Новости Атырау - Мунайлы Астана

    22 октябрь 2017, 23:07
      14.04.2017, 11:10 0 пікір 404 просмотров

      Атырауда жеке сот орындаушылары жетіспейді

      Бүгінгі мақсат - Қазақстанның қоғамы демократияландырылған, дамыған 30 елдің қатарына енуі. Бұл бағытта, әсіресе мемлекеттік басқару процесіндегі мемлекеттік қызметшілердің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру туралы Елбасының қабылдаған 100 нақты қадамында айқын көрсетілген. Атап айтқанда, 27-қадамында жекеменшiк сот орындаушылар институтын одан әрi қарай жандандыру  міндеттелген болатын.


       Бүгінде Елбасының жүктеген міндеті қалай жүзеге асуда? Айта кету керек, оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңына,Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне,  «Мемлекеттік кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы» Заңына, «Банктер және банк қызметі туралы» Заңына, «Ақша төлемі мен аударымы туралы» Заңдарында  сот орындаушыларына тиімді,  атқарушылық құжаттарды орындауда оңтайлы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы заңнамаларға енген өзгерістер, жеке сот орындаушылар қызметін жандандыру бағытында облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөніндеАтырау облысы Әділет департаментінің жеке сот орындаушылар қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Күланда ҚЫСТАУБАЕВАҒА бірқатар сауал қойған едік.

       

      -Күланда Орынбасарқызы,«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңымен жеке сот орындаушыларыбүгінде қандай іс-әрекеттерді жүзеге асырып жатыр?

      -Алдымен айта кететін жайт - аталған заң негізінде сомасы 1000 АЕК-ке дейінгі жеке және заңды тұлғалардың пайдасына ақша өндіру, алимент, еңбек ақы өндіру, мемлекет пайдасына әкімшілік, азаматтық, қылмыстық істер бойынша шығарылған сот актілері, уәкілетті органдардың  әкімшілік айыппұл өндіру туралы қаулылары 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке сот орындаушылармен қабылдануда.Дегенмен, бұл мемлекеттік сот орындаушылардың қызметі толықтай қыстартылды деген сөз емес. ҚР «Атқарушылық іс-жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі» туралы Заңының 138-бабымен мемлекеттік сот орындаушылар мемлекеттік өндіріп алатын атқару өндірісін,  дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке және олармен үлестес заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғадан өндіріп алу, табиғи монополиялар субъектілерінен немесе тауарлар және көрсетілетін қызметтер нарығында үстем жағдайға ие субъектілерден өндіріп алу, өндіріп алу мөлшері бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын соманы мемлекет пайдасына өндіріп алу, мүлікті тәркілеу не мүлікті мемлекетке беру туралы, мемлекет мүддесіне жүргізілетін үйден шығару, үйге қоныстандыру, үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қою секілді әрекеттерді орындайды. Бұл көрсетілген атқарушылық құжаттарын қабылдау жеке сот орындаушыларының  құзыретіне жатпайды.

      -Білуімізше, жеке сот орындаушы болғысы келетіндер лицензия алуы үшін аттестаттаудан жергілікті әділет органдарынан өтеді. Осыныңзаңдылығын түсіндіріп берсеңіз?

      -Иә, жеке сот орындаушысы – атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына Қазақстан Республикасының әділет министрлігі  берген лицензия негізінде, заңды тұлға құрмай атқарушылық құжаттарды орындау бойынша жеке практикамен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Яғни,  жиырма бес жасқа толған, жоғары заңгерлік білімі бар, жеке сот орындаушысы лицензиясын алған және Республикалық палатаға қабылданған Қазақстан Республикасының азаматы жеке сот орындаушысы бола алады. Ал, «Кәсіпкерлік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Заңымен  2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына лицензия алуға үміткерлерді аттестаттау функциясы аумақтық әділет органдарына берілді. Яғни, тағылымдамадан өткен, жеке сот орындаушы болуға үміткер адамдар, жергілікті Әділет департаментіне тиесілі құжаттарды тапсырып, аттестаттаудан өте алады. Аттестаттау тоқсанына бір мәрте өткізілуде. Бұл жерде үміткердің ҚР Азаматтық кодексін, ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексін, ҚР Қылмыстық кодексін, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының Кодексін және «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» ҚР Заңын білуі шарт. Бірақ, аттестаттаудан өтпей, лицензия ала алатын тұлғалар бар. Оларға судьялар, судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырған адамдар, мамандандырылған магистратурада оқуды аяқтаған және біліктілік емтиханын тапсырған адамдар, теріс себептермен жұмыстан босатылған адамдарды қоспағанда, кемінде екі жыл атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органда және оның аумақтық органдарда мемлекеттік сот орындаушысы болған адамдар, құқық қорғау немесе арнаулы органдарда жұмыс істеген адамдар, прокурор, тергеуші лауазымында немесе жедел іздестіру қызметін жүзеге асыратын не қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ететін лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі болған адамдар жеке сот орындаушысы лицензиясын ала алады.ҚР Заңында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған, бұрын мемлекеттік, әскери қызметтен, құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен босатылған, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам тағылымдамадан өте алмайды.

       

      -Жалпы, Атырау облысында қанша жеке сот орындаушы қызмет етеді? Олардың саны жеткілікті ме?

      -Бүгінде облыс бойынша жеке сот орындаушыларды қызметке  қабылдау саны шектеусіз болғанына қарамастан жетіспейді. Қазіргі уақытта Атырау облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасында  55 жеке  сот орындаушысы қызмет атқаруда. 40 жеке сот орындаушы Атырау қаласында, 15-і аудан орталықтарында.Оған қоса, облыстағы 7 аудан жеке сот орындаушыларымен қамтылып отыр. Осы жылдың І тоқсанында жеке сот орындаушылар өндірісінде орындауында 43 656 994 теңгені құрайтын 51702 атқару құжаты орындалды. Оның ішінде 17 062 531  теңгені құрайтын 41құжат жалақы өндіру, 2592 құжат алимент өндіру бойынша.Ал, 4345 борышкердің 7 356 706 105 теңге қарызы болғандықтан ҚР-сы аумағынан шығуға тиым салу туралы қаулылары базаға енгізілген.  Оның ішінде 178 атқару құжаты  бойынша борышкерге қойылған шектеу алынды.Бүгінде облыстаалимент өндіру бойынша «Алименттер. Төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасы іске қосылып, жеке сот орындаушылармен «Алимент және әкімшілік айыппұл өндіру туралы» кеңселер ашылуда. Сонымен қоса, Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі, Әділет департаменті және Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасымен бірлескен Меморандум жасақталып, жұмыссыз борышкерлерді жұмыспен қамту үшін тізімдері жолданып, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Және заңның 103-1 бабына сай, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуіне қатысты  55 сот орындаушымен келісім жасақталып, ҚР «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Заңында көрсетілген тегін заң көмегін алатын азаматтардың санаттарына құқықтық кеңестер берілуде.

       

      -Осы жеке сот орындаушылар  еңбекақысын қалай алады? Оның өз заңдылығы бар ма?

      -Әрине. Егер жеке сот орындаушысы өз қызметін жүзеге асыру барысында азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтіретін болса, ол келтірілген залалды жеке өзі толықтай өтеу жауапкершілігін көтереді. Сол үшін жеке сот орындаушысының азаматтық құқықтық жауапкершілігі толықтай сақтандырылады.Жеке сот орындаушысында тұрақты жалақы деген болмайды, ешкім оған жалақы төлемейді. Мемлекет атқару өндірісін жеке сот орындаушыларының құзырына беру арқылы бюджеттің көптеген шығыстарын азайтты. Мемлекет сот төрелігінің  жүзеге асырылуына кепілдік береді, алайда, сот актілерінің жеке сот орындаушыларымен орындалуына бюджеттен ешбір қаржы бөлінбейді.  Жеке сот орындаушысы – орындалған құжаттар бойынша нақты өндірілген сомадан ҚР-сы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 437 қаулысымен бекітілген тариф бойынша 25 пайыздан 3 пайызға дейін белгілі бір пайыздық еңбекақысын алып отырады.

      -Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

       

      Облыста жеке сот орындаушылардың жетіспейтіндігі жөнінде жоғарыда айтып өттік. Ендеше, жеке сот орындаушысы болам деген үміткерлер  жоғарыда көрсетілген заң талаптарына сай келсе немесе сол туралы ақпарат алғысыкелсе Атырау қаласы, С.Датов көшесі, 8А ғимаратына әділет департаменті жеке сот орындаушыларының қызметін ұйымдастыру бөліміненемесе 8712 2 30 69 00 жұмыс, 8701 419 98 32 ұялы телефондарына, сондай-ақ, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына 8712 2 55 60 69 телефондарына хабарласуға болатынын еске саламыз.

      Гүлзада ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
                  _____    __   __   __   __    _____   
        ____     |  ___||  \ \\/ //  \ \\/ //  /  ___|| 
       |    \\   | ||__     \   //    \ ` //  | // __   
       | [] ||   | ||__     / . \\     | ||   | \\_\ || 
       |  __//   |_____||  /_//\_\\    |_||    \____//  
       |_|`-`    `-----`   `-`  --`    `-`'     `---`   
       `-`                                              
      
       
      Наверх