Новости Атырау - Мунайлы Астана

    19 октябрь 2017, 11:40
      Аймақ 07.08.2017, 13:11 3 пікір 383 просмотров

      Ауылда құрылыс қарқынды

      Аудан әкімі Серік Арыстанның төрағалық етуімен барлық ауылдық округтерде аудан әкімдігінің ашық есік күнін өткізу басталды. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, аудандағы бөлім, басқарма, мекеме басшылары қатынасуда. Ашық есік күнінде әрбір округтегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысу, түйінді мәселелерін бірлесіп шешу, ауыл тұрғындарын жеке қабылдау және   ауыл активімен кездесу мақсат етілді.  Ашық есік күнінің алғашқы жұмыс күні  Бөдене ауылынан басталды.


      Қаржы сұратылуда

      Бұған дейінгі түрлі тұрғындар жиындарында Бөдене ауылында мәдениет үйінің болмауы талай әңгіменің өзегіне айналған. Енді, міне, ауыл орталығындағы Мұрат Мөңкеұлы көшесінде  құрылысы аяқталып қалған әсем  жаңа мәдениет үйі ғимараты мен мұндалайды. ТШО компаниясының демеушілігімен  салынып жатқан 200 орындық мәдениет үйінің құрылысын «РайымбекСтройСервис» ЖШС жүргізуде. Қазіргі кезде ғимараттың төбесінің шатыры жабылып, терезелері толықтай қондырылған. Қасбеті әйнекпен өрілген ғимарат жарқырап тұр. Аудан әкімі Серік Арыстан құрылысшылармен кездесіп, ғимаратты барлық инфрақұрылыммен қамтуда кездескен мәселелерді дер кезінде шешу жолдарын талқылады. Өз кезегінде учаске басындағы ТШО компаниясының өкілі Ә.Тауғыстауов мәдениет үйін алдағы қыркүйек айында пайдалануға беруге уәдесін берді.

      Ауылдағы Бөдене орта мектебінің ғимаратында  күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Бүгінде мектеп ғимаратының сырты қапталып, қоршаулары жаңартылуда. Мектеп ауласына брусчатка төсеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмыстың  80% атқарылса, алдағы тамыз айында толықтай аяқтау жоспарлануда.

      Ауылдық округтің әкім аппаратының ғимараты да жергілікті бюджет арқылы  күрделі жөндеуден өтуде.  Бүгінде ғимараттың іші-сырты әктеліп, есік-терезелері ауыстырылып, едендеріне линолеум төселген.

      Ауылдың кірме жолы бойына жасыл белдеуді қоршаудың жұмысы жүруде. Қазір кезде бағаналар тұрғызылып, тормен қоршалған. Сырлауы ғана қалыпты. Осы айда толық аяқталуы күтілуде. Ауылдың Меңдікенов көшесі №30 нүктеден 100 орындық балабақша құрылысын салу да жоспарда. Бүгінде облыстық құрылыс басқармасы арқылы балабақшаның жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамалық қорытындысы алынған. Қаржы сұратылуда екен.

       

      Дәрігер неге жоқ?

      Ауылдың орталығында  әп-әсем фельдшерлік-акушерлік пункт осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген болатын. Бүгінде бұл пункт  ауылдық дәрігерлік амбулаторияның қызметін атқаруда.  Алайда дәрігер мен акушер-медбике жетіспейді. Ауыл активімен кездесу барысында тұрғын Е.Дәуітбаев дәрігердің жетіспеуін әрі бұл саладағы үйлестіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін қаперге берді.

      Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Анар Доспаеваның айтуынша, медициналық жоғары оқу орындарына шығып отырғанымен ауылдық жерге ешкімнің келгісі жоғын алға тартты.

      – Қазір ауылды орта буын медициналық қызметкерлермен қамтып отырмыз. Дәрігерлер аудан орталығының өзіне 4 жыл шартпен ғана келеді. Сондықтан да ауылдың ата-аналарына  балаларына дәрігер мамандығын алуларын ұсынамыз,-деді бас дәрігер.

      Ал бұл округтен медициналық жоғары оқу орнында тек  1 студент стамотология саласында ғана білім алуда екен.

       

      Жағаның жары құлап келеді

      Ауылдың тұсында Жайық жағасы дабыл қағарлық. Жағадағы ескі су тазарту қондырғысының қалдықтары  жылма-жыл жармен бірге құлап келеді. Бұдан бұрын маңындағы бір үй көшірілсе, алдағы уақытта басқа үйлерге де қауіп төнуде. Осы орайда ауылдың  тұрғыны К.Сәрсенғалиев пен С.Мұханбетова жарқабақтың жақындап қалғанына алаңдап, жеке қабылдау кезінде аудан әкімінен үймен қамтуды  сұрады.

      - Бұл бағытта көршілес Батыс Қазақстан облысының осы саладағы  арнайы мамандарымен зерделеу жұмыстары жүрді. Жағалауды бекіту жұмыстары  шақырымнан астам жерді алатындықтан қымбатқа түседі. Сондықтан да алғашқы кезекте  жағалаудағы қауіп төнген үйлерді көшіруді жоспарлап отырмыз. Бұған ауылдан жаңа жерге  инфрақұрылымға жоба жасақталуда, содан соң жаңа үйлер салынып, қауіпті үй тұрғындары көшірілетін болады,- деді аудан әкімі С.Арыстан.

      Жағаның жылжуы ауыл  тұсындағы «Шабар» қауымының зираттарына да зардабын тигізуде. Аудан әкімі бұл бағытта  зираттарды көшіру мәселесін тұрғындармен келісе отырып шешілетіндігін айтты. Сонымен қатар аудан әкімі Серік Бисешұлы  ауыл тазалығы мен жасыл желекті көбейтуге баса назар аударды.

      Жеке қабылдауға келген тұрғындар арасында  Н.Мұханғалиева баласының аурулығына байланысты, А.Мұқашева жұмыстың қажеттігі мен  балаларын мектепке апарау оңай болмай отырғандығын көтерді. Бұған жауап берген аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы М.Нұғыманова  әзірге ақылы қоғамдық жұмыс ұсынса, білім бөлімінің басшысы Б.Шакимов  «Мектепке жол» акциясына орай көмек ұйымдастырылатындығын айтты. Ал А.Тастенова келініне жеті  жылдан бері Қазақстан азаматтық ала алмай келе жатқаны әлі де өткір тұр екен.  Бұл туралы Жергілікті полиция қызметінің басшысының міндетін атқарушы Р. Мұратов жұмыстанатындығын қаперге берді. 

       

      Бруцеллез де бой көтеруде

      Бруцеллез дерті бұл шағын ауылды да айналып өтпеген. Аудандық халықтың денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы міндетін атқарушы  Сана Мұхтарованың айтуынша,  эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз.  Былтырғы жарты жылда аудан бойынша 33 адам сезікті ретінде тіркелсе, оның  4-уі  Бөдене ауылының тұрғындары. Биылғы тіркелген 23  адамның 7-уі де осы ауылдан тіркелген. Олардың ішінде мелитензис қоздырғышына, яғни нақты анықталғаны былтыр Бөденеден 3 адам, биылғы жартыжылдықта кездеспегенімен 7 айдың қорытындысымен 1 адамның нақты анықталып отырғанын атап өтті. Аудандық ветеринариялық стансаның директоры Ербол Бөкеев  ауру жұқтырудың алдын алуда тазалық сақтауға көңіл бөлуді, әсіресе мал төлдету кезінде аса сақ болуға баса назар аударды. Осы орайда ауыл тұрғындарының ішінен аталған  ауруға қарсы дизенфекциялық жұмыстарды тек ауру орын алған қора-жайларда  ғана емес, бәріне жасауға  мүдделі екендігін жеткізді.

      Ауыл активі қорытындысында  басқарма және бөлім басшылары өз салалары бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді.  Жиынды аудан әкімі С.Арыстан қорытындылап, көтерілген мәселелер бойынша  нақты тапсырмалар берді.


      Саламат БАЗАРБАЕВ.

      Бөдене ауылы.

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       ______      ___                _____    __   _   
      |      \\   / _ \\    ____     |  ___|| | || | || 
      |  --  //  / //\ \\  |    \\   | ||__   | '--' || 
      |  --  \\ |  ___  || | [] ||   | ||__   | .--. || 
      |______// |_||  |_|| |  __//   |_____|| |_|| |_|| 
      `------`  `-`   `-`  |_|`-`    `-----`  `-`  `-`  
                           `-`                          
      
       
      Наверх