Новости Атырау - Мунайлы Астана

    13 декабрь 2017, 9:09
      Аймақ 28.03.2017, 18:45 0 пікір 640 просмотров

      Тентектер- телетүсірілімде!

      Олар үшін күтпеген жағдай болды. Бір- бірін мүлде танымайтын өрімдей  ұл- қыздардың «Жақсылық жасасам, біреуге көмегіміз тисе» деген ерікті ойлары дәл бүгінгідей көпшіліктің қызығушылығын тудырам демеген еді...


      Біздің сөз еткелі отырған кейіпкерлеріміз- құлсарылық «КТА» тобының еріктілері. «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшаларына өздері дайындаған «Жүректің жылуы» атты қысқа метражды телесериалдың желісін салу арқылы оқырмандарынан көп дауыс жинап, танымалдыққа ие болған еріктілер бүгінде шынымен мақтауға тұрарлық іс қылып жүр. Дәл осы телесериалды «YouTube» арқылы бүгінге дейін 7 мың адам қарап үлгерген болса, еріктілердің әлеуметтік желідегі достыққа жазылушылар қатары 18 мыңнан асып жығылады.

      Негізі, көптен көкейде жүрген ойды  бір арнаға тоғыстырып, құнды дүние жасау кімніңде болмасын басты мұраты. Дегенмен, олар бұл игі жұмыстарды біреуге жақсы көрінейін деп немесе «атымыз шықсын» деген оймен бастамағанын айтады. Өскен ортасы ерте ес жидырған жас еріктілердің жақсы іске ұмтылуының өзінде терең мән бар.

      -       Біздің жоспарымыз мүлде бөлек болды. Өзіңіз білесіз, Құлсары қаласында төбелес бұрыннан бар. Осыған дейін кейбір отбасылардың мәпелеп өсірген балаларын көшеден «атып кету», «соғып кету» секілді тентектік әрекеттерді немесе жазым қылып, арбаға таңылған тағдыр иелерін сан мәрте көрдік. Осының бәріне куә болғаннан кейін, өзгелердің өмірінде мұндай жағдайлар қайталанбағанын қаладық. Содан келіп, жаңағы тентектердің қатарға қосылып, біз түсірген фильмде төбелескенін жөн көрдік. Қысқа метражды филь түсіріп бастаудағы біздің мақсатымыз да сол болатын. Яғни, сол арқылы әр аудандар мен шағын елді мекендердегі бос жүрген жастардың басын біріктіріп, пайдалы іске жұмылдыру, ойын басқа арнаға бұру біздің негізгі қалауымыз болатын,- дейді еріктілердің жетекшісі Ерназ ИМАНҒАЗИЕВ.

         Жалпы, біз сөз етіп отырған өрімдей өрендердің ең алғаш жасаған қайырымды істері өткен жылдың тамыз- қыркүйек айларында орын алған республикалық «Мектепке жол» акциясынан бастау алған- ды.

      -       Қайырымдылық- қасиетті  іс. Бабадан мирас болып жеткен ұлық істі ұрпақ санасында ұлықтауға өзіміз де сүбелі үлес қосуды жөн санадық. Нәтижесінде, адамдардан алғыс алған өзімізге де ұнап қалды. Атқарылып жатқан шараларды көргеннен кейін «Сіздің жобаның идеясы жақсы екен» деп, біздің қатарымызға көп жастар келіп қосыла бастады. Енді шамалы уақыт өткен соң, біз қайырымдылық шарасын Қосшағыл ауылына барып жасамақшы болдық. Ол кезде біздің қатарымыз 20 еріктіге толыққан еді. Сол кезде әлеуметтік желілер арқылы жұмыстарымызды көріп, демеушілік танытқан атымтай жомарт ағалар да табылды. Соның бірі анонимді болып қалуға өтініш білдірген Нұрбағыт есімді ағамыз 30 мың теңге қаражатты өз қалтасынан қосты,- дейді Ерназ.

         Жақсылық жасауға жаны құмартқан жастардың бұдан кейінгі қайырымдылық істері мұнымен шектеліп қалмады. Олар сол кезде церебралды сал ауруымен ауыратын құлсарылық Бекет есімді екі жасар балақайдың емі үшін дүкендерге қорапшалар қою арқылы, халықтан жиналған 300 мың теңге қаражатты оның ата- анасына берді. Қайырымдылық акциясы қыстың ызғарлы, суық күндерінде қарттар үшін де жалғасын тапты. Қала ішінде көлікпен «тегін жеткізіп салу» акциясына үйренбеген қариялар бастапқыда бұл өрендердің мұндай әрекетіне үрпиісіп қалғанымен, кейін үш күнге созылған жақсылыққа кәдімгідей бойлары үйренісіп, өздері іздеген кездері де болыпты.

      -       Алғашқыда көшеде «тегін жеткізіп саламыз» дегенге ата- әжелер түсіне алмай, «Бір жаққа алып кетпейсіңдер ме?» деп шошына қарағаны рас. Бірақ, кейін ниетіміздің түзу екендігіне көздері жеткесін, біздің еріктілерге бауыр басып кетті. Тіпті, көшедегі такси жүргізушілеріне дейін «тегін жеткізіп салу» акциясына өз үлестерін қосты. Оған біз де іштей риза болыстық.

      «Жүректің жылуы» атты қысқа метражды телесериал түсірілімі кезінде дауыс беруші режиссер болмағандықтан, көп қиындық көрген кездерімізді несіне жасырайын?!.  Одан басқа, қазіргі таңда бізде «Мүмкіндік» деген жоба дайындалуда. Жалпы, біздегі телесериалға түсіп жүрген жігіттер бұрын- соңды ешқашан экранға шығып көрмеген, тәжірибесі жоқ балалар. Олар үшін жастардың қызығушылығын оята білудің өзі үлкен жетістік. Осы жерде жұмысымызда тағы бір келтіріп отырған қиындық- біз жұмысымызды көрсетіп, демеуші сұрап барған кейбір мекемелер «Ресми тіркелмегенсіңдер» деп, демеуші болудан бас тартуда,- деп күмілжіді еріктілер.

      Еріктілердің қатарында бар 22 жасар Назархан САБЫРОВ қайырымдылыққа үлес қосу кезіндегі алғашқы кезді еске ала отырып:

      -       Басында, әкем менің айналысып жүрген бұл ісімізге онша мән бермей жүрді. Әйтеуір, жаман іс емесінен хабардар болғасын, қарсы болған да жоқ. Кейін әлеуметтік желі арқылы естіген туысқандардың телефон шалып, құттықтай бастағанында қолдау көрсетуге ниетті екенін жеткізді.

      Біз қазіргі уақытта қаражат жағынан қиналып келеміз. Сол себепті бізге көрсетілген кез- келген қолдау мен көмекті қуана қабылдаймыз,- дейді Назархан.

        «Алаған қолым- береген» дейтін заманда әлбетте, демеуші табу қиын. Біздің түсінуімізше, өңірдегі мұнайлы мекен болып саналатын Құлсары қаласындағы бірнеше ондаған мекемелер әлеуметтік желіде белсенді болған жастардың бейнеклиптерінен хабардар болғанымен, әзірге демеушілік танытуға асығар сыңай байқалмайды. Тек жуырда ғана өз сайттарын жарнамалап беруге кейбір мекемелерден ұсыныстар түсіпті.

      Өңір жастарының салауатты өмір салтын ұстанғанын қалайтын, кемеңгер елдің келешегі болып саналар жастарымыздың сөзін сөйлейтін Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы  Рафхат РАХАТОВ еріктілерді қабылдау кезінде оларды қолдауға дайын екенін, жалпы өңірдегі жастардың қандайма тың идеясы немесе жобалары болатын болса, мүмкіндік жасауға әзір екенін білдірді.

      -       Олардың кез- келген жаңа бастамасын тыңдауға, тиісінше қолдауға біз дайынбыз. Өз басым жастар арасынан осындай белсенділер шығып жатқанына шын қуанып отырмын,- дегенді айтты.

         Ендеше, «елде болса- ерінге тиеді» демекші, еріктілер жақын арада тағы бір отандық телетуындыны жарыққа шығармақшы. Ал, оның сапалы да, сәтті болып шығуына кім- кім де мүдделі екенін сезінер болсақ, Сіздің де тарапыңыздан еріктілерге шынайы қолдау қажет екендігін есіңізге саламыз...


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,

      фотолар Ерназ ИМАНҒАЗИЕВТІҢ әлеуметтік желідегі парақшасынан  алынды.

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _____    __   __    _  __   __   __  __    __  
       |__  //   \ \\/ //  | |/ //  \ \\/ // \ \\ / // 
         / //     \ ` //   | ' //    \ ` //   \ \/ //  
        / //__     | ||    | . \\     | ||     \  //   
       /_____||    |_||    |_|\_\\    |_||      \//    
       `-----`     `-`'    `-` --`    `-`'       `     
                                                       
      
       
      Наверх