Новости Атырау - Мунайлы Астана

    13 декабрь 2017, 11:29
      Аймақ 31.05.2017, 17:20 0 пікір 559 просмотров

      САРДАРЛАР УАҚЫТПЕН САНАСПАЙДЫ

      Әскери өмір... Бұл- қызығынан  қиындығы басым аса жауапты да, абыройлы міндет. Сонан да болар, оған екінің бірі шыдамайтыны сөзсіз шындық. Бірі- ауыр жаттығуға шыдамаса, келесісі- еркін өмірін тағдыры қиын әскери тірлікке кіріптар еткісі келмейді...


      Отанына шын берілген нағыз сардарлардың бір күндік өмірімен танысу үшін ҚР Ұлттық Ұланы 5546 әскери бөліміне бет бұрған болатынбыз. Бізді бөлім командирінің Тәрбие және әлеуметтік- құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, майор Саян АМАНЖОЛОВ қарсы алды. Алдымен, абыройлы қызметті таңдаған Отан қорғаушылардың қызметін бар болмысымызбен сезіну үшін үстімізге әскери форманы киіп, белдемше тақтық, аяққа керзі етік кидік. Сонымен...

      ӘСКЕРИ ТӘРБИЕ- ЕРЕКШЕ МЕКТЕП

      Нағыз ержүрек жауынгерлер қалай дайындалады? Бұл жөнінде жауынгерлік дайындық бөлімінің бастығы, подполковник Ескендір ДЖИГИТОВТЕН сұрап көрдік.

      -         Әскери училищенің берген теориялық оқуы бір бөлек, ал іс жүзінде командир қандай болуы керек, оны сардар осы жерде үйреніп, шыңдалады. Себебі, мұнда жас сарбаздардан тұратын жеке құраммен жұмыс жасауға тура келеді. Мысалы, 1 командирге 30 жас солдат бекітіледі делік. Олар әскери тірліктің әліппесін де білмейтін 18-19 жастағы жастар. Сонда, тағдыры да, тәрбиесі де алуан түрлі құрамға жетекшілік ететін сардар өзін қалай ұстауы керек?  Міне, әскери өмірдің психологиясы осыған негізделеді. Қысқасы, командир, тіпті кез- келген сардар жеке құрам алдында әрқашан үлгі болуы тиіс. Егер ол әр солдаттан тапсырманың орындалуын талап ететін болса, өзі ол тапсырманы олардан артық орындай алатын болуы шарт. Жалпы, әскери өмір- тек әскери дайындық емес, психологиялық- рухани әзірлікті, дайындықты қажет ететін мектеп. Біз жас сардарларды үйретеміз, олар өз кезегінде сарбаздармен жұмыс жасайды. Ал, әскери тәрбие- нағыз азаматтарды дайындайтын ерекше мектеп. Қай заманда болмасын, ер азамат басты борышын ұмытпауы қажет. Отбасымнан алған тәрбием мен болмысым да мені осындай дәрежеге жеткізді,- дейді подполковник Ескендір Джигитов.

       «ТЕНТЕГІН ТҮЗЕЙМІЗ, МОМЫНДЫ ЖОЛҒА САЛАМЫЗ»

      Жас сарбаздарды әскери өмірге баулудың өзі үлкен дайындықты талап ететінін рота командирінің тәрбие және әлеуметтік- құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, лейтенант Мерхат САДЫКОВ та растады.

      Жас болса да, болашағынан үлкен үміт күттіретін сардар, әскери оқу орнын үздік тәмамдаған «Алтын медаль иесі» әр күннің атқарылатын іс-шарасы қатаң сақталуы керектігін айтады.

      -         Сол бойынша жас жауынгердің бойында тәртіп пен жинақылық қалыптасады. Менің міндетім- жеке құрамның тәрбиесі және әлеуметтік жағдайын қадағалау болғандықтан, олардың барлығымен тіл табысуға тырысамын. Әрине, бұл жерде барлығының бірдей психологиясын бірден зерттеп білу мүмкін емес. Себебі, алуан түрлі ортадан тәрбие алған сарбаздардың мінездері де әртүрлі: біреу ашық- жарқын, келесісі- мүлде тұйық деген секілді. Міне, біз солардан нағыз жауынгер дайындау үшін жұмыстанамыз. Ол үшін жауынгермен ғана емес, олардың ата- аналарымен, туыстарымен де байлынысып отырамыз. Өйткені, жауынгердің бұған дейін қандай ортада өскені, кімнің ықпалында жүргені тағы басқа мәліметтерді білу- біз үшін өте маңызды.

      Тағы бір айта кететіні, ер бала әкеге жақын болады. Ал, әкесі болмаса, жалтақ, немесе тұйық болып өседі. Бірақ, әскер қатарына келгенде барлығына ортақ талап қойылады: яғни, саппен жүруден бастап, түрлі жаттығулар, мінез- құлқына әсер ететін сынақтар да болады. Оған жас жауынгер бірден мойынсұнып кете алмайтыны анық...

      Жауынгерлердің араларында өнерлі жастар да кездеседі. Олар шын өмірден қол үзбей, бойда бар қабілетін жоғалтып алмауы тиіс. Демек, жас жауынгердің бойындағы сан қырлы талантын тап басып, бағыт сілтеу- әскери тәрбиенің бір парасы. Рас, армия- тәртіп пен тәрбие мектебі. Біз осы бір жыл ішінде кешегі бейқам бозбаладан- өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын нағыз азаматты тәрбиелеп шығарамыз. Ол үшін кейде қатаң талаптар қойылады, түрлі тәртіптік шаралар да қолданылады. Ұжымдық жауапкершілік: «бірі- бәрі үшін, бәрі- бірі үшін» деген темірдей қағида, міне,  осы жерге керек. Тентегін түзейміз, момынды жетелеп жолға саламыз. Қысқасы, қуатты армия құру үшін қабілетті сардарлар болуы шарт. Мен де әскери институтты  күні кеше ғана тәмамдадым. Онда тәжірибелі сардарлар бізге дәріс оқыды. Енді, міне, өзім жеке құрамды тәрбиелеп келемін. Менен тәлім алғандар кейінгіні үйретеді. Әскери мектептің жалғастығы дегеніміз де- осы,- дейді лейтенант Мерхат Садыков.

      АРМИЯ- НАҒЫЗ АЗАМАТТЫ ДАЙЫНДАЙДЫ

      Әскери бөлімде орналасқан, сарбаздарға арналған казармалар ақпараттық тәрбиелеу жұмысына арналыпты. Мұнда еліміздің әскери өміріне қатысты көрнекі құралдар, қабырға газеттері тұр. Сондай- ақ, мемлекеттік рәміздер,  Бас қолбасшымыз- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті ілінген. Жас сарбаздардың жауынгер Анты да осында. Бейбіт өмірде жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен сардарлар мен сарбаздардың суреті, өмірбаяны, тіпті қандай жағдайда қалай ерлік көресеткендері де нақты баяндалған.  Қысқасы, жауынгерлер еліміздің әскери өмірінен не білгісі келеді, барлығы казармадағы әр қабырғада «сөйлеп» тұр.

      Бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік- құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, майор Саян АМАНЖОЛОВТЫҢ сөзінше, сарбаздар филармонияға, театрға, мұражайларға және басқа да мәдени орындарға жиі барады. Бұдан басқа әрбір бөлімше үй-жайында теледидар, видео-аудиомагнитофондар, спорт құралдары бұрышы, нарды, шахмат бар.

      -         Демалыс күндері мәдени шаралар ұйымдастырамыз. Көңілді тапқырлар клубы да жұмыс жасайды. Мұнда өз күшімізбен ұйымдастырылған ән кештері, викториналық сұрақтарға негізделген түрлі пікірталастар өтеді. Негізінен әскери тақырыптарға: елімздің өткен тарихы, елін қорғаған батыр бабабалардың өмір жолдарынан мәліметтер береміз. Қысқасы, біздің бөлімшеде жас жауынгердің жан-жақты дамуына барлық жағдайлар бар. Себебі, жас жауынгер қазақстандық патриотизм рухында тәрбиеленуі керек. Қазіргі бейбіт заманындағы жауынгердің міндетін ұғынып, ел тыныштығы мен Отанны үшін жанқиярлық ерлік жасай алатын жас жауынгерлерді тәрбиелеу- бізге жүктелген міндет. Мысалы, өткен жылғы Ақтөбе қаласында орын алған оқыс оқиға әскери бөлімшелердің, ондағы сардарлар мен сарбаздардың қызметіне тағы бір сын болды. Демек, әскери адам кез-келген жағдайға дайын болуы және соған сәйкес әрекет ете  білуі керек.

      Жалпы, біз әскерді елдің тыныштығын сақтау үшін ұстаймыз. Оларды сол үшін де күні- түні шыңдаймыз, әр түрлі шайқастарға дайындаймыз. Сөйте жүріп, «Еліміз тыныш болса екен!» деген тілек тілейміз. Әр ата- ананың тілегі- баласының амандығы болса, әскердің тілегі- Отанның тыныштығы. Ал, Отан қорғау қызметіне  5546 әскери бөлімінің сарбаздары мен сардарлары қашан да дайын!- дейді осы ретте бізді аталған әскери бөлімнің қызметімен, сарбаздар мен сардарлардың бір күндік өмірімен таныстырған майор Саян Аманжолов.

      ЖАУЫНГЕР СЫНАҚ АЛАҢЫНДА ШЫҢДАЛАДЫ

      Әскерилердің нағыз шыңдалатын сынақ (полигон) алаңына да келдік. Мұнда әскери дайындықтың кезекті сабағы өтіп жатыр екен. Оған кезең- кезең бойынша жеке құрам түгел қатысып, сынақ тапсыруда. Арнаулы орындарда жүгіру, секіру сапта жүру секілді әскери мектептің әліппесін әскери бөлімде меңгерген сарбаздар мен сардарлар, әскери полигонда қаруды ұстау, күту, бөлшектеу және нысанаға дәл тигізуге машықтанады. 

      Сынақ алаңында кенеттен жарқат алған жағдайда, медициналық көмек те дайын. Биіктікте, әр жерден қойылған қарауыл айналаны бағдарлайды, егер сынақ алаңынан тысқары бөгде адамдар көрінген жағдайда атысты уақытша тоқтатуға белгі береді. Бір сөзбен айтқанда, сынақ алаңында қауіпсіздік үшін барлық жағдайлар қарастырылған.

      «Әскери қызметші қаруды қолданып білуі тиіс!»- деді осы кезде бізді атыс алаңында қарсы алған 5546 әскери бөлімі командирінің орынбасары, майор Юнусжан МИНАХУНОВ.

      -         Ол үшін әскери дайындық деген алты ай бойы жүретін арнайы оқыту бар. Сол бойынша оқу процесі кезінде қыста бір рет, ал жаз мезгілінде айына екі реттен жауынгерлер қарудан оқ атады. Бұл ретте алдымен әскерилерге теориялық сабақтар жүреді. Соны меңгеріп алғаннан кейін атыс алаңына келгенде аяқты және қолды ұстау, сондай- ақ, қаруды қалай оқтау керектігі үйретіледі.

      Жас сарбаздарға алғашында 3 оқтан, кейін 14 оқтан беріледі. Осылай олар 6 ай бойы қаруды қолданып үйренеді. Жарты жылда үйреніп шыққаннан кейін келісім- шарт бойынша қызмет ететін әскерилер мен сардарлар осы жерге келіп, сынақ тапсырады. Сөйтіп, оларға машығына қарай әскери санат беріледі. Соған қарай еңбекақысы да жоғарылайды. Жарты жылда дайындықтан өткендер «Макаров» пистолетінен нысана ату мүмкіндігіне ие болады. Бұл кезде жауынгер ату алаңынан 25 метр қашықтықта тұрады да, пистолетке 3 оқ салынады. Сосын пәрмен бойынша бұйрық берілгенде, жүгіріп келе жатып, қаруды қабынан шығарып, оқтап нысананы көздеп атады. Үш нысана арасы 25 метр қашықтықтан тұрады. Қойылатын бағалары: 3 нысанаға тигізсе- «үздік», 2 нысанаға дарытса- «жақсы», біреуіне ғана тигізсе- «қанағаттанарлық». Ал енді, «Калашников» автоматымен ату жаттығуының ара қашықтығы 150- 250 метр. Мұнда да бағаларына жоғарыдағыдай талап қойылады. Жалпы, сардарлар мен әскери бөлім қызметшілері де қолданыста қандай қару түрі бар болса, соның барлығынан атып, сынақ тапсырады,- дейді майор Юнусжан Минахунов.

      Автобронды танк қызметінің бастығы, майор Талғат ӘЛІБАЕВТІҢ айтуынша, 9 мм-лік болып келетін «Макаров» пистолеті қоян- қолтық ұрыста қолдануға және жауынгердің өзін қорғауға арналған. Ол атуға ыңғайлы, және кез- келген ауа райында пайдалануға негізделіп дайындалған.  «Макаров» пистолеті 5 бөлшектен тұрады және оның 730 грамм болатын оғы 25- 50 метрден қарсыласты жоя алады. «Макаров»- сардардың табельдік жеке қаруы саналады.

         Сынақ алаңынан әскери бөлімге қайтар жолда сардарлармен бірге «КамАЗ» көлігіне отырдық. Әр түрлі қиын жолдарға бейімделген үлкен техника кедергілерге мыңқ етпестен «салып» келеді, ал жол бойы қару асынған әскерилермен бірге патриоттық әндерді шырқаумен болдық...


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,

      фотоларды түсірген автор

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
                 _    _    __   _     _____     _____   
        ____    | || | || | || | ||  |  ___||  /  ___|| 
       |    \\  | || | || | '--' ||  | ||__   | // __   
       | [] ||  | \\_/ || | .--. ||  | ||__   | \\_\ || 
       |  __//   \____//  |_|| |_||  |_____||  \____//  
       |_|`-`     `---`   `-`  `-`   `-----`    `---`   
       `-`                                              
      
       
      Наверх