Новости Атырау - Мунайлы Астана

    19 октябрь 2017, 20:48
      Аймақ 02.05.2017, 18:04 0 пікір 405 просмотров

      Жылыойлық мұнайшыларды сақалды таксишілердің көбейгені мазалайды

      Бұл мәселені Жылыой ауданындағы «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы қызметкерлерімен кездесу барысында, осы ауданға  экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында түсінік жұмыстарын жүргізуге келген топ мүшелеріне мұнайшылар қойған болатын.


       

      «МӘСЕЛЕҢІЗДІ АЙТЫҢЫЗ, ШАРАСЫН АЛАМЫЗ»

      Жалпы, «Жылыоймұнайгаз» мұнай- газ өндіру басқармасы аудан бойынша маңызды стратегиялық нысан болып саналады. Аталған басқармада 1 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді.

      Мұнайшылармен кездесу барысында алдымен жұмыс тобының мақсатын түсіндірген облыстық прокуратураның бөлім бастығы Аслан НҰРҒАЛИЕВ: 

      —  Экстремизм мен тероризмнің таралуының үш бағыты бар. Ең біріншісі – діни әдебиеттердің белгіленбеген жерде таратылуы. Көшеде немесе базарларда сатылып жатқан діни әдебиеттерді көре қалсаңыз, алдымен оның бірінші немесе ең соңғы бетін ашып, мұқият тексеріп алыңыз: «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы» немесе «Дін істері министрлігінің сараптау комиссиясынан өткен» деген жазуы болмаса, сатып алмаңыз. Екінші мәселе- жасырын орындарда топтасып уағыз айтатын, теріс  насихат жұмыстарын жүргізетін, я болмаса әлеуметтік желілер арқылы жағымсыз ортаға еріп кетуден сақ болыңыз.

      Үшіншісі- барлығымыз интернет кеңістігін пайдаланамыз. Соның ішінде әлеуметтік желіні жүйелі қолданатындар бар. Ол әрине, ақпарат алмасуға жақсы. Бірақ, интернет кеңістігінде де терроризмді насихаттайтын топтардың бар болатынын қаперіңізге береміз. Осы жерде оған қарсы «Мемлекет не істеп жатыр?» деген сіздерде сұрақ туындауы мүмкін. Біз теріс ағымға итермелейтін сайттарға жиі мониторинг жасап отырамыз. Алайда, интернет – әлемдік кеңестік. Бір сайт жабылып жатса, басқа жерден ашылып отырады. Сондықтан, балаларыңызға жиі көңіл бөліп, әлеуметтік желілердегі достарын да бақылап отыруларыңызды сұраймыз,- деді.

      Облыстық дін істер басқармасының «Ақпараттық талдау орталығы» КММ-нің басшысы Айбек АТАШЕВ болса, теріс діни ағымдағыларды қалай ажыратуға болатынын, жалпы терроризм мен экстремизмді насихаттау арқылы Қылмыстық Кодексте оларға көрсетілген заңды жауапкершіліктерді бейне- слайдтар арқылы түсіндіре келіп:

      -      Күні бүгін көптеген қандастарымыздың топ-тобымен жат ағымдардың жетегінде жүргені жасырын емес. Олардың жат ағымдардың шырмауына шырмалып кетуінің себебі– діни сауатының дұрыс қалыптаспауы, білімінің төмендігі,- деді.

       

      Бұдан кейін мұнайшылар арасынан мектеп оқулығына «Дінтану» пәнін ортаншы сыныптан бастап енгізуді ұсыныс қылып жатса, енді біреулері «Ватсапп әлеуметтік желісі арқылы облыс көлеміндегі бір мешітті басқарған имамның садақа ақшасын сұрауы кезінде жұмыстан шығарылғанын» алға тарта отырып,  «Имамның да имамы бар. Егер, діни біліміміз тайыз болса, біз білмегенімізді сұрай барған имамдар сондай біреулер болып шықса қайтеміз? Мектепке ортаншы сыныптан бастап, «Дінтану» пәнін енгізу керек деп жатырмыз. Оған мамандар дайын ба? Бәрін былай қойғанда, Құлсарыда ұялы телефон жөндейтін бутиктер мен таксишілердің тең жартысын сақалдылар құрайды» деген сауалдарын жеткізді.

      Басқарманың мұнайшылары жолдаған сауалдарға біртіндеп жауап қайтарған топ мүшесі Асылан НҰРҒАЛИЕВ:

      -      Сақалы бар екен деп, кез- келген адамды бірден қылмыстық жауапкершілікке тарта алмаймыз. Ұсыныстарыңыз орынды- жазып алдық, алдағы уақытта анықтайтын боламыз. Жалпы, біздің сіздердің алдарыңызға келген себебіміз де осы- қандайма мәселелеріңіз болса, хабарлаңыздар, бірлесіп шешейік. «Маған қатысы жоқ немесе менің балам ол дінде емес» деген сияқты біржақты көзқарас болмауы керек,- деді.

      «БІЗДІ ҚҰБЫЖЫҚ КӨРСЕТЕДІ»

      Мектептегі киім кию үлгісінің заңдылықтарын сақтау мәселесі «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында талқыланды

      Ауданға барған топ мүшесі, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Байжан ШАМҰРАТ:

      —  Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, заңға бағынуымыз керек. Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтарда шыққан бұйрығында мектептердегі міндетті форманың талаптары бекітілген. Мұнда мектеп формасында ешқандай діни атрибуттардың болмауы, әртүрлі конфессиялардың киім үлгілерінің элементтерін қосуға тыйым салынатындығы тайға таңба басқандай көрсетілген,- деп заң талабын түсіндірді.

      Алайда, кездесу барысындағы негізгі тақырып мектеп формасына қатысты болса да, жергілікті тұрғын Мұрат МОЛДАҒАЛИЕВ, салған жерден әңгімесін қоғамның «сақалдыларға» деген жағымсыз көзқарасынан бастады.

      -      Талқылайтын ештеңесі жоқ. Бізде қазір қалай, жер- жерде сақалдылар мен хиджап кигендермен күресіп жатыр. Егер зайырлы мемлекет болса, азаматтарына бірдей қарауы, яғни ешкімнің құқығы бұзылмауы керек! Біз де халықтың бір мүшесіміз, сондықтан бізбен де санасуларын сұраймыз. Қай жерде  де мына біз- сақалдылар мен жиджаб кигендер жаманбыз! Бізді құбыжық қылып көрсетеді- дей келе: - Айтайын дегенім, менің қызым оныншы сынып оқиды. Бесінші ма, әлде жетінші сыныптан бері ме, нақты есімде жоқ, мектепке орамал таққыза алмай алысып келемін. Орамал- мұсылманның сипаты. Ендеше, мұсылман- мұсылманға зиян келтірмеуі керек,- деп, өрекпи тіл қатты.

      БАСШЫҒА БАҒЫНУ-  МІНДЕТ!

      Жергілікті тұрғынның сауалына облыстық дін істер басқармасының «Ақпараттық талдау орталығы» КММ-нің басшысы Айбек АТАШЕВ жауап берді.

      -      Менің қызым «нөл» деген сыныпта оқиды. Осы нөлінші сыныптың үш қызы, яғни қызымның сыныптастары сабаққа орамал тағып келеді. Бәрі бірге ойнаған кезде әлгі ақ орамалдар қап- қара болып шаңға оранып, жаңағы кішкентай қыздарға жаным ашиды.

      Бағыну туралы әңгіме айттыңыз. Мұсылмандардың қасиетті Құран Кәрім кітабының Ниса сүресі, 59-шы аятында: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға бағыныңдар! Пайғамбарға бағыныңдар және араларыңнан шыққан басшыға бағыныңдар!» дейді. Демек, араларымыздан шыққан басшы- ол біздің президентімізден бастап, облыс, қала, аудан әкімдері немесе бөлім басшысына (тағысын- тағы) бағынуымыз міндет. Басшыға бағыну- бізге парыз деп қарауымыз керек. Ал, басшыға бағынбаған жерде бүлік пайда болады,- деді.

      ТАЛАП БӘРІНЕ БІРДЕЙ

      .

      Дауға айналған сөзжарысты жасы 70-тен асқан ақсақал Наурызбай ТӨЛЕУОВ бөлді:

      -      Өз басым мектеп формасының сақталуын қолдаймын! Ол бірыңғай тәртіп пен ережені қолдану болып табылады. Мемлекетіміз бекіткеннен кейін ол заңды біз қолдануымыз керек. Ал, мектептерде екі түрлі жағдайда жүрген балалардың арасындағы өзгешеліктер, бір- біріне қарсы шығушылықтар мен түсінбеушіліктер кездесетінін мойындауымыз керек. Бір өкініштісі сол- онымен тек қана мұғалімдер күресіп келеді, бірақ нәтиже жоқ. Жаңағылар сияқты сөзге бой бермейтіндер ақырында жеңілген уақытында қолды бір сілтеп, шығып кетеді.

      Қазір сақалы барды еш жерде мемлекеттік жұмысқа алмайды. Оны мойындамау деп түсінбеу керек, қоғамға ортақ талап бәріне де бірдей. Шындығында қара киім ирандардың киетіні, ақ киім арабтардың киетіні.

      Теріс ағымдағылардың зияны тастөбеде екенін ешкім айтпаса да, қарапайым халықтың бәрі біліп отыр. Мысалы, олар әке-шешесімен бірге тамақ ішпейді, бірге отырмайды, ата- анасын бақпайды, көршімен араласпайды. Тек қана өздерінің жақтастарымен араласады. Неге олар қоғамнан бөлінеді? Мектеп заңдылығына бағыну керек қой! Қай заң болса да Конституциямызға негізделе, президентімізбен келісе отырып жасалды. Сондықтан оны президенттің бұйрығы деп түсінуіміз керек. Бұл орайда бар міндетті мұғалімдерге итеріп салуға болмайды, қоғам болып атсалысуымыз қажет, - деп пікірін ортаға салды.

      Әңгіме хиджапқа ойысқанда сөзге  облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы сөзге араласты:

      -      Бетін бүркеніп алып, баласын алып кетуге мектепке келді дейік. Мамасы ма, басқа ма түрін көрмей, танып тұрмағаннан кейін, мен оған мектеп оқушысын қалай ілестіріп жіберемін?

      Ақырында, берілген уақыттан ұзаққа созылған жиынды қорытындылай келе, облыстық прокуратураның бөлім бастығы Аслан НҰРҒАЛИЕВ: 

      -      «Бөлінгенді бөрі жейді» деген бар. Мектеп формасында ешқандай діни атрибутика болмауы керек. Өйткені, заңға бәріміз бағынуға тиіспіз. Мектеп формасына жауапкершілік көзделген,- деп бұл кездесудің алдағы уақытта әлі де жалғасатынын, ендігі жерде жеке қабылдаулар болатынын айтты.

      Еске сала кетсек, облыстық әкімдік жанынан құрылған ақпараттық топ Жылыой ауданында үш күндік іссапармен болып, ұйымдар мен мекемелерді, ауылдарды аралап, олардағы өзекті мәселелерді анықтап, діни экстермизмнің алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын.


       

      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,

      фотолар автордыкі 

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       _    _      ___    __    __    _____    __   _   
      | |  | ||   / _ \\  \ \\ / //  |  ___|| | || | || 
      | |/\| ||  | / \ ||  \ \/ //   | ||__   | '--' || 
      |  /\  ||  | \_/ ||   \  //    | ||__   | .--. || 
      |_// \_||   \___//     \//     |_____|| |_|| |_|| 
      `-`   `-`   `---`       `      `-----`  `-`  `-`  
                                                        
      
       
      Наверх