Новости Атырау - Мунайлы Астана

    19 октябрь 2017, 20:49
      Аймақ 03.05.2017, 16:38 0 пікір 366 просмотров

      Атырауда әлеуметтік нысандарда пандус жоқ

      Нарықтық экономика механизмдерін қалыптастыру мәселелерінің арасында халықтың белгілі бір топтарын әлеуметтік қорғаудың сенімді және тиімді жүйесін жасау шаралары – бүгінде тәуелсіз еліміз үшін бірінші орында тұрған мәселе. Біз бұл жерде халықты әлеуметтік қорғаудың жаңа механизмдері жайында айтып отырмыз.


      ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Атырау облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Темір Естебаев облыстағы мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау, қорғау мақсатында не істеу қажеттігін үнемі айтып келеді.
      -Мүгедектер мәселесі бүгін ғана пайда болған жоқ. Ол бұрыннан өзекті болатын. Тек қоғамның, дені сау адамдардың оларға деген көзқарасы басқаша еді. Енді өзгеретін уақыт келді. Олар да қоғам мүшесі болғандықтан құқы қорғалып, қажетті көмек көрсетілуі керек деп ойлаймын. Елбасымыз да өзінің халыққа жолдаған Жолдауларында осыны қатаң ескертіп жүр. Себебі, мүгедек адамдардың ішкі шектелулері бар. Олар сырт көзден именеді. Ал, біз керісінше, олардың жағдайын түсініп, қолдау көрсетуіміз керек. Өкінішке орай, бүгінде олар қамқорлықтан тыс қалып қойды. Емін - еркін жүруге, тіпті мекемелерге кіріп - шығуына жағдай жасалмаған. Бір ғана мысал, арбаға таңылғандарға ыңғайлы заманауи арба алып беруге мүмкіншілігі жететін мекеме басшылары көмек қолын созса, одан ештеңелері кетпес еді. Бірақ, назар аударып жатқандар жоқтың қасы. Біз өз тарапымыздан облыс әкіміне ұсыныс хат жолдадық. Онда жергілікті әлеуметтік инфраструктуралық нысандарды құжаттандыру, мүгедектердің осындай нысандарға еркін кіріп шығуы үшін арнайы жолдар жасау арқылы қолжетімділігін қамтамасыз ету, ҚР заңына сәйкес кәсіпорындарындарда мүгедектерді қызметке орналастыру  үшін жұмыс тобын құру, оларды оқыту, бейімдеу орталығын құру, қоғамдық көлікпен жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасау, сондай-ақ, мүгедектер өмірін жақсартуға сеп болатын әлеуметтік жобалар байқауларын өндіріс орындары арасында жыл сайын өткізіп тұру туралы маңызды мәселелерді көтердік. Осындай игілікті істер жүзеге асқан жағдайда ғана олардың өмірі айтарлықтай жеңілдейтін болады, - деген еді бізбен әңгімесінде. Бірақ, бұл пікірді айтқанына да  үш жыл уақыт өтіп кетті. Содан бері облыста жағдай қалай өзгерді?  Өкінішке орай, еш өзгеріс жоқ. Мүгедек арбасына таңылған адамдардың Орталық Азиядағы Халықаралық әйелдер қауымдастығына арызданғанына қарағанда «баяғы жартас - сол жартас» күйінде қалған сияқты. Керше осы қауымдастықтың директорлар кеңесінің төрайымы Раушан Сүндетова Атырауға арнайы келіп, «НұрОтан» партиясының қалалық филиалында қоғамдық тыңдауға қатысты. Оның айтуынша, Атырауда мүгедек жандардың жағдайын ешкім ойламайды. Қаланың еш жерінде, барлық әлеуметтік нысандарда арбаға таңылғандардың емін-еркін жүріп  - тұруына еш жағдай жасалмаған. «Атырауда бір де бір пандус талапқа сай емес.  Арбаға таңылған жандардың әлеуметтік нысандарға, тіпті  дүкендер мен шаштаразға кіріп - шығуы мұң. Қала жылдан – жылға көркейіп, өсіп келеді. Бірақ, мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайы күн тәртібінен түсіп қалған. Олардың да тұрмыс-тіршілігі бәрімізді ойлантуы тиіс» дегенді айтты ол өз сөзінде. Осылайша айта-айта жауыр болған мәселе араға уақыт салып, қайта көтерілді. Қоғамдық тыңдауға келген Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Сағындық Хасанов пандус мәселесіне келгенде тапсырыс беруші органның өзінде стандартқа сай келетін пандустардың эскизі жоқ екенін айтты.
      -Біз бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Егер келеңсіз жай орын алса, біздің мамандарымыз оны сол жерде шешеді,- дегеннен арыға бармады С.Хасанов. Аяқ қолы сау адамдар болса бір жөн, мүгедектердің оқыс оқиғаға тап болуын күтіп отырған мемлекеттік мекеменің жұмыс істеу тәртібі түсініксіз. Демек, қоғамның осал тобына жататындар ешкімді толғандырмайды деген сөз. Маңызды мәселе көтерген басқосуда қала прокуроры Руфат Құттықов «пандус мәселесін уақыт күттірмей қазір шешу керек»,-десе, партия мүшелері жұмыс тобын құру қажеттігін алға тартты. Енді алдағы уақытта Атыраудағы мүгедектер жайымен қала прокуроры төрағалық ететін жұмыс тобы айналысатын болды.  «Ештен кеш жақсы» дегендей, аталған қоғамдық тыңдауда өз жайының сөз болғаны мүмкіндігі шектеулі жандарға үміт отын жақты. Олар осы уақытқа дейін қаншама рет айтылып, бірақ қағаз жүзінде қалып келген мәселенің тағы да жарты жолда қалғанын қаламайды. Ал, біз пандус мәселесінің қалай шешілетінін уақыт еншісіне қалдырдық, әрі бұл мәселе назарымызда болмақ.
      Гүлзада Қожабергенқызы

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       __   _      ___     _    _     ______   ______   
      | || | ||   / _ \\  | \  / ||  /_   _// |      \\ 
      | '--' ||  / //\ \\ |  \/  ||   -| ||-  |  --  // 
      | .--. || |  ___  ||| .  . ||   _| ||_  |  --  \\ 
      |_|| |_|| |_||  |_|||_|\/|_||  /_____// |______// 
      `-`  `-`  `-`   `-` `-`  `-`   `-----`  `------`  
                                                        
      
       
      Наверх