинет, ультрадыбыстық зерттеу  және басқа да  қосымша қызмет көрсететін бөлімшелер.

       

      Жылдың қоныс тойы   

      Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы және Жаңа жыл мерекесінде бірқатар атыраулықтар қоныс тойын  тойлады. Атап айтсақ, Атырау қаласындағы  Нұрсая мөлтек ауданынан 420 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Жаңа мөлтек ауданға тұрғызылған көпқабатты үйлер мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған болатын.  420 пәтерлік 3 көпқабатты үй көп жылдан бері пәтер кезегінде тұрғандар, апатты үйлердің тұрғындары, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен бюджеттік мекеме қызметкерлері сияқты баспанаға мұқтаж жандарға берілді.Жаңа жыл қарсаңында осы Нұрсая мөлтекауданынан салынған тағы бір бес қабатты, 45 пәтерлік  үй тұрғындарға пайдалануға берілді. Жаңа қонысқа баспана кезегінде тұрғандар және төлем қабілеттілігі анықталған банк салымшылары мен бюджеттік мекеме қызметкерлері ие болды.Айта кетейік, 2016 жылы Атырау қаласы бойынша тек мемлекеттік бағдарлама аясында 50 мың шаршы метр, яғни 15 көпқабатты үйдегі 750 пәтер берілген.2017 жылы да осы көлемде тұрғын үй құрылысы жүргізілмек.

       

       

      «Жыл адамы»        

      Соңғы жылдары облыс атағы мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған спорттық команда арқылы да шығып жүр. Ол команданы Атырау облыстық мүгедектер спорт клубының директоры, отырып волейбол ойнау бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Бауыржан ТАХАУОВ басқарады. Ол өзінің көп жылғы еңбегінің нәтижесі ретінде «Жыл адамы-2016» облыстық ресми байқауының жеңімпазы атанды. Б.Тахауовтың  бапкерлік еңбек өтілі – 18 жыл.  ҚР-ның бес дүркін чемпионы, Банкгкоктағы Параазиялық ойындардың (1998) чемпионы, аға бапкер ретінде ҚР жастар құрамасын 2009 жылы әлем чемпионатында қола алқаға дейін және 2010 жылы әлем чемпионатында алтын алқаға («Б» дивизионы) дейін жеткізді. 2014 жылдан бері ҚР құрамасының бап бапкері, тірек-қозғалыс аппараты зақымдалған мүгедектерге арналған дене шынықтыру және спорт федерациясының төрағасы, ҚР Ұлттық Параолимпиада комитеті филиалының директоры.


      Түйін. Айта кету керек, облыста Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қарқынды жүргізілуде. Оның дәлелі – бағдарламаның бірінші бесжылдығы нәтижесінде Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы құны 66,9 млрд. теңгелік 28 инвестициялық жоба жүзеге асырылып,  2135 жаңа жұмыс орны ашылған. Енді алда Индустрияландыру картасы негізінде 2057 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 2,93 трлн. теңгелік үш ірі жоба, яғни «КРІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің газ-химиялық кешені құрылысының бірінші кезеңі, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құру, «KLPE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің газ-химия кешені құрылысының екінші кезеңі жүзеге асырылмақшы.Сондай-ақ, Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы құны 48,9 млрд. теңгені құрайтын,1423 жаңа жұмыс орны ашылатын 23 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Енді бұл ауқымды жұмыстардың іске асуы жаңа жылдың еншісінде.


      Гүлзада Қожабергенқызы

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
                   ___      _____    _    _    _    _   
          ___     / _ \\   /  ___|| | || | || | |  | || 
         /   ||  / //\ \\ | // __   | || | || | |/\| || 
        | [] || |  ___  ||| \\_\ || | \\_/ || |  /\  || 
         \__ || |_||  |_|| \____//   \____//  |_// \_|| 
          -|_|| `-`   `-`   `---`     `---`   `-`   `-` 
           `-`                                          
      
       
      Наверх