Новости Атырау - Мунайлы Астана

    14 декабрь 2017, 6:31
      Аймақ 04.05.2017, 12:13 0 пікір 614 просмотров

      «Атырау агро өнімдері» серіктестігі ауылшарушылығы саласындағы барлық кәсіпті игеріп келеді

      Топырағы сортаң келетін Атырау жерінде алма- өрік, жүзім секілді жеміс-жидектермен бірге, біздің елге таңсық жеміс- лимон өсіріп отырған атыраулық шаруагер Владимир РОЗМЕТОВ, ебін тапқан адамға Жер- Ананың дархан екендігін дәлелдеген азамат. Сонымен қатар, оның басқарып отырған «Атырау агро өнімдері» серіктестігі төрт түлік мал өсіріп, одан көл- көсір өнім алып, жергілікті халықты экологиялық таза азық- түлікпен қамтамасыз етіп отырған аймақ қана емес, республикамыздағы үлгілі кәсіпорындардың бірі деуге толық негіз бар.


      Бүгінде аталған шаруашылық 30 мыңнан аса қой, 200- дей сиыр, 500 жылқы, 600 түйе өсіріп отыр. Қолдан жасалған тоғандарда балығы да тайдай тулап жатыр. Шошқа фермасы да бар. Ендігі мақсат- лимон жемісін Атырау жерінен өсіру. «Бір гектар жерге лимон өсіріп, келер жылдың күзінде өзіміздің жергілікті жерде өсірілген лимонмен шай ішеміз» дейді осы ретте шаруагер.

      -       Бір гектар алқаптағы тамшылатып суару технологиясына негізделген жылыжай Елбасыға берген уәденің жүзеге асырылып жатқандығына дәлел. Жергілікті ауа- райының ерекшелігіне сай арнайы лимон сұрпы таңдалып алынды. Арнайы шақырылған мамандар мен жергілікті диқандар әр лимон ағашын жеке күтімге алып отыр.  Әзірге ашық аспан астында болатын лимонарийге күзге салым қысқы жылыту жүйесі орнатылған жылыжай кешені салынады. Агрономдардың жоспары бойынша келер жылы күзде алғашқы өнім алынады деп күтіп отырмыз. Бірінші жылы лимон 15 штук береді, кейін 2-3 жылдан кейін 40-50 кг, 5 жылдан кейін 150 келі береді. Бір ағаштан сонша лимон аламыз. Болашақта бәрі жақсы болса, лимон суын шығаратын мини цех ауды жоспарлап отырмыз,- дейді шаруа қожалығының директоры Владимир Розметов.

      Аталған жоба сәтті жүзеге асса, еліміздегі өндірістік бағыттағы ең алғашқы лимон бағы- Атырауда болады. Жалпы, бұл ғана емес, шаруагердің шаруашылығы өңірде ерекше жобаларды қолға алуымен ерекшеленеді. Мәселен, шаруашылықтағы осыдан үш жыл бұрын Голландиядан сатып әкелінген 150 бас асыл тұқымды ешкі бүгінде 1 мың басқа жетіп қалыпты. Бүгінгі заман талабына сай салынған кешенде ешкі сүтінен бәсекеге қабілетті өнімдер өндіріліп жатыр. Өйткені, қай кезде де ешкі сүтінен жасалатын өнімдер нарықта жоғары сұранысқа ие.

      Отбасылық бизнестің іргетасын әкесі Владимир Розметов қаласа, бүгінде қызы- Тамила ешкі, ұлы Тимур- қой фермасына жетекшілік етеді.  Жаңа технологиямен жабдықталған ешкі сүтін өңдеу кешенінің жұмысын дөңгелетіп отырған Тамила, шаруашылықтың қыр- сырын да әбден жетік меңгерген. Жастайынан еңбекке етене араласқан балалары қазір әкесінің қолқанаты, қажет кезде кеңесшісіне де айналады.

      -       Әкеміздің бізге берген тәлім- тәрбиесі, айтқан ақыл- кеңесінің арқасында алға қойған мақсат- мұраттарыма жетіп келемін. Өйткені, ол кішкентай кезімізден бізді қасына ерте жүріп, істеген жұмысының барлығын тәжірибе жүзінде көрсетті, соны көкейімізге түйіп өстік.

      Мен өзім 17 жасымнан бастап шаруашылық ісіне шындап кірістім. Шаруашылықтағы әрбір түп ағашты өз қолымызбен ектік. Ешкі фермасына ден қойғалы бері де әрбір төл менің көз алдымда өсіп келеді. Шүкір, еткен еңбегіміздің жемісін жеп отырмыз. Ал, әкеміз бізге әрқашан да қамқоршы. Оның елімізге сіңіріп жатқан еңбегін үлгі тұтамыз,- дейді асыл тұқымды ешкі фермасының директоры Тамила РОЗМЕТОВА.

      Белгілі шаруагер Владимир Розметовтың негізгі мамандығы инженер- мұнайшы. Ол 2000 жылы «Теңіз» кенішіндегі қызметін біржола тастап, ауылшаруашылығы саласына түпкілікті бет бұрған адам. Содан бері нәпақасын осы жерден тауып келеді. Бүгінде оның бау- бақша, көкөніс, мыңдаған төрт түлік мал басынан бөлек шошқа, құс фермалары мен балық шаруашылығы, бал омартасы  жемісін беріп келеді.  Соның ішінде балық бизнесінің маңызы зор. Себебі, қолдан жасалған тоғандарда балығы да тайдай тулап жатыр. Кәдуілгі қара балықтардан бөлек шаруашылықта бекіре, яғни бағалы қызыл балықтың да түр- түрі, ал аруашылықтың 11 гектар аумақтағы тоғандарында 40 мыңға тарта балық өсіріледі.

      -        Балық кәсіпорны қай уақытта да табысты болады. Балық аулау кезіндегі шығындар көп дегенде 20 пайыз, ал пайда – 80 пайыз болады. Тіпті құрылыс саласы да мұндай тиімді емес. Қара балық бойынша пайданы математикалық тұрғыда есептеп көрелік. Қала базарларында сазанның орташа бағасы – 500 теңге, аршылып тазартылған сазан – 1500 теңге тұрадыСол себепті, ең алдымен теңізден балық аулау ісін дамыту керек деп есептеймін. Ал миллиардтарды ақылмен жұмсау үшін өңдеу мен кәсіпшіліктің нағыз мамандарын тарту керек. Олар бізде жеткілікті. Тіпті қара балықпен-ақ халықаралық нарыққа шыға аламыз. Теңіз көксеркесі, сазан, ақмарқа – осының бәрі қазір жеңсік тағам боп саналады.

      Жалпы, көп тармақты ұжымымызда 800- ге жақын адам жұмыс жасайды. Осылардың бәрі ауылдың, жергілікті жердің жігіттері. Бір ғана мысал, мұнда бір отбасыдан алты бірдей адам еңбек етеді. Демек, бұл дегеніңіз- жұмысы бар бір отбасы бақытты деген сөз. Елбасымыздың сөзі бар: «Абыройлы, ақшасы көп жігіттер өз еліңе еңбек етіңдер» деген. Президентіміздің «Туған жер» программасы да сондай азаматтардың өз жеріне көмектесе алуына арналған мүмкіндік. Елбасының тапсырмасын орындау бізге берілген бұйрық деп білемін,- дейді Владимир Розметов.

      Он жеті жылда аяғына тік тұрған шаруашылық, ауылшарушылығы саласындағы барлық кәсіпті игеруге осылайша тырысып келеді. Мамандары нар тәуекелден ешқашан бас тартқан емес. Соның арқасында бал арасын өсіріп, өз омарталарынан центнерлеп табиғи таза бал алып отыр. 

      Күні бүгін шаруашылық өзіндегі түлік мал басын жаппай асылдандыруға көшкен. Оның ішінде 1 мыңнан астам  асылтұқымды  түйе мен жылқы бар. Былтырдан бастап Еуропадан голштин- фриз аталатын асылтұқымды сиыр әкелген. Селекциялық жұмыстарды отандық ғылыми- зерттеу институттарымен бірігіп жүргізеді. Қой фермасындағы қазақтың еділбай тұқымдас асыл тұқымды қойының қошқарларының тірі салмағы 140 келіге жетіп жығылады. 

      -       Қазіргідей елімізде мұнайдың бағасы күрт түсіп кеткен заманда, бірден- бір табыс келтіретін сала- ауыл шаруашылығы ғой. Осы жерде біз ауылшарушылығы саласын дамытуымыз керек. Ал, Атырау облысы ауылшаруашылығын дамыту үшін қолайлы болмаса да, жеткен табыстарымыз ауыз толтырып айтарлықтай,- дейді директордың мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары Төлеген ЖАСЫМОВ.

      Шаруашылықтың еншісіндегі жердің 1 мың гектарға жуығы егіс алқабы. Онда көкөністерден бөлек жеміс ағаштарының да түр- түрі өсіріледі. Осының барлығы жергілікті тұтынушыларды сапалы азық- түлік қорымен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған. Өңірдегі өндірістік ауқымдағы жалғыз алма бағы да осында. Мұнда 150 гектар алқапқа 35 мың түп алма ағашы отырғызылған. Тағы 40 гектар жерге жүзім, алмұрт, шабдалы ағаштары егілген.

      -       Егілген төрт- бес жылдың ішінде біздер алма ағашынан 45-50 тоннаға дейін өнім алдық. Ол өнімді облыс халқына мындай қымбатшылық жайлаған заманда арзан бағаға беріп келеміз. Бізде көкөністің бірнеше түрі де бар: қызанақ, сәбіз, жуа, қияр т.б. секілді. Біз оларды алдымен өзіміздің жұмысшыларымызға, одан қалса тұтынушыларымызға ұсынамыз,- дейді директордың егін шаруашылығы жөніндегі орынбасары Салауат БАҚЫТҰЛЫ.

      Көп салалы  кәсіпорындардың біріне айналған «Атырау агро өнімдері» шаруа қожалығы бүгінде Құрманғазы, Махамбет, Қызылқоға аудандары бойынша 800 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тиісінше, үкімет тарапынан жеңілдікпен лизингке техника, мал мен егінге дотациялар мен субсидиялар беріледі.

      -       Ірі қожалықтардың бірі «Атырау агро өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Махамбет ауданының аулшаруашылығы саласының дамуына үлкен үлес қосып, қазіргі таңда 800 гектар жерді игеріп келеді. Оның арасында лимон, жүзім, алма ағаштары басқа да түрлі көкөністер егіліп, өсірілуде. Осы жерде аталған шаруа қожалығының ауыл халқын жұмыспен қамтуда көмегі зор болып отыр,- дейді Махамбет ауданының әкімі Әлимұхамед ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ.

      Түйін: Владимир Розметов туған елдің игілігі үшін екбек етіп жүрген отандастарымыздың бірі. Ол қашанда алдына қойған мақсатына жетпей тынған емес. Осы табандылықтың арқасында шаруагер бір ғана шарушылықты көп салалы өндіріс орталығына айналдырып, одан ондаған кәсіптің көзін ашты. Тәуекел түбі табысқа кенелтті. Осы жетістіктің барлығы еңбекқорлықтың арқасы екендігі айтпаса да түсінікті. «Туған жерге, елге қызмет ету- менің басты өмірлік қағидам, маған одан асқан байлықтың қажеті жоқ» дейді осы тұста Владимир Розметов. Кәсіпкердің елден ерек жетістігінің де құпиясы осы болса керек...


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
                 __   __    _____      ___      _  __  
          ___    \ \\/ //  |__  //    / _ \\   | |/ // 
         /   ||   \ ` //     / //    | / \ ||  | ' //  
        | [] ||    | ||     / //__   | \_/ ||  | . \\  
         \__ ||    |_||    /_____||   \___//   |_|\_\\ 
          -|_||    `-`'    `-----`    `---`    `-` --` 
           `-`                                         
      
       
      Наверх