Новости Атырау - Мунайлы Астана

    20 октябрь 2017, 16:47
      Экономика 13.04.2017, 12:54 0 пікір 337 просмотров

      Егін егіп, мал баққанның ұпайы түгел

      Атырау облысының ауыл шаруашылығы саласы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Оны мал басының, егістік жер көлемінің жылдан-жылға ұлғаюынан байқауға болады. Нәтижесінде тұрғындарды жергілікті кәсіпкерлер сапалы ет өнімдерімен, ал диханшы қауым экологиялық таза бау-бақша, көкөніс түрлерімен, оған қоса қолжетімді бағамен қамтамасыз етуде. Айта кету керек, қазіргі уақытта облыста жылыжай мәселесі оңтайлы шешіліп, осы кәсіпті қолға алғандар өздері еккен көкөністермен жыл он екі ай базар сөрелерін толтыруда.  Бұл да халық игілігі үшін жүзеге асқан іс болып отыр.


      Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 61,6 млрд.теңгені, яғни 104 пайызды құраған екен. Облыста қазір 2086 агроөнеркәсіптік кешен болса, 32 несие серіктестігі, 12 жеке кәсіпкер, 2 акционерлік қоғам, 3 сервистік дайындау орталықтары, 42 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, 1995 шаруа қожалығы тіркеліп, жұмыс жасап жатыр.

       

      Төрт түлікті түгендесек...

      Сала мамандары өңірде төрт түліктің барлық түрінің өткен жылмен салыстырғанда өскенін айтады. Атап айтқанда,  осы жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша мүйізді ірі қара – 152 541 бас  (2016 жылы 150 454 бас), қой-ешкі – 538 050 бас (2016 жылы 531 930 бас), жылқы – 64 138 бас  (2016 жылы 59 107 бас), түйе – 29 651 бас (2016 жылы 29 108 бас) болған. Сондай-ақ, құс саны 158,3 пайызға артқан. Яғни, 2016 жылы 296 281 бас болса, оның биылғы саны – 469 111. Өндірілген өнімдердің ішінде ет- 48,8 мың тонна, сүт - 59,5 мың тонна болса, жұмыртқа өндіру 1,8 есеге артқан.  Ауыз толтырып айтатын жайттың бірі – облыста асыл тұқымды 16 мал шаруашылығы бар. Оның ішінде асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын 5 шаруашылық - «Серижан» ШҚ «Әулиекөл» тұқымды ірі қара малын, «Мажанов» ШҚ «Қазақтың ақбас сиыры» тұқымы ірі қара малын, «Достан-Ата» ШҚ  «Қалмақ»  ірі қара малын, «Первомайский» ЖШС-гі  «Қырдың қызыл сиыры» ірі қара малын, «Первомайский» БК» ЖШС –гі  «Қара ала голштино-фриз» ірі қара малын өсіріп отыр. Ал, асыл тұқымды қой малын 7 шаруашылық - «Сүйіндік» ЖШС, «Құрманғазы» ӨК, «Ақжонас» ЖШС, «Мақаш» ЖШС, «Достан-Ата» ШҚ – «Еділбай» қойын, «Жаңа-Таң» ЖШС-гі «Қаракөл» қойын,  «Жасқайрат» ЖШС-гі  «Атыраулық – етті майлы- елтірі» қойын өсіруде. Асыл тұқымды «Қазақтың айыр өркеш» түйесін  3 шаруашылық - «Құрманғазы» ӨК, «Первомайский» ЖШС, «Жаңа-Таң» ЖШС-гі өсірсе, Құрманғазы ауданындағы «Рсай» шаруа қожалығыасыл тұқымды «Қазақ» жылқысын өсіруді қолға алған. Мал басының көбеюіне мемлекеттік бағдарламалардың көмегі тигені белгілі. Соның арқасында «Агробизнес - 2020» мемлекеттік бадарламасы шеңберінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1 099 бас мүйізді ірі қара, «Құлан» арқылы 1 479 бас жылқыжәне «Алтын асық» арқылы 4 930 бас қой несиеге алынған.

       

      Еккен егін еш кетпеді

      Облыста егістікпен айналысатын 492 шаруашылық өткен жылы 7 604 гектар егін екті. Оның ішінде  картоп – 1 977,6 гектарға (2015 жылы 1 540 га болған), көкөністер- 2 513,4  гектарға (2015 жылы 2 456 га), бақша  дақылдары – 1 024,3 гектарға (2015 жылы 916 га ), мал азықтық дақылдар – 2 089 гектарға (2015 жылы 1 884 га) егілген. Ұлғайған егістік көлемінен алынған өнімнің де көлемі артқан. Мысалы, картоп – 25 236 тонна, көкөністер – 71 703 тонна, бақша өнімдері – 28 988 тонна жиналып, 2012 жылмен салыстырғанда картоп өндіру 193,4 пайызға, көкөністер – 139,5 пайызға, ал бақша өнімдерін өндіру – 172, 3 пайызға артып отыр. Осы жылмен салыстырғанда облыста тамшылатып суару технологиясы енгізілген алқаптар көлемі 1274 гектарға немесе 466 пайызға ұлғайған екен. Бұл технологияның тиімділігін білген мамандар алқаптар көлемін жыл сайын көбейтіп келеді. Мысалы, өткен жылы тамшылатып суарылатын жерлер Атырау қаласында 450 гектарға, Жылыой ауданында  3,7 гектарға,Индер ауданында  251 гектарға,Құрманғазы ауданында  108,5 гектарға,Махамбет ауданында 1 114 гектарға көбейтілген. Егін шаруашылығының дамығаны соншалық, облыстың жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері соңғы екі жылда көршілес Ресей Федерациясына 3,5 мың тонна көкөніс – бақша өнімдерін экспортқа шығарыпты. Оның ішінде қауын – қарбыз, бұрыш, қияр, пияз, қызанақ, қырыққабат пен қызылша бар. Сапалы өнім алу үшін минералдық тыңайтқыш мәселесі де оң шешімін тауып отыр. Өткен жылы 56 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері649 тонна минералдық тыңайтқыштар сатып алды. Ол тыңайтқыштар Маңғыстау облысындағы «ҚазАзот» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен, Жамбыл облысындағы «ҚазФосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен және Алматы қаласындағы «КосАгроКоммерц» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен  тасымалдануда.

       

      Жылыжай – жемісті жоба

       

      Айта кету керек, Атырауда жылыжай кешендерінің қолға алынуы облыс халқы үшін жасалған игі істердің бірегейі болды. Облыс бойынша2012 жылы 6,7 гектар жылыжай болған екен. Биылғы жылы Индер ауданынан 40 гектар және Жылыой ауданынан «ТеңізШевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көмегімен 2 гектар жылыжай кешені іске қосылып, жылыжай кешенінің аумағы 12,5 гектардан  54,5 гектарға дейін ұлғайды. Өткен жылы осы 12,5 гектар болатын 32 жылыжай шаруашылығынан 2 000 тонна өнім алынып, маусымдық мерзімде өңірдегі көкөніс бағаларын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік берген болатын. Енді аумағы үлкейіп, негізінен қияр, қызанақ және салат жапырақтары өсірілетін жылыжай кешендерінен тауар өндірушілер мол өнім алмақ.

       

      Тұрақтандыру қоры

       

      Айтпай кетуге болмайтын тағы бір игі іс - облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қоры жұмыс істеп келеді. Жыл сайын жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау және тұрғындарды өз өнімізбен қамтамасыз ету мақсатында фьючерстік келісім-шарт жасалуда. Осы келісім негізінде егін шаруашылығымен айналысатын құрылымдардан қабылданып алынған өнім түрлері қыс бойы халыққа арзан бағамен сатылады. Өткен жылы осындай мақсатта 2600 тонна картоп және көкөніс өнімдері қабылданып, жиналған өнімдер жалпы сыйымдылығы 30,9 мың тонна болатын 25 көкөніс сақтау қоймаларында сақталып, тұрғындарға  ұсынылуда. Осылайша, бұрынғыдай картоп, көкөніс түрлерін сырттан тасымалдау келмеске кетті. Бүгінде базарларда сырттан әкелінген емес, өз шаруашылықтарымызда  өсірілген өнімді таңдап сатып алатын халық  диханшыларға дән риза.


      Гүлзада Қожабергенқызы

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _____     ______    _____     ______     _____  
       |__  //   /_   _//  /  ___||  /_   _//   / ___// 
         / //     -| ||-  | // __     -| ||-    \___ \\ 
        / //__    _| ||_  | \\_\ ||   _| ||_    /    // 
       /_____||  /_____//  \____//   /_____//  /____//  
       `-----`   `-----`    `---`    `-----`  `-----`   
                                                        
      
       
      Наверх