Новости Атырау - Мунайлы Астана

    17 октябрь 2017, 17:25
      Қоғам 15.02.2017, 16:12 0 пікір 976 просмотров

      «Көк китке» кедергі керек

      Жасыратыны жоқ, бүгінде жастарды суицидке итермелейтін ойындар әлеуметтік желілер арқылы Қазақстанға да насихатталып жатыр. Өткен аптада еліміз әлеуметтік желідегі «Синий кит», «Тихий дом» сияқты «өлім топтары» жайында бір дүрлігіп басылды. Қауіп сейілді деуге келмес. Құқық қорғау органдары арнайы мониторинг жүргізіп, бақылау жұмыстарын әлі жалғастырып жатыр. Атырау облысында да әзірге анықтау жүргізілуде. Айта кетейік, өткен аптада кейбір ақпарат құралдарының облыста  қауіпті ойынға 1800 бала тіркелген деген дерегі жалған болып шықты. Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі бізге ол сандық деректің аталған жайға мүлде қатысы жоқтығын хабарлады.


      Яғни, әзірге Атырау облысында қанша жасөспірімнің осы ойынға тіркелгені белгісіз. Прокуратура қызметкерлерінің пікірінше, мұндай өзекті мәселені неғұрлым көп айтқан сайын жасөспірімдердің қызығушылығы соғұрлым арта түсетін көрінеді. Әрі бұл жүргізілген зерттеу барысында дәлелденген. Бірақ, бір жағынан өзектілігі ауқымды болғандықтан, халықты сақтандыру мақсатында әсіресе, білім беру мекемелері ашық айту қажет деп санайды. Бір дәлелдеуді қажет етпейтін жайт  - қазіргі уақытта осы ойындар туралы жасөспірімдердің барлығы дерлік хабардар. Кәмелетке толмаған кез келген жеткіншектен сұрай қалсақ, ойын тәртібін жатқа соғады. "Алдымен #явигре #синийкит #тиxийдом #разбудименя420 сияқты xештегтермен сурет салу керек. Сосын біраз уақыт өткен соң ойын кураторлары өздері xабарласады. Олардың тапсырған 50 тапсырмасын тіркелген ойыншы орындау керек. Тапсырма бергенде түрлі сұрақ қойылады" - дейді тақылдап. Бала санасын жаулап алғаны соншалық, олардың қызығушылығы басым екенін анық аңғаруға болады. О баста осыны білген ойынды ойлап табушылар бала психикасына шабуыл жасай отырып, көздеген мақсаттарына жетіп отырған. Ал, қамсыз жүрген біздер де осы шырмауға ілініп, оның алғашқы құрбандары да елімізде тіркеліп жатыр. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Психологтар балалар ойынды біле тұра одан саналы түрде бас тарту үшін жұмыс жүргізу керек десе, IT мамандары ресейлік әлеуметтік желілерде байланыс жасамау керектігін алға тартады. IT мамандарының пікірінше, "Синий кит" ойынындағы балалар біле бермейтін осал тұс - ойын кураторларының жіберген сілтемесі. Өйткені, сілтемеге кірген ойыншының IP мекен жайы сақталып қалып, тағы басқа интернет орнатылған жердің мәліметтері шығады екен. Сол мәліметтер арқылы баланы қорқытып, өзіне қол жұмсауға мәжбүрлейді. Бұндай қорқытудан соң, бала амал жоқ тапсырманы орындап, өз-өзіне қол жұмсайды. Осындай жауыздықты ойлап тапқан Филипп Будейкинді желі арқылы жасөспірімдерді өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі деген күдікпен Ресейде ұстағанын білеміз. Ол 15 жасөспірімнің өліміне себепші болған екен. Полицияның мәліметіне сәйкес, жастарды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін әлеуметтік желідегі топтар жұмысын жабық түрде жүргізген. Бірақ, бұл қылмыскерлер толығымен жойылды деген сөз емес. Оның қанша бірлескен адамы бар екені анықталмаған. Демек, қауіп әлі де бар. Осыны айтып дабыл қаққан  “Отбасы және отбасылық құндылықтарды қолдау бойынша қазақстандық ата-аналардың қауымдастығы” республикалық қоғамдық ұйымы азаматтарды балаларын өлімге апаратын “Синий кит”, Тихий дом” деп аталатын ойындардан қауіпсіздендіруге шақыруда. Атырауда қауіпсіздік шараларын ең алдымен қолға алған мектептер болды. Біз барған Ғабит Мүсірепов атындағы №5 орта мектепте ойын жайлы ақпарат естілісімен, мектеп басшылығы мен  барлық ұстаздар қауымы жоғары сынып оқушыларын жинап, ойынның қауіптілігі жөнінде ашық сөйлесті. Олардың әрбірінің ата-анасына хабарлама арқылы сақтану жөнінде ескертілді. Әлде де мұғалімдер тарапынан бақылау жасалып отыр. Осы орта мектептің психологы Гүлмира УАЛИЕВАДАН оқыс оқиғаның алдын алу үшін ата-аналар не істеу керектігін сұрадық.

       

      -Соңғы кездері шет елдік әлеуметтік желілерде  әртүрлі зорлықты, суицидалды ұстанымды насихаттайтын “Синий кит”, “Тихий дом” тәріздес диструктивті топтары тарап жатыр. Ойынға кірген балалар тапсырмалар орындауы қажет және соңында олар өздеріне қол жұмсауы тиіс. Ойынды ұйымдастырушылар және ойын белсенділері, ойынға қатысушылар туралы толық мәліметтерді біліп отырып, ойынға араласқан балаларға күшті психологиялық қысым көрсетіп тұрады. Сондықтан өз тарапымнан ата-аналарға балаларының виртуалды өміріне бақылау орнатуға кеңес беремін. Балаға ашуланып ұрысып қысым көрсетпей жай ғана сөйлесіп, ақыл айтқан дұрыс. Егер осыған ұқсас жағдайға тап болған ата-аналар құзырлы органдарға хабарласқан дұрыс. 18-20 жасқа толмаған балаларды үйде немесе интернетпен жалғыз қалдырмау қажет. Әрбір ата-ананың балаларының мектептегі, сабақтағы жағдайын күнде сұрап, балаларымен жақын дос болудың өзі қауіптің алдын алуға септігін тигізері сөзсіз. Сырласып, бүкіл іс-әрекетін, мінез-құлқын бақылай жүріп, шет ел сайттарынан аулақ болғанын қадағалау керек. Әсіресе, «В Контакте» деген сайтты қолданбау керек, қолданған жағдайда не үшін қолданатынын анықтау керек. Сонымен қатар, қандай топтар мен пабликтерге жазылғанын, қандай фотолар, картина бөлісетінін тексеріп тұру қажет. Түнде қай уақытта ұйықтап, таңертең қаншада тұратынын бақылауда ұстау да маңызды. Мүмкіндігінше баланың  әуестігін шахмат, шашка сияқты түрлі ойындар ойнауға, қызықты журнал, кітап оқуға ауысытыруға тырысу керек деп ойлаймын.  Ең бастысы, балаға ұрыспай, көбірек араласу керек. Бала бүкіл ойларын, арман-мақсаттарын ата-анасымен бөлісу керек. Сонда ғана әлеуметтік желілердегі қауіпті ойынрдардан сақтай аламыз. Қай ата –ана болмасын, қаламтордың  дұрыс пайдаланса  жақсы мүмкіндік, ал, орынсыз, мақсатсыз қолданудың қауіпті құрал екенін естен шығармағаны абзал,-дейді ол.

       

      Жақында ғана елімізде дүрбелең салған әлеуметтік желідегі  «өлім топтарының» мәселесі әлі өзектілігін жоймай отыр. Осы аптаның басында дүйсенбі күні Мәжілістегі үкімет сағатында сөйлеген сөзінде Ішкі істер министрі Қалмұхамбет ҚАСЫМОВ мұндай «өлім топтарының» әсері туралы айтып, жасөспірімдерге алаңдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, ведомство "өлім топтарын" іздеу үшін ғаламторда мониторинг жүргізуде. Қазіргі уақытта ата-аналар, мұғалімдер тарапынан министрлікке хабарлар түсіп жатқандықтан барлық  деректер  бойынша шаралар атқарылып жатыр. «Мәселенің қиындығы – бұл ғаламтор көздерінің  Қазақстан аумағынан тысқары орналасуында. Мәселен, "Вконтакте" Ресейде, Facebook пен Instargam АҚШ-та. Бұл жерде бір шешім бар: қазақстандық қолданушылардың барлық дерегін Қазақстан аумағында ұстауға немесе Қазақстанда қазақстандық провайдерлер арқылы жұмыс істеуге заң жүзінде міндеттеуіміз керек. Әйтпесе, қазір әрбір дерек бойынша прокуратура арқылы сұрату жіберіледі. Сұрату жеткенше заңнама әртүрлі болғандықтан, осы сұратуларды орындау ұзақ уақыт  алады", - деді Қ.Қасымов. Дегенмен, осы жағдай ғаламтордың жасөспірімдер үшін  қауіпті құрал екенін айқын дәлелдеді. Ендігі уақытта өскелең ұрпақты төнген қауіп-қатерден, нақты айтқанда өлімнен құтқару үшін тек аттандап айту жеткіліксіз. Қоғам болып күресу, оның ішінде ата-ананың алаңсыз болмауы үлкен рөл атқармақ. Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы 2 айда елімізде 63 бала өзіне қол салуға оқталған. Ал, былтыр 16 жеткіншек асылып өлген. Осындай қасіреттің алдын алу мақсатында полицейлер әлеуметтік желілер арқылы жасөспірімдерді алдап, қорқытып өлімге итермелейтін «Синий кит», «Тихий дом» сияқты аса қауіпті  ойындармен ресейлік әріптестерімен бірлесіп күресуді қолға алуда. 


       Гүлзада Қожабергенқызы

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
         _____    _____     ______     ___     __   _   
        / ___//  |  ___||  /_   _//   / _ \\  | || | || 
        \___ \\  | ||__      | ||    | / \ || | '--' || 
        /    //  | ||__     _| ||    | \_/ || | .--. || 
       /____//   |_____||  /__//      \___//  |_|| |_|| 
      `-----`    `-----`   `--`       `---`   `-`  `-`  
                                                        
      
       
      Наверх