Новости Атырау - Мунайлы Астана

    18 октябрь 2017, 22:30
      Экономика 21.06.2017, 16:30 0 пікір 344 просмотров

      Аққыстаудың макаронына сұраныс артып келеді


      Еліміздің экономикасының негізгі тірегі - шағын және орта кәсіпкерлік екендігі белгілі. Сондықтан соңғы жылдары осы саланы қолдау үшін мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының көлемі де еселеп өсуде.  Бұл бағытта ел үкіметі кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұзақ мерзімді бағдарлама қабылдап, қаржыландыру ісін жүйелендірген болатын. Ал, мұндай шаралар әлемдік дағдарыс кезінде кәсіпкерлерді қысылтаяң сәттен шығаруды көздеп отыр.


      Жеке кәсібін ашу үшін мемлекеттен қаржылай қолдау көргендердің бірі – Зайыпхан Наурызбаева. Атырау облысы, Исатай ауданының орталығы Аққыстаудан макарон өнімдерін шығаруды қолға алған ол,әр кәсіп ашудың өз қиындығы барын айтады. Бірақ, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бағыт-бағдар беруімен тәуекелге бел буған кәсіпкер көп қиындықтан өтіп, қазір аққыстаулықтарды таза өніммен қамтып отыр.

      -2015 жылы «Наурызбаева» ЖК-сын құрып, «Даму» қорынан 1 млн. 700 мың теңге грант ұтып алдым. Бірақ, бірден істі бастап кету мүмкін болмады. Макарон шығаратын арнайы құрал-жабдық біздің елде шығарылмайтындықтан, сырттан іздеуге тура келді. Ұтып алған қаражатпен Ресейдің Пенза қаласынан үш станок сатып әкелдім. Оның біреуі қамырды илесе, екіншісі кеспе түрінде шығарып, үшіншісі кептіреді. Қажетті құжаттарды дайындап, осы жылдың ақпанында ғимарат алдым. Іс мұнымен біткен жоқ. Барлық қаржы станок алуға жұмсалып кеткендіктен, тағы қаржы керек болды. Сөйтіп,  «Ауылшаруашылығын қолдау қорының» Атырау филиалы арқылы банктен 9 пайыздық үстемемен 3 миллион теңге несие алдым. Нәтижесінде өткен сәуір айынан бері макарон өнімдерінің екі түрін шығарып, өзімнің бұрыннан көкөніс сататын дүңгіршегіме сатылымға қойып отырмыз. Бүгіндері аудан орталығы Аққыстауда аптаның әр жұмасы сайын ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Соған да әкелеміз. Бұл кәсіппен барлық отбасымызбен айналысамыз. Менен басқа үш адам жұмыс жасайды. Жұмыс оңай деп айта алмаймын. Қамырды илеп, оны шығарып жатқан станоктың жұмысына үлгеріп, ілесіп отыруымыз керек. Басында қиналғанымызбен, қазір станоктың жұмысын меңгеріп алдық. Айта кететін жайт – біз макарон түрлерін ешқандай қоспасыз шығарып жатырмыз. Сатып алушылар «дәмі қолдан иленген қамырдан жасалғандай өте дәмді» деп мақтап жатады. Оның үстіне бағасы да қымбат емес. Келісі 180 теңгеден. Түрлі бояғыштар, қоспалар қосылған басқа макарон өнімдеріне қарағанда біздің өнімдерімізді тұтынғысы келетін тұрғындарға ризамыз, - дейді Зайыпхан бізбен әңгімесінде.

      Әзірге макарон өнімдерінің күнделікті 50-60 келісін шығарып отырған кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейткісі келеді. Макарон өнімдерін тек ауданға емес, облыс көлеміне шығарғысы келген ол басқа да жоспарымен де бөлісті. Алға қарай мүмкіндік болып жатса, ұннан жасалған тағамдар шығарып, кондитерлік цех ашқысы келеді екен. Тәтті бәліштер, түрлі торттарды  үйде өздері пісіретіндіктен, енді арнайы құрал жабдықтар арқылы пісіріп, халыққа ұсыну ойда бар. Бірақ, кәсібін дөңгелетіп кетуге кедергі келтіретін мәселелер әлі де жетерлік. Қажетті станокты алғанмен, оның төрт түрлі қалыбын (насадка) сатып алу қажеттігі туып отырған көрінеді. Ал,  ол үшін 300 мың теңге көлемінде қаржы керек. Одан бөлек,  цех орналасқан жер аумағы қоршалмай, оған баратын жол да салынбаған. Бұл жұмыстардың іске асуы тағы да қаражатқа тірелуде. Қиындық мұнымен де бітпейді. Өнімді тексеретін құзырлы мекеме макарон өнімдерін арнайы қаптамамен шығаруды талап еткен. Ондай қаптама Атырауда шығарылмайды. Ал, Алматыда бірден 20-30 мың данаға тапсырыс қабылдайтындықтан оған қаржы жоқ. Кәсібін орта жолда тастағысы келмеген кәсіпкер сұрастырып жүріп, қажет кезде 17 мың дана қаптама шығарып беретін зауытты Ақтөбеден тауыпты. Қазір сол жақпен келісімге отырып, тапсырыс беріп отырған жайы бар. «Жеке кәсіп ашқысы келетіндер үшін алдын ала жинаған ақшалай қоры болмаса, қиындықтың көп екенін» айтады Зайыпхан Наурызбаева. Осындай қиындықтардан өткен өзі, еш мойымай, ойға алған ісін жетілдіріп келеді. Ендігі арманы – макарон цехына қосымша кондитерлік цех ашып, қосымша жұмыс орындарына аудан тұрғындарын тарту. Халық үшін игі ісін дамытуды көздеп отырған кәсіпкерге жан-жақты қолдау болса дейміз.


      Гүлзада Қожабергенқызы

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       _    _     ______   _    _     ______    ____    
      | || | ||  /_   _// | \  / ||  /_   _//  |  _ \\  
      | || | ||   -| ||-  |  \/  ||   -| ||-   | |_| || 
      | \\_/ ||   _| ||_  | .  . ||   _| ||_   | .  //  
       \____//   /_____// |_|\/|_||  /_____//  |_|\_\\  
        `---`    `-----`  `-`  `-`   `-----`   `-` --`  
                                                        
      
       
      Наверх