Новости Атырау - Мунайлы Астана

    12 декабрь 2017, 10:19
      Аймақ 30.03.2017, 18:34 0 пікір 534 просмотров

      Боямасыз Наурыз

      Әдетте, Ұлыстың ұлы күнін ел ішінде кең көлемде тойлауды наурыздың 22-сімен шектеліп қалатынымыз рас. Дәл осы күні қаламыздағы әр мекеменің ауласында өздері дайындаған мерекелік шаралар өтіп, көзіміз үйренген қойылымдарды тамашалаймыз. Ал, алаңға тігілген киіз үйлер тек арнайы шақыртылған қонақтар мен сол мекеменің қызметкерлеріне ғана қызмет етіп жататынына талай қынжылыс білдіріп жүрміз...  


       

      «Ақ Желкен» шығармашылық орталығының «Қош келдің, Әз- Наурыз!» атты мерекелік шарасының біздің санамызға сіңіп қалған уақыттан араға тура жеті күн салып атап өтуі де тегін емес.

      Алдымен аталған шараны ашып, алғашқы құттықтау сөз сөйлеген шығармашылық орталық директоры Нұрберген ДӘУЛЕТОВ, жиналған барша қауымды әз Наурыз мейрамымен құттықтап, күні бүгін орталықта «Елсана» руханият клубы жұмыс істеп жатқандығы және бүгінгі наурыздың тағы бір ерекше тұсы – осы «Елсана» ауылының қонақтары құрметті қонақ болып төрден орын алғандығын айтып өтті.

      Алайда, ғибраты мол тұлғалардан бөлек, жыл басын тойлауға халық көп жиналды. Олар үшін орталықтың әр бұрышында төрт жерден: «Бай ауылы», «Ақ Желкен», «Елсана» және «Толағай» ауылдары өз алдына отау тігіпті.

      -       Жалпы, біздің қазақта «амал мерекесі» деген бар. Ол бірнеше күнге созылады. Яғни, ата- бабамыз ежелден «Наурыз келді» деп, отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлағандықтан, Ұлыстың Ұлы күнін бір ғана күнмен дәріптеп қоймай, шуақты көктеммен келетін қазақтың жаңа жылының мағынасын арттырып, қала тұрғындары және қонақтарына мерекелік көңіл- күй сыйлағымыз келді. Шығармашылық орталықтың негізгі мақсаты да осы болатын.

      Тағы бір айта кететіні, Наурыз- достық пен бірліктің мейрамы болумен қатар, халқымыздың салт- дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан- жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбелейтін ұлттық мейрамымыз. «Ақ Желкен» шығармашылық орталығы да бүгінгі шарада осы бір құндылыққа баса назар аударып, жақсы ұл мен қызды тәрбиелеп шығаратын ұлттық дәстүрлерімізді орындап жатыр,- дейді шығармашылық орталықтың бас координаторы, ұйымдастырушысы Мейрамгүл Есниязова.

      Шара барысында Атырау облыстық таэквондо Федерациясының спортшылары көрсетілімдер қойды. Арнайы шақыртылған, жергілікті қала тұрғындары болып келетін өнегелі Баязитовтар әулеті атұстарларына азан шақырып, ат қою және бесікке салу рәсімін жасады. Осы кезле өңіріміздің аузы дуалы ақсақалдары мен ел аналары өнегелі сөздерін айтып жатты. Жасы 90-ды еңсерген Күлима ана кішкентай бөбекті бесікке салып, айналасына жиналған балаларға тыштырма үйлестірді. Енді ғана тәй- тәй басып жүрген сәбидің тұсауы кесіліп, қадамына ақ тілектер айтылды.

      Мейрамның көңілді өтуіне жастарымыз да үлес қосты. Өңірде өтіп жүрген айтыстарда сөз сайыстырып жүрген Асылбек Ещанов пен Нұрбейбіт Нұғыманов, Ғалымбек Мұстафа мен Гүлнар Жайнаққызылар наурыздың келуін көктеммен ұштастыра отырып, көрермен көзайымына айналды.

      Мерекелік шара мұнымен шектеліп қалған жоқ. Орталықтың ауласында спорттық жарыстар ұйымдастырылды. «Мен мықтымын!» дегендері ұлттық ойындар – асық ату,  кір тасын көтеру, арқан тартыс, еркін күрестен сайысқа түсіп, жүлдегер деп танылғандары дипломдар мен арнайы сыйлықтармен марапатталды. Балалар жағы сурет салып, оларды ынталандыру мақсатында «Алғыс хаттар» табыс етілді.

      Қорытынды сөз орнына айтарымыз- қазақтың ұлттық мейрамын қала тұрғындарына мәнді де, сәнді қылып тойлауға толық мүмкіншілік жасаған «Ақ Желкен» шығармашылық орталығы ұйымдастырған шараның ешқандай боямасыз өткенін сол жерге жиналған халық көрді. Бастысы, ұлық мерекенің сәні- наурыз көже мен бауырсақтан бір де бір бала шеттетілмеді. Қазағымыздың әр мейрамы осындай- ақ болсын!..


       

      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,

      фотолар автордыкі

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______   __   __    ____      _____     ______  
       /_   _//  \ \\/ //  |  _ \\   |  ___||  /_   _// 
         | ||     \ ` //   | |_| ||  | ||__      | ||   
        _| ||      | ||    | .  //   | ||__     _| ||   
       /__//       |_||    |_|\_\\   |_____||  /__//    
       `--`        `-`'    `-` --`   `-----`   `--`     
                                                        
      
       
      Наверх