Новости Атырау - Мунайлы Астана

    19 октябрь 2017, 20:49
      Аймақ 06.06.2017, 16:42 5 пікір 362 просмотров

      Зираттарда тазалық сақталмай, шариғат талаптары аяқ асты болып жатыр

      Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев төрағалық еткен қоғамдық кеңес отырысында аймақтағы қорымдардың мәселесі сөз болды. Белгілі болғанындай, бүгінде қала мен аудандардағы зираттар заңдастырылмағандықтан, жерді ретсіз пайдалану белең алуда.


      Әсіресе, Жылыой, Индер, Исатай аудандарында қайтыс болған адамдардың зиратын қорымнан бөлек, оңаша қыраттар басына тұрғызу үрдіске айналып бара жатыр. Оған қоса, тек Атырау қаласы маңындағы 27 қорымның бірқатары толып кеткен. Бір сөзбен айтқанда, жер жетпейді. Бірақ, бұл жайт тұрғындарды алаңдатар емес. Өйткені, тұрғындар қайтыс болған адамды «туысының қасына жерлейміз» деген қағиданы ұстанып, жер жетпесе де, зираттардың қоршауын бұзып жатқан жайлар кездесуде. Яғни, қайтыс болған адам заңсыз жерленіп жатыр. Қоғамдық кеңесте сөз алған кеңес төрағасы Мұрат Өтешов Атырау қаласы маңындағы «Мұқаш», «Теңдік», «Орбита», «Еркінқала», «Алғабас» қорымдарының арнайы қорғандармен қоршалмағандығын, сондай-ақ, тұрғындардың қоршалған зираттардың қалаған жерінен бұзып кіріп, онысымен қоймай, бұзылған қоршауды ұрлап жатқандарын айтты.
      - Осындай зираттың бірі Құлсары қаласында бар. Онда «Басшы» деп аталатын қорымның қоршауы бұзылып, тұрғындар жерлеуді әлі де жалғастырып келеді. Бүгінде қорымның батыс жағы ұлғайып кеткендіктен, қорым  Атырау - Құлсары тас жолына жақындап келеді. Сондықтан жауапты тұлғалар мен әкімдіктерге зиратқа жер бөлу мен бейіт салудың ережесін енгізуге ұсыныс жасаймын, - деді ол. Кеңес төрағасының айтуынша, бұл мәселені шешу үшін қорымдарды қоршап, оған күзет ұйымдастыру керек.  Сол кезде ғана зираттың тазалығы сақталып, қорым іші ішімдік ішіп алғандар мен қайыр сұрау үшін баратындардан арылатын болады.
      Айта кететін бір жайт - қазіргі уақытта зираттардың іші-сыртындағы тазалық мәселесі ушығып тұр. Қабір қазып, құлпытас орнататындар артылып қалған құрылыс заттарын «кері алып кетуге» болмайды деген сылтаумен сол жерге тастап кетуді әдетке айналдырған. Соның кесірінен қорымдар қоқыс алаңына айналуда. Жоғарыда айтылған мәселелер зираттардағы заңдық талаптардың орындалмауы. Бұдан бөлек, шариғат талаптарының аяқ – асты болып жатқанын  Атырау облысы бойынша өкіл имам Батыржан Мансұров айтты. Ол зираттың қабір қазушылары марқұмның басын құбылаға қаратпай жүргендері туралы жамағаттың шағымын жеткізді. Бұл қателік бастапқы зираттың құбыладан ауытқып қазылуы салдарынан басталған екен. Қалғандары мәйіттерді бірдей қатарға орналастыру жүйесі бойынша бір ізбен жалғасып келеді.
      -Сондай-ақ, қайтыс болған кісінің зиратын қымбат тастардан тұрғызып, оған марқұмның есімін ойып жазу, мүсінін қашап қою дұрыс емес. Оған шариғатта рұқсат етілмейді, - деді өкіл имам. Кеңесте облыс әкімі аудан және қала маңындағы ауыл округтері әкімдерінің де осы бағытта жасалып жатқан есебін тыңдады. Аудандардағы жағдайды жоғарыда айтып кеттік. Ал, қала аумағындағы елді мекендердегі жағдай тіпті сорақы. Қазір ол жерлерде тұрғын үйлер зираттарға өте жақын жерге салынып жатыр. Тұрғындар үйінен шыққан қоқысты арнайы жерге апаруды қиынсынып зиратқа төгетін көрінеді. Ауыл әкімдері келеңсіздікті тоқтатуға қанша жұмыстанса да, нәтиже шықпаған. Олар мұндай көріністі «тұрғындардың қорымда жатқан өз ата-аналарының, туыстарының әруағын сыйламаушылығынан» орын алып отыр деп есептейді.  Қала аумағындағы 27 қорымның да ахуалы осындай. Қазақ бейіттерінде  құрылыс заттары, ал орыс бейіттерінде тамақ қалдықтары мен бөтелкелер шашылып жатыр. Тазалығы мүлде жоқ, көбінесе вандалдардың «шабуылына» жиі ұшырайтын зираттардың мәселесін Атырау қаласының әкімі Серік Шапкенов зираттарды сенімгерлікпен басқаруға беру арқылы шешуге болатынын ұсынды. Ол үшін Атырау қаласында қорымдарды қоршауға жергілікті бюджеттен қаржы да бөлініпті.
      - Былтырғы жылы 26 зираттың жобалық құжаттарын дайындауға 52 миллион теңге қаржы бөлдік. Жақын арада сараптама қорытындысы дайын болады. Бұрынғы қоршауларды адамдар қолды қылып әкетуіне байланысты енді бетонмен қоршағалы отырмыз. Бетонның биіктігі 2,5 метр болады. Қоршап болған соң сенімгерлікпен басқаруға тапсыратын боламыз, - деген қала әкімі бос орын қалмаған кей зираттарда қоршау жүргізілген соң жерлеу тоқтатылатынын да атап өтті. Сонда қайтыс болғандар қайда жерленбек?  Қала әкімдігінің бұл мақсатта жоспары бар екен.  С.Шапкеновтың айтуынша, алдағы уақытта  толған зираттар біртіндеп жабыла бастайды. Ал, қаланың бас жоспарына сәйкес, марқұмдарды жерлеуге үш алаң белгіленген. Оның бірі Алмалы ауылының маңындағы  240 гектар жерді құрайтын аумақ, екіншісі Қарабатан тас жолының бойындағы 200 гектар жер. Сонымен қатар, «Мұқаш» зиратының жер көлемін 50 гектарға ұлғайту көзделуде. Кеңес отырысын қорытындылаған аймақ басшысы көтерілген мәселелердің өзектілігін, оны реттеуге атқарушы биліктің күші жетпейтінін айтты.
      - Бұл мәселеге жауапты азаматтардың жұмысты үйлестіруге не ниеті, не қабілеті жетпейді. Сондықтан осындай жағдай қалыптасып отыр. Қазір зират басында кім не жасағысы келсе, соны жасап жүр. Тазалықты сақтау  үшін алдымен халықты тәрбиелеп, діни түсінік беру қажет. Зират басын таза ұстау арқылы біз өлілерге құрмет көрсете аламыз, - деді Н.Ноғаев.
      Гүлзада Қожабергенқызы
      Атырау облысы

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______   __   __  __    __   __   __            
       /_____//  \ \\/ // \ \\ / //  \ \\/ //     ___   
       `____ `    \ ` //   \ \/ //    \ ` //     /   || 
       /___//      | ||     \  //      | ||     | [] || 
       `__ `       |_||      \//       |_||      \__ || 
       /_//        `-`'       `        `-`'       -|_|| 
       `-`                                         `-`  
      
       
      Наверх