Новости Атырау - Мунайлы Астана

    17 октябрь 2017, 21:03
      27.03.2017, 16:25 0 пікір 549 просмотров

      Дін және терроризм: кереғар ұғым

       «Дін» дегеніміз не? «Терроризм» дегеніміз не? Дінмен қандай байланысы бар? Оның бүгінгі күнде  «діни терроризм» болып халық арасында өте күрделі мәселеге, қорқынышқа айналуының себебі неде? Алдымен барлығына жеке тоқталсақ.


      Дін туралы сөз еткенде түрлі пікірлер мен тұжырымдар ортаға шығады. «Дін» сөзінің аясы кең, ұғымы ұлы.

      Дін - әлемдік өркениеттегі барлық қоғамдық құрылыстарға тән тарихи, саяси-әлеуметтік, дүниетанымдық және психологиялық құбылыс. Ол ықылым замандардан бері адамдармен бірге жасасып келеді. Оны ең тұжырымды түрде Құдай мен адамның арақатынасы, адамның танымынан тыс күштердің барлығын мойындау және соған илану деп анықтауға болады.

      Дін – адам пайымының бүкіл әлем мен болмысқа, қоршаған дүниеге, табиғатқа, өзі өмір сүретін ортаға және өзінің ақыл-ойы мен сана-сезімінен тысқары тылсым дүниеге қатынасы. Адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени институт, ерекше қоғамдық сана және әлеуметтік құбылыс. Ислам философиясының түсіндіруінше, дін дегеніміз – әлемді байланыстыратын күш Алланың барлығына сенім. Бүкіл әлемді және адамды жаратушы ие – Жалғыз Алла адам баласының жүрегін өзіне ұштастыра жаратады, яғни Жаратушының барына сеніп, оның ажырамас бөлшегі екенін адам өз жүрегі арқылы сезетін болады. Діннің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі және оның Жаратушы Құдаймен байланысын орнату болса, ислам тұжырымдамасы бойынша, рухани жетілу сатысының бірінші деңгейінде тұрған адамның алғашқы махаббаты, таза құлшылығы, қорқынышы Аллаға арналады. Сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен бірізділікті сақтау негізгі мақсат болып табылады.

      Терроризм [ лат. terror - қорқыныш, үрей] - саяси мақсатты сылтауратып күш қолдану деген мағынаны береді. Терроризм – бұл қылышынан қаны тамып тұрған зұлмат. Терроризмнің барлық түрлері және көріністерімен, ауқымы және қарқындылығымен, зұлымдығы және қанішерлігімен бүгінгі заманда ең өткір мәселеге айналды.

      Терроризм – ұйымдасқан топ діттеген мақсатына жету үшін дүрсін-дүрсін күш қолдану арқылы көрініс табатын әдіс. Қазіргі жағдайларда террористер аманат алуды, қоғамдық мәндегі ғимараттарды басып алу, жарып жіберу, ұшақтарды алып қашу және өзге де әрекеттерге барады. Террористік әрекеттер қашан да қоғамға, билікке әсер етуге бағытталады. «Терроризм» ұғымына қатысты көптеген анықтамалар мен түсіндірмелер болғандықтан, жұртшылыққа ортақ анықтама беру қиынға соғады. Алайда, оның «зорлық-зомбылық», «қорқыныш пен үрей туғызушылық» және «кінәсіз адамдарға кесір тигізу» сынды басты белгілерін айқындай кетуге болады.

      Олардың негізгі мақсаттары – әртүрлі діни сенімдерді пайдалана отырып, адамдардың пікіріне әсер ету, билікті ұстап қалу, ұлтаралық соғыстар, талас-тартыстар ұйымдастыру, дінді саяси құрал ретінде пайдалану. Қазіргі таңда халықаралық терроризм өзінің ауқымы, қатыгездігі мен адамгершілікке жат зұлымдығымен заманауи әлемнің алдында тұрған өткір әрі ғаламдық қауіп-қатерге айналғаны құпия емес. Бүгінгі таңда лаңкестік әрекеттер ауқатты дамыған елдерде де, жағдайы төмен елдерде де орын алып отыр.

      Өкінішке қарай, біз ақпарат құралдары арқылы әлемнің әртүрлі жерлерінде адамдардың террорлық әрекеттердің құрбанына айналып, инфрақұрылымдар мен әлемдік тарихтың мұрасына айналған құнды жәдігерлердің қиратылып жатқанын күнделікті көріп отырмыз. Терроризм идеологтары өз әрекеттері арқылы мәдениеттер мен діндердің арасына ғана емес, сонымен бірге, мемлекеттер мен халықтар арасына да өшпенділік салуға ұмтылып отыр.

      Жалпы, экстремизм мен терроризм әртүрлі сипатта көрініс тауып, түрлі идеологиялық және саяси доктриналарды, оның ішінде дін атын бүркенетіндігін де айта кеткен жөн. Осы ретте дін атын жамылған халықаралық терроризмнің терроризм эволюциясындағы аса қауіпті үрдіске айналғанын ерекше ескерген абзал.

      Әдетте, осыған дейін саяси терро­ризм­нің түпкі мақсаты зорлық-зомбылық жасауға емес, белгілі бір мәселелерге қатысты қоғамдық пікір қалыптастыру мақса­тымен бұқаралық ақпарат құрал­дарының назарын өзіне аударуға бағытталатын. Ал қазіргі күндегі дін атын жамылған терроризм үшін дін талаптарына сай орындалатын күш көрсету мен зорлық-зомбылықты қасиетті парыз дәрежесіне дейін көтеру басты орынға шығып отыр. Осыған байланысты көптеген ғалымдар кез келген діни бағыттағы фундаментализм, түптеп келгенде, экстремизммен және терроризммен шектесіп жататындығына сенімді.

      Арам ниеттілер теріс ойларын ғаламтор арқылы таратып, жақтаушылары қатарын қалыңдатуда. Сонымен қатар, техниканың дамыған бұл заманда, жастардың іріткі салу видеороликтері мен түрлі веб сайттардағы жарияланып жүрген теріс пиғылды ақпараттарының жиіленуі, дұрыс діни білімнің алмауынан болып отыр. Осының барлығының алдын алу үшін жас ұрпаққа дұрыс тәрбие мен білім беру қажет. Тәрбие жүйесінде ойланып, толғанатын, толықтыратын жайттар көп. Рухани тәрбиеге тиісінше мән берілмеген. Міне, осының салдарынан рухани тұрғыдан таяз жаңа ұрпақ өсіп жетілді. Діни сауаты жоқ, рухани тәрбиеден жұрдай осындай жастарды әлдекімдер алдап-арбау арқылы санасын роботқа айналдырып, өз мақсаттары үшін қолдануда. Тіпті оларды түрлі дәрі-дәрмектер мен психотроптық заттардың көмегімен арандатып отырған болуы да ықтимал. Қазір осы туралы баспасөз беттерінде көп айтылып жатыр. Сөйтіп, арандап қалған жастарды негізгі мақсат, негізгі идея осы деп, адам өлтіруге, жалпы өлімге айдап салып отыр. Әлдекімдер осындай жастардың қолымен от көсеп, өз мақсаттарына жетуді көздеуде.

      Террорлық әрекетке барып жатқандар мешіт жамағатынан шыққан, діндар жандар емес. Діндар кісілер мұншама жауыздық әрекетті жасай алмайды. Жанкештілікке көбіне діни сауаты жоқ адамдар барады. Олар әлдекімнің «Мынаны өлтіру керек» дегенін бұлжытпай орындайды.

      Қазіргі таңда көптеген мемлекеттер «ИШИМ» немесе «ИГИЛ»-ді террористік ұйым ретінде таниды. Басқа экстре­мис­тік ұйымдарға қарағанда ИШИМ иде­ологиясының нысаны әлемнің бар­лық мұсыл­мандарына бағытталып отыр­ғанында және аумақтық тұрғыдан шек­телмегендігінде болып табылады. Олардың негізгі мақсаты қасиетті кітапты өз түсініктері бойынша түсіндіру болып отыр.

      Бұл мәселедегі ең өкінішті жағдай – ол дін негіздерін енді танып, өмірдің оң-солын әлі тани қоймаған жас ұрпақтың осынау террорлық ұйымдардың қатарын толтыратын топқа айналуы дер едім. Яғни, өмірлік тәжірибесі жоқ өскелең ұрпақ террорлық ұйымдардың теріс идеологияларының салдарынан «таза ислам» насихатының тұзағына түсуде.

      Түрлі мемлекеттен 126 ислам ғалымының «ИШИМ» іс-әрекеттерінің ислам дінімен ешқандай байланысы жоқ екендігін айтып хат жібергендігі де белгілі. Ислам дінінде фундаментализм, экстремизм, терроризм деген ұғым да, түсінік те жоқ. Бұлар Ислам дінінің өзегімен мүлдем сәйкеспейді. Мысалы, «Ислам» дегеннің өзі «бейбітшілік, тыныштық» дегенді білдіреді. Исламның басты мақсаты – әлемдегі адамзаттар асында бейбітшіліктің болуына негізделген. Сондықтан, экстремист, террорист деп аталатын топтардан басқа мүдделер мен себептерді іздеу керек.

      Қазақстанда осы мақсатта Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013–2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, соның аясында әрбір мемлекеттік орган өз құзыретіне сәйкес осы індетпен күресуге бағытталған іс-шаралар кешенін іске асырып, жетілдіре түсуде. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағыттарының бірі ретінде Қазақстан қоғамында діни сауаттылықты арттыруға ерекше мән берген жөн.


      Назерке ЖЕТПІСБАЙ, 

       «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан

      жапа шеккендерге көмек орталығының

       дінтанушысы

       

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
                 __   __    _  _     _____    ______   
          ___    \ \\/ //  | \| ||  |  ___|| |      \\ 
         /   ||   \ ` //   |  ' ||  | ||__   |  --  // 
        | [] ||    | ||    | .  ||  | ||__   |  --  \\ 
         \__ ||    |_||    |_|\_||  |_____|| |______// 
          -|_||    `-`'    `-` -`   `-----`  `------`  
           `-`                                         
      
       
      Наверх