Новости Атырау - Мунайлы Астана

    22 ноябрь 2017, 13:33
      Саясат 23.08.2013, 11:23 0 пікір 3763 просмотров

      Мейірім ҚАЛАУИ: «Жастарды 4 мәселе толғандырады»

      Тілші: - Жастарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыс жасалып жатырғандығын білеміз. Алайда әлі де болса жұмыссыз жастар қатары азаймай тұр. Оған не себеп? 

      Мейірім Қалауи: - Өзіңізге белгілі облыста жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалармен айналысатын арнайы уәкілетті орган бар. Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына 5 мыңнан аса жас хабарласқан. Оның ішінде ауылдық жерде тұратыны – 2424 адам болса, қалған 2617-сі – қала жастары. Жұмыссыз жастардың 1375-і тұрақты жұмыспен, 1353-і қоғамдық жұмыстарға, 654 адам кәсіби мамандыққа оқуға жіберілген. Ал жастар тәжірибесіне жіберілген 952 жас маманның 24-і, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген 1070 адамның 14-і тұрақты жұмыс орындарына қалдырылды.Жастарды жұмыспен қамту бағытында жыл басынан бері 51 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, оған 4 мыңнан астам адам қатысты. Нәтижесінде 1322 адам жұмысқа орналасты. Оның 75 пайызы – жастар.Қазір облыста жастар жұмыссыздығының ресми көрсеткіші – 1,1 пайызды құрап отыр. Әрине, бұл - жақсы көрсеткіш. Дегенмен, қазіргі уақытта барлық жұмыссыз жастар уәкілетті органдарға тіркеле бермейді. Олар тіркелген жағдайда мемлекетте қабылданған әртүрлі бағдарламаларға қатысып, жұмысқа орналасуларына мүмкіндік болар еді.        

      Тілші: - Жастардың тұрғын үймен қамтылу деңгейі қандай?

      Мейірім Қалауи: - Қазір демографиялық оң өзгерістерге орай, неке құрушылар және тұрғын үйге мұқтаж жастардың саны артып келеді. Бізде бар мағлұмат бойынша қазір мыңға жуық жас отбасы пәтерге мұқтаж ретінде тұрғын үй бөліміне өтініштерін білдірген. Елімізде қабылданып, жүзеге асырылып жатырған «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында биыл облыста 234 жас отбасыны үймен қамту жоспарлануда. Бірақ бұл барлық қажеттілікті жаба алмайды. Сондықтан облыс әкімінің қолдауымен «Жас Отау» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба бойынша 90 жас отбасы жеңілдетілген несие шарттары бойынша пәтерге ие болмақ. Одан бөлек, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында облыстағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін 240 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталады. Осы қабылданған шешімдер біртіндеп жастардың тұрғын үйге деген мұқтаждықтарын шешеді деп сенемін. 

      Тілші: - Сөзіңіз аузыңызда, қалай десек те, баспана тауқыметін тартып жүрген жастар қатары азаяр емес?

      Мейірім Қалауи: - Жоғарыда айтылған бағдарламалар мен жобалар тек биылғы жылдан бастап іске асуда. Сондықтан биылғы жылдың соңына, келесі жылдар бойына бұл мәселе рет-ретімен шешілетін болады. Себебі «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы 2020 жылға дейін жүзеге асырылып, облыста тек жас отбасылар үшін жылына 15-20 мыңға дейін шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.    

      Тілші: - «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аяқ алысы қалай? Жастар белсенділігі байқала ма?

      Мейірім Қалауи: - Бағдарламаны орындау мақсатында облыста мамандарды ауылдық елді мекендерге тарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Ауылдық елді мекендерге қызмет ету үшін келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Бағдарлама негізінде ауылдарда тұрғын үй алуға мүмкіндік берілетіндіктен, жастардың да белсенділігі жоғары. Биылдың өзінде 200-ден аса жас ауылдық елді мекендерге жолдама алды. 

      Тілші: - Аталмыш бағдарламаның ауылдық елді мекендерде маман жетіспеушілігін жою мақсатында жұмыс істейтіндігі белгілі. Қазіргі таңда қандай ауылдарға, қай сала мамандары мейлінше көп қажет?

      Мейірім Қалауи: - Ауылдық елді мекендерде бүгінгі күні ең бірінші, дәрігерлер жетіспеуде. Тек аудандардың өзіне 84 маман қажет болып отыр. Оның ішінде Жылой ауданына – 19, Құрманғазыға – 12, Индерге – 9, Мақатқа – 22, Махамбетке – 7, Исатайға – 8, Қызылқоғаға – 5 дәрігер маман қажет. 

      Тілші: - Жоғары оқу орны студенттерінің мамандық алған соң ауылдарда қызмет етуге деген көзқарастарын білу үшін сөзге тартқанымызда, көпшілігі қалада қалуды жөн санайды. Бұл ауылға барған мамандарға жасалатын жағдайдың көңіл көншітпейтіндігін білдірмей ме?

      Мейірім Қалауи: - Әрине, барлық ауылда қаладағыдай әлеуметтік, басқа да инфрақұрылым жақсы дамыған деп айта алмаймыз. Дегенмен, аудан орталықтары мен үлкен елді мекендерде жастардың бос уақытын пайдалы өткізуге, спортпен шұғылданып, мәдени шараларды тамашалауға мүмкіндіктері бар. Оның үстіне қазір көп ауылда көгілдір отын, ауыз су үйдің ішіне дейін келіп тұр. Яғни күл шығарып, құдықтан су тартатын уақыттан құтылдық. Менің ойымша, бұл әркімнің өз қалауы болуы тиіс.  

      Тілші: - Өткен аптада жастар мерекесі облысымызда кең көлемде аталып өтті. Сіздіңше, қазіргі жастардың қоғамдағы рөлі қандай? Жас буынды қазір не толғандырады?

      Мейірім Қалауи: - Жастардың қоғамдағы рөлі айтпаса да түсінікті. Кез келген ел өзінің болашағын ойласа, оның жарқын болуын мақсат қылса, ең алдымен, өскелең ұрпағын ойлайды. Егер жүргізілген сауалнама қорытындыларына сүйенсек, жастарды 4 мәселе қатты толғандырады екен. Ол: жұмыссыздық, тұрғын үй мәселесі, сапалы білім алу және теріс діни ағымдардың ықпалы.  

      Тілші: - Жалпы мерекелік дейміз бе, басқа да шараларды ұйымдастырып, қатынасатындар да – жастардың белгілі бір белсенді тобы десек, қателеспейміз. Ал, Сіздер, жастардың шоғырланған ортасына, яғни қоғамдық көліктерде, ресторан-кафелерде қызмет жасап жүрген не болмаса, құл базарындағы жастардың жағдайымен таныссыздар ма?

      Мейірім Қалауи: - Өте орынды сұрақ. Қазір облыста 160 мыңнан аса жас тұрады. Оның 35 пайызы - ұйымдасқан жастар. Яғни мектеп оқушылары, студенттер, жоғарыда айтқан тіркелген жұмыссыз жастар т.б. Ал қалған 65 пайызы, бұл жастардың 100 мыңнан астамы, ұйымдаспаған жастар. Бұлардың қатарына жұмысшы жастар, өзіңіз айтып отырған топтағылар енеді. Басқарма құрылғаннан бері жастардың осы тобымен жұмыс жасалуда. Қазір облыстағы ірі 7 мекемеде жастар істері жөніндегі кеңестер құрылды. Жастарды тұрғылықты жері бойынша аула клубтарына, қызығушылықтары бойынша клубтарға, волонтерлік қозғалыстарға біріктіру арқылы ортаға тарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл, әрине, бір-екі жыл ішінде шешілетін мәселе емес. Дегенмен, жастардың белсенділігі мен қызығушылығы артып келеді. Бұл жұмысты жалғастыра береміз. 

      Тілші: - Әңгімеңізге рақмет!

      Арай БАҒЫТЖАНҚЫЗЫ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ____      ______   _    _     _____     ______  
       |  _ \\   /_   _// | |  | ||  |  ___||  /_   _// 
       | |_| ||   -| ||-  | |/\| ||  | ||__      | ||   
       | .  //    _| ||_  |  /\  ||  | ||__     _| ||   
       |_|\_\\   /_____// |_// \_||  |_____||  /__//    
       `-` --`   `-----`  `-`   `-`  `-----`   `--`     
                                                        
      
       
      Наверх