Новости Атырау - Мунайлы Астана

    20 октябрь 2017, 13:03
      Мұнай 28.08.2013, 19:36 0 пікір 2820 просмотров

      Қолда бар «алтынның» қадірі

      - Айболат Ғизатұлы, акционерлік қоғамға айналғандарыңызға 1 жылдай уақыт өтті. Жалпы сіздерде еңбекті ұйымдастыруда, жұмысшылардың жағдайын жақсартуда қандай өзгерістер болып жатыр?

      - «Ембімұнайгаз» АҚ қайта құрылған 1 жыл уақыт ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді деп айтуға молынан болады. Өткен жылдың 7 айында мұнай өндіру жоспары 99,8 пайызға орындалса, биылғы жылдың 7-айында бұл көрсеткіш 100,5 пайызды құрап отыр, яғни мұнай өндіру артығымен орындалды. Бұл  - біздің басты көрсеткіштеріміздің бірі. Сондай-ақ өндіріс орындары жаңа техника және технологиялармен толықтырылуда. Жұмыс беруші тарапынан жыл сайын жұмысшыларға міндетті медициналық тексеру шаралары ұйымдастырылады. Оның ішінде ауыр және зиянды жұмыстағы жұмысшылардың жұмысының ауырлығы ескеріліп, ҚР-ның Еңбек Кодексіне сай, негізгі еңбек демалысына  қосымша 6-12 дейін демалыс күндері беріледі. Ауыр және зиянды жұмыстағы жұмысшылар арнайы сүт өнімдерімен қамтылады. Вахталық ауысыммен жұмыс жасайтын жұмысшылардың бәрі жатақханамен және 3 мезгіл тамақпен қамтылған.  Олар жұмыс орнына арнайы бөлінген көлікпен жеткізіледі. Жұмыс жағдайына қарамастан, кен орнындағы жұмысшылардың бәріне арнайы киім, арнайы аяқ киім және жеке қорғаныс құралдары беріледі. Қазіргі таңда жұмысшыларымыздың еңбек жағдайын жақсарту, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын көтеру алға қойған басты мақсаттарымыздың бірі екенін баса айтқым келеді. Соның бір көрінісі - уақытша ауырып қалған жұмысшыларға  жалақысы 100% сақталады (сыйақысыз) және ұзақ мерзімге ауырып қалған жұмысшыларға да жалақысы 100% сақталу ережесі бар. Жұмысшылардың жұмыс орындары зиянды факторларға анықтау бойынша арнайы құралдар арқылы аттестациядан өткізілген. Сонымен қатар жыл аяғына дейін барлық жұмысшылар кезекті еңбек демалыстарына шығып, санаторийлерге тегін жолдамалар беріледі. 

      - Үстіміздегі жылдың 7 айында сіздерге қарасты басқармаларда қанша ұңғыма қазылып, одан қанша тонна мұнай алынды? 

      - Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша 40 кен орны бар, олардың 4-еуі консервацияда тұр. Жыл басынан бері АҚ-ға қарасты МГӨБ-нда бұрғылаудан жоспарланған 54 ұңғыманың орнына, нақты 58 жаңа ұңғыма бұрғылаудан кейін іске қосылды. Осының нәтижесінде 7 ай мерзім ішінде қосымша 38,251 мың тонна мұнай өндірілді. 

      - Мұнай өндірудің негізгі көзі - ұңғымаларды тиімді пайдалану. Осы ретте АҚ-да қанша ұңғыма жұмыс жасап тұр? Оның ішінде биыл қанша ұңғымаға күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды? Сондай-ақ кен қабаттарын жару, электрмен әсер ету мәселелері сіздерде қалай атқарылуда?- Қазіргі уақытта АҚ бойынша ұңғымалардың пайдаланылу қоры 2 300 бірлік ұңғыманы құрайды. Ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстары бойынша жоспарланғаны 179 болса, өткен мерзім аралығында 182 ұңғыма жөндеуден өтті. Одан келген табыс көзі 31,263 мың тоннаны құрады. Осы жылдың соңына дейін кен қабаттарын жару (15 ұңғыма), электрмен әсер ету (40 ұңғыма) геологиялық-техникалық шараларының орындалуы жоспарланып отыр. 

      - Әрине, АҚ-да пайдаланылып тұрған  кен орындарының көпшілігі - ескірген кеніштер. Осы бағытта өнім өндіруді молайту үшін қандай әдістер қолданып жатырсыздар?

      - Кен орындары ескіргенмен, соны жаңартудың көптеген технологиялық жолдары қолға алынғанын айта кеткен жөн. Айталық, тәжірибелік-өндірістік сынақ жұмыстары жүргізілуде. Жуық арада МГӨБ –нан бірқатар маман-қызметкерлер Румынияға арнайы іссапармен барып, сондағы рентабельділігі  төмен кен орындарының бүгінгі жағдайымен  танысып, олардың өнім беру деңгейін арттыру мәселесі жөнінде тәжірибе алмасып қайтты. Яғни АҚ-ға қарасты кен орындарының болашақта экономикалық тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды кезеңмен  атқаруды ұйымдастыруды мақсат тұтып отырмыз. Кен орнындағы тозығы жеткен станок-качалкалар жаңа талаптарға сай техникамен жабдықталуда. Атап айтқанда, штангалы тораптық жетек – 30 бірлікпен С.Балғымбаев кен орнына толықтай енгізілді және бүгінгі таңда тиісті көлемдегі өнімін беруде. Сонымен бірге жаңа типті тереңдік штангалы сораптар енгізілді (өндіруші зауыт ЖАҚ «ПКНМ») мұның қызметі - жөндеуаралық уақытты жоғарылатып, ұңғымаға жүргізілетін жөндеу санын азайту.     

      - Айболат Ғизатұлы, мұнай өндіруді молайту бағытында тағы да қандай жаңа технологиялар мен озық әдістер қолданылуда? Айтпақшы, сіздерде ілеспе газды кәдеге асыру жайы қалай?

      - Үстіміздегі жылдың 7 айы ішінде  «Доссормұнайгаз» МГӨБ Ш.Мақат кен орнында газ дайындау және тасымалдау жүйесін кеңейту бойынша орасан зор жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Шығыс Мақат кен орнында ілеспе газын дайындайтын ірі қондырғы іске қосылып, дайындалған газ  халықтың тұтынуына және кен орындарында өндіріс қажеттілігіне пайдалануға берілуде. Бұл - газды тиімді пайдалану барысында атқарылған негізгі шаралар. Дәл осы ілеспе газын дайындау қондырғысы «Жайықмұнайгаз» МГӨБ –ның С.Балғымбаев кен орнында дайындалып, осы жылдың қыркүйек айына дейін толықтай тұтынуға беріледі деп жоспарлануда. Бұрын Забурунье кен орны өндіріске қажетті газды ақылы түрде сатып алып пайдаланып келген болса, енді аталған жоба іске қосылған соң, 90 км қашықтықта орналасқан кен орны өзіне қажетті газ мөлшерін тегін пайдалануына мүмкіндік туады. Сонымен қатар бұл жоспарға Аққыстау елді мекенін қамтамасыз ету енгізілген. 

      - Облыс өңіріндегі әлеуметтік жобаларға бей-жай қарамайтындарыңыз анық. Облыстық әкімшілікпен соңғы жылдары жасалған меморандум бойынша қандай игілікті істер жүзеге асты? 

      - Әрине, жергілікті халыққа жағдай жасау біздің назарымыздан тыс қалған емес. Ауқымды істерге тоқталсам, бүгінгі күні «Доссормұнайгаз» МГӨБ, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ кен орындарында 50 және 30 орындық жатақхана құрылысы барлық тұрмыстық қажеттіліктерді қамти отырып, салынып жатыр. 2012 жылы жұмысшылардың ыстық және суық кездегі жай-күйлеріне қолайлы болуы бағытында 20 бірлікпен жаңа жылжымалы вагондар сатып алынған болса, биылдың өзінде оның саны 25-ке жетіп отыр. Көптен бері шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі Аққыстау-С.Балғымбаев кен орны арасын жалғастырушы 12 км автокөлік жолын төсеу жұмыстары қарқынды орындалуда. Сонымен қатар мұнайшылардың денсаулығын жақсарту мақсатында  жыл сайын Қазақстан аумағында орналасқан шипажайларға тегін жолдамалар, мұнайшылардың балалары үшін жаздық демалысын өткізуге лагерьге жолдамалар беріледі. Түрлі мерекелерде мұнайшылар арасында спартакиада ойындары өткізіліп, мәдени шаралар ұйымдастырылады. Осыған орай Байшонас елді мекенін Атырау қаласына көшіру жұмыстарына АҚ белсене араласты. Атап айтқанда, көшіруге қажетті автотехникалармен, көшірісуге өзінің жұмысшыларын қосты. 

      - Әңгімеңізге рахмет! Облыс мұнайшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектеріңізге жеміс тілейміз.
      Сұхбаттасқан  Гүлзада ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
                   ___                ______   ______   
          ___     / _ \\    ____     /_   _// |      \\ 
         /   ||  | / \ ||  |    \\    -| ||-  |  --  // 
        | [] ||  | \_/ ||  | [] ||    _| ||_  |  --  \\ 
         \__ ||   \___//   |  __//   /_____// |______// 
          -|_||   `---`    |_|`-`    `-----`  `------`  
           `-`             `-`                          
      
       
      Наверх