Новости Атырау - Мунайлы Астана

    18 ноябрь 2017, 12:12
      Экономика 04.05.2017, 12:18 0 пікір 511 просмотров

      ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ҰҢҒЫМАЛАР АДАМДАРҒА ДА, ТАБИҒАТҚА ДА ҚАУІПТІ

      Каспий теңізі ауық-ауық көтеріліп, жағадағы мұнай кеніштерін басып кетуді әдетке айналдырып жүр. Әсіресе, мұндай жағдай өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында жиі орын алатын еді. Мәселен, сол жылдарда теңіз жағасындағы Оңтүстік-Батыс Тәжіғали, Прибержное, Пустынное және Огайск, Морской кен орындарының жартысы осындай жағдайларға ұшыраған болатын.


      Айта кету керек, Қазақстанның батыс өңірлерінде қараусыз қалған мұнай ұңғымаларын жою жұмыстары өз кезегін күтуде. Атырау облыстық әкімшілігінің мәліметі бойынша Каспий теңізінің астында жатқан аймақта 1 500-дай қараусыз қалған мұнай ұңғымалары бар. Соңғы жеті жылдан бері мұнай сарқындыларын жою жұмысы жүргізілмей келеді. Әуелгі әзірде бұл шаруамен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология комитеті айналысқан болатын. Кейін ұңғымаларды жою Мұнай және газ министрлігі жанынан құрылған арнайы кәсіпорынға жүктелді. Алайда, оның өзі көпке бармай жабылып қалды.

      Сөз жоқ, теңіздің кеніштерді бұлайша басып кетуі экологиялық жағынан аса қауіпті көрінеді. Өйткені, кен аландарын су басса, мұнай теңізге кетеді. Сосын, бүлінген дүниені бүтіндеп көр.

      Адамдардың денсаулығына, бүкіл Орал-Каспий бассейні экожүйесінің жағдайына теріс әсерін тигізетін Атырау өңірінің экологиялық проблемалары жайлы көптеген жылдар бойы айтылып келеді.

      Мысалы, болашағы жоқ болып қалған немесе мұнайы таусылып, ондаған жылдар бойы қараусыз қалған ұңғымалар баяу әрекет ететін миналар сияқты Каспий теңізінің жағалауында шашылып жатыр. Ескі ұңғымалардан экологияға өлшеусіз зала келтіретін мұнай немесе газдың бұрқағы атқылауы мүмкін.

      Қазіргі кезде, қанша ұңғыманың бар екенін ешкім білмейді. Өйткені ешқандай зерттеу жүргізілген жоқ. Әртүрлі көздердің деректері бойынша Атырау облысының аумағында, Каспий теңізі айдынының солтүстік бөлегінде цифрлар 1400-2000 дейін өзгеріп тұрады.

      Рас, ұңғымалар әуелгі әзірде құрлықта қазылған-ды. Ал, теңіз деңгейі көтерілген өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары сол ұңғымалардың бір бөлегі су астында қалды. Су астында қалған қауіпті ұңғымаларды жою бағдарламасына сәйкес 2004 жылы осы мақсатқа 3 млрд. теңге бөлінген еді. Сөйтіп, бес жыл ішінде 47 ұңғыма жойылды. Енді келіп 2009 жылдан бастап қауіпті ұңғымаларды жою жұмыстарын қаржыландыру тоқтап қалды. Қазір Пустынное кен алаңында тұз асты қабатынан – 5, ал, тұз үсті қабатынан қазылған – 10 ұңғыма бар. Бұл кен орнының ерекшелігі ұңғымаларда күкіртті сутегі кездеседі. Яғни, қауіптілігі Теңіз кенішімен бірдей. Егер ұңғыманың ернеуі сыр берсе, шаруа бітті дей бер. Мұндай қараусыз қалған ұңғымалардың мәселесі тек Атырау облысында емес, көршілес жатқан Маңғыстау облысында де жетіп артылады. Тіпті, оларды  229 ұңғыма су астында қалыпты. Және бірнеше жүзі су басу қаупі бар аймақтарда орналасқан. Жалпы, бұл мұнайлы аймақтардың ортақ проблемасы деп айтуға болады. Сондықтан құзырлы органдар бұрғыланған ұңғымалар санын, олардың жағдайын және қаншасы су басу аймағында тұрғанын анықтау қажет.

      Жалпы, осындай ұңғымалардың әрқайсысы болжап болмайтын экологиялық қауіпке жататынын екенін бірі айтады. Әсіресе, су ортасында тұрғандары өте қауіпті. Тіпті,  теңіздегі қараусыз қалған ұңғымалардан мұнайдың ағуы Оңтүстік-Батыс Тәжіғали кен орнында болды. Бұл кен орны кезінде мұнай өндірілген кәсіпшілік болғандықтан оны консервациялау орасан күш жігерді қажет етіп отыр.

      Өткен жылдың қазан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Атырау аумағында иесіз қалған мұнай-газ ұңғымаларының табиғатқа төндіріп тұрған қаупі туралы үлкен мәселе көтерген еді.

      Жалпы, осы сала мамандарының өткен жыл басында берген мәліметіне қарағанда, Каспий теңізінің қазақстандық секторында 32 мыңнан астам ұңғыма жұмыс жасап тұрған көрінеді. Жылма-жыл олардың жүзден астамының қара алтын қоры таусылып, істен шығады екен. 2010 жылы жасақталған арнайы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес Атырау аумағы мен Маңғыстау облысындағы ескі кен алаңдарына сараптамалық тексеру жұмыстары жүргізілді. Міне, сол уақыттың өзінде Каспий жағалауында суда қалған 1900 ұңғыма бар екендігі анықталыпты. Ол аздай, құрлықта қосымша 2 мың ұңғыма бұғып жатқандығы тағы белгілі болған. Олардың тоқсанға жуығы апаттық жағдайда болса, тағы 57-сі түбегейлі залалсыздандырылған. Бұл – осыдан алты жыл бұрынғы жайдай.

      Ал, Үкімет жиынында аймақ басшысы Атырау облысында апаттық жағдайда тұрған 180 ұңғыманың бар екендігін мәлім етті. Облыс басшылығының аталған мәселені көтеруін күтіп тұрғандай- ақ, көп ұзамай өткен желтоқсан айында облысымыздың Құрманғазы ауданында төтенше жағдай орын алды. Ондағы иесіз қалған ескі екі ұңғымадан көп мөлшерде мұнай бұрқағы атқылап, қоршаған ортаға орасан залал келтірді. Онда 30 гектарға жуық жер алқабы қара алтынмен бүлініп, айналадағы су қоры да ластанды. Табиғатқа келтірілген шығын көлемі 800 млн, теңгеге бағаланып, ауданда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Иесіз ұңғымалардың Жылыой ауданы аумағында да аз еместігі белгілі. Сондықтан өткен желтоқсан айында Прорваға келген іссапары барысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың аудан үстімен тікұшақпен барлай ұшып өтуі бекер емес-ті. Сол сәтте аймақ басшысымен бірге болған «Ембімұнайгаз» АҚ басшылары Каспий теңізі су астында қалу қаупі бар Батыс Прорва, С.Нұржанов, Тәжіғали және Батыс Тереңөзек сияқты төрт кен орны бар екенін жасырмады.  Бас директор Құрманғазы Есқазиевтің сендіруінше, «Ембімұнайгазға» қарасты кеніштерді табиғатқа қатер төндірірлік апаттық жағдайдағы ұңғымалар жоқ көрінеді.

      Дегенмен иесіз жатқан ұңғымалар өңіріміздің өзге жерлерінде де жетерлік. Олардың бірқатарын өткен жылы  облыстық Экология департаменті мамандары анықтап, заласыздандыруға ұйытқы болған еді.

      Жақында облыстық әкімдіктің Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстанның «Казинформ» ақпараттық агенттігінің тілшісіне берген сұхбатына қарағанда, күні бүгін Атырау аумағында иесіз жатқан апаттық жағдайдағы 90 ұңғы бар көрінеді.

      Олардың 14-і өте қауіпті жағдайдағы ұңғы болғандықтан, міндетті түрде көзін жоюды қажет етеді. Соның ішінде бесеуі иесіз ретінде тіркелген екен.

      Біз аталған мәселеге жоғарда аталған 90 ұңғыманың түгелге жуығы дерлік, яғни 88-і Жылой өңірінде орналасқан көрінеді. Көпшілігі Каспий теіңзінің жағалауында. Жақында мамандар осындай апаттық жағдайда тұрған Морской мен Прорва кен орны аумағындағы ұңғымаларды бітепті. Өкінішке орай, иесіз жатқан апаттық жағдайдағы ондай мұнай көздерін мықтап ауыздықтау үшін басқарманың өзінде қаражат көзі қаралмаған. Сондықтан ондағылар Энергетика министрлігінен ақша сұрауға мәжбүр болып отыр.

      Иә, апаттық жағдайдағы ұңғымалар ауыздықталуы тиіс. Бұл біріншіден адамдарға да, табиғатқа да қауіпті.  Ендеше бұл мәселе тек министрліктің шаруасы деп қарап отырмай, жергілікті құзырлы органдар да бей жай қарамағаны жөн. 


      Құттыгерей СМАДИЯР, «Мұнайлы Астана» газетінің арнаулы тілшісі

       

      Атырау облысы

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
                   ___     ______      ___     _____    
        ____      / _ \\  |      \\   / _ \\  |  __ \\  
       |    \\   / //\ \\ |  --  //  / //\ \\ | |  \ || 
       | [] ||  |  ___  |||  --  \\ |  ___  ||| |__/ || 
       |  __//  |_||  |_|||______// |_||  |_|||_____//  
       |_|`-`   `-`   `-` `------`  `-`   `-`  -----`   
       `-`                                              
      
       
      Наверх