Новости Атырау - Мунайлы Астана

    13 декабрь 2017, 1:56
      Қоғам 24.02.2017, 14:40 0 пікір 653 просмотров

      Діндегі дінбұзар ағым «Таблиғи жамағат»

      Тәуелсіздікті алғалы бері Қазақстандағы ислам бағытын ұстанып, экстремистік әрі деструктивті қызметті жасап жатқан діни ағымдардың көбеюі бүгінде ерекше өзектілікке ие. Олардың түрлі ұстанымдары мен мақсаттары бүкіл мұсылман қауымында тиісті сұрақтар тудыруы заңды құбылыс.


       

      Таралмыш діни ағымдардың ішінде өзінің жүріс-тұрысы және киіну стилімен бірден көзге түсетін «Таблиғи жамағат» ұйымының қызметі Қазақстандағы мұсылман үмметінің наразылығын оятып қана қоймай, құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Қазақстан Республикасының 2011 жылдың қараша айында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында белгіленген тәртіп бойынша құзыретті органда діни бірлестік ретінде тіркеуден өтпеген бұл ұйымның ендігі қызметі ел аумағында заңсыз болып табылады.

      «Таблиғи жамағат» діни ұйымының негізгі ұстанымы мен мақсаты – «барлық адамзатты дінге кіргізу үшін адамдармен жеке-жеке жұмыс істеп, әр адамды түзеп барып қоғамды өзгерту» идеясына негізделген. Олар адамдарды артынан ертіп алып, елме-ел, үйме-үй жүріп дін тарату ісін Құрандағы: «Адамдардың арасынан шыққан ең қайырлы үммет болдыңдар» деген Әл-Имран сүресінің 110-аятымен негіздейді. Бірақ берілген аят абстрактілі мағынаға ие, әрі классикалық ислам ғұламаларының ғылыми еңбектерінде кеңірек және тереңірек мағыналармен тәпсірленген.

      Таблиғи жамағаты өте жақсы ұйымдасқан әрі бағдарлама бойынша жұмыс жасайды. Олардың республикалық облыстық, аудандық кеңестері (машура) болады. Аталмыш кеңестер өздеріне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз атқарады. Кеңестің қаулысымен қай топ қай аймаққа дағуатқа шығатындығы, кімнің әмір болатындығы секілді мәселелерді бекітеді.

               «Таблиғ жамағаты» діндегі кері тартпа топтардың қатарына жатады. Олар дағуатқа барған елді-мекендердегі мешіттерге адамдар жинайды, мешіттің имамына емес, өздерін тыңдатуға тырысады. Солай мешіт жамағатымен немесе олардың имамдарымен пікірталасқа түсіп, кейде текетіреске салынып жатады. Барған елді мекендерінде аралап жүріп дағуат жасап, өз араларында жиын («баян») өткізеді. «Баян» кезінде адамдарды дағуат тыңдауға жинап, оларды бірнеше топқа бөліп, оның әрбіріне жетекші тағайындап, оларға Фатиха мен бірнеше қысқа сүрелер үйретіледі. Осылайша, бірнеше күн өткеннен кейін, сол адамдарды өздерімен бірге «дағуатқа» шығуға міндеттейді. Бұған олар: «Сапарға шығып дағуат жасау, дағуатшының санасын тәрбиелейді. Сендер енді дағуатшысыңдар, мұсылмандарға халал мен харамды түсіндіріп беру және адамдардың Исламға келуіне жауаптысыңдар»- деп үгіт жүргізеді.

      Таблиғи жамағаттың негізгі мақсаты қоғамдағы халықты әлеуметтік, экономикалық жағдайына қарамастан әрбір азаматты ислам дініне шақыру, олардың діни сауатын ашу.

      Таблиғшылар алыстағы түрлі елді-мекендерді кезіп, сол жердің базарлары мен арнайы белгіленген тұрақтайтын мекен-жайларда тұрғындарға насихаттарын жүргізеді. «Таблиғи жамағат» өз мүшелерін Аллаға бойұсынуға, құлшылықтарды ретімен орындауға, діндестерге құрмет көрсетіп, ислам құндылықтарын насихаттауға үндейді.

      Дегенмен, таблиғшылар өз ілімінде ислам дінін ұстанушылардың басқалардан артықшылығы туралы ойларды кеңінен насихаттайды. Мұндай идеялардың бұқаралық деңгейде қоғамдық санаға енгізілуі, өз кезегінде, оның мүшелерінің басқа дін өкілдеріне қатынастағы төзімсіздігінің туындауына алып барады. Ең бастысы – зайырлы заңдар мен қағидаларды және қоғамның тарихи-мәдени дәстүрлерін орындаудан алыстатады.

      Таблиғи жамағаттың оңды ісімен қатар осал тұстары да бар. Ол діни сауаттарының төмендігі. Өздерін тәблиғшымын, дағуат жолында жүрмін деген азаматтардың басым көпшілігінің зайырлы сауаттары да шамалы. Сондықтан олардың өзгелерді дінге шақыруының жемісін өзге радикалдық ағымдар көріп жатады. Яғни діни насихатқа мұқтаж немесе санасындағы сұраққа толық жауап ала алмаған жастар бұл жолы мәселенің ақиқатын, анығын білу ниетімен ізденіске түсіп, сәләфиттердің, хизбут тахрирдің, тәкфиршілердің құрығына ілігеді. Расында да елімізде тәблиғи жамағат арқылы дінге келіп, кейіннен уаһһаби немесе тәкфир бағытына түскендердің аз емес екендігін байқаймыз.

         Теологиялық жағынан аталған діни ұйым исламның сунниттік бағытын ұстанғанымен, бірқатар ғалым-сарапшылардың пікірінше оның идеологиясы исламның бірқатар қағидаларына қайшы және радикалдық тұрғыдан уахабизмге жақын. Яғни, бұл қозғалыстың идеясы да балама ойлар мен пікірлерді жоққа шығарады. Шындығында, исламның ханафи бағытына мұндай біржақтылық тән емес еді.

      Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының бірінде «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі осы жат діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені біздің қоғамның бір бөлігінің шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» деп атап өтіп,  дәстүрлі емес секталар мен жалған діни ағымдардың қызметіне қатаң тосқауыл қою қажеттігін баса тапсырған болатын. 

      «Таблиғи жамағат» өз мүшелерін Аллаға бойұсынуға, құлшылықтарды ретімен орындауға, діндестерге құрмет көрсетіп, ислам құндылықтарын насихаттауға үндейді. Дегенмен, таблиғшылар өз ілімінде ислам дінін ұстанушылардың басқалардан артықшылығы туралы ойларды кеңінен насихаттайды. Мұндай идеялардың бұқаралық деңгейде қоғамдық санаға енгізілуі, өз кезегінде, оның мүшелерінің басқа дін өкілдеріне қатынастағы төзімсіздігінің туындауына алып барады. Ең бастысы - зайырлы заңдар мен қағидаларды және қоғамның тарихи-мәдени дәстүрлерін орындаудан алыстатады. Осы ретте айтар болсақ, соңғы 20-30 жыл ішінде таблиғшылардың өзге дін өкілдерін қабылдамауға бейімділігі заманауи әлемдегі діни радикализмнің, экстремизм мен терроризмнің қозғаушы күшіне айналып отыр.

      Үстіміздегі жылдың қаңтар айында құқық қорғау органдары қызметкерлерімен, Атырау  облысы  бойынша 6 таблиғшылар ұсталынды (оның 1-еуі жергілікті тұрғын, 5 өзге қаланың тұрғыны). Қазіргі таңда нақты шешім шығару мақсатында қылмыстық  тергеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш жамағаттар облыс аумағында үй аралап, тұрғындарға дағуат жүргізіп, оларды өздерінің жолына еруге еріктеумен қатар, «іштима» және «машура» діни амалдарын жасаған болатын. Бұл біздің облымысымызға қауіпті амал болғандықтан, алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізіліп, діни басқарма тарапынан игі шаралар атқарылып, білікті теологтардың уағыздары үнемі оқу орындарда, ірі мекемелерде, мешіт жамағаттарына жүргізіліп келеді.

               Осы тұрғыда облысымыздың білікті теологтарының бірі ««Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» ҚҚ қызметкері Батырбек Тұрғанбекұлымен біраз  сұрақтардың басын ашып алғанбыз.

      1. 1.    Таблиғшылардың басты қызметі не?

      -          «Таблиғ» сөзінің мағынасы «жеткізу, хабарлау» дегенді білдіреді. Яғни бұлар өздерін біз дінді жеткізушілерміз дейді. Олар осы ұранның төңірегінде ел-елді аралап дін уағызын жүргізуге тырысады. Бұл әрекеттерін Пайғамбар мен сахабалар жасаған іс, сондықтан мұны біз де жасауымыз керек деп ақтайды және өзге мұсылмандарды осы жолға шақырады. Бірақ осынау пайғамбарлар мен сахабалардың ісін, яғни дін уағызын жалғастырудың қаншалықты жауапкершілік қажет ететінін түсіне бермейді. Ислам дінін өзгелерге ұсынуда ең алдымен білім, сосын көркем мінез бен кемел тұлғалық қасиет, сосын ерекше парасат және қоғамды жан-жақты тану тұрады. Бұлар болмайынша жасалған дін уағызы Исламға қара күйе жағудан басқа ештеңеге алып бармайды. Бүгінгі «таблиғшыларда» мұның бірде-бірі жоқ деуге болады.

       

      1. 2.    Бұл топтың іс-әрекеттеріне тосқауыл қою үшін қандай әрекет жасау керек? 

      -          Өзіңізге мәлім 2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандықсотының шешімімен бұл ұйымның Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынды. Қазір бұрынғыдай белсенді жұмыс жасап жатқан жоқ. Енді біз тарапымыздан осы ұйымға кіргендермен арнайы кездесулер ұйымдастырылып оңалту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ қоғамда, соның ішінде дінге бет бұрған жастар арасында алдын-алуға арналған түсіндіру жұмыстары ағымдарға қарсы тосқауыл қоюда ерекше орын алады.

       

      1. 3.    Таблиғи жамағаттан қоғамға қандай қауіп бар?

      -          Барлық ағымдардың ортақ қаупі – олардың болашақтағы бағытының күңгірттігінде. Олай дейтініміз оларды басқарып отырған орталықтар шет елдерде. Ал олардың бағыт-бағдарын, жоспарларын белгілеп отыратындар санаулы адамнан тұратын беймәлім топ. Топ мүшелерінің өзі оларды танымайды да, олардың беретін тапсырмасын таразылай да алмайды. Бұл - әрбір ағым мүшесі сыртқы күшке тәуелді дегенді сөз. Таблиғшылардың негізгі орталықтары Үндістанда, Пәкістан мен Бангладеште орналасқан. Мәселен таблиғшылардың да өз араларындағы белсенділерін Пәкістан секілді елдерге оқуға жіберген кезінде ол жақта азаматтарымызға нені, қандай жағдайда және қалай үйрететіндігі бізге беймәлім. Сондықтан да олардың арасындағы кейбір иланғыш азаматтарымыздың жолдан оңай тайып, экстремистік ұйым қатарына қосылу мүмкіндігі бар.

      Бұдан бөлек таблиғи жамағат мүшелерінің бойынан табылатын кейбір теріс әрекеттер бар. Мәселен олар осы дін жаю мақсатында ұзақ мерзімге сапарға шығып, отбасы, бала-шаға қамын бір шетке ысырып қояды. Дін жолында кедергі болады деген түсінікпен олардың алдындағы жауапкершілікті сезінбейтіндері де бар. Мұның салдарынан отбасындағылардың толыққанды қамтамасыз етілмеуі, отбасының бұзылуы секілді қоғамды құлдырататын әртүрлі проблемалар туындайды. Бұл шариғаттағы ер азаматтың отбасы алдындағы жауапкершілігіне түгелдей қарсы әрекет екені белгілі. Отбасылық, туыстық қатынастардың бұзылуы қоғамның құлдырауына алып барары сөзсіз.

      Олар өздерінің дін жаю жолындағы уағыздарында сауатсыз бола тұра шариғаттың күрделі де, нәзік мәселелеріне өз беттерінше жауап беріп, дүмше молдалық жасайды. Мұның салдарынан мұсылман жамағатының арасында түсініспеушілік пен алауыздық та туындайды. Олардың қателігін айтқан мешіттің діни қызметкерлерін адасушылықпен айыптап, мешіт жамағатының арасын «таблиғті» жақтаушылар мен қарсылар етіп екіге бөліп отыр. Өз түсініктеріндегі «таблиғқа» қарсылардың барлығы олар үшін адасушылар. Бұл қоғамның діни-рухани бөлінуіне алып барады.  

      1. 4.    Ағым жақтастарына тән ерекшеліктер бар ма? Айырмашылығы неде?

      -          Басқа діни ағымдардан ерекшелігі – таблиғшылар атқарып келген іс-әрекеттерінде аз материалдық шығындарды қанағат тұтып, жұпыны киім-кешек, аз қарапайым тамақпен күн кешіп, белгілі бір елде халықты ислам дініне шақыру ісін өздеріне міндет деп санайды. Көбіне үндістандықтарға тән көйлек пен сәлдені тағуға құмар келеді. Мамандар «Таблиғи жамағат» ұйымының қызметі христиан дініндегі протестандық миссионерлердің қызмет ету әдістеріне ұқсас екендігін айтады. Мұндай іс-шараға әр топқа 8-10 адамнан жиналып, араларындағы біреуі әмір етіп сайланады. Ұйым мүшелері қызмет барысында азға қанағат етіп, өз қаражаттарын (көлікке, тамақ пен киімге, т.с.с.) өздері көтереді. Әрі сырттан берілетін садақаны да пайдаланады. Таблиғи мүшелері ел арасында жасаған дағуаттарын «баян» немесе «хұтпа» деп атайды. «Баян» кезінде барлығы дағуат жасаушының маңына жиналып уағызды тыңдайды. Содан кейін олар топ-топқа бөлініп, адамдарға діни парыздар мен сүннет амалдарын үйретуге кіріседі. Ұйым мүшелері көбіне пацифисттік сипатта өмір сүреді. Басқалармен араздасуға әкелетін жағдайлардан аулақ жүруге тырысады. Өйткені араздасқандар оның дағуат жасау қызметіне зиян тигізу мүмкін деп сескенеді. Алайда діттеп келгенде мақсатына жетуде ешнәрседен тайсалмайды. Басты ерекшеліктерінің бірі өз уағызын тыңдаған адамды бірнеше күннен кейін өздерімен бірге бір күнге, үш күнге одан әрі қырық күнге ел кезіп дағуат жасауды міндеттейді.

      1. 5.    Зайырлы мемлекетіміздің бейбітшілігін сақтап қалу үшін аталмыш ағымға қарсы тұру мақсатында облысымыздың теолог мамандары мен имамдардың біліктілігі, ата-ананың тәрбиесінің өлшемі жеткілікті ме?

      -          Қазір құдайға шүкір білікті имамдар мен теологтар жеткілікті. Мешітке келіп асыл дінімізді үйренем деген адамға жоғары білімді, тәжірибелі дін мамандары табылады. Ендігі жерде әрбір ата-ана өз баласының діни тәлімді қайдан алып жүргеніне көңіл бөліп, қадағаласа дұрыс болар еді. Себебі қазіргі күні ғаламтордан немесе тасада тұрып тұзақ құратын діндарсымақтардан дін үйрену көбейіп тұр. Соның салдарынан жастарымыз жат ағымның жетегінде кетуде. Бұл жерде ата-ананың қадағалауы, қырағы болуы өте маңызды. Егер баланың бойында жат қылықтар байқалып жатса, онда ертерек имамдар мен теолог мамандармен хабарласқаны жөн. Мұндай жағдайда қаншалықты ертерек әрекет жасалса, соншалықты оң нәтиже береді. Тәжірибе осыны көрсетуде.


       

      Сұхбаттасқан Ж.Жұмағалиева

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______   _    _     _  _    __   __    _____   
       /_____// | || | ||  | \| ||  \ \\/ //  /  ___|| 
       `____ `  | || | ||  |  ' ||   \ ` //  | // __   
       /___//   | \\_/ ||  | .  ||    | ||   | \\_\ || 
       `__ `     \____//   |_|\_||    |_||    \____//  
       /_//       `---`    `-` -`     `-`'     `---`   
       `-`                                             
      
       
      Наверх