Новости Атырау - Мунайлы Астана

    19 октябрь 2017, 11:40
      Аймақ 15.03.2017, 12:02 0 пікір 333 просмотров

      Ұлт өнерін ұлықтайтын жауһарлар

       Қазіргі кезде Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі қорында зергерлік бұйымдардың мол коллекциясы жинақталған. Тарихта Батыс Қазақстан өңірінің шеберлерінің зергерлік өнерінің өзіндік қолтаңбалары сонау сақ дәуірінен бері сақталып келе жатқанын соңғы 3-4 жыл ішінде облыста жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан табылған зергерлік әшекейлер, тұрмыстық бұйымдар дәлелдеп отыр.


      Музей қорында сақталған жәдігерлер туралы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің Экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің экскурсоводы  Ғалия  Назарбекова:
      -Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі қорында жинақталған ұлттық зергерлік бұйымдардың көлемді жиынтығы бұл өлкедегі зергерлік өнердің жоғары деңгейде қалыптасып, дамып, өркендегенін көрсетеді. Зергерлердің алтын, күміс, қоланы құю, қақтау, термелеу, кіріктіру, өру, бұрау, қырлау, соғу, бедерлеу, зерлеу, сіркелеу тәсілдерін аса жоғары сапада меңгергендіктері сондай, түрлі формадағы білезік, өңіржиек, алқа, түйме, қапсырма, белбеулердің небір үздік үлгілері ХVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында сирек ұшырасар асыл мұралар ретінде Санкт-Петербургтегі Шығыс халықтарының этнографиялық мұражайында сақтаулы тұр. Бізде сақталған зергерлік бұйымдарға тоқталсақ, қазақ әйелдерінің тұмар сияқты ежелден қасиет тұтар күнделікті тағып жүретін әшекейінің бірі – сырға. Олар: айшық сырға, ай сырға, тұмарша сырға, салпыншақты сырға, қозалы сырға, көзі бар сырға, қарала сырға, қоңырау сырға, сабақты сырға, күмбезді сырғалар. Әйел әшекейлерінің ішінде ерекше сәнді әрі күрделілерінің бірі-шашбау мен шолпы. Шашбау салпыншақтары бір-біріне тиіп, шылдырлап, сыңғырлап, сүйкімді дыбыстар шығарады. Көлемді де көрнекті зергерлік бұйымның бірі – өңіржиек. Ол қалыңдыққа арналып жасалатын, мереке - тойларда ғана тағылатын негізгі әшекей бұйымдардың бірі. Өңір әшекейлерінің келесі бір түрі «тұмарша», «бойтұмар» болып есептеледі. Балаға жаңа туылған кезден бастап таға бастаған. Қазақ әйелдерінің киімге тағатын күміс әшекейлері де көп болған. Бұлардың қатарына: қапсырма, тана көзді түймелер жатады. Сонымен қатар, әйелдерге арналатын әшекейдің ең көбі – білезік. Әсіресе, көздің жауын алатын қос білезік – екі қолға тағатын жалпақ бауырлы білезік. Оларға көбіне «сыңар өкше», «ырғақ», «бұрама» өрнектері салынып, кейде тас – «көз» қондырылады. Біздің қордан білезіктің көп түрін кездестіруге болады. Айта кететін бір жайт - дәстүрлі әшекейлердің бойында діни ұғымының мән-мағынасымен қоса, жеке кісінің иелігін немесе оның жас мөлшерін, шыққан тегін, өскен ортасын білдіретін қасиеттер де байқалып тұрады. Сондықтан қазақтың халықтық зергерлік өнері ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алады. Археология мен топонимиканың деректеріне қарағанда, Қазақстан территориясында мыс, қалайы, алтын, тағы басқа асыл және түсті металлдарға бай кен орындарын игеру ісінің ежелгі замандарда-ақ қолға алғандығын айғақтайды. Осынау қазақ мәдениетіне қайталанбас қолтаңбасын қалдырған зергерлер еңбегі үлкен құрметке лайық, - дейді.


      Гүлзада Қожабергенқызы

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _____     ______    _____     ______   _    _   
       |__  //   /_   _//  |__  //   /_   _// | || | || 
         / //     -| ||-     / //     -| ||-  | || | || 
        / //__    _| ||_    / //__    _| ||_  | \\_/ || 
       /_____||  /_____//  /_____||  /_____//  \____//  
       `-----`   `-----`   `-----`   `-----`    `---`   
                                                        
      
       
      Наверх